ӘОЖ 582.287.238:502.753
ҚАРҚАРАЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҰЛТТЫҚ ТАБИҒИ ПАРКІНДЕ ТАРАЛҒАН АГАРИКА САҢЫРАУҚҰЛАҚТАРЫНЫҢ ТҮРЛІК ҚҰРАМЫ
М.А.Ашикбаева, А.Д.Спанбаев, Р.З.Асилханова, С.Ә.Әбиев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ.
Ғылыми жетекші – б.ғ.д., профессор С.Ә.Әбиев
Мақалада «Қарқаралы» МҰТП-нің агарика саңырауқұлақтары зерттелді. Жүйелік және түрлік құрамдары, таралу ерекшеліктері анықталып, морфометриялық сипаттамалары жасалды. Зерттеу нәтижесінде Agaricales қатарының 9 тұқымдаына, 20 туысына жататын саңырауқұлақтардың 42 түрі анықталы. Олардың ішінде жеуге жарамдысы –31, жеуге жарамсызы – 10, улысы – 1 түр.
Кілттік сөздер: саңырауқұлақ, макромицеттер, штаммдар, қалпақша, аяқша, спора, агарика саңырауқұлақтары.
Саңырауқұлақ - өте бағалы азық. Олар белокқа, адам ағзасына қажет әртүрлі витаминдерге, микроэлементтерге (темір, кальций, цинк, йод, калий, фосфор) бай геронтологиялық тағам болып табылады. Құрамында адам ағзасына зиянды холестерин, нитрат және нитрит секілді заттар болмайды. Адам оларды қуырылған, суға қайнатылған, тұздалған, маринатталған түрде, тамаққа дәм бергіш қоспа ретінде, сондай-ақ ұнтақ, паста күйінде де пайдаланады. Саңырауқұлақ құрамындағы ақуыз мөлшері құрғақ затқа шаққанда 21-30% шамасында. Бұл мал етіне және бидайға қарағанда әлдеқайда жоғары деген сөз. 1 га жерден 110 т саңырауқұлақ өндіруге болады. Онда 330 кг ақуыз бар; ал осы 1 га жерден 30 т картоп алынады, онда бар болғаны 3 кг ақуыз болады; дәнді дақылдардан 1 га жерден орташа 3 т өнім алынады, онда 5 кг ақуыз бар [1].
Жеуге жарамды саңырауқұлақтардың құрамында 35%-дан астам белок, адамға қажетті барлық алмастырылмайтын аминқышқылдары, қанықпаған май қышқылдары, дәрумендер, маңызды макро және микроэлементтер бар. Әсіресе саңырауқұлақтар өсімдіктерде кездеспейтін лизин, триптофан және треонинге, сонымен бірге кобальт пен темірге бай.
Саңырауқұлақтар В, С, D, Е тобы дәрумендерінің көзі болып табылады. Онда май, натрий, калий мөлшері аз болғандықтан, сонымен қатар нитрат, холестерин болмағандықтан саңырауқұлақтар диеталық тағам ретінде бағаланады. Көптеген елдерде (Жапония, Қытай, Корея, АҚШ, Канада, Франция, т.б) жасанды қоректік ортада өсірілетін саңырауқұлақтар тек азық ретінде ғана қолданылмай, сонымен қатар емдеу-профилактикалық және кең спектрлі әсері бар дәрілік заттар өндірісінің құнды шикізаты болып табылады. Дүниежүзі бойынша жасанды қоректік ортада өсірілетін дәрілік саңырауқұлақтардан жыл сайын 1,2 млрд доллар пайда келтіріледі екен [2].
Зерттеу нысаны ретінде «Қарқаралы» МТҰП-да кездесетін Basidiomycetes класының Agaricales қатарына жататын саңырауқұлақ түрлері алынды. Маршруттық экспедиция 2010 жылдың шілде-тамыз айларында жүргізілді. Комплексті экспедицияға микологтар мен алгологтардың 3 тобы қатысты: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ (мақала авторлары), БҒМ Ботаника және фитоинтродукция институтынан (2 миколог және 2 альголог) және ұлттық парктің ғылыми бөлім меңгерушісі мен осы бөлімнің ғылыми қызметкерлері.
Ұлттық парктің территориясының барлық 4 филиалы да зерттелді: «Қарқаралы»,
«Таулы», «Кент» және «Бахты». Біз зерттеген уақыттары макромицеттердің жаппай пайда болуына ауа-райы жағдайы өте қолайлы, яғни жаңбырлы, болды.
Экспедиция барысында саңырауқұлақтардың 130-дан астам үлгісі жиналды.
Саңырауқұлақтардың жемісті денесінің сыртқы морфологиялық сипаттамасы визуалды бақылау бойынша жасалды, ал микроскопиялық құрылымын, спораларының ерекшеліктерін анықтауға Микмед-1 микроскопын және оған қосылған Exilim-S880, SAMSUNG-ES65, Canon-PC1474 фотоаппараттарды пайдаландық.
Барлық зерттелген саңырауқұлақтар спораларының суреттері бір ыңғайда жасалып 600 есе ұлғайтылып суретке түсірілді.
Саңырауқұлақтардың түрлерін идентификацилау үлгілердің морфометрикалық сипаттамаларын қолдану арқылы және арнайы анықтамалық сөздіктерді пайдалану арқылы жүзеге асырылды. Нәтижесінде қалпақшалы саңырауқұлақтардың Agaricales қатарына жататын 9 тұқымдас 20 туыстың 42 түрі анықталды [3,4,5].
Agaricales қатарынан 9 тұқымдасқа 20 туысқа 42 түрге жататын макромицеттер анықталды. 3 туысқа Agaricaceae жататын 6 түр және 2 туысқа Rusulaceae жататын 11 түр жеуге жарамды.
Tricholomataceae тұқымдасының 5 туыс 9 түрге жататын 1 түрі (Omphalina ericetorum) жеуге жарамсыз, 1 түрі (Mycena poliadelpha) жеуге жарамдылығы белгісіз.
Қалған 3 туысқа 7 түрге жататын макромицеттер жеуге жарамды.
Cortinariaceae тұқымдасының 2 туыс 5 түрге жататын макромицеттернінің барлығы жеуге жарамсыз.
Boletaceae тұқымдасының (3 түрі) барлық түрі және Gomphidaceae (1 түрі) барлық анықталған түрлері жеуге жарамды.
Strophariaceae тұқымдасынан 2 түр ғана анықталды, оның 1 түрі (Pholiota squarrosa) жеуге жарамды, келесі түрі (Hypholoma sullaterium) – улы.
Amanitaceae тұқымдасының да 1 түрі (Amanita muscaria) улы және қалған 2 түрі (Amanita fulva, Pluteus pellitus) –жеуге жарамды.
Paxillaceae тұқымдасының 2 түріне сипаттама берілген, оның 1 түрі (Paxillus involutus) жеуге жарамды, келесісі (Paxillus pannuoides) жеуге жарамсыз [6].
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Вассер С.П., Гарибова Л.В., Дудка И.А. Промышленное культивирование съедобных грибов. Ред. И.А. Дудка. Киев. Наукова думка. 1978. 285 с.
2. Гарибова Л.В. Род Agaricus (Fr.) P.Karst. Систематика. Экология. Особенности развития. В сб.: Новое в систематике и номенклатуре грибов. М. Изд. Национальной Академии Микологии. 2003. С. 442-457.
3. Флора споровых растений Казахстана, том 13. Агариковы грибы. часть 1, Алма- Ата,1981г.
4. Флора споровых растений Казахстана, том 13. Агариковы грибы. часть 2, Алма- Ата,1985
5. Горленко М.В. и др. Все о грибах. М., 1986
6. Griensven L.J.D. (ed.). The cultivation mushroom. Darlington. England. 1988. 515 p .