Ахметова А.Р., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Койшегулова Т. , Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студент
БАНКРОТТЫҚТЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ
www.enu.kz
В статье представлен анализ изменений в Законе «О внесении изменений и дополнений в некоторые законодательные акты Республики Казахстан по вопросам банкротства», определены условия и порядок проведения специальных процедур, реабилитации несостоятельного должника, признания юридического лица банкротом и его ликвидации, а также процедуры внешнего наблюдения.
Ключевые слова: банкротство, закон, должник, кредитор, реабилитация несостоятельного должника.
In this article a feature and changes of Law are examined "On making alteration and additions in some legislative acts of Republic of Kazakhstan on questions of bankruptcy", determined terms and order of realization of the special procedures, rehabilitation of poor debtor, confession of legal entity and his
liquidation, and also procedure of external supervision, a bankrupt.
Keywords: bankruptcy, law, debtor, creditor, rehabilitations of poor debtor.
Жалпы әлемде, соның ішінде Қазақстанда заңды тұлғалардың дәрменсіздігі тұтастай экономикамен қатар, халықтың тұрмыс тіршілігіне кері әсер тигізеді. Осығын байланысты мемлекет басшысы Н. Ә.
Назарбаевтың тапсырмасымен Қаржы министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті әзірлеген “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңның 2012 жылғы 17 ақпанында қабылданғаны белгілі.
Заңды қабылдаудың мақсаты төлемге қабілетсіз ұйымдарды оңалту рәсімдеріне тарту арқылы оларды қаржылық-экономикалық тұрғыда жақсарту, конкурстық, оңалту басқарушыларының, сырттай байқау әкімшілерінің әкімшілік жауапкершілігін белгілеуді жетілдіру болды.
Банкроттық жағдайындағы заңсыз іс-әрекеттер (ҚК-тің 215 бабы), қасақана банкроттық ( ҚК-тің 216,216-1 бабы), жалған банкроттық (ҚК-тің 217 бабы ) кезіндегі заңсыз әрекеттерді қылмыстық заңмен ауырлығы орташа дәрежедегі қылмыстарға жатқызу кінәлі адамдарды жауапқа тарту жұмысының тиімсіздігінің бір себебі болып табылатындықтан да аталмыш өзгерістер енгізілді. Көп жағдайда бұл қылмыстар рақымшылыққа (амнистия)
түседі де, сотқа жетпейді, ал банкротқа ұшыраған ұйымдар басшыларының әрекеттерімен келтірілген зиян бизнес саласына ғана емес, сонымен бірге тұтастай экономикаға да әсерін тигізеді.
Бұған қоса, банкроттық рәсімдерде төлем қабілеті жоқ борышкерлердің мүлкі мен істерін басқару функцияларын жүзеге асыратын тұлғалардың да (конкурстық, оңалту басқарушыларының) аталған құқық бұзушылықтарды жасауы мүмкін. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 215-бабының 2- бөлігіне де банкроттық кезіндегі заңсыз әрекеттер үшін қылмыс субъектілерінің аясын кеңейтетін тиісті өзгерістер енгізілді.
Қабылданған өзгерістер конкурстық, оңалту басқарушыларының, сырттай байқау әкімшілерінің және басқа да субъектілердің банкроттық саласында құқық бұзушылықтары үшін жауапкершіліктерін арттыруға мүмкіндік береді.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бұрын қолданылған ережелеріне сәйкес айыппұлдардың ең төменгі және ең жоғары мөлшерлерінің айырмашылығы елеулі болған, бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлық жасау үшін себеп болды. Осыған байланысты ӘҚК-нің банкроттық саласындағы құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті көздейтін 155, 156-баптарына айыппұлдардың ең төменгі және ең жоғары мөлшерлерінің арасындағы айырмашылықтарды қысқартатын өзгерістер енгізілді. ӘҚК-нің бұрынғы редакциясында конкурстық, оңалту басқарушылардың, сырттай байқау әкімшілерінің және басқа да субъектілердің банкроттық туралы заңнаманы бұзуы кезінде оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту мүмкіндігін көздейтін нормалар болған жоқ. Мұндай кемшіліктердің орнын толтыру мақсатында, ӘҚК-ге
“Конкурстық, оңалту басқарушылардың, сырттай байқау әкімшілерінің банкроттық туралы заңнаманы бұзуы” деген жаңа 155-1-бап енгізілді, ол конкурстық, оңалту басқарушыларының, сырттай байқау әкімшілерінің банкроттық саласындағы заңнаманы бұзушылығы үшін әкімшілік жауапкершіліктерін көздейді.
“Банкроттық туралы” заңға сәйкес банкроттық рәсімдерін бақылайтын уәкілетті орган конкурстық, оңалту басқарушылардың, сырттай байқау әкімшілерінің қызметін тексереді. Алайда, заңды қабылдағанға дейін уәкілетті органда өзінің міндеттерін орындамайтын немесе тиісінше орындамай жүрген, жекелеген кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіретін әрекеттер (әрекетсіздік) жасайтын конкурстық, оңалту басқарушыларға, сырттай байқау әкімшілеріне әсер ететін “тетіктер” болған жоқ.
Банкроттық туралы заңнаманың бұзылуының алдын алу мақсатында, сондай-ақ ӘҚК 155-1-бабының енгізілуіне байланысты, банкроттық саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның лауазымды тұлғаларына (оның ішінде аумақтық органдарға) әкімшілік құқық бұзушылық туралы тиісті істерді қарау құқығы берілді. Осыған байланысты
“Банкроттық саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын органдар”
деген жаңа 571-2-бап енгізілді, оған сәйкес банкроттық саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын органдар әкімшілік құқық бұзушылық туралы тиісті істерді қарайды. ӘҚК-нің “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау құқығы бар лауазымды тұлғалар” деген 636-бабының 1-бөлімінің 1-тармақшасына да әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға құқық беретін тиісті түзетулер енгізілді.
“Банкроттық туралы” заң да айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Ол азаматтық заңнамаға сәйкес келтірілді. Атап айтқанда, бұрын Азаматтық кодекстен “Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (жалпы бөлім) өзгерістер енгізу туралы” 1998 жылғы 29 маусымындағы заңмен алынып тасталған “таратудың соттан тыс рәсімдері” түсінігі алынып тасталды.
“Банкроттық туралы” заңның 3-бабының 4-тармағының жаңа редакциясына сәйкес салықтық борыштар бойынша бюджетке салықтар мен басқа да міндетті төлемдер бойынша кредиторлар талаптары Азаматтық кодекс нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілеттіктер заңды тұлға болып табылмайтындықтан, бірақ дербес салық төлеушілер болып табылатындықтан борышкердің филиалдары мен өкілеттіктердің борышын қамтиды. Азаматтық кодекстің нормаларына сәйкес филиалдар мен өкілеттіктер заңды тұлға болып табылмайды, бірақ дербес салық төлеушілер болып табылады.
Сонымен қатар, уәкілетті органның кредиторлар мен оңалту немесе конкурстық басқарушылардың арасында кредиторлардың талаптарын тізілімге енгізу туралы, не олардың талаптарының сомасы туралы туындаған келіспеушіліктерін қарауына мүмкіндік беретін ережелер алынып тасталған.
Мұндай даулар, шағымдар мен келіспеушіліктер сот тәртібімен ғана қаралатын болды. Бұл өзгерістер кредиторлардың уәкілетті органның тарапынан араласуларды талап етпей-ақ өздерінің құқықтарын шұғыл қорғауға және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасау жағдайларын болдырмауға мүмкіндік береді.
Сырттай байқау әкімшісін тағайындау мерзімі бес күнге дейін, сырттай байқауды енгізу туралы жарияланымды орналастыру мерзімі он күнге дейін ұзартылды. Сырттай байқау рәсімдеріне тиісті бақылауды жүзеге асыру үшін сырттай байқау әкімшісінің сырттай байқауды ресімдеу бойынша қажетті ақпаратты уәкілетті органның сұратуы бойынша ұсынуын қамтитын міндеттер аясы кеңейтілді. Бұл ретте сырттай байқау әкімшісінің қызметі туралы есеп міндетті түрде борышкердің төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігі туралы және оған қатысты оңалту рәсімдерін қабылдау немесе борышкерді банкрот деп тану туралы қорытындыдан тұруы тиіс.
“Банкроттық туралы” заңның сырттай байқау шығыстары туралы ережені көздейтін 41-6-бабының бұрынғы редакциясы өзінің тиімсіздігін көрсеткендігін назарға ала отырып, жаңа норма бойынша сырттай байқау әкімшісіне әкімшілік шығыстар мен ағымдағы төлемдер мөлшері
кредиторлар мен сырттай байқау әкімшісінің арасындағы келісіммен белгіленеді. Сырттай байқау әкімшісіне әкімшілік шығыстар мен ағымдағы төлемдердің сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген елу айлық көрсеткіштен артпайтын мөлшерде борышкердің мүлкінің есебінен айына бір рет төленетін болады.
Азаматтық кодекстің 51-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларын “Банкроттық туралы” заңның 75-бабының (“Конкурстық массаны бөлу кезегі”) 2 және 3-тармақтарына сәйкестендіру үшін өзгерістер енгізілді, соған байланысты бірінші кезекте жалақыдан және (немесе) өзге де табыстардан ұсталған алименттер бойынша талаптар қанағаттандырылатын болады.
Оңалту рәсімдері жүргізілетін ұйымдар мемлекеттік сатып алуға байланысты міндеттерді орындау үшін қажетті материалдық, қаржылық және еңбек ресурстарына ие болғандықтан, ал тапсырыс берушінің мүдделерін толығымен қорғауға кепілдік беретін, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз ету — банк кепілдігі мемлекеттік сатып алу туралы заңнамамен көзделгендіктен, мемлекеттік сатып алуға оңалту рәсіміндегі кәсіпорындардың қатысуына мүмкіндік беретін “Мемлекеттік сатып алу туралы” Заңның 8-бабына түзетулер енгізілді.
Мемлекеттік сатып алу үдерісіне оңалту рәсіміндегі кәсіпорындарды жіберу, оларды қажетті жұмыс көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл олардың төлемге қабілеттіліктерін жылдам қалпына келтіруге әсер етеді.
Бүтіндей алғанда, қабылданған заң банкроттық ресімдерін жетілдіруге, кредиторлардың құқықтық қорғалу дәрежесін ұлғайтуға, банкроттық ресімдер өткізу кезінде қабылданатын шаралардың ашықтығын белгілеуге, сондай-ақ конкурстық, оңалту басқарушылары мен сырттай байқау әкімшілерінің жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Банкроттық туралы Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 21 қаңтардағы № 67-1 Заңы. 2012.17.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен.
2. Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексi 2012.16.02.
берілген өзгерістер мен толықтырулармен.
3. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының кодексі 2010.15.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен.
4. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі жалпы бөлім.
2012.17.02. берілген өзгерістер мен толықтырулармен.
5. Жанибекова З. Антикризис.KZ - Актау: ЭкоТур, 2009.
Жарковская Е. П., Бродский Б. Е. Антикризисное управление: учебник. - М.:
Омега-Л, 2006.