Габдулина Б.А.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ саясаттану кафедрасының доценті,
тарих ғылымдарының кандидаты
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ПАРЛАМЕНТАРИЗМНІҢ АЛҒЫ ШАРТТАРЫ (1991-1995ЖЖ)
Парламентаризм – белгілі бір билік жүйесі мен мемлекеттік құрылыстағы тиісті шешімдер қабылдауға құқы мен құзыреті бар сайлау арқылы құралатын халықтың өкілді органының жұмыс әдісі. Парламенттік демократия дегеніміз – осы өкілді билікті парламенттің өз қызметінде жүзеге асыруының реті мен тәртібін анықтайтын қатынастар жиынтығы.
Парламентаризм – парламенттің басқа мемлекеттік органдармен өзара қатынасының қалыптасқан, пәрменді жүйесі, мемлекеттік билік тетіктерінде оның орны мен рөлін, тиісті мәртебесін қамтамасыз етуші өкілді демократияның қызмет жасауы мен ұйымдастырылуының негізгі тәсілі.
Ғалым М. В. Баглайдың «Мемлекет органдары жүйесінде парламенттің үстемдігі негізделген мемлекеттік құрылысты парламентаризм деп атайды да, басқарудың басқа нысандарына бұл термин қолданылмайды.
Белгілі бір елде парламенттің өмір сүруі – парламентаризмнің орнығуы емес.
[1, 111 б.].
Парламентаризм мемлекеттік биліктің формасы емес, оны жүзеге асырудың әдісі. Әр мемлекеттегі заң шығарушы және атқарушы биліктер арасындағы байланыстардың негізінде парламент шешуші рөл атқаратын демократиялық режим. Парламентаризм қызметі ең алдымен, сол елдің тарихы, саяси, демократиялық дәстүріне байланысты. Сондықтан, бүгінде барлық елдерде европалық немесе ұлыбританиялық үлгідегі парламентаризмнің болуы немесе соларды талап ету негізсіз болар еді.
Парламент және парламентаризм - өзара сабақтас және өзара байланысты
түсініктер, алайда олар пара-пар емес, олардың арасына теңдік белгісін қоюға болмайды.
Парламентаризм – заң шығарушы және атқарушы биліктер арасындағы еңбек бөлінісімен сипатталатын мемлекеттік басқару жүйесі.
Парламентаризмге тән негізгі белгілер мыналар болып табылады: оның құзіреттері мен өкілдіктері; заң шығарушы және атқарушы биліктер арасындағы еңбек бөлінісі; парламенттің алдында Үкіметтің есеп беруі мен жауапкершілігі. Мемлекеттік билік жүйесінде парламентаризм талаптарын түбегейлі орындау нәтижесінде парламент атқарушы билікке тежеме – тепе- теңдік болып табылады да, оның бұл негізгі функциясы әлемдік парламенттік тәжірибеде үш түрлі бағытта жүзеге асырылады:
а) мемлекеттік қаржының жұмсалуына жария бақылау жасау;
ә) Үкімет қызметінің заңнамалық негіздерін аңықтау және Конституция мен заңнамаларда анықталған өкілеттіктер негізінде жария бақылауды жүзеге асыру, реттеу;
б) Үкіметтің нақты құрамының қызметін заңнамаға сәйкес жария ағымдағы бақылауды жүзеге асыру [2,14б].
Парламентаризмді тек биліктердің ажыратылуымен шектеуге болмайды. Бұл жердегі ең маңызды және мәнді мәселе – заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері арасындағы мемлекеттік функциялардың аражігінің айқын да сындарлы анықталуы.
Әлемдік конституциялық және саясаттану теориясындағы парламент және парламентаризм туралы жоғарыдағы талдауларға сүйенсек, қай елдің де жоғары заң шығарушы органы «парламент» деген мәртебеге сай келіп, парламентаризмді нақты орнықтыруы үшін белгілі бір нақты өкілеттіктер мен құзіреттерге ие болуы тиіс. Олар негізінен мыналарды қамтиды: елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтау; белгілі бір мемлекеттік органдарды құру немесе билік лауазымдарына тағайындауға келісімін беру;
олар айрықша бюджеттік құқықтарға ие болып, елдің мемлекеттік табыстың кірісі мен шығысын анықтауы; өз құзіреттері шеңберінде үкіметтер мен министіліктердің қызметіне белгілі бір нысандарда бақылау жасауы; аса маңызды халықаралық шарттарды ратификациялауы; сот мәселелері, соттарды тағайындау немесе сайлау бойынша біршама өкілдіктерге ие болуы. Егер де парламенттер өкілеттігі мен құзіретінің жоғарыда жинақтап
көрсетілген халықаралық тәжірибесі тұрғысынан келсек, Қазақстанның жас Парламенті де әлемнің көптеген елдерінде бар парламенттік құқықтардың негізгілеріне ие.
Парламентаризм идеясы еліміз Конституциясында қаланып, біріншіден, оның халық мүддесін қорғаушы өкілді орган ретіндегі мәртебесінде, екіншіден, оның мемлекеттік билік жүйесіндегі функционалдық міндеті – заң шығарушылық процесі арқылы жүзеге асырылады. ҚР-ның Конституциясына талдау жасай отырып, ондағы Парламент құзіретінің аз емес екендігіне және оның өзіндік құрылым мен иерархиясы барлығына көз жеткізуге болады.
Еліміз Конституциясында Парламентке тұрақты қызмет істейтін орган ретінде мәртебе-сипаттама беріліп, соның арқасында заң шығару функциясы: заңдарды қабылдау; оларға өзгерістер мен толықтырулар еңгізу;
заңдардың күшін жою немесе тоқтату; халықаралық шарттарды бекіту немесе олардың күшін жоюдың үнемі толассыз жүретіндігі атап көрсетілген.
Парламент мемлекет басшысы, ел ішінде және халықаралық аренада Қазақстан атынан өкілдік ететін еліміздегі ең жоғарғы лауазымды тұлға Президентпен конституциялық-процессуалдық өзара қимыл бірлікте болып, белгілі бір өкілеттік билікке де ие [3,19б].
Қазақстан парламентаризмі ерекшелігі неде және оның жоғарыда келтірілген сапалық белгілері мен талаптары оның қызметінде қалай көрінеді?
- біздің еліміздегі парламентаризм – транзиттік қоғам жағдайындағы әлеуетті президенттік басқару нысанындағы мемлекеттегі шектеулі парламентаризм.
- ол әзірге, әлі де болса толық бекітілмеген, кейбір буындары әлсіз, алайда бүтіндей бүкіл қоғаммен бірге қалыптасу, даму, жаңару үстіндегі өскелең жүйе.
- оның қалыптасып, дамуына шешуші әсер етуші факторлар:
қоғамның әлеуметтік және таптық құрылымындағы әлеуметтік жіктелу, сұрыпталу процестерінің тым ұзаққа созылуы, саяси партиялардың әлсіздігі, қоғамның саяси және құқықтық мәдениетінің деңгейі.
- ол Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуын заңнамалық негізде қамтамасыз етуші және бұл процестің бүкіл сапасын әр түрлі парламенттік әдістермен
үнемі саралап, бағыттап отырушы, соның төңірегінде үнемі мазасыз қоғамдық пікір тудырушы демократиялық институт.
Парламентаризмнің қалыптасып, нығайып, орнығу деңгейі, оның демократиялық режимдердегі өзінің бастапқы, тума табиғатына толық сай болуы әр елдің тарихи – ұлттық, рухани, саяси – демократиялық дәстүрлеріне, саяси-құқықтық мәдениеті деңгейіне байланысты болады.
Парламентаризм дамуындағы қазіргі сатысындығы біздің еліміздегі өзекті мәселе – қолда бар өкілеттіктер мен құзіреттерді толық, орынды және өз уақытында және ел мүддесі үшін тиімді пайдалана білуде де жатыр.
Профессор А. Айталы « ... парламент белгілі бір өкілеттіктерге ие болуға тиіс, онсыз парламентаризм болмайды,... бізде парламентаризм әлі бекіген жоқ» деп түйіп, оған ең алдымен бақылау функциясының қажеттігін ерекше атап көрсетті [4,19б.]. Мемлекеттік билік жүйесінде Парламенттің, демократиялық басқарудың әдісі ретінде парламентаризмді нығайтып, оның деңгейін көтеру үшін белгілі бір тарихи уақыт, демократиялық тәжірибе, парламентшілердің кемелденуі, ең бастысы бүгінгі қолда бар өкілеттіктер мен құзіреттер арқылы халық алдында, қоғамдық пікірде өз орнын, беделін нығайтуы қажет. Эксперттік Институттың әлеуметтік сауалнамаларының қорытындысы бойынша Президентті еліміз азаматтарының төрттен үші немесе 73,7 пайызы республикадағы ең жоғарғы ықпалды билік институтына жатқызады. Бұл заңды. Ал одан кейінгі орынға еліміз азаматтары билік институтына Үкіметті, облыс әкімдерін, содан кейін барып Парламентті қояды. Елімізде Парламент өкілеттіктерін кеңейту мәселесін қоғамдық пікір де кеңінен қолдайды. Парламенттің Ақпараттық- талдау орталығының зерттеулеріне сәйкес еліміздің жоғарғы заң шығаушы органының қызметін жетілдірудің жолдары туралы сарапшылардың пікірі мынадай бағыттарда бөлінген:
1) Парламенттің бақылау функцияларын жетілдіру қажет;
2) Бюджет саясаты бойынша Парламенттің өкілеттігін молайту;
3) Сайлау жүйесін демократияландыру;
4) Парламент қызметін материалдық – техникалық қамтамасыз етуді атқарушы биліктен тәуелсіз ету;
5) Бір палаталы Парламентке оралу;
6) Парламентке Конституция мен заңдарды түсіндіру құқын беру;
7) Депутаттар құрамының санын көбейту[5, 55б.].
Академик С.Зимановтың: «президенттік билік тиімді жұмыс істейтін парламентсіз ешуақытта да әлеуетті де беделді бола алмайды. ... Парламент
өз орнында болуы үшін ... оның мәртебесін, депутаттардың мәртебесін көтеру керек. Ал, әзірше, атқарушы билік Парламентке, депутаттарға шектен тыс үстемдік көрсетуде» [6,16-17б.] деген пікірі елімізде парламентаризмді нығайту үшін кезінде өте қажетті еді.
Халықтық демократияны білдіру нысаны ретіндегі өкілді билік қазақстандық қоғамға ежелден тән. Ол қалыптасқан саяси жүйеге байланысты өзгеріп отырды.
Қазіргі Қазақстан Парламенті бір палаталы өкілді органның – алғаш рет Қазақ КСР-інің 1937 жылғы Конституциясы, ал содан кейін Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы мен Қазақстан Республикасының 1993 жылғы Конституциясы негізінде құрылған Жоғарғы Кеңестің орнына келді.
Жоғарғы Кеңес өзі жұмыс істеген кезде он үш рет сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің алғашқы сайлауы 1938 жылғы 24 маусымда өткізілді.
Сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы өткiзiлдi.
Ол уақытта депутаттар корпусын құру баламасыз негізде Коммунистік партияның қатаң бақылауымен жүргізілгенін атап өту керек. Депутаттыққа кандидаттар партия ұйымдары белгілеген таптық, партиялық, ұлттық, жыныстық-жастық және басқа да квоталар бойынша іріктелді. Сондықтан заң шығару органының құрамында қанша жұмысшы, колхозшы, қызметші, коммунист, комсомол мүшесі, қазақ, орыс, украин, сондай-ақ басқа да ұлт өкілдері, әйелдер, жастар және т.с.с. болатыны сайлау басталмастан бұрын белгілі болатын. Мемлекеттік органдардың жоғары шенеуніктері, партия, комсомол және кәсіподақ органдарының басшылары атқарып жүрген қызмет лауазымдарына сәйкес депуттатыққа кандидат болып ұсынылатын.
Қазақ КСР-інің 1978 жылғы Конституциясы сайлау жүйесіне аз ғана өзгерістер енгізді. Еліміздің осы Негізгі заңына сәйкес Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мемлекеттік биліктің жоғары органы болып табылды. Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңесі КСРО Конституциясымен және Қазақ КСР Конституциясымен Қазақ КСР жүргізуіне жатқызылған мәселелердің барлығын шешуге өкілетті болатын. Жоғарғы Кеңестің жұмыс органы – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Жоғарғы Кеңестің сессиялары аралығында қажет болған жағдайда Қазақ КСР қолданыстағы заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізіп, оларды кейін кезекті сессияның бекітуіне ұсынатын. Қазақ КСР-інің Жоғарғы
Кеңесі, қажет деп санаған жағдайда, кез келген мәселе бойынша тексеру комиссияларын және өзге де комиссияларды құратын. Барлық мемлекеттік және қоғамдық органдар, ұйымдар мен лауазымды тұлғалар тұрақты және өзге де комиссиялардың талаптарын орындауға, оларға қажетті материалдар мен құжаттарды беруге міндетті болатын. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Қазақ КСР-інің жүргізуіне жатқызылған кез келген мәселені қарап, шешуге уәкілетті еді [7,39б].
1990 жылғы наурызда он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өтті. Бұл әкiмшiл-әмiршiл жүйенің ықпалы әлі де болса жеткілікті болып тұрған жағдайдағы республиканың жоғары заң шығару органының алғашқы неғұрлым демократиялық сайлауы болатын. Сайлау алдындағы тартысқа 360 депутаттық мандат үшін екі мыңнан астам үміткер қатысты. Республикалық қоғамдық ұйымдардан 90 адамның сайланғаны да аталған сайлаудың бір ерекшелігі болып табылады. Бұл сайлау толыққанды саяси партиялар болмаған жағдайда өткенімен, тоталитарлық жүйенің өзгеру процестеріне бұлжымас сипат берді.
Он екінші сайланған Жоғарғы Кеңес Қазақстан парламентаризмінің қалыптасу тарихында ерекше рөл атқарды. Бұл бірқатар аса маңызды құқықтық актілердің қабылдануында, мемлекеттің XX ғасырдың 90-шы жылдардағы саясатын заңнамалық жағынан қамтамасыз етуде көрініс тапты.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Баглай М. В. Конституционное право РФ Учебник.-М.,1988.-с.111.
2. Ашимбаев Д. Политическая система Казахстана: реформы, выборы, кадры // Kazakhstan. - 2007 г. - № 3,- с.14
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы. А. 1995.
4. Айталы А. Казахстанский парламентаризм//Саясат-Policy.-2001.-
№4.-с.19
5. Телебаев Г., Коновалов С. Идейные и институциональные основы казахстанского общества: итоги десяти лет развития//Казахстан-Спектр,-№2- 2002,-с.55
6. Зиманов С. Законы и критерии их эффективности.//Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары: Тәуелсіз Қазақстандағы парламентаризм: жай-күйі мен проблемалар.-Астана, 2002, 16-17б.
7. Курмангали А. Политическая институционализация государственной власти в теории и практике современного политического процесса // Саясат- Policy.-2008.-№2.- с.36