• Tidak ada hasil yang ditemukan

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СӨЗДЕРДІҢ БАЙЛАНЫСЫНА ӨЗГЕ ТІЛДЕРДІҢ ЫҚПАЛЫ

N/A
N/A
Protected

Academic year: 2023

Membagikan "ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СӨЗДЕРДІҢ БАЙЛАНЫСЫНА ӨЗГЕ ТІЛДЕРДІҢ ЫҚПАЛЫ"

Copied!
3
0
0

Teks penuh

(1)

1

Г.Т. Өтелбай, аға оқытушысы

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СӨЗДЕРДІҢ БАЙЛАНЫСЫНА ӨЗГЕ ТІЛДЕРДІҢ ЫҚПАЛЫ

Тіл біліміндегі бар саланың нысаны сөз болып табылады. Оны тек лексикалық тұлға емес, грамматикалық тұлға ретінде де морфологиялық және синтаксистік формада да қарастыра аламыз. Әрбір сөйлемдегі сөздер қалай болса солай жасалмайды. Туыс емес тілдердегі сөздердің байланысуын қарастырғанда, біз екі тіл арасындағы айырмашылықтармен қоса ұқсастықтарды және бір тілдің екінші тілге әсерін байқаймыз. Әрбір тілдегі сөздер белгілі бір тәртіппен, жүйемен байланыса отырып, сөз тіркестері мен сөйлемдерді құрайды. Алайда, сөз тіркестерін жасауда осы айтылған тәртіп пен жүйе тілдердің бір-біріне ықпал етіп, табиғи түзілісті бұрмалап та жатады.

Мұндай жағдайлар, әсіресе, бір тілдің сөз тіркестерін екінші тілге дәл түпнұсқа негізінде аударғанда кездеседі.

Бұған мысал ретінде орыс тілінің ықпалынан туындаған “Бөлім бастығымен бекітілген”,

“Комиссия шешімімен мақұлданған”, “Ұжым мәжілісмен қабылданған” секілді құжаттар тілінде кездесетін сөз тіркестерін келтірсек те жеткілікті. Қазақ тілінде ырықсыз етіс арқылы жасалатын сөйлемдерде іс-әрекет атқарушы аталмайды. Іс-әрекет атқарушы объект немесе жалқы есім өздік етістегі сөйлемде не жай сөйлемде көрсетіледі. Сондықтан жоғарыдағы мысалдар мына нұсқада жазылуы қазақ тілі табиғатына сай: “Бөлім бастығы бекіткен”, “Комиссия шешімі мақұлдаған”,

“Ұжым мәжілісі қабылдаған”. Қазақ тіліндегі ырықсыз етіске орыс тілінде страдательный залог, неміс тілінде Passiv, ағылшын тілінде The Passive Voice сәйкес келеді.

Төмендегі орысша-немісше-қазақша, орысша-ағылшынша-қазақша құрылған сөйлемдер құрылысына қарайық:

1) “Дом строится строителями”, “Das Haus wird von den Bauarbeitern gebaut”, “Үйді құрылысшылар салып жатыр”; 2) “Кофейные чашки были помыты моей старшей сестрой”, “Сoffee cups are washed by my elder sister”, “Кофе кеселерін менің үлкен әпкем жуған”.

Мұндағы орысша-немісше “строителями” – “von den Bauarbeitern”, орысша-ағылшынша

“моей старшей сестрой” – “by my elder sister” тіркестерінің қазақша аудармасын сөйлемде дәл түпнұсқадағыдай берсек, “Үй құрылысшылармен салынып жатыр”, “Кофе кеселері менің әпкеммен жуылды” болады. Осы мысалдан қазақ тілінің табиғатына қайшы келетін сөз тіркестері көп жағдайда шет тілдерінің әсерінен туындайтынын көреміз.

ХХ ғасырдың басындағы еңбектерде “баруға керек”, “бармақ керек” сияқты тіркестер көп пайдаланылған. Бұл жөнінде ғалым Р.Сыздық былай деп жазады: “Тұйық етістіктің керек сөзімен тіркескен тұлғасында да өзгеріс бар: бұрынырақ, XV-XVIII ғасырлардағы ақын-жыраулар шығармаларында, XIX ғасырдың өн бойындағы ауызша, жазбаша үлгілерде, Абайдың тілінде бұл тіркес барыс септігімен келген: баруға керек, бармаққа керек, тіпті супиндік (мақсаттық) мәнде –

(2)

2

арға керек (барарға керек) тұлғасымен де беріліп келген. Бұл күнде барлық стильге тән болып –у керек (бару керек, келу керек) варианты норма болып қалыптасты да, өлеңдерде, жалпы көркем әдебиетте –мақ керек (бармақ керек, келмек керек) варианты да қолданылу құқығына ие болып қалды, ал –арға керек, (барарға керек) жарыспасы нормадан мүлде ығысып қалды” *1, 174+.

Қазақ тілінде айтылған “- у керек” вариантымен сөз тіркестерін жасау соңғы кездері тілшілер тарапынан ұқыптылықты талап етіп отыр. Орыс тілді аудиторияларда “Маған кету керек”,

“Саған бару керек” секілді сөз тіркестерін жиі естуге болады. Күнделікті қолданыста осылар көп айтылатындықтан бұл сөйлемдердің дұрысы мен бұрысына мән бермей бара жатқан сияқтымыз.

Осы іспеттес “Оған айтқан жөн”, “Сендерге демалған дұрыс”, “Сізге деканға кіруге болады”,

“Маған шығуға бола ма?”, “Біз білімді болғымыз келеді” тіркестерін де аз естімейміз. Жоғарыдағы тіркестердің орысша баламасын берсек, “Мне нужно уйти”, “Тебе нужно пойти”, “Ему лучше сказать”, “Вам лучше отдыхать”, “Вам можно зайти к декану”, “Можно мне выйти?”, “Мы хотим быть образованными” екені белгілі. Ал қазақ тілінің грамматикалық нормалануы жағынан қарасақ, алғашқы нұсқалардың берілуі төмендегідей болуы тиіс: “Менің кетуім керек”, “Сенің баруың керек”, “Оның айтқаны жөн”, “Сендердің демалғандарың дұрыс”, “Сіздің деканға кіруіңізге болады” және “Менің шығуыма бола ма?”, “Біздің білімді болғымыз келеді”. Бұдан байқалатыны, орыс тілінде барыс септігіндегі (дательный падеж) есімдіктер және тұйық етістіктер қазақша сөйлемдерде қосымшалар арқылы тәуелдік тұлғада жасалып тұр.

Тәуелдену тұлғасына қатысты соңғы кездері көше жарнамаларында мынадай өрескел қателерді кездестіріп жүрміз: “компьютерлік сыныбы”, “медициналық орталығы” т.б. Дұрысы

“компьютерлік сынып” немесе “компьютер сыныбы”, “медициналық орталық” немесе “медицина орталығы” екені түсінікті. Орыс тілінде сын есім мен зат есімнен жасалған сөз тіркестері тәуелдік мағынасында қолданылатындықтан, мұндай тіркестерді қазақ тілінде жоғарыдағыдай үлгіде беру әдетке айналып бара жатыр. Орыс тілінен қазақ тіліне сөзбе-сөз аударылған мынадай тіркестерді жиі естиміз: “жұмыстық оқу бағдарламасы”, “тәрбиелік сағаты”. Мұндағы айтылып тұрған ойдың түпнұсқасы – “рабочая учебная программа”, “воспитательный час”. Олай болса, қазақ тілінің заңдылығымен “оқу жұмысы(ның) бағдарламасы”, “тәрбие(нің) сағаты” болуы тиіс. Бұл жерде тәуелденген ІІІ жақ жалғауы арқасында ілік септігі жалғауы түсіріліп айтылады.

Орысша-қазақша сөздікте научить ребенка читать – баланы оқуға үйрету және научиться плавать – жүзуге үйрену деген мысалдар бар [2, 467]. “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде”: “Үйрену ет. ... өзі білмеген жат нәрсені түсініп, көңілге тоқу, игеру” десе, “Үйрету ет.

... білмегенді білдіру” *3, 433+ дейді. Демек, научить ребенка читать – балаға оқуды үйрету және научиться плавать – жүзуді үйрену болуы керек. Түсіндірме сөздікте үйрену етістігін ауыспалы мағынада “кең қонысқа үйрену”, “зеңбірек үніне үйрену” деген мысалдармен береді.

Бұл жерде “үйрену” – орысша “привыкнуть к кому-чему” [4, 604] сөзінің баламасы. Осы сөзге берілген “оның жат сөздеріне үйренгенмін” деген мысалды “я привык к его странностям” деп тәржімалайды. Алғашқы нұсқадағы “жүзуге үйрену”, “оқуға үйрету” тіркестерінен орыс тілінен сөзбе-сөз аударғандық байқалады. Ендеше, “үйрену” сөзіне “научиться”, “привыкать”

етістіктерінің әсері бар деуге болады.

“Үйлену”, “үйлесу” секілді етістіктердің қолданысы да әр түрлі. “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіндегі” мысалдарда бұл етістіктер зат есіммен барыс септігі арқылы байланысады. Орысша жениться на ком-л. болғанымен, “біреуге үйлену” тіркесі кейде қазақ тілінде “біреумен үйлену”

деп айтылады. Ал сочетаться с чем-л. болғандықтан, “бірнәрсеге үйлесу” деген тіркес

“бірнәрсемен үйлесу” деп айтылып жүр.

(3)

3

Аталған мәселелерден бөлек өзге тілдер әсерінен теріс қолданыста жүретін тағы да басқа тіркестер жеткілікті. Мәселен, “көп” сөзінің қолданылуы да мән беруді талап етеді. Орыс тілінде бұл сөзден соң зат есім міндетті түрде көптік жалғауымен беріледі. Мысалы, “несколько студентов”, “много детей”, “много ручек” т.б. Соның ықпалынан қазақ тілінде мынадай тіркестер пайда болып жүр: “бірнеше студенттер”, “көп балалар”, “көп қаламдар”. Қазақ тілінде “көп” деген сын есім мен “бірнеше” есімдігі зат санының аз емес екендігін білдіреді. Ереже бойынша және қазақ тілінің табиғатына сәйкес “1”-ден басқа сандардан соң келетін зат есімге көптік жалғауы қосылмауы тиіс. “Көп”, “бірнеше” сөздерінің де қолданысы сол секілді. “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде” осы мәселеге қатысты мынадай мысал келтірілген: “Жиналыста көп адам сөйледі” *5, 181+, “Бірнеше жыл думанды Москвада тұрып үйренген Мейрамның көңілі бұл көріністерге толған жоқ” *4, 146+. Демек, жоғарыдағы тіркестердің “бірнеше студент”, “көп бала”, “көп қалам”

болатыны түсінікті. “Көппен” мағыналас “көптеген” сөзінің қолданысы орыс тіліндегі

“многочисленные ученые” тәрізді тіркестерге сәйкес “көптеген ғалымдар” болып келе береді.

Алайда, бұл сөзден кейін келетін зат есім жалғауының қолданылуы да талас тудырады. Түсіндірме сөздікке сүйенсек, оған келесі мысалды ұсынуға болады: “Бұл бөлмеде Чеховтың жазушылық жолын баяндайтын көптеген суреттер, материалдар, кітаптар тұр” *5, 184+. Мұндағы зат есімнің көптік жалғауында көрінуі, сірә, орыс тілінің әсерінен болса керек. Бірақ осындай қолданыс қазіргі қазақ тілінде біршама орнығып, табиғи қалыпқа түскендей.

Қазақ тіліне туыс емес ықпалды тілдердің әсері күшейіп жатқанда, бейтабиғилықты реттеу үшін, әр тілдегі тілдік норма мен тіл заңдылықтарын бұзбау үшін олардың арасындағы сөздердің байланысу тәсілдерінің ерекшеліктері мен айырмашылықтарын ажырата білу маңызды. Туыс емес тілдер мен туыстас тілдерді тарихи тұрғыдан салыстыра отырып, ықпалдасу салдарынан туындаған қиғаштықтарды реттеуге болады.

Әдебиеттер:

1. Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы). Астана: Елорда, 2001.- 230 б.

2. Орысша-қазақша сөздік. Алматы: Қазақ совет энциклопедиясының бас редакциясы, 1978.- 575 б.

3. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. ІІ том. Алматы: Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы, 1961.-535 б.

4. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. І том. Алматы: Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасы, 1959.- 337 б.

5. Исқақов А., Махмудов Х., Мұсабаев Ғ. Орысша-қазақша сөздік. Москва: Шет тілдер мен ұлт тілдері сөздіктерінің баспасы, 1954.-935 c.

6. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы: Ғылым, 1980.- 640 б.

Referensi

Dokumen terkait

Қазақ егін салатын жұмсақ жерін мұжыққа берген соң өзінің егін шаруасын бұзбау үшін қазақ өзіне жаңадан тың жер айырып, егін салу керек.. Тың жерді айырып, егін салса, малдың өрісі