ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Тойбазарова Н.А.
Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Астана қ.
Табиғат пен қоғам, адам арасындағы қарым-қатынастар қайшылықсыз, әрдайым үйлесімді деп қарауға болмайды. Олардың арасында барған сайын ішкі қайшылықтар көбейіп отырады. Бұл қайшылықтардың қайнар көзі қоғам мен табиғат дамуларының бір-біріне қарама-қарсы екі тенденциясында жатыр. Біріншіден, қоғам мен оның өндіргіш күштері дамыған сайын адамның табиғатқа «үстемдігі» арта түседі, ал екіншіден, бұл екеуінің арасында үйлесімділік туып, барған сайын шиеленісе береді. Табиғат құбылыстарының алуан түрлілігіне қарамастан, олардың бәрі өзара байланыста, қарым-қатынаста, яғни біртұтас бірлікте. Сол себепті де, егер адам табиғат құбылыстарының бір саласына әсер етіп, оны өзгертуге әрекет етсе, онда ол сонымен іштей байланысты басқа жақтарының «тынышын бұзуы» мүмкін.
Сондықтан, табиғат қорларына құнтты болу, бүлінгендерін қалпына келтіріп отыру, оларды тиімді пайдалану, ауаға, жерге, суға өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне қамқорлықты күшейту барлық азаматтардың борышы мен абыройлы міндеті болып саналады.
«Теңіздің тұнық болуы – бұлақтардан» дегендей табиғатты қорғау, қалпына келтіру мәселелерін ақылмен, білгірлікпен және ұтымды жолмен жүргізудің өзіміз үшін де, келесі ұрпақтар үшін де маңызы зор екенін балалардың, жасөспірімдердің санасына салып, экологиялық мәдениетін, тәрбиені бесіктен бастау керектігі бүгінгі күннің өмір талабы.
Экологиялық білім беру Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жалпы білім беретін мектептің экологиялық білім беруге байланысты іс-әрекет бағдарламасы мен тұжырымдамасында анықталған болатын. Экологиялық білім беру деп жеке адамның ғылыми білімдер жүйесі мен практикалық іскерлігін, өзін-өзі ұстау, қызмет істеуге байланысты бағдар алатын игіліктерін, қоршаған әлеуметтік-табиғи ортаға жауапкершілікті қалыптастыратын білім мен тәрбие беру, дамытудың үздіксіз процесі деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында: «Экологиялық тәрбие алған экологиялық білімдер негізінде қоршаған ортаға ұқыпты қарауы мен табиғат байлықтарын ұтымды пайдалану» - деп анықтама берілген. Ал, бұл болса, оқушылардың оқу-танымдық іс-әрекетін тиімді ұйымдастырып, олардың бойына елге, жерге деген сүйіспеншілікті ұялату болып табылады[1].
Қоршаған ортаның қандай дәрежеде сақталуы, сол ортада өмір сүрген адамзаттың да бет-бейнесін ашып отырады. Жиырмасыншы ғасырдың 60- жылдарының аяғынан бастап «табиғатты қорғау шаралары», одан кейін 70 - жылдардың соңы мен 80 - жылдарда «экологиялық білім мен тәрбие беру»
ұғымына ауысты. Қазіргі уақытта «экология» сөзінің мәні биологиялық сипатта ғана қалып қоймай, бұл ұғымның биологиялық жағы мен адам өмірінің физиологиялық, экологиялық және технологиялық, педагогикалық аспектілерін бірлікте қарастырғанда кең мазмұнға ие болды.
Классикалық педагогикада табиғаттың әсем көріністері арқылы жас ұрпақтарды тәрбиелеу А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов, шығармаларында табиғат пен адам өмірін ажырамайтын біртұтас дүние ретінде қарастырылған. Табиғат құбылыстарының өзгеріп отыруы заңдылық екенін айта келіп, табиғатқа сипаттамалар беріп, болашақта бұрын-соңды болмаған жаңа дәстүрдің туып орнығуына жол салды.
Ғаламдық экологиялық жағдай мәселелеріне арналған зерттеулерде қазіргі заманғы қоғам мен табиғаттың өзара әрекеттестігінің ерекшелігі сарапталады. Оларға мыналар кіреді:
- антропогенді әсер ету орны болып жер шарының барлық саласы-қатты, газдық, су, биотоптық, ғарыштық салалары саналады;
- экологиялық қарама-қайшылықтар барлық жер шарын қамтиды;
- адамзат әрекеті әлемдік көлемдегі көптеген табиғат тепе – теңдігіне әсер етеді.
Осыдан келіп Отан, туған жер табиғатын қорғайтын тәрбиелі, тәртіпті, мәдениетті тұлғаны дамытып, қалыптастыру міндеті жүктеледі.
Экологиялық мәселелерді шешуде білім жеткіліксіз, сондықтан да жеке тұлғада адам мен табиғаттың үйлесімді қарым-қатынасын қамтамасыз ететін экологиялық мәдениет білімді белсенділікке, нақты іс-әрекетке бағыттайтын құрал қызметін атқарады.
Осыған байланысты жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында экологиялық мәдениетке тәрбиелеу қажеттігі айқындалады. Ол бір жағынан орта мектептерде экологиялық білімнің енгізілуіне, ал, екінші жағынан экологиялық дағдарыстың тереңдеп қоршаған ортадағы үйлесімділіктің бұзылуына байланысты болады.
Экологиялық мәдениет табиғи қоршаған ортамен қарым-қатынастағы адам тіршілігінің мұрасы болып қалатын таза тұрмыс қалпына, тұрақты әлеуметтік, экономикалық дамуына, елдің және әр адамның экологиялық білім мен тәрбиесі деңгейіне байланысты қаланады.
Экологиялық мәдениет - әрбір қоғамдағы жалпы мәдениеттің ең мәнді элементтерінің бірі болып табылады, өйткені әлеуметтік іс-әрекет ұдайы қоршаған ортаның өмір сүру талаптарымен байланысты болады. Яғни экологиялық мәдениет әлеуметтік феномен ретінде қоғам мен табиғаттың өзара қарым – қатынасын реттеу қажеттілігінен туындайды.
Экологиялық мәдениет тұлғамен, оның түрлі қыр-сырымен және қасиеттерімен органикалақ байланыста болады. Ғылыми әдебиеттерде
«экологиялық мәдениет» ұғымына көптеген түсінік, анықтамалар берілген.
Э.В.Гирусовтың пікірінше, экологиялық мәдениет - қоғамның материалдық және рухани құндылықтардың бірлігі сондай-ақ, табиғи ортаны сақтауға бағытталған әрекеттердің бірлігі. Сөйтіп, мәдениеттің мәнін адамның өзіндік материалдық және рухани қажеттілікке жетелейтін іс-әрекетке байланысты туындайтын өнім деуге болады [2].
Экологиялық мәдениетті қалыптастыру проблемасы бойынша алыс және жақын шет елдік ғалымдардың қырықтан астам еңбектерінде қарастырылуы оның күрделі де, сан қырлы екендігіне көз жеткізеді.
Экологиялық мәдениет ұғымына берілген анықтамаларды пайымдауда олардың мазмұны мен басты идеяларына қарай бірнеше бағытта қарастырылғандығын көрсетеді: экологиялық мәдениет – жалпы мәдениеттің бір бөлігі; экологиялық мәдениет адамдардың табиғатпен қарым – қатынастары жөніндегі қалыптасқан дүниетанымы, сенімі, түсініктері, білімі, іскерлігі, құндылық бағдар жүйесі; экологиялық мәдениетке – адамның өмірлік белсенді тұғырнамасы; экологиялық мәдениет адамның табиғатты теориялық, материалдық-практикалақ, рухани ізгілікті меңгеруі және жаңартудағы мәнді күш-қуатының өлшемі, іс - әрекетінің жиынтығы;
экологиялық мәдениет – адамның табиғатпен ғана емес, әлеуметтік – тарихи ортамен, биосферамен өзара әрекеттестігі.
Демек, экологиялық мәдениет экологияны танып-білу, мінез-құлық, жүріс-тұрыс сипаты негізінде табиғатқа сүйіспеншілікпен қарап, сақтай білу дегенді түсіндіреді деуге болады.
«Экологиялық мәдениет» терминін ең алғаш рет академик Д.С.Лихачев 1980 жылы ұсынған. Оның пікірінше, адамгершілік факторынан құралған адам тіршілігінің объективті негізі-мұраларды сақтау, сол себепті мәдениет экологиясын адамгершілік экологиясы ретінде қарастырады. Оның заңдарын сақтамаған жағдайда ол-қоғамның адамгершілік, рухани жағынан
құлдырауына әкеліп соқтыратындығын ескертеді [3]. Отандық ғалым И.К.Исламованың пікірінше, экологиялық мәдениет – жалпы мәдениеттің
ажырамас бөлігі ретінде табиғатты қорғауға, табиғат ресурстарын үнемді пайдалануға, табиғат байлықтарын қалпына келтіруге байланысты жеке тұлғаның экологиялық білімі, іскерліктері, көзқарастары, сенімнің және табиғи ортаға практикалық іс әрекетінің жиынтығы [4].
Ғалымдардың педагогикалық ой-пікірлері бойынша, «экологиялық мәдениет» - жалпы дүниежүзілік мәдени дамуының құрамдас бөлігі және кезеңі болашақта адамзаттың дамуына игі әсер ететіні өмірдегі барлық жалпы маңызды экологиялық проблемалармен сипатталады. Бұл анықтамада ерекше назар аударатын тұс – «экологиялық мәдениеттің» жеке ұлттық
немесе ұлтаралық деңгейде емес, бүкіл дүниежүзілік деңгейдегі адамзатқа әсер ететін проблемалар қатарында сипатталуында.
Сөйтіп, жеке тұлғаның экологиялық мәдениетін қалыптастыруда адам мен табиғаттың экологиялық байланысының екі жолы көрінеді, олардың физиологиялық және психологиялық байланысы адам денсаулығына әсер етеді. Бұл байланыстың бұзылуы соңынан физиологиялық және психологиялық үдерістерінің тепе-теңдік биоритмдік өзара қатынастардың бұзылуына әкеп соғады да, осыдан адам мен табиғаттың өзара байланысы бұзылады. Олардың қайта жаңғыртылуы табиғаттың бірыңғай аурасын қалпына келтіреді, психикалық және физиологиялық жүйеге әкеледі. Рухани адамгершілік – эстетикалық байланыстар адамның рухани жай күйіне әсер етеді.
Э.А.Тұрдықұлов өзінің ғылыми еңбегінде: «Тұлғаның экологиялық мәдениетін қалыптастыруының негізі - білім болып табылады. Оқушы оны мектеп дәуірінде, ақпарат құралдарынан өз туған елі, жері туралы кітап қорларынан оқып үйренеді. Білім – адамның ғылыми фактілерді, ұғымдарды, ережеледі, заңдарды, қағидаларды түсінуі, есінде сақтауы және қайта жаңғыртуы. Табиғат пен қоғам жайында ғылымда жинақталған білім, білік, дағды жүйесін жеке тұлға, мектепте оқу барысында меңгереді және оны өмірде тиімді етіп қолдана алады. Тұлғаның экологиялық мәдениеті басқа да мәдениеттермен тығыз байланысты. Олар интеллектуалдық-танымдық мәдениет, жаратылыстану ғылыми білімділік, табиғат заңдылықтарын тануын олардың өзара заңды байланыстарын қамтамасыз етеді», - дейді [5].
Қазіргі уақытта орта білім беру жүйесінде оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру қажеттігі өмірдің өз талаптарынан, қарама- қайшылықтарының болуынан туындаған проблемалардың біріне айналды.
Бұл жағдайда жеке пәндердің рөлі арта түседі. Әсіресе, оқушылардың экологиялық білімді қалыптастырушы бастапқы курс «Дүниетану» болып саналатын болса, алған теориялық білімдерін жетілдіретін, экологиялық мәдениетін қалыптастыратын пән өлкетану курсы болып саналады.
География пәні бойынша өлкетану жұмысын жүйеге салу жоспарын ұсына отырып, Т.Түсіпбекова – оның отансүйгіштікке тәрбиелеудегі рөлін атап көрсетеді. Шын мәнінде географиялық өлкетану дегеніміз - әркімнің өз үйінің табалдырығын аттап шыққанда табаны тиіп, қолмен ұстап, көзімен көретін табиғи заттарды, құбылыс болмысты түсініп білу деген сөз. Онсыз өмірдің мәні болмайды. Неғұрлым табиғатпен етене жақын жүріп, табиғи құбылыстарды зерттеп білуге құштар болса, адамдардың жан-дүниесі бай, көңіл-күйі сергек болады, әрі жер ананың қадір-қасиетін білген адам өзін оның перзенті санап, оған жауапкершілік сезіммен қарайды. Ал мектеп оқушысын, яғни елдің ертеңгі азаматтарын, оқытып тәрбиелейтін орында географиялық өлкетану үйірмесі жұмыстарын бағдармалық тұрғыда қарау, бұл бағытта дәйекті іс.
Барлық анықтамаларды талдай келе біз экологиялық тәрбиенің мақсаты ретінде субъектінің экологиялық мәдениетін қалыптастыру жаралытыстану ғылымының, гуманитарлық, экономикалық және құқықтық білімдерді қолдану табиғатқа деген жаңа экологиялық этикалық қатынас орнату екенін ұқтық.
Олай болса, орта білім беру жүйесін жаңарту жағдайында жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін ғылыми және тәжірибелік білімнің бірлігі негізінде қалыптастыру, оның қоршаған ортаға жауапкершілігін және құндылық бағдарын, рухани сипаттағы іс-әрекетін қамтамасыз ету маңызды бағыт болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы // Қазақстан мұғалімі – Алматы, 1999. - №4. – Б. 1 – 8
2. Гирусов Э. В. Основы социальной экологии: Учебн. пособие.
М. РУДН- 1998.-172с.
3. Лихачев В.Т.Экология личности // Педагогика. – 1993.- 17с.
4. Исламова И.К.Оқу процесінде оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру: п. ғ. к. дисс. автореф.–Алматы, 2002. 29 б.
5. Тұрдықұлов Э. А. Экологическое образование учащихся в процессе изучения предметов естественного-научного цикла. Автореф. дисс. док. пед.
наук. М., 1982.-45б.