МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ҒЫЛЫМИ СТИЛЬДІҢ АУЫЗША ТҮРЛЕРІН МЕҢГЕРТУ
Б.Ақбұзауова, ф.ғ.к., доцент
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорларының ХХХХII ғылыми-әдістемелік конференциясының материалдары.-Алматы, 2012
Б. Акбузауова – к.ф.н., доцент
Кафедра практического казахского языка ФФ ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, ул.Мунайтпасова 5
корпоративная почта: Akbuzauova _ b @ enu . kz
Аннотация
Бұл мақалада студенттерге мемлекеттік тілдің ғылыми стилін, оның ауызша түрлерін меңгертудің теориялық және практикалық әдістері қарастырылған.
Резюме
В статье рассматриваются теоретические и практические методы обучения студентов научному стилю на государственном языке, и его устным формам.
Abstract
The article examines theoretical and practical methods of students’ training the scientific style in the Kazakh language, as well as its verbal forms.
Тірек сөздер: ғылыми стиль, ауызша формалары, пікірталас, диалог.
Ключевые слова: научный стиль, устная форма, дискуссия, диалог.
Key words: scientific style, verbal form, discussion, dialogue.
Тірек сөздер: ғылыми стиль, ауызша формалары, пікірталас, диалог.
Ключевые слова: научный стиль, устная форма, дискуссия, диалог.
Key words: scientific style, verbal form, discussion, dialogue.
Халықаралық қатынастар факультетінің құқық мамандығында бірінші кезеңде өтілген элективті пәннің бірі – қазақ тілінің ғылыми стилі. Бұл пән бұрын магистатурада өтілетін еді, қазақ тілінің магистратура курсына мүлдем енбей қалуына байланысты мүлдем алынып тасталды. Жақсы басталған істің аяғына дейін жетпеуі, әрине, өкінішті. Елбасының Жолдауы тұрғысынан қарағанда, мемлекеттік тілді меңгеруде кері кету деп бағаласа да болады.
Себебі бұл курс өзінің мамандығы бойынша арнаулы білім алып, диплом жұмысын, курс жұмысын, магистрлік, докторлық диссертация жұмыстарын жазуға ыңғайланған немесе өзін ғылым жолына түсіп зерттеу жұмыстарымен айналысамын деген студентке бағыт-бағдар беретін әрі мемлекеттік тілді тереңірек үйренуге мүмкіндік беретін курс болып табылады. Сондай-ақ университетіміздің қазіргі ұстанымы – зерттеу жұмыстарына бет бұру болса, бұл курстың қажеттілігі мен мән-маңызы арта түсетіні белгілі. Жалпы қазақ тілінде ғылымды, оның ішінде, гуманитарлық қана емес, жаратылыстану, нақты ғылымдарды дамыту, оқулықтар жазу ісінде де ғылыми стильдің әліппесімен танысудың маңызы зор деп есептейміз. Сондықтан да «қазақ тілінің ғылыми стиілі» элективті курстар қатарында емес магистратурадағы немесе жоғары курстарға міндетті пән ретінде енгізілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Енді нақты осы пән туралы тоқталар болсақ, ғылыми стиль қазақ тілінде жазбаша түрде кеңінен қолданылатыны әрі ғылымның барлық саласында дамып келе жатқанын білеміз. Алайда жаппай коммуникациялық құралдардың дамуымен, қазiргi қоғамдағы ғылымның маңыздылығының өсуi, ғылымның әр саласындағы конференциялардың, симпозиумдар, ғылыми семинарлардың өтуімен байланысты ғылыми стильдің ауызша түрлерінің де рөлi артқанын байқаймыз. Бұл бірінші себеп болса, екіншіден, екінші курстың студенті әлі өз мамандық саласын толық меңгеріп, дипломдық, яки зерттеу жұмысының бағыт- бағдарын әлі айқындамағандықтан ғылыми стильдің жазбаша академиялық формаларын жазуға әлі жеткілікті дайын еместігі байқалады. Сондықтан оқытушы аудиторияның мүмкіндігіне сай ғылыми стильдің шағын формаларына және ауызша түрлеріне басымдық беруіне тура келеді.
Ғылыми стильдің ауызша формалары монолог және диалог түрінде жүзеге асады. Ғылыми монологқа жататын – дәріс (лекция). Монолог ғылыми тақырыпқа, ғылым тілімен сөйлеу арқылы жүзеге асады.
Ғылыми диалогқа жататындар пікірталас (дискуссия), пікірсайыс (диспут), зияткерлік сұхбат (интелектуальная беседа), алқалы жиын (конференция). Алқалы жиында монологтың элементтері бар, себебі жиынға қатысушы белгілі тақырыпта өз көзқарасын білдіреді.
Біріншіден ғылыми диалогтың ерекшеліктерін түсіндіруден бастаймыз.
Ол –диалог ойды беру жағынан монологқа қарағанда тіл қызметінің алғашқы және “табиғи” түрі болып табылады. Диалогпен салыстырғанда монологта шарттылық басым[1; 105-бет].
Бұл туралы тілші Л.А. Славгородская: “Жазба монологтық сөз нақты бір әңгімелесушіге, әріптеске бағытталып айтылмайды, жалпыға яғни абстрактілі көпшілікке бағытталып айтылады және жауап реакциясы күтілмейді ”– деп жазады [2; 107-бет]. Яғни диалогта нақты жағдайда ойды қалыптастырып және оны өрбітуге мүмкіндік бар. Бұл сөйлеушінің білім деңгейіне, қабілетіне байланысты. Диалогтың шебер үлгілері ретінде Сократтың, Цицеронның, қайта өрлеу дәуіріндегі ғалымдардың диалогтарын, сондай-ақ, Декарт, Беркли, Лейбниц, Дидро, Лессингтерді атауға болады.
Диалогтың тағы бір ерекшелігі: таныс пен бейтаныс нәрселерді байланыстыруға, салыстыруға, қарама-қарсы қоя отырып бір ойдан екінші ойды тудыра өрбітіп, дамытуға болады. Ал монологта тек бұрын айтылған мәліметтер төңірегінде ғана сөз болады, алыс пен жақынды байланыстыру мүмкіндігі шектелген.
Қазіргі кезеңде ғылыми еңбектердің жазбаша, монологтық түрлері басым болып отырғанына қарамастан, диалогтың элементтері жазбаша түрде көрініс беру үрдісі байқалады. Мұның мысалы ретінде ғылыми сөзсайысты (полемика) алуға болады. Бұл туралы тағы да тілші Л.В.Славгородская былай дейді: ”Полемикалық мақаланың авторы өзінің оппоненттеріне сөз бермей тұра алмайды, себебі ол өзі ұсынған тұжырымдамасына қарсы ұстанымдар туралы айтпай кете алмайды және оған қарсы өзінің жауабы мен теріске шығаруын да жазады” [2; 108-бет].
Мұндай мәселелер ғылыми тұжырымдамаларды (концепция) баяндауда да ұшырасады. Автор өз оқырманының сауалдарына, түсінбестікке кездеседі.
Әсіресе бұрын қалыптаспаған қағидалар мен көзқарастарды енгізерде болатын жағдай. Міне, осыған байланысты ғылыми стильдегі баяндауда диалог элементтері ұшырасатыны байқалады.
Тағы да Л.В.Славгородскаяның пікірін келтірсек «Қалыптасқан ереже бойынша ресми пікірсайыс аясында өтетін ғылыми диалогтың алдында ғылыми монологтық хабарлама болады. Осы хабарлама пікірсайыстың нысаны болып табылады. Егер диалогты ақпараттық және модальдік деп бөлетін болсақ, онда пікірсайысты яғни пікір алмасуды модальдік диалогқа жатқызуға болады. Алайда оған қатысушылар белсенді түрде ақпарат алмасады, оған жататындар: ғылыми фактілер, зерттеу мәліметтері т.б..
Алайда бұл ақпарат бұл диалогтың аясында ғылыми түрде теріске шығару мен дәлелдеуге қызмет етеді, демек ақпараттық емес модальдік диалог болып табылады» [2; 111].
Ғылыми стильдің ауызша формаларының бірі – пікірталас. Ғылыми пікірталас немесе қарама-қайшы пікір алмасулар – шындыққа жетудің бірден-бір жолы болып табылады. Кейде оны пікірсайыс (диспут) деп те атайды. Сонымен,
пікірталастың түпкі мақсаты көпшілік алдында түрлі көзқарастар мен пікірлерді ортаға салу нәтижесінде даулы мәселенің ақиқат шешімін табу болып табылады.
Болашақ мамандарды ғылыми стильді меңгертудегі пікірталасты өткізуге машықтандыру – тілді меңгертудегі тиімді әдістердің бірі.
Пікірталасты өткізу шарттары: Пікірсайыстың өткізілу мақсаты, қандай даулы мәселе төңірегінде болады, пікірсайысқа қатысушының алдында қандай міндет тұр. Осы мәселелердің дұрыс шешімін табуы – пікірталастың ойдағыдай өтуінің бірден бір кепілі.
Сондықтан бірінші кезекте тақырып таңдау мәселесі тұрады. Оны таңдаудың екі жолы бар. Бірінішіден, оқытушы өзі бірнеше тақырып ұсына алады. Бұл ретте тақырыптың көкейкестілігі, сондай-ақ пікірталасқа қатысушылар үшін әлеуметтік маңызды болуы шарт. Мысалы, қазақ
халықына аса танымал емес, саяси-әлеуметтік өмірі де, жеке өмірі де қайшылық пен жұмбаққа толы, қазақ тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай туралы «Мұстафа Шоқай жұмбағы неде?» немесе «Қазіргі түркі дүниесі» деген тақырыптарды ұсынуға болады. Бұл туралы іздену студенттерге көп қызықты мәліметтерді табуға түрткі болады. Білімдерін толықтырады, әрі сөйлеу машығын дамытады. Материалдармен танысып болған соң, студенттерге ұсыныс жасаймыз: «бұл тақырыпта пікірсайыс өткізген дұрыс па, жоқ зияткерлік сұхбат дұрыс па» деп. Дайындығы бар студенттердің көбі зияткерлік сұхбатты таңдайды. Себебі бұл тақырыптарда пікір алшақтығынан гөрі түрлі ақпараттармен танысып, ой бөліскен тиімді.
Тақырып таңдаудың екінші жолы студенттерге «қандай тақырыпқа пікірсайыс өткізуді қалайсыңдар?» сауал қойып, өздерінің ұсыныстарын сұрайсыз. Тіл үйренушілерге пікірсайысқа қатысу жеңіл болу үшін, әрі өзінің тұғырнамасын айқындап сол мәселе бойынша ізденуі үшін келесі сұрақтарды беруге болады:
1) Сіздің пікіріңізше Қазақстанның құқықтану саласында тұрған маңызды, шешілуі даулы қандай проблемалық мәселелер бар деп білесіз?
2) Өзіңіз ұсынған мәселе төңірегінде пікірталас өткізуге дайындалыңыз.
Ол үшін:
а) Осы мәселе төңірегінде қандай сұрақтар сізді мазалайды?
ә) Осы мәселеде сізге түсініксіз, бірақ қызықтыратын қандай проблемалар бар деп білесіз?
б)Осы мәселелерге байланысты тезис жазып келіңіз.
в)Тезистегі сұрақтар бойынша пікірталастың жоспарын жасаңыз.
Өз тәжірибеміз бойынша айтсақ, студенттер келесі тақырыптарды ұсынды: «Жемқорлық және онымен күрес жолдары», «Қазақстандағы діни экстремистік ағымдар», ал мамандық пәндерінен «Қылмыстық құқық»
тақырыбы бойынша дөңгелек үстелге қатысқандар осы тақырып бойынша қазақ тілінде сөйлеге дайын екендіктерін білдірді. Студенттердің пікірі бойынша осы мәселелер қазір өте актуалді болып табылады.
1) Тақырып анықталған соң келесі жұмыстар жасалады:
2) Тақырыпта кездесетін таныс емес терминдердің алдын-ала мәнін анықтау.
3) Пікірталастың жүргізушісін тағайындау.
4) Пікірталасқа қатысушының нақты тұғырнамасы (позициясы) болуы шарт екенін түсіндіріп, соны айқындауға бағыт-бағдар беру. Ол үшін тыңғылықты дайындығы болу керек. Яғни қажетті әдебиетпен жан-жақты танысуы, қажет болса мамандармен кеңесіп алуы, түрлі көзқарастарды талдай келе, бір тоқтамға келуі, яғни өз көзқарасын қалыптастыруы керек.
Мысалы, топ студенттері «жемқорлық» тақырыбына қатысты екі көзқараста екендіктерін білдірді. Бір топ «ЖОО-ларда жемқорлық бар» десе, екінші топ
«ЖОО-ларда жемқорлық жоқ» деген ұстанымда болды. Әр топ өз ұстанымын мысалдар арқылы дәлелдеді. Екінші топ онымен күресудің де жолдарын ұсынды. Ал бірінші топ жемқорлықтың пайда болу тарихынан
бастап, оның қай мемлекетте қандай дәрежеде екендігі яғни статистикасына тоқталып, оны Қазақстанмен салыстырып отырды.
5) Келесі жұмыс студентке пікірталасқа қатыса білу шеберлігі туралы түсіндіру: яғни 1) өзге қатысушылардың пікірлеріне құлақ асып, құрметтеуі;
а) өз қарсыласының білім деңгейі мен өз мүмкіншілігін шамалауы; ә) қарсы оппоненттің мінезі және уәждесу ерекшеліктерін ескеруі қажеттігін. Сондай- ақ, ғылыми диалог пен тұрмыстық диалогтың бірдей еместігін есте сақтағаны жөн екенін.
Пікірталастың өту барысы: Пікірталасты жүргізуші кіріспе сөзден бастайды және оның тәртіп бойынша өтуін қадағалап отырады. Кіріспе сөзде тақырыпқа экскурс жасалады. Экскурс дегеніміз – сөз болып отырған ғылым саласына байланысты, шектес жатқан мәселелерден хабардар ету, шолу жасау. Бұл көбінесе жалпы жұртшылыққа арналған ғылыми-көпшілік мәтіндерде кездеседі. Тақырыпқа жанама түрде байланысты мәселелер:
тарихы, әлеуметтік, саяси қаржыландыру мәселесі. Таза ғылыми мәтіндерде экскурс сирек, көбінесе ғылымның басқа салаларымен байланысты түрлерінде кездеседі.
Келесі сұраққа ауысар тұста әр мәселеге түйін (резюме) жасайды.
Пікірталасқа қатысушы әрбір студент өз ойын ғылыми пайымдау арқылы жеткізеді. Ғылыми пайымдау дегеніміз – құбылыс, процесс, ғылыми түсінік, категорияларды ой елегінен өткізу арқылы тұжырым жасау, қорытындыға келу.
Пайымдаудың – қаралмақ мәселе жайлы түсініктен, проблемалық мәселеден, проблеманың тезис күйіндегі шешімінен, тезистің дәлелінен, қорытындыдан тұратындығы ғылыми стильдің мәтін қырылысына қатысты түсіндірледі және оны ауызша формада қолдану керектігі ескертіледі.
Алдымен қаралмақ мәселеге жалпы сипаттама беріледі. Оның басқа проблемалар қатарында алатын орны, осы пайымдаудың қажеттілігі негізделеді.
Шешімін табу қажет етіп тұрған күрделі мәселенің тезистері. Бұл студенттің пікірсайысқа қатысудағы дәлелдейтін негізгі ұстанымы болып табылады. Кейде ол антитезиспен қатар жүреді (қарсы тезис немесе теріске шығару). Бұл жерде тезис автордың көзқарасын көрсетсе, антитезис – оның теріске шығаратын, қате деп есептейтін пікірлері. Сонымен, пайымдау дегеніміз – автордың өз көзқарасын қисынмен дәлелдеуі немесе қарама- қарсы көзқарасты теріске шығаруы арқылы өз пікірін дәлелдеуі.
Соңғы бөлігі қорытындылау, яғни дәлелдемелерді ескере отырып жаңа пікірге келу. Сонымен, пайымдаудың басты шарты – автордың ұсынған тезисін дәлелдеуі. Ал қалғандары қосалқы бөліктер болып табылады.
Пайымдаудың үш түрі бар: 1) Түсіндіре пайымдау; 2) Дәлелдей пайымдау; 3) Ойландыра пайымдау. Түсіндіре пайымдауда тезистің шындық екендігін дәлелдеудің қажеттігі жоқ, тек көпшілікке белгілі мәселенің мазмұнын ашып көрсету мақсат етеді. Таратып айтсақ:
Дәлелдей пайымдауда тезистің ақиқат екендігін дәлелдейді. Мұнда түсіндіру мен дәлелдеу қатар жүреді.
Ойландыра пайымдауында өзара байланысты бірнеше пікір салыстыру, ойланту үшін қатар беріледі.
Мұның барлығы пікірсайыстың алдында түсіндіріліп, мысалдар келтіріледі және машықтану жаттығулары жүргізілуі тиіс.
Түйін ғылыми талқылау қорытындысының нәтижесінде шығарылады.
Онда жүргізушінің субъективті пікірі немесе жеке сөйлеушілердің пікірі болмақ емес, жалпыға ортақ пікір болуы қажет. Сондай-ақ, пікірсайыс көпшілік дауыспен шешім қабылдау емес, жариялы түрде көпшілік талқысына салу болып табылады.
Жүргізуші жасаған түйінен кейін оқытушы сабақты қорытындылайды.
Мұнда сөйлеушінің белсенділігі, сауаттылығы, пікірсайысқа қатысушының мәдениеті, көтерген проблемасы, өз пікірін дәлелдей алуы, уәждесу мәнері, дайындығынан бөлек тосын ой, идея білдіруі ескеріледі. Және ең басты – қазақ тілінде сауатты сөйлеуі, ғылыми стильдің лексико-грамматикалық, стильдік ерекшеліктерін сақтауы, атап айтқанда: Сөзді тек өз мағынасында қолдануы, образды немесе ауызекі стильдің стильдің элементтерін қолданбау немесе мүлдем аз қолдану, ғылым салаласының терминдерін орынды қолдану, сондай-ақ шеттен кірген халықаралық терминология, көп мағыналы сөздердің тура мағынасында қолданылуы, нақты зат есімдердің жалпылау мағынада қолданылуы, үшінші жақта баяндау, ырықсыз етістің қолданылуы т.б.
Тәжірибе көрсеткендей ғылыми стильдің ауызша түрлерін: пікірсайыс пен пікірталасты өткізудің студенттердің ғылым саласына бейімдеп қана қоймайды көпшілік алдында сөйлеуге, өз ойын қазақ тілінде еркін жеткізе білуге дағдыландырады. Кейбір тілді шала меңгерген, бірақ мамандық саласынан білімді, оқығаны көп, жан-жақты көзқарасы дамыған студенттер осы пікірсайыс кезінде бұрын сөйлеуге батылы бармай, кібіртіктеп жүрсе, пікірсайыс барысында өз ойын дәлелдеу үшін қалай қатысып, сөйлеп кеткенін сезбей де қалаы. Ондай жағдаяттың тууы үшін пікірсайыс тақырыбы қызғылықты, көкейкесті және неғұрлым пікір қайшылығын тудыратын даулы мәселе туралы болу керек. Студенттердің пікірсайысқа қызыға қатысуының тағы бір себебі – олардың орыс тілінде өтетін пікірсайыстарға қатыса білу дағдысының болуы.
Қорыта келгенде ғылыми стильдің ауызша түрлерін меңгерту студенттердің қазақ тілінде ғылымы тілін ауызша игеруге мүмкіндік беретін маңызды үдеріс болып табылады. Ізденуге, ой өрісін кеңейтуге, қазақ тіліндегі материалдарды оқып, таразылап, өз пікірін айта білу және коммуникативтік дағдысын қалыптастырады.
Пайдаланылған әдебиет
1. Щерба Л.В. Восточно-лужицкое наречие. -т.1, -1915.
2. Славгородская Л.А. О диалогизации научной прозы/стиль научной речи/Сб.статей. Редкол:Троянская Е.С. –М.:Наука, 1978.
3.Ақбұзауова Б. «Қазақ тілінің ғылыми стилін оқыту құралы». Алматы:
«Қазақ университеті», 2000 ж.
4. Чекина Е.Б., Бурамбаева С.Г. Пособие по научному стилю речи для студентов иностранцев. Алматы: «Қазақ университеті», 1999 г.