ЖЕТІМ ЖӘНЕ АТА АНАНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛҒАН БАЛАЛАРДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК -ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙЛАРЫН ТЕОРИЯЛЫҚ ТАЛДАУ
Исахова Г.Д.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті http://www.enu.kz
Елімізде әрбір азаматтың толық қанды өмір сүруге құқығы бар және бала мемлекеттің ең басты қазынасы екендігі түрлі мемлекеттік заңнамаларда көрсетілген.
Осындай қағидаларға сүйене отырып, мемлекет әрбір баланы әлеуметтік саясаты бойынша қорғауға, қолдауға қатысты жобалар мен бағдарламаларды іске асыруда. Қазақстан республикасының «Бала құқығы туралы» заңнамалық құжатында барлық балалардың теңдігі, олардың тегiне, нәсiлiне және қай ұлтқа жататындығына, әлеуметтiк және мүлiктiк жағдайына, жынысына, тiліне, бiлiмiне, дiнге көзқарасына, тұрғылықты жерiне, денсаулық жағдайына, балаға және ата-анасына немесе басқа заңды өкілдерiне қатысты өзге де мән-жайларға қарамастан, барлық бала тең құқыққа ие екендігі ерекше аталып өткен.
Сонымен қатар, балаларды халықтың «әлсіз топтарына» жататындығы, оларға ерекше мемлекет тарапынан көмектер көрсетілуі тиіс туралы нақтыланып көрсетілген.
Осы балалардың түрлі категорияларының бірі және ерекше көмекке зәру топтары жетім және ата - ананың қарауынсыз қалған балалалар.
Жетім бала – ата-анасының екеуі де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала;
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала – ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айрылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кетті деп танылуына, олардың қайтыс болды деп жариялануына, әрекетке қабілетсіз (әрекет қабілеті шектеулі) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне, ата- анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерінен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынсыз қалған бала деп көрсетілген /1/.
Сыртқы әлеуметтік факторларды бөлек қойғанда, жетім және ата - ана қамқорлығынан айырылған балалардың психикалық жағдайлары өте күрделі. Кез - келген балаға ата - ана тарапынан берілетін махаббат пен сүйіспеншіліктің орны ерекше, осындай назардың жетіспеушілігі, олардың әлеуметтік ортада өз орындарын табуына, әлеуметтік байланыстарды орнатуына көп кедергісін келтіреді.
Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың проблемалары ғылым мен іс-тәжірибенің ең әртүрлі салаларындағы көптеген зерттеушілердің: дәрігерлердің, психологтардың, педагогтардың, философтардың, социологтардың назарын аударып келді және аударуда. Жетім балалар мен ата- аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың проблемаларын зерттеуді қарастыруға болады.
Жеке алғандағы балалар үйінің нақты тәжірибесіне кешенді талдау жасауға арналған бірқатар жұмыстар пайда болды (Г. Ананьева, А. Андреева, Н. Анохина) /4, 5, 6/.
Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің психологиялық бейімделу проблемалары белсенді түрде зерделенуде. Шетелдік психологтардың арасында жабық үлгідегі мекеме жағдайларындағы баланың жеке тұлғасы дамуының проблемаларын, аналық жылу мен аялаушылықтың жоқтығы салдарларын жою мүмкіндіктерін А. Адлер, А. Фрейд,
Й. Лангмейер, З. Матейчик зерттеді /7, 8, 9/.
Балалар үйі тәрбиеленушілерінің депривация проблемаларына отандық зерттеушілер И.В. Ежовтың, Ю.А. Евдокимовтың, И.В. Дубровинаның, А.М.
Прихожанның,
Н.Н. Толстыхтың,Т. Войтенконың /7/ еңбектері арналды. Және жетім балалар мен ата- аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтену проблемаларын өз еңбектерінде И.С. Кон, Л.М. Шипицына зерттеді.
Олар жетім баланың әсіресе, интернаттық мекемелердің көмегі арқылы өмірге бейімделетін әлеуметтік-эмоциялық саладағы дамуының өзіндік тетіктерінің қалыптасуын атап көрсетеді. Мұнымен бірге балалар үйлерінде тәрбиеленушілердің ересектік өмірге, балалар үйі қабырғаларынан тыс өмірге бейімделуіне байланысты көптеген зерттеулер жүргізілуде. Балаларды дербес өмір мен қызметке дайындаудың әлеуметтік- психологиялық қырлары И.С.Конның, А.В. Петровскийдің зерттеулерінде келтірілген.
Жетім балаларды дербес өмірге дайындаудың бұл проблемасының педагогикалық қыры П.П. Блонскийдің, Макаренконың, В.А. Сухомлинскийдің еңбектерінен көрініс тапты /10/.
Р. Спиц (1945) баланың ақырғы «институализации» формасы – «госпитализмнің драматикалық бейнелерін сипаттады, оның мәліметтері бойынша. Аналарынан айрылған жабық мекемелердегі шамамамен 70% дейінгі балалар өмірінің алғашқы жылдарында қайтыс болады, ал қалғандарының ойлау қабілеттері төмен. Автор мұндай байқауларды Батыс Германияның балалар үйлерінде байқаған.
Ағылшын психологы Дж.Боулби жарты ғасырдан астам аналық қарым-қатынастан айрылғанн балалардың даму мәселесімен айналысты. Оның пікірнше баланың жастайынан дұрыс дамуы үшін тек биологиялық анасымен байланыс қажет екендігін айтады.
Кеңес психиатры М.И.Буяновтың айтуынша, «Жарты ғасырдан аса Боулби жазғандары ішінен тек бір нәрсені: Бала мінінің үйлесімді дамуы үшін ана қамқорлығы қажеттігін мойындауға болады, бірақ бұл қандай қамқорлық, бұл неден байқалу қажет және т.с.с. – бұл әлі шешілмеген және нақтылауды қажет етеді» /11/.
Балалар үйлеріндегі өмірлік ерекше жағдайлар баланың психикалық артта қалуына себеп болады. Балаларда ерте жастан отбасындағы олардың құрдастарында болмайтын енжарлық байқалады; ол балалардың бастамасының жоқтығынан және эмоционалдық күйсіздігінен көрінеді.
Бұл балаларда жалпы көзқарас, олар отбасында өмір сүретін әрбір балаға жақсы таныс қоршаған ортадағы құбылыстармен, тіпті тұрмыстық заттармен таныс емес.
Тәрбиеленушілерде мектепке дейінгі кезеңде қалыптасатын көрнекі-бейнелік ес мектептік бағдарламаны толық игеруде қажетті іргетас болып табылады. Көптеген тәрбиеленушілерде өзінің жүріс-тұрысын өзі басқара алу қабілеті мәнді дамымағандығы, өз еркінсіздікке, ұйымсыздыққа әкелетін ересектер жағынан бақылаудың артта қалуы кезінде тапсырмаларды өз бетінше оындауы анықталған. Е.И.Афанасенко мен И.А.Капров
«Интернат-мектептерге бес жыл» жинағының кіріспе мақаласында мектеп интернаттарда балаларда «бөтен ақылмен», бұйрық бойынша өмір сүру әдетін дамыту шынайы қауіпті екендігін келтіреді. Сондықтан да, отбасы баланың жан жақты дамуына үлкен үлесін қосады.
Социолог А.Г. Харчев /12/ отбасының мынадай әлеуметтік қызметтерін бөліп көрсетеді:
• қалпына келтірушілік – жеке тұлғалық тұрғыда балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыру, биологиялық қалпына келтіру;
• тәрбиелік – жас ұрпақты тәрбиелеп, әлеуметтендіру;
• шаруашылық-тұрмыстық – қоғам мүшелерінің тән саулығын қолдау, отбасындағы балалар мен қартаң мүшелерді күту;
• экономикалық-кәмелет жасына толмағандар мен отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелеріне қаржылық қолдау жасау;
• бастапқы әлеуметтік бақылау – өмірлік қызметтің әр түрлі салаларында отбасы мүшелерінің мінез-құлықтарын моральдық
жағынан реттеу, сондай-ақ жұбайлардың, ата-аналар мен балалардың арасындағы қатынастағы жауапкершіліктер мен міндеттемелерді реттеу;
• рухани қарым-қатынас – отбасы мүшелері жеке тұлғаларының дамуы, рухани жағынан өзара байытылу;
• әлеуметтік-мәртебелік – отбасы мүшелеріне белгілі бір әлеуметтік мәртебе беру;
қоғамның әлеуметтік құрылымын қабылдау;
• бос уақыттық – бос уақытты ұтымды ұйымдастыру, қызығушылықтардың өзара байытылуы;
• эмоциялық-психологиялық қорғанысқа, эмоциялық қолдауға ие болу.
Егер отбасының бұл функцияларын балалар үйіне түсіретін болсақ, онда балалар үйі баланың әлеуметтік өмірге араласуының аса маңызды функциясын орындауы тиіс. Бұл функцияның басымдығына балалар үйінде тәрбиеленетін жетім балаларда аса маңызды әлеуметтік құрылым – отбасының ықпалы жоқтығы жағдай жасайды.
Тәрбиеленушілер үшін балалар үйі уақытша болатын жер, оқу аяқталған соң балалар өздігінен өмір сүру үшін ашық әлеуметтік ортаға шығарылады. Балалар үйінің тәрбиеленушілерді бұл дербес өмірге қаншалықты дайындағаны олардың одан кейінгі өмір жолдарының ойдағыдай болуына жағдай жасайды.
«Елім» деген азаматты тәрбиелеп, оның ұлттық санасын қалыптастыру үшін балалардың сапалы өмір сүру керек екендігі де барімізге мәлім. Осы бағытта мемлекет тарапынан көрсетілетін нақты көмектердің бірі жетім және ата - ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға кешенді көмек ретінде оларды түрлі мекемелерге орналастыу жұмыстары болып табылады. Олар:
Отбасылық балалар үйі – бұл бір немесе бірнеше жетім балаларды, ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларды асырауға алған отбасы. Мұндай отбасылар бірнеше жылға келісімшартқа отыру арқылы құрылады. Отбасылық балалар үйінің бірнеше түрі бар: бір немесе бірнеше бала асыраушы отбасы, тәрбиешімен бірге тұратын отбасы, асырап алған балалары мен өзінің балалары тұратын отбасы.
Отбасы типіндегі балалар үйі – бұл арнайы отбасы типінде құрылған балалар үйі.
Оның интернаттық мекемелерден айырмашылығы, бала тұлға ретінде әлеуметтік қалыптасуы, тәрбиеленуі үшін қолайлы жағдайлар туғызатын отбасына түседі. Оның жетіспеушілігі қалыптасқан отбасы ортасы бұл бала үшін жеткілікті бейімделмеген болуы және қамқоршы ата-ана міндеттерін алған тәрбиелеушілер ата-ана міндеттерін орындауға жеткілікті дайын болмауы болып табылады.
Жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларға арналған мектеп- интернаттар. Интернат (латын тілінен аударғанда internus – ішкі деген мағынаны білдіреді) – жартылай немесе толық мемлекеттік қамтамасыздандырудағы білім беру мекемесі, мұнда балалар тұрады, білім алады, яғни олар күтіммен қамтамасыздандырылатын үй.
Приюттар – қиын өмірлік жағдайға тап болған баланың тұрғылықты жерін, оны мақсатты орналастыру мүмкіндіктерін анықтау үшін уақытша өмір сүру мекемелері.
Балалар ауылдары (SOS – Киндердорф) – отбасына жақын түрінде жетім балаларды тәрбиелеу мекемесі. Алғаш рет 1949 жылы авсриялық педагог Герман Гмайнермен құрылған, қазір дүние жүзінің 120 мемлекетінде жұмыс істейді. Қазіргі кезде елдің Алматы, Астана, Теміртау қалаларында жұмыс істеп келеді./2/
Мемлекет қаншалықты жетім және ата - ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға қатысты әлеуметтік саясатты іске асырып отырғанымен, елімізде статистикалық мәліметтерде олардың саны толастар емес. Статистикалық мәліметтерді талдасақ, 2011 жылы Қазақстан Республикасының жалпы халық саны - 16 856 000 адам болған, оның - 5 млнионны балалар. Статистикаға сүйенсек, 2011жылы Қазақстан республикасында 36 777 жетім балалар: қамқорлықта - 21 585, ал патронатта - 2 267 және интернат типтес
мекемелерде - 12 925 балалар бар. Сонда халықтың әрбір 458 адамына – 1 жетім баладан және әрбір 136 - бала ата - ананың қамқорлығынсыз қалғандар. Қараусыз қалған әрбір үшінші бала балалар үйінде өмір сүреді екен.
Қаржы министрлігінің 2011 жылғы қорытынды есебі бойынша:
қамқоршы/қорғаншылар баланы қамтамасыз ету үшін ай сайын 16 180 теңге көлемінде төлем алғандар, олардың жалпы саны - 25 274 адам. Ал 2012 жылы балаларды қамтамасыз етуге қамқоршы/қорғаншыларға 5 млрд. теңге бөлінген, ол қамқоршы/қорғаншылар 25 774 адамға жетеді дегенді білдіреді.
Қазақстандағы ресми фактілер бойынша, жетім және ата - ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға 209 мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер жұмыс істейді. Оның 33 жасөспірімдер үйлері. 1999 – 2011 жылдары аралығында 43 262 бала асырап алынған, орташа алғанда жылына 3605 бала асырауға берілген. 2012 жылдың бірінші жартысында Қазақстанда 424 бала отбасыға берілген (қамқоршылық, патронат, асырап алу) және 87 асырап алушы ата-аналар мектебі бар.
Жетім және ата - ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға мекемелердегі тәрбиеленушілердің 80% ата - аналары бар, олар ата - аналық құқықтан айырылғандар немесе баланы тәрбиелеуден бас тартқандар, бұл өз кезегінде «әлеуметтік жетімдер»
тобын қалыптастырады /3/.
Тек осы соңғы жылдары ғана елімізде балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің саны азайып отырған туралы оң тенденциялар байқалып отыр. Білім және ғылым министрлігінің жанындағы бала құқықтарын қорғау Комитетінің мәлімдеуінше, жетім және ата - анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың санының азайғандығын айтады.
Егер 2009 жылы жетім және ата - анасының қамқорлығынсыз қалған балалар 42 494 болса, республикада 2011 жылы олардың саны 5 717 балаларға азайған. Қазіргі кезде республикада 36 777 жетім және ата - анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.
Осы оң өзгеріс балалар үйлеріне әсерін тигізді. Соңғы үш жылда балалар үйлерінің тәрбиеленушілерінің саны 2 191 балаға азайған.
Бұл бала құқықығын қорғау Комитетінің және аймақтардағы департаменттердің белсенді жұмыстарының қорытындысы деуге болады. Ата – ананың қамқорынан алшақ қалған балалармен жиі кездесулер, патранатты отбасыларға көмек, қамқоршыларды қолдау өте жақсы әлеуметтік эффект берді/2/.
Бұл ресми мәліметтерде жетім және ата - ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекеттің қаншалықты назар аударып отырып, олардың санын азайтуға тырысқанымен, әр жетім баланың әлеуметтік ортаға бейімделуі, олардың нарықтық экономиканың талаптарына сәйкес келуінде, әлеуметтік психологиялық мәселелерін талқылауда теориялық тұрғыда қарастырылмаған тұстары әлі де өте көп.
Әдебиет
1. Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345 Заңы
2. Мардахаев Л.В. Социальная педагогика: Учебник, - М.: Гардарики,2006.-269с 3 http://www.bala-kkk.kz/ru/node/351
4. Ананьева Г. Где тонко, там и рвется // Социальная защита.-2000. №5;
5. Андреева А. Дом, где возвращают радость//Социальная защита.-2000.-№5;
6. Анохина Н. Чтобы мир не казался чужим // Социальная защита.-1999.-№6;
7. Тынышбаева А.А. Сиротство как социальное явление: социологический анализ. Вестник КазНУ имени аль Фараби, №1 (20), 2007. С.77-82.
8. Фрейд А. Разлука с матерью. – М.: Просвещение, 1991.
9. Лангмейер И., Матейчек З. Психическая депривация в детском возрасте. - Прага, 1984.
10. Тынышбаева А.А. Актуальные вопросы социальной защиты детей сирот./ Ұлт тағылымы. Достояние нации , №2 (2), 2007. С.319-322.
11. Тынышбаева А.А., Закаьянова Ш.Н. Ата-ана қамқорлығынан айрылған балаларды әлеуметтендіру және бейімдеу. Монография. –Астана, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2009.
-150 б.
12. Харчев А.Г. Воспитание и жизнедеятельность личность. – М.: Наука, 1975.