ЕУРОПА ҚҰРЛЫҒЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ОСЫ
ҰЙЫМДАР АЯСЫНДАҒЫ ЫҚПАЛДАСТЫҒЫ (ЕҚЫҰ, НАТО)
Жунусова Салтанат Куантаевна
Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті Заң факультеті
«Халықаралық құқық»мамандығының магистранты, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі
Заң департаментінің сарапшысы
Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау саласындағы аймақтық ұйымдар қызметінің құқықтық негізі болып БҰҰ Жарғысының VIII тарауы табылады. Жарғының 52-бабы 1-тармағына сәйкес, БҰҰ Жарғысы «аймақтық деңгейде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қатысты мәселелерді шешумен айналысатын аймақтық келісімдердің немесе органдардың қызмет етуіне жол береді», - делінген [1].
Аймақтық ұйымдардың халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудағы ролін олардың өңірлік жанжалдарды реттеу және жанжалдан кейінгі жағдайды қалпына келтіруде, қатысушы мемлекеттердің өзара тиімді ынтымақтастық жолдарын іздестіруде елеулі үлес қосып отырғандығынан байқауға болады.
Еуропа кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету және жанжалдардың алдын алу ісінде әлемге әйгілі аймақтық халықаралық қауіпсіздік құрылымдары – Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы және Солтүстік Атлантика Шарты Ұйымы негізгі ролге ие.
Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (бұдан әрі - ЕҚЫҰ) – бұл құрамына Еуропа, Орталық Азия және Солтүстік Американың 56 мемлекеттерін біріктіріп отырған, қауіпсіздік жөніндегі ірі аймақтық ұйым. Ұйымның негізгі мақсаты – аймақта жанжалдардың болуын алдын алуға, дағдарыстарды реттеуге, жанжалдардың зардаптарын жоюға бағытталған.
ЕҚЫҰ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға, адамның негізгі бостандықтарымен қамтамасыз етуге бағытталған міндеттерге арқа сүйейді.
Қауіпсіздік айқындамасы ретінде шекаралардың қорғалуы, әскери қатердің төндірілмеуі, саяси және экономикалық тұрақтылық, адам құқықтарының сақталуы, қоршаған ортаны қорғау қарастырылады. Бұл ұйымның қауіпсіздік және қақтығыстардың алдын алу мәселелеріне кешенді көзқарасы жер- жердегі құрылымдар мен институттардың тиімді жүйесіне негізделген. Керек деп тапқан кезінде ЕҚЫҰ қақтығыс ошақтарын қару-жарақтың күшімен де өшіре алатынын осы жылдар ішінде бірнеше рет көрсетіп үлгерді. Бұрынғы Югославияның елдерін бомбылау солай болды, әсіресе 2001 жылы Македония жеріндегі соғыс қимылдары тұсында халықаралық күштер дер кезінде килікті, Таулы Қарабахтағы қанды қырғын да ЕҚЫҰ тарапынан
«осыдан қоймасаңдар көресіні көресіңдер» деп ескертілгеннен кейін тоқтатылды. Бірақ ондай шаралар тек жағдай бақылауға көнбей, шектен
шығып бара жатқанда ғана қолданылады. Жалпы, ЕҚЫҰ-ның басты құралы – саяси диалог. 1996 жылғы Лиссабон, 1999 жылғы Ыстамбұл саммиттерінде қабылданған «XXI ғасырдағы Еуропа үшін жалпы және толық қауіпсіздік моделі» мен «Еуропа қауіпсіздігінің хартиясы» осындай жолмен қабылданған. Негізінде ЕҚЫҰ-ның басты ерекшеліктерінің бірі оның шешімдерінің қашанда тек консенсус арқылы, яғни бірауыздылық жағдайында ғана қабылданатындығында [2].
Ұйым өзінің негізгі міндеттерін шешудің және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты құралдары ретінде мыналарды жатқызады:
Қару-жарақтың таралуына бақылау;
Жанжалдардың алдын алу бойынша дипломатиялық күш-жігер;
Сенімді қарым-қатынас және қауіпсіздікті қалыптастыру жөніндегі шаралар;
Адам құқықтарын қорғау, демократиялық институттарды дамыту;
Сайлауларды бақылау;
Экологиялық және экономикалық қауіпсіздік.
ЕҚЫҰ-мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастыққа келетін болсақ, Қазақстан ЕҚЫҰ мүшелігіне 1992 жылдың 30 қаңтарында Прагада өткен Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісінде қабылданды, мұның өзі біздің еліміздің осы ұйымның орасан әлеуетін пайдалануына мүмкіндік берді, бейбітшілік пен тұрақтылықты қолдау, жанжалдарды реттеу және бітімгершілік операцияларын үйлестіру мақсатындағы Қазақстанның күш- жігеріне де жол ашты.
Біздің еліміз үшін 1994 жылғы желтоқсандағы Будапешт қаласында өткен саммит өте маңызды. Ол мынадан көрінді: саммитте үш ядролық держава – Ресей, АҚШ және Ұлыбритания – Қазақстанның қауіпсіздік кепілдіктері туралы меморандумға қол қойды. Меморандумда біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігін құрмет тұту, оған қатысты күш қолдану саясатын пайдаланудан бас тарту, сондай-ақ егер Қазақстан Республикасы ядролық қару қолданылатын шабуылға ұшыраса немесе шабуыл қаупінің объектісіне айналса, онда Ресей, АҚШ және Ұлыбританияның Қазақстанға тиісті көмек көрсету жөнінде шұғыл іс- шаралар қолданатындығы сияқты міндеттемелер айтылды [3].
Сондай-ақ Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаев 55 (ол кезде Черногория әлі мемлекет болып жарияланбаған болатын) мемлекеттің басшылары қатысқан жиында тұңғыш рет сөз сөйлеп, жаңа саяси жағдайдағы жаңа мемлекет – Қазақстанның Еуропа мен Азия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен даму үдерістерін қамтамасыз етуге байланысты өз ұсыныстарын ортаға салды.
ЕҚЫҰ басшылығының Қазақстанға тұңғыш ресми сапары 1993 жылғы сәуірде болды, сол кездегі ЕҚЫҰ төрағасы Швецияның Сыртқы істер министрі М. Аф Углас Алматыға келді. Сапардың іс жүзіндегі нәтижелерінің бірі Орталық Азия елдерінде ЕҚЫҰ-ның бірқатар семинарларын өткізу туралы шешімнің қабылдануы еді және осы аймақтағы негізгі бағыттарын айқындау мен қызметін жандандыруда маңызы зор болды.
1998 жылдың маусымында Қазақстанға ДИАҚБ-ның делегациясы келді.
Келіссөздердің басты тақырыбы Қазақстанның Үкіметі мен ЕҚЫҰ ДИАҚБ арасында уағдаластық туралы меморандум жасау болды.
Осы құжаттың шеңберінде Бюро демократиялық, азаматтық қоғам құруда Қазақстанға көмек көрсетуге ұмтылады. Бюро ұсынатын жобалар сот, құқық қорғау және сайлау органдарының қызметкерлерін Қазақстанда және шетелде оқыту, оларды адам құқығы саласындағы халықаралық құқықтық стандарттармен таныстыру сияқты салаларды қамтиды.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның тағы да бір құрылымы – жанжалдарды болдырмау жөніндегі орталықпен байланыстарды жолға қойды. 1995 жылы осы Орталықпен бірлесе отырып, сондай-ақ ЕҚЫҰ сарапшыларының, ТМД елдері мен халықаралық ұйымдар мамандарының қатысуымен сенім білдіру шаралары және қару-жараққа бақылау жасау жөніндегі семинар өткізілді.
1999 жылы қаңтарда Алматыда ЕҚЫҰ Орталығы ашылды. Орталықтың ашылуы Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа кірігуін одан әрі кеңейтуде, елдің ЕҚЫҰ-ның барлық институттарымен өзара іс-қимылын дамытуда маңызды стимул болды.
Қазақстан үшін әскери-саяси қауіпсіздік сияқты ЕҚЫҰ қызметі саласының маңызы зор. ЕҚЫҰ процесінің шеңберінде 1990 жылы Еуропадағы қарулы күштер туралы шартқа қол қойылды, оған Қазақстан 1992 жылдың қазанында қосылды. Бұл шарт Атлантикадан Орал тауларына дейінгі аумақта ядролық емес құрлықтық және әскери-әуе күштерін шектеуді көздейді.
2007 жылдың 30 қарашасында Мадридтегі саммитте ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің XV бас қосуында Қазақстан ЕҚЫҰ-ға 2010 жылғы төрағалыққа сайланды. Бұл Еуропа қауіпсіздігі және ынтымақтастығы ұйымы тарихында бірінші рет еуразиялық кеңістікте жатқан еліміздің болашағы үшін ең маңызды шешім болды.
ЕҚЫҰ Шығыс Еуропадағы бірқатар жанжалдарды шешуде үлкен маңызға иелік етсе, Қазақстан аталған Ұйымның беделін өсіруге және тиімділігін арттыруға қол жеткізбек ниетте. «Қазақстанда ЕҚЫҰ-ны сақтау қажеттігі хақында қағидатты нақты түсінік бар. Бұл халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сонымен қатар, Ұйымның халықаралық беделін өсіріп, оның әлеуетін қауіпсіздіктің көкейкесті проблемаларын шешуге жұмсау үшін қажет», – деді еліміздің атынан көш бастап барған Сыртқы істер министрі Марат Тәжин [4].
Елбасы Н.Ә. Назарбаев былай деп атап өтті: «Біздің еліміз халықаралық мойындауда және өзінің дамуында жаңа сапалық дәрежеге көтерілді. Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі ұсынысымызға қолдау көрсете отырып, бұл Ұйымға қатысушы елдер еліміздің көп қырлы стратегиялық дамуының дұрыстығын және оның жалпы әлемдік трендіне сәйкестігін бірауыздан қолдады.
Әлемдік қауымдастық елдері осы шешімдерімен біздің мемлекетіміздің экономикалық және саяси даму моделінің тиімділігін, ұлтаралық және
дінаралық проблемаларды шешудегі біздің тәжірибеміздің құндылығы мен бірегейлігін мойындады.
Бұл біздің ғана жеңісіміз емес. Қазақстан – ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететін бірінші ТМД елі, ол бірінші түркі елі, ол тарихи тұрғыда өркениетті ислам кеңістігіне жататын бірінші ел, ең соңында, ол бірінші азиялық ел.
Сондықтан бұл – біздің ортақ жеңісіміз».
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету Қазақстанға не бермек деген сауалға былай жауап қайыруға болады:
Біріншіден, бұл Қазақстанды әлемдік қауымдастық тарапынан халықаралық мойындауы мен елдегі тұрақтылықтың қалыпты дамуы нәтижесі.
Екіншіден, бұл еліміздің халықаралық қауымдастық тарапынан Орталық Азия континентіндегі аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мен нығайтудағы қосқан үлесінің жоғары бағалануы.
Үшіншіден, Қазақстан халықаралық маңызға ие мәселелер бойынша өзіндік бастамаларын іс жүзінде асыруға зор мүмкіндіктер тудырмақ.
Төртіншіден, әлемдік қауымдастықты Азия континентіне назар аударуына, ондағы халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төндіріп отырған немесе төндіруі мүмкін мәселелерді реттеуге, алдын алуға көңіл аудартпақ.
Сонымен ЕҚЫҰ қазіргі уақытта тек Еуропадағы ғана емес, бүкіл әлемдегі беделді, ықпалды ұйымдардың бірі болып табылады. Оны осы ұйымның тек Еуропадағы түрлі жанжалдарды болдырмауға немесе алдын алуға ғана бағытталған мақсатты міндеттерін жүргізіп қоймай, өзіне мүше болып енген елдерде тұрақтылықты және экономикалық дамуды қамтамасыз етуге ықпал ететін, ең бастысы – демократиялық үрдістердің тиімді жүргізілуі мен сақталуын бақылайтын бірден бір жетекші ұйымға айналып отырғандығынан байқауға болады.
Ал, Қазақстанның осындай халықаралық ең өкілетті және беделді ұйымдардың біріне төрағалық ету мәртебесін алуы еліміздің Ұйым қызметінің басым бағыттары мен міндеттерін жүзеге асыру мүмкіндігінің, қазіргі қатерлер мен қыр көрсетулерге қарсы күресте әлемдік қауымдастықтың бірлескен қызметін үйлестірудегі маңыздылығын көрсетеді.
Еуропадағы қауіпсіздік саласындағы беделді ұйымдардың бірі Солтүстік Атлантикалық Шарты Ұйымы (бұдан әрі - НАТО).
1949 жылдың 4 сәуірінде Вашингтон қаласында 12 мемлекеттің (АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Франция, Бельгия, Люксембург, Канада, Италия, Португалия, Норвегия, Дания және Исландия) басшылары өз алдына БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаларын басшылыққа ала отырып, барлық елдер және үкіметтермен бейбітшілікте өмір сүру, осы аймақта тұрақтылықты нығайту мен халықтың әл-ауқатын арттыру, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мақсаттарын алға қойып Солтүстік Атлантикалық Шарты Ұйымының Жарғысын бекітті.
Солтүстік Атлантикалық Шарты Ұйымының мақсаты ретінде – Ұйымға мүше мемлекеттер Еуропада немесе Солтүстік Америкада одақтың бір
немесе бірнеше мүшесіне қарсы жасалған қарулы шабуыл бүкіл одаққа қарсы жасалған шабуыл ретінде қабылдау жөнінде келісті. Осыған байланысты мүше мемлекеттер жеке немесе ұжымдық өзін-өзі қорғау құқығын жүзеге асыру ретінде қарулы шабуылға ұшыраған мүше елге немесе мүше елдерге Солтүстік Атлантикада қауіпсіздікті қалпына келтіру мен сақтау үшін қажетті іс-қимыл жасай отырып, соның ішінде қарулы күштерді қолданумен қатар жеке немесе басқа да мүше мемлекеттермен бірлесе отырып көмек көрсететіні жөнінде уағдаласты. «Қажетті іс-қимыл жасай отырып, соның ішінде қарулы күштерді қолданумен қатар» деген сөз мәтіні одақтың басқа да мүшесі басқыншы мемлекетке қарсы қарулы жанжалға міндетті түрде түсетіндігін білдірмейді. Оларда жауап қайтару міндеті тұрғанымен мүше мемлекеттер жауап қайтарудың құралын дербес еркін таңдау мүмкіндігіне ие. Солтүстік Атлантикалық Одақ өзінің басты мақсатына жету үшін қауіпсіздік саласында мынадай маңызды міндеттерді жүзеге асырады:
аймақтағы тұрақты қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
одақтастар арасында, олардың мүдделерін қозғайтын мәселелер жөнінде консультациялар жүргізу;
кез келген басқыншылық қаупіне қарсы қорғануды қамтамасыз ету;
жанжалдардың алдын алуға көмектесу және дағдарысты реттеу операцияларына белсенді қатысу;
өзара сенімге қол жеткізу мақсатында және Солтүстік Атлантикалық Одақтың біріккен әрекеттеріне қабілетті болу үшін басқа мемлекеттермен кең көлемді әріптестік, ынтымақтастық және диалогқа көмектесу [5].
1999 жылдың сәуірінде мүше мемлекеттердің мемлекет және үкімет басшыларының Вашингтонда болған Солтүстік Атлантикалық кеңестің сессиясында Солтүстік Атлантикалық одақтың Стратегиялық тұжырымдамасын қабылдады.
Тұжырымдамада «Одақтың қауіпсіздігіне төнетін кең сипаттағы қауіп- қатерлерге: лаңкестік әрекеттер, ұйымдасқан қылмыстар, қарулы қақтығыстарға ұрындыру мақсатымен жасалатын арандатушылық және өмірлік маңызы бар ресурстардың келуін бұзушылық» жатқызылған. Әсіресе, қарулы жанжалдардың нәтижесінен бұқара халықтың бақылаусыз баса- көктеп енуі де Солтүстік Атлантикалық одақтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы үшін мәселелер тудыруы мүмкін (24-тармақ).
Тұжырымдаманың ең өзекті тармағы болып 29-тармақ табылады. Онда алғаш рет Ұйымға мүше елдердің дағдарысқа қарсы әрекет ету операциясының шегінде дағдарыстарды реттеу мен жанжалдардың алдын алуға қатысу құқығын бекітті. Сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттердің бір реттік негізде және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қамқорлығы немесе ЕҚЫҰ- ның жауапкершілігімен бітімгершілік және өзге де операцияларды жүргізуді өзіндік рәсіміне сәйкес қамтамасыз етуге, соның ішінде өзінің тәжірибелері мен ресурстарын беру жолымен де дайындығын білдіреді.
Соңғы жылдар ішінде НАТО қызметінде түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылып, нәтижесінде Блоктың әскери құрылыс стратегиясы елеулі өзгерістерге ұшырады, НАТО-ға мүше елдердің қорғанысқа арналған
шығыстары азайды және Блоктың жеке құрамы мен құрылымдық әскери бөлімшелері қысқарды. НАТО-ны әскери ұйымнан саяси-әскери ұйымға айналдыру процесі күшейді. Бұрын КСРО-ға және Варшава шартының басқа да қатысушыларына бағытталған кейбір әскери және саяси доктриналар қайта қаралды.
Қазақстан Республикасы және НАТО арасындағы ынтымақтастық 1992 жылы Шығыс Еуропа мен бұрынғы Кеңес Одағының тәуелсіз
мемлекеттерімен ынтымақтастықты жолға қою үшін арнайы құрылған НАТО органы – Еуроатлантикалық әріптестік кеңесіне (ЕАӘК) кіруімізден басталады. ЕАӘК Қазақстанға НАТО-ға қатысушы мемлекеттерімен және еуразиялық әріптестік мемлекеттерімен халықаралық қауіпсіздіктің ең өзекті мәселелері жөніндегі нәтижелі сұхбатты жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының ЕАӘК-ның жыл сайынғы Сыртқы істер және қорғаныс министрлерінің кеңесіне қатысуы ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Саяси сұхбатты және әскери ынтымақтастықты тереңдету мақсатында 1994 жылы 27 маусымда Қазақстан «Бейбітшілік үшін әріптестік» (БҮӘ) атты бағдарламасына қосылған болатын.
1994 жылдың қаңтар айында қауіпсіздікті және тұрақтылықты нығайту, НАТО және әрбір қатысушы мемлекеттердің арасындағы нақты әріптестікке қол жеткізуді мақсат ететін НАТО ұсынған «Бейбітшілік үшін әріптестік»
бағдарламасы кең ауқымды бастамашылық болып табылады. Бұл бағдарлама өте маңызды және қазіргі қауіпсіздікті құрудың ажырамас бөлігі болады. Қазақстанның ынтымақтастығы БҮӘ бағдарламасының шеңберінде НАТО-мен ықпалдастықтың кең көлемін қамтиды, оған сондай-ақ азаматтық төтенше жоспарлау, дағдарысқа қарсы реттеушілік, қарулы күштерге және қорғаныс құрылымдарына демократиялық бақылау жасау, қорғаныс саясаты және стратегиясы, әскери оқулар және әскери білім және тағы да басқа енеді.
1999 жылы сәуірде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев НАТО-ның 50- жылдығына орай мерейтойға қатысып, қауіпсіздіктің ірі проблемаларын жедел шешуге мүмкіндігі бар ұйым ретінде НАТО-мен ынтымақтастығына жоғары баға берді. «Этникалық жанжалдарды болдырмау, лаңкестікпен, жаппай қырып жою қаруының таралу қауіпімен, есірткі заттармен және халықаралық қылмыспен күрес – біздің өзара әрекеттестігіміздің толық емес тізімі міне осы», - деп атап өтті Президент Солтүстік атлантикалық Кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде [6].
Сұхбаттың тереңдеуіне екі жақты байланыстардың жоғары даму үрдісі куә. 2003-2004 жылдары НАТО Бас хатшысының көмекшілері Г.Альтенбург және Ж.Фурне, Директораттардың басшылары Я.Сконежка және Ф.Боланд, НАТО-ның Халықаралық әскери штабы басшысының көмекшісі, генерал- майор Ф.Яниз, сондай-ақ бейтарап сарапшы топтары Қазақстанға сапар жасаған болатын. 2005 жылдың наурыз және қазан айларында, 2006 жылдың шілде және қыркүйек айларында НАТО Бас хатшысының Орта Азиядағы және Кавказдағы Арнайы өкілі Р.Симмонстың ресми сапарлары болды. 2005 жылдың наурыз айында Қауіпсіздікті азаматтық өлшеу жөніндегі
комитетінің төрағасы М.Клэпхемонның жетекшілігімен НАТО-ның Парламенттік ассамблеясының делегациясы Қазақстан Республикасына сапары болды.
2006 жылғы қазан айында сол кездегі Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевтың Брюссель қаласына сапар барысында оның НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффермен кездесуі өтті. Қазақстан мен НАТО арасындағы екі жақты ынтымақтастық дамуы, сондай-ақ аймақтық және халықаралық кауіпсіздік мәселелері талқыланды.
2004 жылдың қазан айында Алматы қаласында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың НАТО-ның Бас хатшысы Яап де Хооп Схеффермен болған кездесуі барысында күш-жігерді біріктіру және терроризммен, экстремизммен, есірткенің заңсыз айналымымен, сондай-ақ қару-жарақ контрабандасына қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты орнату жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Осы бағыттағы бірлескен жұмыс 2006 жылғы 31 қаңтарда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Б.Сембинов басқарған қазақстандық делегациясының бірқатар консультациялар мен келіссөздерінен кейін қабылданған Қазақстан және НАТО арасындағы Әріптестік іс-қимылы жөніндегі жеке жоспардың (ӘІЖЖ) шеңберінде іске асырылады.
ӘІЖЖ-нің қабылдануы Қазақстанның НАТО-мен өзара қарым- қатынастарын сапалы жаңа деңгейге шығарады және Солтүстік Атлантикалық альянсымен халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің ең өзекті мәселелері жөнінде жан жақты сұхбатты тереңдетуді жәрдемдесуге бағытталған.
Альянспен сұхбатты нығайту үдерісіндегі маңызды оқиға Қазақтан Республикасы Парламентінің НАТО-ның Парламенттік Ассамблеясындағы бақылаушы мәртебесін алуы болып табылады. Тиісті шешімді Қазақстан Парламентінің қос палатасының төрағалары жасаған өтініштерінен кейін 2004 жылғы 15 қарашада Парламенттік Ассамблеясының Тұрақты комитеті мәжілісінде қабылдаған болатын.
Қазақстанның НАТО-ға толық құқықты мүше болу ниеті жоқ. Бірақ өзінің сыртқы саясатының қағидаларын негізге ала отырып, Қазақстан Батыс және Шығыс Еуропа елдерінің, сондай-ақ ТМД-ға қатысушы республикалардың әскери-саяси ынтымақтастығын жандандыру бүкіл Еуразия кеңістігінде сенім білдіру ахуалын нығайту үшін пайдалы болады деп есептейді. Сонымен бірге НАТО-мен бірге бірлескен жобаларға қатыса отырып, Қазақстан ең алдымен жеке қарулы күштерінің әзірлік деңгейін көтеруді мақсат етіп отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. 1.Устав ООН. Сборник документов по международному праву, Т.1, Алматы. АО
«САК»,1998. – С. 24.
2. Сауытбек Абдрахманов, Әлемге әйгілі ұйым //Егемен Қазақстан – 2007 жыл 14 желтоқсан. – Б. 5.
3. Тоқаев Қ.К. «Қазақстан Республикасының дипломатиясы» - Алматы: 2002 – Б. 311- 312.
4. Егемен Қазақстан – 2008 жыл 2 сәуір. – Б. 3.
5. Құлжабаева Ж.О. Халықаралық жария құқық. Жалпы және ерекше бөлімдер. – Алматы: «HAS» баспа компаниясы, 2003 – С. 98.
6. Между-ная безо-ть: новые задачи в преддверии следующего столетия //Казахс-кая правда.1999. 6 мая.-С. 3.