3. Мәдениет семиотикасының сипаты 41
3.1. Коммуникациялық мәдениет кешенін семиотикалық зерттеу 41
Жалпы тіл де біртұтастықты сақтайды. Бұл адамдардың іс- әрекеттерін бір-біріне сендіру немесе айыптау арқылы үйлестіруге көмектеседі. Сонымен қатар, бір тілде сөйлейтін адамдар арасында өзара түсіністік пен жанашырлық дереу пайда болады. Тіл адамдардың қоғамда қалыптасқан дәстүрлер мен қазіргі оқиғалар туралы жалпы білімін көрсетеді. Тіл топтық бірлік, этникалық, ұлттық бірегейлік сезімдерін қалыптастыруға ықпал етеді.
Тіл күшті біріктіруші күш болса да, сонымен бірге ол адамдарды бөлуге қабілетті. Осы тілді қолданатын топ оны сөйлейтіндердің барлығын өздері деп санайды, ал басқа тілдерде немесе диалектілерде сөйлейтін адамдар бөтен деп санайды.
Тіл Канадада тұратын ағылшындар мен француздар арасындағы қайшылықтардың басты белгісі. АҚШ-тың кейбір штаттарындағы екі тілді оқыту жүйесінің жақтаушылары мен қарсыластары арасындағы күрес (ағылшын және испан) тіл маңызды саяси мәселе бола алады деп болжайды. Айта кету керек, Қазақстан Республикасы тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте тіл мәселесіне де кезігіп келді және бұл мәселе біздің еліміз бен оның халқы үшін әлі де өзекті.
Пысықтау сұрақтары:
1. «Мәдениет тілі» ұғымына берілген түсіндермелерге сипаттама беріңіз?
2. Мәдениеттегі тілдік коммуникация нені білдіреді?
3. Тілдің қоғамдағы функциялары мен рөлдерін анықтап көрсетіңіз?
4. «Лингвомәдениеттану» деп қандай ғылымды айтамыз?
3. МӘДЕНИЕТ СЕМИОТИКАСЫНЫҢ СИПАТЫ
Мәдени коммуникация құбылыстарын семиотикалық тұрғыдан зерттеу және жалпы рәміздік белгі мәселелер бойынша ізденістер семиотика мен семантиканың дамуына байланысты батыстық зерттеушілер тарапынан өрістеді: К.-О Апель, Ч. Моррис, Ч. Пирс, Э.
Кассирер, М. Фуко, Р. Гвардини, В. Тэрнер, К. Леви-Строс, Д.Фрезер, Ж.
Деррида. Ж. Делез, Ф. Гваттари, О. Шпенглер, Ф. Лиотар А.Тойнби және т.б. Рәмізді белгінің коммуникациялық мәдениеттегі маңыздылығы П.А.
Флоренский, П.Г. Богатырев, Ю.М. Лотман, А.Ф. Лосев және т.б.
ресейлік авторлардың еңбектерінде зерттеліп қамтылған.
Тікелей коммуникацияның семиотикалық суреттемелері мен олардың рәміздік негіздеріне арналмағанымен, осы мәселенің белгілі бір қырлары айқындалған қазақстандық кейбір ғылыми еңбектерді атап өтелік. Қазақ халқының мәдениеті, коммуникациялық қатынастары, қолөнері, тұрмысы жайлы жазылған Ш. Уәлиханов еңбектерінің маңызы зор. Оның еңбектері XIX ғ. орта кезеңіндегі қазақтардың қарым- қатынастары семиотикасы тарихына мол мағлұмат қосады. Академик Ә.
Марғұланның үш томдық еңбектері қызықты деректермен, құнды мазмұнымен қатар, әрбір мәдени артефакттың семиотикалық технологиясын сипаттап, қолдану орнын анықтайды. Қ.Ш. Нұрланова
«Адам және әлем. Қазақтың ұлттық идеясы» атты кітабында қазақ идеясы ретінде «адаммен егіз Жарық дүние» рәміз-суреттемесін ұсынады. Осы Жарық дүниеге қазақ адамы іштесу үшін келген.
Белгі туралы ғылымның негізгі ұстанымдарын алғашқы болып американ логигінің бірі Ч.С. Пирс (1839-1914) қалыптастырды. Ол шындық пен ғылыми білім үдерісін түсіндіретін ғылыми логиканың құрылуына ұмтылған. Сонымен қатар Пирс семиотикалық жұмыс істеудің параметрлерін белгіледі, олар: репрезентант, интерпретант, референт («белгінің үш тағанды табиғаты») және ең алғаш рет белгілерді топтастырды (икондық белгі-индекс-символ), белгінің қызмет жасау үрдісі-семиозисті зерттеді. Икондық қатынас-(ұқсастық принципі бойынша) белгіні өзінше түсінетін кейбір қасиеттері бойынша жалпылама түсінік.
Көне дәстүрлі мәдениет арнайы құралдардың жоқтығына қарамастан қоғамдағы ақпараттардың қалыпты таралуын қамтамасыз етіп отырған. Қазіргі қоғамға қарағанда мәдениет әр бөлшекті мүмкіндігінше нақты, толық қамтиды. Көне дәстүрлі мәдениетте қазіргіге қарағанда заттардың құны мен маңызы жоғары болған. Зат тек өзінің тура міндетін емес, әлеуметтік қатынастың белгісі ретінде қолданылған. Қазіргі қоғамда заттар мен белгілер әлеміне бөлу сияқты арнайы белгі жүйелері сипатталмайды. Заттар әрқашан белгінің мәнін, ал белгі заттардың мәнін білдірген.
Сонымен, белгі және белгі жүйесін зерттеумен семиотика айналысады. Семиотика (грек.semeion-белгі)-ақпаратты және түрлі белгілік жүйелердің қасиеттерін сақтап философиялық-теориялық
тұрғыдан зерттейтін ілім. Семиотикаға табиғи және жасанды тілдер (оның ішінде ғылыми теорияның тілі, кино, театр, музыка тілі), белгі жүйелерінің барлық түрі (жол белгілерінен бастап кескіндемеге дейін), табиғат пен қоғамдағы түрлі сигналдар жүйелері енеді. Семиотика тек белгі және белгі жүйесі туралы ғылым болып кеш қалыптассада, философиялық тұрғыдан жеткілікті түрде пайымдау тарихи тамыры тереңде.
1923 ж. американ семиотиктері С.К. Огден мен И.А. Ричардс
«Мағынаның мағынасы: Тілдің ойлауға ықпалын зерттеу және ғылыми рәмізшілдік» деген кітапта Огден-Ричардс үшбұрышы деп аталатын семантикалық модельді ұсынды және онда логикалық-лингвистикалық категорияларды нақтылысуреттейді: 1) объектіні бейнелейтін, логикада
«денотат», ал лингвистикада «референт» деп аталатын; 2) осы объектіні білдіретін «концепт» немесе «мән-мағына»; 3) объектінің мәдениеттегі атауы – таңба, рәміз. Мағына-білімнің тұлғалық, субъективтік формасы, ал мән – «қоғамдық білімнің объективті, кодталған формасы». Семиотика мәтінді формальды анықтауға мүмкіндік береді. Ю.А. Шрейдер символикалық түрде оны былай келтіреді: Т = <У, М, φ1,... φm, 0>. Бұл жерде Т-мәтін, φ1, φ2,… φm-М топтамасындағы синтаксистік қатынастар.
Әрбір мәдени қауым және мәдениет «белгі» қызметінің семиотикасын зерттеп талдауды қажет етеді. Яғни К.А. Свасьян айтқандай, «жалпы мәдениет туралы айту, рәміз туралы айту деген сөз».
Мәдениет өз кезегінде құндылықтар жүйесі болғандықтан, рәміздік танымның кез келген бөлшегі адамға қатысты болатыны да сондықтан.
Семиотикада белгінің бір-бірімен қатынасын синтаксис, белгінің белгіленген затқа қатынасын семантика, белгі жүйесінде тұтынып қолданылатын белгі қатынасын прагматика айырып көрсетеді. Дәстүрлi өнердiң пластикалық шешiмi, ою-өрнектiң өзiндiк жүйесi, пiшiндердiң құрылымдық ерекшелiктерi, колорит, әуен ырғағы, өзiндiк қолтаңбаның мазмұндық мәні әр шебердің эмоционалды көңiл-күйінің терең сезiміне байланысты айқындалады. Әр дәуірге өзіндік семиотикалық стилі, өзіндік мәтін талдау тәсілдері тән.
Семиотика туралы көптеген ізденістер ХХ ғасырда кеңінен танылып, мәдениет салаларының бәрі тіл ретінде даму үрдісінде қарастырылды. Семиотика терминімен қатар «семиозис» ұғымы қатар жүреді. Семиозис-(грек тілінде sema-белгі)-термині семиотикада қабылданған, белгі мағынасының дамуын білдіреді. «Семиозис»-терминін ертеде грек физиологтарының бірі Пергамалық Гален диагноз қоюға қолданған. Семиозис белгілері ауруды талдап көрсетті. Ертеде гректер семиозисті біріншіден, белгі ретіндегі нақты нәрсені, екіншіден, белгі нені білдіріп тұр немесе не нәрсеге бағыт беріп тұр (десигнат);
үшіншіден, затқа белгі ретінде берілген күштін әсерін енгізіп анықтайды дейді Р. Барт.
Қазіргі семиотика «семиозис» ұғымын «объект-белгі- интерпретант» деп сипаттап, табиғаттағы қарапайым белгілердің араласуын қолданады. Ч. Пирс үшін «семиозис» ұғымы міндетті түрде оның семиотикалық теориясында орталық түсінік болды. Оның түсінігі бойынша белгі, өзінің белгі екенін түсінбейінше, белгі ретінде жұмыс істей алмайды, яғни белгі белгі болу үшін талдануы қажет.
Интерпретанта (пайымдау)-белгі қатынастарының аудармасы.
Мысалы, бір адамның өзі қабылдаған белгіге белгілі бір әсері, берілген сөздің мағынасын басқа бір сөздің көмегімен түсіндіріп беруі. Әр белгі талдау тудыруға қабілетті және бұл процесс шын мәнінде шексіз болып табылады. Шексіздікті Пирс былай жорамалдайды: егер берілген объектінің гипотетикалық өмір сүруінің ең соңғы, ең күрделі, аяқтаушы талдауын (интерпретантасын) алсақ, онда ол интепретанта біздің санамызда сол объектінің өзі болып қалады. Бірақ мұндай объект те, белгі де физикалық тұрғыдан алғанда бір-біріне сай, тең және олар өмір сүруі мүмкін емес.
Пирстің бұл пікірлерін Р. Якобсонның семиотикалық моделінде көрнекі аңғаруға болады:
Хабар контексті
адресант ––––––––––––– адресат
Семиотикалық талдау үдерісі шексіз. Пирстің шектеусіз семиозис идеясы осыған негізделген, семиозис – белгі таңдаудың динамикалық үдерісі, оның өмір сүруінің жанды мүмкіндігі. Семиозис идеясы белгі мен сыртқы дүние арасындағы қатынастың мәнін көрсетеді.
Репрезентациялық объекті бар, бірақ ол алынып тасталған, оған жету мүмкін емес. Алайда, бұл объектіні өзі тудырған белгілерді зерттеу арқылы тануға болады. Семиотиканың тағы бір негізін қалаушы Моррис семиозисті белгі сияқты нәрсенің әрекеті деп қарады
Ч. Пирс семиозистің логикалық жағын дамытса, Ф. Соссюрдың еңбектерінде оның лингвистикасы зерттеледі. Соссюр семиологияны
«белгілердің өмірін қоғам өмірінің ішінен оқытатын» (қоғамға лингвистика құрамды бір бөлігі болып кіруі керек) ғылым деп ой толғатқан. Соссюр бойынша талдаудың бастапқы бірлігі-белгі, ол білдірілетін (түсінік, мазмұн жоспары) мен білдіретіннің (акустикалық бейне, көрініс жоспары) қатынасы болып табылады, олар еркін байланысады. Белгілі ғалым Бенвенист, белгі конпоненттерінің өзара қатынасы емес, бүтіндей белгінің шындыққа қатынасының еркіндігін кейіннен анықтайды.
Пирстің семиотикасы (Моррис, Эконың жұмыстарында дамыды) мен Соссюрдің семиологиясы (Л.Ельмслев, Э.Бенвенист, структуралистер) семиотикалық парадигманы қалыптастырады: белгі семиотикасы және белгі жүйесі ретінде тіл семиотикасы.
Эко өзінің «Жоқ құрылымдар» (1968) атты еңбегінде иконикалық белгі мәселесін «кинематографиялық код» ұғымымен тығыз байланыста
алады. Семиотикада белгінің бір-бірімен қатынасын синтаксис, белгінің белгіленген затқа қатынасы семантика, белгі жүйесінде тұтынып қолданылатын белгі қатынасын прагматика айырып көрсетеді. Семиотика -ақпаратты сақтап және түрлі белгілік жүйелердің қасиеттерін философиялық-теориялық тұрғыдан зерттейтін, яғни белгі және белгі жүйесін зерттейтін ілім. Семиотика тек белгі және белгі жүйесі туралы ғылым болып кеш қалыптасса да, философиялық пайымдауы тарихи түрде тереңде жатыр.