М.Б.Шындалиева
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан Ұстаздың мерейін көтерейік!
Бименде Амалбекұлы 1916 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданында өмірге келген, өз тұстарының арасында алғашқылардың бірі болып жоғары білім алып, өзінің бүкіл ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған абзал жандардың бірі. Ұстаздық қызметін 1936 жылдан бастаған Бименде ақсақал 1986 жылға дейін қызығы мен қиыншылығы мол ұрпақ тәрбиесін үлкен жауапкершілікпен атқарып кеткен. Оның дәлелі ретінде Қарағанды облысы аудандарының бірнеше мектептерінің ашылуы мен қалыптасуында да өз қолтаңбасын қалдырғаны облыстың оқу-ағарту саласының тарихынан белгілі. 1946 жылдан бастап өзінің ұшқан ұясы Жаңаарқа ауданының Ленин атындағы орта мектебіне оралып, білім ордасының көркеюі мен онда тәрбиеленіп жатқан шәкірттердің сапалы білім алуы үшін жағдай жасауға ықпалын тигізгенін оның қазіргі көзі тірі шәкірттерінің ыстық ықыласынан байқау қиын емес. Оның жүздеген шәкірттерінің пікіріне құлақ ассақ өте қарапайым, ұстамды, адал жан болғандығы туралы пікір-лебіздер аз емес.
Мыңдаған ауыл балаларының білім мен ғылымға деген құштарлығын оятқан аяулы ұстаз Бименде Амалбекұлының елімізде білікті мамандарға зәру кезде ұстаздық етуден жалықпай, өмірінің соңына дейін мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерін тәрбиелегенін атап айтсақ артық болмас.
«Әділдік әркімге өзіне тиістісін беруден тұрады»,- деген сөзді ғұлама Цицерон айтып кеткен екен. Бименде ақсақалдың да өз іргетасын қалаған Н.Крупская атындағы орта мектепке есімін берсе деген тілек бұрын да айтылып жүр. Тәуелсіз мемлекеттіміз өзінің ақындарымен, жазушыларымен, қоғам қайраткерлерімен қуана білетіні белгілі, сол таланттарды тәрбиелеген ұстаздарды да бір сәт ұмытпай сыйласақ, нұр үстіне нұр болары тағы бар. Біз Бименде Амалбекұлы сияқты ұстаздарымыздың мерейін биіктету арқылы отаншыл да, өлшеусіз адамгершілік қасиеттері мол жастарды қалыптастыратынмыз анық деп ойлаймын..