Ақпараттық қауіпсіздік – тыныштық кепілі
27-Маусым, 2013 Ашық айту - ардың ісі
Намазалы ОМАШЕВ,
Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, профессор:
– Журналист мамандары Астанада, Алматыда және Қарағандыда даярланатынынан хабардармыз. Еліміздің қай жоғары оқу орындарында журналистика мамандығы кәсіби
деңгейде оқытылады деп ойлайсыз?
– Қарағандыны, әрине, Алматымен, Астанамен салыстыруға болмайды. Ол сәл де болса кемшіндеу. Өйткені ол жеке факультет емес, филология факультетінің жанындағы бөлімше. Әзірге факультет екеу. Олар – Алматыдағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті мен Астанадағы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дегі журналистика
және саясаттану факультеті.
Таяуда ғана Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің журналист кадрларын даярлау жөніндегі біріккен мәжілісі өтті. Сонда екі министрлік:
«осыған дейін 25 жерде дайындалып келген журналистика мамандығын ендігі жерде шоғырландырып, екі-ақ жерде қалдырған дұрыс болар» дегенді білдірді. Әрине, қарсы пікірлер айтқандар да болды. Министрліктегілер: «журналистика – көпшіліктің көз алдындағы, қоғамда өзіндік орны бар ерекше мамандық. Сондықтан бүгінгі талап-тілекке сай дайындау үшін арнайы база керек деген шешімге келді». Әзірге бұл шара толық шешімін тапқан жоқ. Бірақ министрлік биыл гранттар санын көбейтпек. Және ретіне қарай оңтайландыру жұмысын жүргізіп, журналистерді даярлауды екі немесе үш-төрт жерде қалдырады. Бұл енді алдағы жұмыс. Ол шара биыл немесе келесі жылы түгел орындалып бітуге тиіс. Бірден бәрін кесіп тастамаса да осындай талап қойылып отыр. Ал жалпы журналист мамандары Астана мен Алматыда тең дәрежеде дайындалады. Өйткені мен көп жыл бойы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қызмет істедім. Ол жерге ешқандай бөтендігім жоқ. Бұл жерде де журналист мамандарын даярлап жатырмыз. Бөле жаратыны жоқ.
Құдайшылығын айтатын болсам, екеуінде де шамалас, бірдей дайындап жатыр деп ойлаймын.
– Түсінікті. Бұл сұрақты қойған себебім, журналистикада жүрген бір әріптесім әлеуметтік желілердің біріне «төрт жыл бойы журналистикада оқып, уақытымды бекерге кетіріппін.
Теориялық білімнен гөрі практикалық журналистиканы бастап жібергенім де болатын екен. Босқа ақша шашып оқығаныма өкінемін. Университетте ешқандай білім алған
жоқпын» деген пікір жазған еді…
– Бұл әңгіме ішінара айтылып қалады. Өткендегі қос министрліктің біріккен мәжілісінде де мінберге шыққан біреу «журналистика факультетінде түк те білім алған жоқпын» деп отыр. Сонда бүкіл бір мамандық саласын сынайтын өрені қайдан алды? Қазақта «су ішкен құдығыңа түкірме» деген мақал бар. Мұндай әңгіме мына көршілес елдерде де, шетелдерде де болған екен. Журналистика – өте күрделі мамандық. Олай жеңіл шеше салуға болмайды. Университеттік білімі жоқ адам кісімен қалай сөйлесіп, сұхбатты қалай жасайды, нені әңгіме қылады? Ол мамандықты сылдыр сөзбен немесе заржақтықпен игеріп алам деу бекер әңгіме. Қазір ондайды ешкім тыңдамайды. Оның заманы өтіп
кеткен. Бүгінде терең білім, өре керек.
– Жалпы, басқа саланың маманы журналист бола алмайды деген пікірмен келісесіз бе?
Кей әріптестерім «өзге саладан келген адам ешқашан журналист бола алмайды» деп жүр.
Әйтсе де, бізде қазір салалық журналистер жетіспейді. Ал салалық журналист болу үшін,
сол саланы жетік білетін маман болу керек сияқты…
– Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, журналистика мамандарының барлығы дерлік университеттерде дайындалады. Өйткені университеттік білім міндетті түрде керек. Өзім
журналист болғаннан кейін қорғаштайын деп отырған жоқпын. Журналистерді университетте дайындау – бұл дүниежүзінде қалыптасқан жағдай. Екінші – басқа мамандық иелерін журналистикаға тарту. Айталық, осында белгілі тележүргізуші Рәбиға Аманжолова «Теле-радио және қоғаммен байланыс» кафедрасында сабақ беріп жүр. Ол талай жыл телевизия саласында жұмыс істеген белгілі маман. Сол кісі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да журналистика факультетіне қайта түсіп, екі жыл оқып, журналист мамандығын алды. Сол сияқты басқа мамандық иелері де қайта оқулары керек. Одан соң біліктілігін арттыруға арналған курстардың болғаны да дұрыс. Оның барлығының да журналистика мамандығына пайдасы тимесе зияны жоқ. Тіпті ауылшаруашылығы институтын бітірген болмаса да инженер мамандығын оқыған немесе медицина саласын бітірген, бойында жазуға деген қабілеті бар адамдар журналистикаға келсе, нұр үстіне нұр. Ал журналистика факультеттерін жауып тастап кез келген саланың адамы журналист
болсын деген мүлдем дұрыс емес.
– Бұл жерде әңгіме журналистика факультетін жауып тастау емес, салалық
журналистиканы дамыту жөнінде ғой…
– Иә, кейбіреулер «журналистика факультетін жауып тастап, жазуға ыңғайы бар адамдардан-ақ журналист жасауға болады» дегенді айтады. Ол дұрыс емес. Басқа саланың жазуға қабілеті бар адамын тартуға болады. Мәселен, Олжас Сүлейменов политехты бітірген адам. Зейнолла Қабдолов та кезінде сонда оқыған. Сол сияқты кейбіреулер ерекше дарындылығының арқасында журналист, жазушы немесе ақын болып кете береді.
Оған ешкім қой демейді. Ол да керек нәрсе. Бірақ осыған бола журналистика
факультеттерінің керегі жоқ деу бекер әңгіме.
Мен кейінгі кезде «Қоғам қандай болса, журналистика да сондай» деген пікірді жиі айтып жүрмін. Біреулер журналистиканы қоғамнан бөлек алып қарастырғысы келеді. Ол қоғамнан бөлек бола алмайды. Журналистердің ерекшелігі – жаңалыққа құмарлығы.
Қоғамдағы өзгерістерді ертерек сезеді. Соған сай қалыптасады. Басқа айырмашылығы жоқ. Қоғам қалай ала-құла болса, журналистика да солай ала-құла. Біреулер биліктің сөзін сөйлесе, біреулер олигархтардың сойылын соғады. Енді біреулер оппозицияны қолдайды.
Қоғамдық пікір әртүрлі болса, журналистикада сол пікірлердің көрініс беруі заңдылық.
– Байқайсыз ба, бүгінде телеарналар тілбұзарға айналып барады. Осы мәселе төңірегінде әңгіме өрбітсек. Кей әріптестеріміз сөздің мән-мағынасына аса мән бермей, сөзді орынды, орынсыз қолдана беретін болып барады. Бүгінгі теле-радио журналистердің сөз саптауына
көңіліңіз тола ма?
– Бұл үлкен проблема болып тұр. Журналистің басты ерекшелігі: біреу жазуға бейім, біреу сөйлеуге бейім. Осы екі қасиет болмаған адамның журналист болуы өте қиын. Қанша жерден дарынды, талантты болғанымен құр сылдыраған сөзге сүйену алысқа апармайды.
Михаил Кольцов деген мықты фельетонист болды кезінде. Сол «сары майдың өзін нанға қалыңдатып жақсаң артықтық жасайды, ақ қағазға қызыл бояуды орынсыз жаға берсең, ол тартымдылықтан гөрі көңілді құлазытады» деп айтқаны бар. Борис Полевой: «журналист
факті мен фактінің ортасында билеу керек» дейді.
Сол айтқандай әр нәрсені өзінің орнымен пайдалану керек. Әсіресе телевизияда.
Радионың да негізгі құралы сөз ғой. Бірақ кейде ол жерде де бос сөз көп. Сөзді түсінбей айту, екпінді дұрыс түсірмеу деген мәселелер бар. Тіпті адам ұялатын сөздерді айтып жатады.
Бұрын Қазақ радиосында алғаш эфирге шығу үшін үміткерлер Патрушев деген мықты режиссердің сынынан өтетін. Ол өте жоғары талап қоятын. Сол режиссер «тынысты дұрыс алмайсың, екпінді дұрыс түсірмейсің, сөзді жұтып, аяғын дұрыс айтпайсың, сингорманизм заңына байланысты «қ» әрпі құлаққа жағымды естілуі үшін «ғ» болып айтылады» деп төбемізде тұрып алатын. Жас журналистерге күшті талаптарды қойып, эфирге шығудан бұрын дайындайтын. Ал қазір әркім де эфирге шыға береді. Түрге де қарап жатқаны шамалы. Керек десеңіз, сөйлемді дұрыс құрап, ойын дұрыс жеткізсе, өресі болса, түрге де қарамайды. Мысалы, орыстың белгілі ақыны Рождественский – кекеш адам. Ал кезінде
сол кекештігіне қарамай орталық телевизиядан ылғи хабар жүргізді. Өйткені ол білімді,
айтылатын сөздің мәнін дұрыс жеткізетін.
Бұрын тікелей эфирге шығу қиямет болатын. Ол үшін тоғыз қабат торғауыттың ар жағына кіргізіп «ойбай, дыбыс шықпасын, өйтпесін, бүйтпесін» деп тіпті көп артық талап қоятын.
Кейін шетелге барсам, тіпті олай емес екен. Қазір біз соларға еліктейміз деп басқа жағына кеттік. Өткенде Қазақ радиосына бардым. Шағын бөлменің бір есігін жауып қойды да тікелей эфир жүргізе берді. Өткен-кеткеннің барлығы көрініп тұр. Оған да мән бермейтін болыпты. Көрдіңіз бе?! Яғни біресе біз тоғыз қабат торғауыттың ар жағына кіргіземіз, біресе ашықтық, еркіндік, демократия деп эфирге кесірін тигізетін нәрселерге мән бермейтін болдық. Ол журналистикаға абырой әпермейтін нәрсе. Сосын қандай данышпан болса да эфирге дайындалу деген болады. Сол тақырыпқа байланысты іздену керек. Ойды қалай өрбітіп, қалай дамытып, қалай қорытындылап, қалай тұжырым жасаудың бәрі екшелуі тиіс. Сол кезде ғана телевизияда болсын, радиода болсын хабар шынайы шығады.
Сондай жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жетеді. Ал жүрдім-бардым әрекетпен миллиондардың көңілін қалай жаулап аласың?! Аудиторияны жаулап алудың қыр-сыры көп.
Сосын ең үлкен нәрсе – тілдік кемшілік. Қазіргі жастар мүлдем кітап оқымайды. Ауызекі сөйлеу тілі деген бар, көркем сөйлеу тілі деген бар. Сөздің табиғи сипаты және шығармашылық сипаты деген болады. Сөздің шығармашылық сипатын радио мен телевизия кеңірек пайдалануы керек. Ал қазір тек сөздің табиғи сипатын ғана пайдаланады. Сөздің мәніне, парқына дұрыс мән бермегесін айтайын деген ойды жеткізе
алмайды. Тыңдап отырған кісі шаршап, зерігіп кетеді.
Қазіргі журналистердің тіл байлығы жетіспейді. Тіл байлығы ауылдық ортада немесе ертегі мен эпос, көркем әдебиетті көп оқығанда ғана қалыптасады.
– Теле-радио журналистері ақпарат жеткізгенде тура мағынасында айтылған «жіберіп алмаңыз, тоғытып жіберді» деген секілді құлаққа түрпідей тиетін сөздерді айтып жатады
ғой. Басқалай жеткізудің тәсілін білмей ме әлде?
– Ақиқатты жеткізудің әртүрлі формалары бар. Әр ұлт әртүрлі жеткізеді. Айталық, бізде
«өлді» деп емес «қайтыс болды, бақилыққа кетті» деп жеткізеді. Күннің батқанын «күн ұясына қонды» дейді қазақ. Ал оның бәрі еріккеннің ермегі емес. Бет жыртатын ауыр сөздерді жұмсартып, мақтамен бауыздағандай етіп жеткізеді. Бұл қазақтың дәстүріне, психологиясына тән нәрселер. Мәселен, қасқырдың атын атамай «ит-құс» деген. «Ол бәленің атын атап шақырғандай болмайын» дегендегісі. Осы сияқты тіке айтқаннан гөрі мақтамен бауыздағандай етіп жеткізсе, бұның әсері жоғары болады. Яғни баламалап, астарлап жеткізгеннің ықпалы зор. Есте ұзақ сақталады. Ол журналистке, жазушыға тән қасиет болу керек деп ойлаймын. Сондықтан ұлттық ерекшеліктерімізді телевизиялық материалдарда да, радиода да, баспасөзде де, интернетте де біртіндеп игеріп, сынамалап
кіргізіп отырсақ біз ұтамыз.
– Бізде журналистерді дайындайтын арнайы курстар бар екен. Десе де, бізде осы дикторларды даярлайтын, дауыс ырғағын анықтайтын беретін мамандар бар ма? Оларды
қалай дайындауға болады?
– Сөздің шыны керек, журналистика факультетінде бұл мәселе аз оқытылады. Мен кезінде оқу бағдарламасына «шешендік өнер» деген сабақ енгізген едім.
Алматыдағы Өнер институтында режиссерлерді, артистерді дайындайтын факультет бар.
Осы жерде тынысты қалай алу керек, дауыс ырғағын қалай таңдау керек, телевизияда қалай, радиода қалай сөйлеу керек дегеннің бәрін оқытады. Оны бітіргендер радио мен телевизияда режиссер болып жұмыс істейді.Эфирге шығатын журналистерді, дикторларды солар дайындайды. Ал журналистика факультетінде жазудың қыр-сырын,
оның жанрларын оқытады.
– Неге осындай мамандарды шақырып, факультет жанынан кафедра ашпасқа?
– Иә, жалпы осыны бөлектемей, бірге оқытқан дұрыс. Өйткені қазір радио мен телевизияда тілдік проблемалар тым көбейіп кетті. Сондықтан мұны ойластыру керек.
Мүмкін радио мен телевизия хабарларын жүргізудің шеберлік мектебі деген пән енгізу керек шығар. Айталық, Рәбиға Аманжолова радио мен телевизияда хабарды қалай жүргізу керек, қалай дұрыс сөйлеу керек деген талаптар негізінде сабақ бере алады. Осындай бір емес, бірнеше мамандарды қатыстыру керек. Біздің базамыз енді дұрысталып келеді.
Ендігі жерде маманды сөздің парқына, сөздің ажары мен сәулесіне мән беретіндей етіп
дайындамасақ болмайды.
– Қазақ журналистерінде Алаш қайраткерлерінің бойындағы өткірлік жоқ деген пікірлер жиі айтылады. Өзіңіздің де баспасөзге берген сұхбаттарыңызда осы тектес пікір айтып
жүрсіз. Бұлай деуге не себеп?
– Мен оны жалпылама түрде айттым. Қазақ журналистикасында өткірлік жоқ деп. Бұдан да өткірлеу болу керек еді дегенім ғой. Өткен жылы «Алаш көсемсөзі» он томдығын шығардық. Сонда Алаш қайраткерлерінің ұлтқа, жерге, елге, тарихқа байланысты, елдік мәселелер, дәстүрлер жайлы айтылған дүниелері мен қазіргі журналистикадағы пікірлерді салыстырам ғой. Сөйтсем, жиырмасыншы ғасырдың басындағы Алаш көсемдерінің көтерген мәселелері салмақты да өткір екен. Сол себепті олардың деңгейіне жетпегенімізді мойындау керек. Бірақ қазір қазақ журналистикасы түгелдей қызыл иек, тісі жоқ, жазған дүниелері селт еткізбейді деген ойдан аулақпын. Әйтпесе анау
«Түркістанның» бетіндегі салмақты дүниелер, «Жас қазақта» басылатын өзгеше мақалалар, «Жас Алаштың» бетіндегі өткір ойлар, «Ана тілі», «Алаш айнасы», «Айқын»
газеттерінде жарияланып жататын ұтқыр дүниелер аз емес.
Ұлтқа, елге, мемлекеттілікке жаны ауырған, қазақ тіліне, дініне жаны ашыған дүниелер бар. Әсіресе кейінгі кезде көбейді. Бұрындары «қазақ журналистикасы тісін батырмайды, жалтақ» деген әңгімелер айтылатын. Мен қазір олай деп айта алмаймын. Ұлттық құндылықтарды, мемлекеттік, елдік, жерлік мәселелердің барлығын көтеретін қазақ журналистері. Өйткені бұл елге шындап жаны ашитын қазақтар ғой. Бұл оның ғасырлар бойы мекен еткен жері, елі. Сондықтан оның болмысына бірден-бір жаны ашитын да, жан-жүрегімен осыған қатты көңіл бөлетін де осы халық.
– Қазір қазақ журналистикасына төніп тұрған қауіп қандай?
– Ол – ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігі. Бұған кейде көп мән бермейді. Ақпараттық кеңістікті алдырып қойсаң, сен жеріңді ала бағандармен қоршап алғаннан түк те пайда жоқ. Біз Қытаймен, Ресеймен, Өзбекстанмен шекараны жөнге келтірдік деп қуандық қой.
Егерде ақпараттық кеңістікті көзіміздің қарашығындай сақтамасақ, ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігін осы бастан ойламасақ он жерден ала бағанмен қоршағанымен өзге елдің идеологиясы жаулап алса, өзіңнен-өзің басқа елдің жетегінде кетесің. Бұндайдың бетін ары қылсын. Сондықтан мені аса қатты толғандыратын дүние ақпараттық кеңістіктің қауіпсіздігі. Өйткені кезінде Чилиде, Польшада, Чехославакиядағы төңкерістердің барлығы ақпараттық кеңістіктің әлсіздігінен болды. Ол тарих ұмытылмауы керек.
Италияның өзі де кезінде осы қасіретті басынан кешкен. Бұлардың жанында біз жаңадан ғана дамушы елміз. Италия америкалық фильмдердің тасқынының астында қалып қойып, халық дәстүрінен жаңылысып қала жаздады. Бүкіл ғалымдары мен қоғам қайраткерлері көтеріліп, италияндық фильмдерді көбейтті де америкалық фильмдерді азайтты. Өзге елдің тасқынан осылай әрең құтылды. Көрдіңіз бе ақпараттық қауіпсіздік қандай екенін?
Бұған тек журналистер ғана емес мемлекет те, қоғам қайраткерлері де, басқа саланың мамандары да араласуы керек. Өйткені біз қазір ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатырмыз.
Барлығы түгел ашық. Соны пайдаланып дамыған елдер бізге өзінің ақпаратын тықпалайды. Мәселен, Ауғанстан өзінің ақпаратын Америкаға апарып тықпалай алмайды.
Ал Америка өзінің ақпаратын Ауғанстанға күнде құйып жатыр. Солтүстік Корея да өз ақпаратын Америкаға бере алмайды. Сол сияқты саяси мәселелерде біздің көзқарасымыз Ресейдің саясаты арқылы қалыптасып жатыр. Мысалы, Сирияны алайық. Сириядағы жағдайға байланысты бізде қазір екіжақты көзқарас бар. Бірі – Ресейдің көзқарасы,
екіншісі – Американың көзқарасы.
Ақпараттық қоғамда бір оқ шығармай, тек ақпараттың өзімен-ақ бір елді жаулап алуға
болады. Сондықтан көзіміздің қарашығын қалай қорғайтын болсақ, ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігін де дәл солай қорғауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Бейбітгүл ӘБДІҒАППАРҚЫЗЫ