ОӘК [004:371.67]:392(574)
Б.С. НУРЛЫБЕКОВА
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана, Қазақстан ҚАЗАҚТЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІН ЭЛЕКТРОНДЫ ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫ АРҚЫЛЫ
ОҚЫП ҮЙРЕНУДІҢ ТИІМДІЛІГІ
Қазақстан Ресупбликасының білім беруді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасында жалпы білім берудің мақсаты – қазіргі қоғам талабына сай терең білім, білік, дағдылар мен құзырлықтардың негізінде еркін бағдарлай білетін, қойылған мақсатқа танымдық қызмет жасау арқылы жете алатын, өз бетінше дұрыс, тиімді шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру екендігі айтылған.
Ел Президентiнiң сөйлеген сөзінде: «Барлық дүние мектептен басталады. Сондықтан әлемдік стандартқа сай жалпы орта білім беретін жүйеге көшіп, педагогтардың кәсіби деңгейі мен жаңа оқулықтар мен біліми технологиялардың сапасын арттыруымыз қажет», – деп, атай келе
«Қазақстан – 2030» бағдарламасында: «Бiздiң жас мемлекетiмiз өсiп-жетiлiп кемелденедi. Бiздiң балаларымыз бен немерелерiмiз онымен бiрге ер жетедi. Олар өз заманының жауапты да жiгерлi, бiлiм өресi биiк, денсаулығы мықты өкiлдерi болмақ. Олар бабаларының игi дәстүрлерiн сақтай отырып, қазiргi заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс iстеуге даяр болады», – делінген [1].
Қазіргі кезде білім берудегі ақпараттандыру процесін жүзеге асырудағы өзекті мәселелердің бірі – электрондық оқу құралдарын дайындау болып отыр. Ал оларды оқыту процесінде қолдану – сапалы білім берудің бірден - бір құралы болып табылады. Білім берудің кез-келген саласында ойлау жүйесін қалыптастыруға, шығармашылықпен еңбек етуіне жағдай жасайды. Бұл дәстүрлі оқыту түрін жоққа шығару емес, керісінше, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, оқытудың жаңа түрлерімен толықтыру қажеттілігін уағыздайды. Электронды оқу құралы оқушы үшін дайын материал. Электронды оқу құралдарымен жұмыс iстеу әрбiр оқушының өз мүмкiндiгiн есепке ала отырып, оқып үйрену iсiн жеке дара жүргiзу болып саналады.
Заман талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім беруде электрондық оқу құралын халқымыздың салт-дәстүрлерін дәріптеуде пайдалануды – оқытудың жаңа технологиясының бір түрі ретінде қарастыруға болады деп ойлаймын. Қазақтың салт-дәстүрлерін өздігінен оқып үйренуге арналған электронды оқу құралын жасамас бұрын, қазақтың салт-дәстүрлері жайында жазылған біршама мағлұматтарды қарастырдым. Қазақтың салт-дәстүрлері туралы кітаптардың (әртүрлі авторлардың) Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында – 135 түрі, Ұлттық академиялық кітапхананың кітап қорында 69 түрі, ЕҰУ кітапханасы қорында – 47 түрі бар, әрине, мерзімдік басылымдарда жарық көрген мақалаларды есептемегенде. Сонымен қатар, қазақтың салт-дәстүрлері жайындағы ғаламтордағы келесі сайттарды атап көрсетуге болады:
www.koshpendi.kz, www.adyrna.kz, www.abai.kz, www.menkazakpyn.ucoz.kz, www.massagan.com, www.madenimura.kz, www.alash.kz. Ал электронды оқу құралдары жоқтың қасы.
Қазіргі таңда оқу процесінде жоғарғы оқу орындарында және мектептерде электронды оқу құралдарын тиімді пайдалану мүмкіншіліктері берілген. Электронды оқу құралдарын бірнеше программалармен байланыстырып жасауға болады. Электрондық оқу құралының мазмұны оқушының зияткерлiк ойлау қабiлетiн дамытуға бағытталуы қажет. Ол үшін келесі қасиеттердi қанағаттандыруы жеткiлiктi: жинақылық, жүйелiлiк, эстетикалық көркемдiлік, жылдамдылық және т.б. Электрондық оқу құралын әзірлеу барысында оны мәтiндiк ақпараттан гөрi графиктiк ақпаратпен көбiрек қамту керек, себебi ол оқу құралын көрнекі етіп, оқу барысында ақпаратты тез қабылдауына жағдай жасайды. Онда мәтіндер, графикалық элементтер, навигациялар, электрондық анықтамалар және олардың түстерін әр түрлі етіп, анимациялар арқылы жасауға болады. Электрондық оқу құралын жасауда электрондық құралдарды анимация элементтерімен, суреттермен, видеолармен қамтамасыз ету өте тиімді және қолданыста да ыңғайлы болып келеді.
Себебі, мұндай түрде бейнеленуi оқушының немесе студенттің есте сақтау қабiлетiнiң дамуына және оқыған материалын ұмытпай, оны дамытуына игi әсерiн тигiзедi.
Техниканың дамыған заманында барлық мүмкіншліктерді неге пайдаланбасқа, әсіресе ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында?!
Электронды оқу құралын жасаудың соңғы кезеңі оны бағдарламаға айналдыру, яғни машина тілінде кодтау ісі болып табылады. Осындай қолданбалы бағдарламалық жабдықтау жасау көптеген жүйелік бағдарламалар арқылы жүргізіледі, олар: Macromedia Flash, Macromedia Dreamweaver, AutoPlay Media Studio, Visual Basic, Delphi, Power Builder, Power Point, Html, Front Page т.б. Бұларды пайдаланудың артықшылығы:
бағдарлама жасау мерзімін қысқарту;
бағдарлама жасау мен оны пайдалану кезеңдерінің барлығында да оны сүйемелдеу ісінің жеңілдігін қамтамасыз ету;
электронды оқу құралының мазмұны мен құрылымына сәйкес оны пайдаланушы мұғалімге материалдарды аздап түзету, толықтыру мүмкіндіктерін беру;
оқу құралының кейбір бөліктерін өзгерткенде (толықтырғанда) тұтынушы интерфейсінің өзгеріссіз күйде сақталуы;[2]
Қазіргі кезде ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуының арқaсында білім саласында көптеген электронды оқу құралдары жасалуда. «Қазақтың салт-дәстүрлері»
тақырыбында менің даярлаған электронды оқу құралымда оқушы өз бетінше жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайлар қарастырылған.
Электрондық оқу құралын жасау құралы ретiнде Adobe Photoshop, Delphi, CSS, Java Script, Html және Macromedia Flash, Dreamweaver программаларының мүмкіндіктерін қолдандым. Себебi, электрондық оқу құралының теориялық материалдары гиперсiлтеме арқылы ұйымдастырылуы тиiс, ал HTML тiлiнде гиперсiлтемелер оңай жасалынады. Жұмысымды орындау барысында гиперсiлтеме жасауды, gif, jpg форматтарындағы файлдарды кiрiстiрудi, терезелердi безендiрудiң барлық мүмкiндiктерiн пайдалануға тырыстым. Бұл оқу құралы мемлекеттік стандарттың талаптарына сай негізделіп жасалды. Бұл еңбегімнің барлық тақырыптары бойынша бейнебаяндар жасадым. Бейнебаяндар және оқушының білімін тексеретін тест тапсырмаларын жасау - инновациялық оқыту формасының бір түрі болып табылады. Бейнебаяндарды сөйлеумен қатар графикалық бейнелерді жеткізудің ыңғайлы әдісі ретінде қолдануға болады. Егер адамның қабылдау жүйесі көп жағдайда көру арқылы қабылданса, онда графикалық және мультимедиялық ақпарат бейнебаяндарда көп қолданылуға тиісті. Сонымен қатар, бірқатар анимациялар, тақырыптың мағынасын ашатын бөлімдер, бақылау сұрақтары және 4 нұсқалық тест тапсырмаларын кірістірдім. Оқушы тапсырманы электронды оқу құралы көмегімен орындап, оның нәтижесінің дұрыстығына көз жеткізуіне болады. Бұл оқушының өзін-өзі бақылауына мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Бұл электронды оқу құралының тиімділігі, кез-келген орында тұрып программаны ашып оқу құралын пайдалануға болады. Оқу құралының алғашқы беті оқу құралына кіру сыртқы қабынан тұрады. Келесі бет негізгі болып есептеледі. Онда: салт-дәстүрлердің түрлері, дәстүрлі қолөнер түрлері, ұлттық тағамдар, ұлттық ойындар, жеті қазына, тест тапсырмалары, бағдарлама туралы, пайдаланылған әдебиеттер, автор және шығу батырмаларынан тұрады. Әрбір батырмаға тышқан тетігін шерткенде сілтеме жасалады, тек шығу батырмасын шерткенде программадан шығып кетеміз. Салт-дәстүрлердің түрлері бөлімін бес тақырыпқа топтап қарастырдым. Бұлар: ырымдар мен нанымдар, діни рәсімдер мен мейрамдар, дәстүрлі үйлену тойы, бала тәрбиелеу дәстүрлері, жалпыхалықтық мерекелер. Дәстүрлі қолөнер түрлері бөлімі де бес тақырыптан тұрады: ағаштан жасалатын бұйымдар, киіз үй, зергерлік өнері, ұлттық киімдер, ұлттық ою – өрнектер. Ұлттық тағамдар бөлімі де бес тақырыпты қамтиды: ет мүшелерінің атаулары, еттен табақ тарту дәстүрі, ұлттық тағам түрлері және де қонақ күту дәстүрі, қой сою дәстүрлерін де осында енгіздім. Ұлттық ойындар бөлімі аңға байланысты ойындар, малға байланысты ойындар, түрлі заттармен ойналатын ойындар, зеректілікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін ойындар тақырыптарынан тұрады.
Жеті қазына бөлімі келесі тақырыптарды қамтиды: халық ауа райын қалай болжаған?, халықтың уақытты анықтау белгілері, қазақтың жағымды бейнедегі сөздері, қазақтың жағымсыз бейнедегі сөздері, мысқалдан батпанға дейін, туыстық атаулар сыры. Тест тапсырмалары бөлімінде 4 нұсқалық тест берілген. Әрбір нұсқа 20 сұрақты қамтиды, соңында нәтижесін шығарып береді.
Ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға біліммен қатар, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», – деген екен. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалыптасқан халқымыздың жақсы дәстүрлерін оқып үйрену, өнеге тұту, жас ұрпақты ізгілікке баулу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық тәрбиенің құдыретін қанша айтсақ та, түгесу мүмкін емес. Осындай ұлы тәрбие ізгіліктері бала кезден, бұла кезіңнен бастау алмаса, кейін өте қиынға соғатыны – дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат [1].
Қазақ халқында тым ертеден келе жатқан көптеген әдет – ғұрыптар өте көп. Ақпараттық технологиялар қарыштап дамыған қоғамға ілесе отырып, тарихымызды, салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, тілімізді, ұлттық ойлау машығымызды, ұлттық кейпімізді сақтап қалу өте маңызды.
Әдебиеттер
1. А.З. Ташенова «Ұлттық тәрбие – құндылық бастауы» // http://mtdi.kz 2. Лещев Д. Flash MX 2004. Теория и практика. Самоучитель. СПб., 2004