Ресей саналы түрде қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси топтарды өз ара біріктірмеу саясатын ұстанды. «Бөлшекте де билей бер» саясатын жүргізіп, саяси бірлік атаулыны ылғи ыдыратып немесе тұншықтырып отыруды көздеді. Ресейдің ұстанған саясатына тарихшы М.П.Вяткин былай деп баға береді: «Түптеп келгенде бұл саясат... анархияның, мемлекеттікті күйретудің, яғни, қазақ қоғамын әлсіретудің сойыл соғар саясаты болды және патшалық үкіметтің қазақ жүздеріне кең көлемді өктемдік жүргізуіне жол ашты»
[119,62].
Қоныс аударушылардың көп бөлігі қазақ жеріне ұмтылды. Мемлекет тарапынан артық жерлерді анықтап, ол жерге ішкі Ресейден орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуына жағдай жасай бастауы қазақ шаруаларының күрес жүргізуіне, наразылықтың туындауына әкеліп соқтырды. Ал ел билеуші шенеуніктер халыққа Ресей мемлекеті тарапынан жақсылықтың барлығы жасалып жатыр деген пікір туғызуға талпынды. Барлық шұрайлы жерлерді иемденген қоныс аударушылар заң біткенді бұрмалап, қазақ аудандары Ресей патшалығының ішкі бөлігіне айналып шыға келді. Қазақ даласын Ресейдің отарлау саясатын әшкерелеп жазған орыс журналист-жазушылары Е.Карпович, К.Губарев, А.Гейнс, Е.Ковалевский т.б. қазақтарға хат таныту, әдебиетін, мәдениетін қолдауға көңіл бөлу керектігін жазды.
Ресей басылымдарында қазақстандық тақырып сонау 1755 жылдары құрылған және академик Г.Ф.Миллердің редакторлығымен шыққан орыстың ең алғашқы ғылыми-
әдеби журналдарының бірі - «Ежемесячные сочинения, к пользе и увеселению служащие» атты журналының беттерінде жарияланады. Бұл журнал Петербургте 1764 жылға дейін әртүрлі өзгертілген атаулармен жарық көріп тұрған. Осы журналда А.И.Рычковтың мақалалары мен еңбектері «Топография или описание Оренбургской губерний», «Письмо о земледельстве в Казанской и Оренбургской губерниях» деген атпен жарияланған. ХVІІІ ғасырдағы қазақ-орыс қарым-қатынастарының қандай дәрежеде болғанын зерттеген А.И.Рычковты «Орынбор губерниясының Ломоносовы» деп атаған екен. 1772 жылы оның «Дневные записки путешествия капитана Николая Рычкова в киргиз-кайсацской степей в 1771 году» атты публицистикалық очерктер циклі жарық көрген.
ХVІІІ ғасырдың соңына қарай қазақстандық тақырып М.И.Новиков пен А.Н.Радищевтің публицистикалық ой- тұжырымдарынан да орын алды.
Қырқыншы жылдары Егор Петрович Ковалевскийдің қазақ тақырыбындағы терең мазмұнды публицистикалық очерктері көпшіліктің назарын аударған. Кейін ол Шоқан Уәлихановтың жақын досы, әрі аты шулы Қашқар ғылыми экспедициясының қолдаушысы болды. Е.П.Ковалевскийдің 1843-1845 жылдар аралығында жазылған «Странствователь по суше и морям» атты еңбегін В.Г.Белинский өте жоғары бағалаған. Бұл публицистикалық очеркінде қазақ халқының көшпелі өмірінің қиын тұстары шынайы суреттеліп, Қазақ халқының тарихи тұлғаларының бірі–ақын, хан езгісіне қарсы шыққан Махамбет Өтемісұлына ыстық ықыласын білдірген тұстары шынайы суреттелген. Е.П.Ковалевскийдің сапар барысында алған әсерлерін терең мазмұнды публицистикалық шығармаға айналдыру дәстүрін А.К.Гейнстің 1897-1899 жылдары жазған «Әдеби еңбектердің жинағы» атты екі томдыққа кірген «Қырғыз очерктері»
туындысынан көруге болады. Дәл солай көпшілікке ұнаған, қазақстандық тақырыпты өз очерктеріне арқау еткен революционер – ақын М.И.Михайлов пен жазушы, әрі суретші Н.Карамзин еді. Сол кезеңдегі публицистикалық шығармалардың үздігі деп тануға болатын А.И.Макшеевтің тарихи шолулары мен мақалалары, очерктері. Кейіннен екі томдық жинағына енген мына очерктері: «Түркістанға тарихи шолу және орыстардың оған басып кіруі» (1890),
«Түркістан өлкесі мен қырғыз далаларына саяхат» (1896) деп аталады.
Қазақ тақырыбы әрқилы мәселелер бойынша Ф.М.Достоевскийдің, М.Б.Буташевич-Петрашевскийдің тағы басқалардың публицистикалық еңбектерінде орын алады.
Бұл тақырып академик П.П.Семенов Тянь-Шанскийдің мемуарларының беттерінде де публицистік көрініс тапты.
Қазақ халқы туралы көптеген нақты себептерге байланысты революционер-демократтар: В.Г.Белинский, Н.Г.Чернышевский, А.И.Герцен, Н.А.Добролюбов, И.И.Михалков, Н.А.Некрасов, М.Е.Салтыков-Щедрин және басқалары қалам тартып, ой қозғаған. Қазақстанға қатысты мәселелер мен тақырыптар атақты «Современник»,
«Искрада» жарық көріп тұрған.
«Современник» журналында 1864 жылы мамыр айында К.Губаревтің «Қырғыз даласы» атты очеркі жарияланды.
Очеркші қазақ аулында таптық қарсылық бар екенін, сонымен бірге, қазақтардың ислам дініне деген көзқарасы, басқа азиялық халықтарға қарағанда үлкен айырмашылыққа ие екенін іштей сезіп жазғандығы очерктің әр жолынан көрініп тұрады.
А.Гейнстің очерктері мазмұнды, күнделіктері мен басқа да публицистикалық материалдары қазақ халқының өмірін тура, әрі шынайы суреттеп, сол халықтың тағдырына қызығушылық пен алаңдаушылық танытып отырғандығымен құнды. Автор қазақтармен тіл табысып қана қоймай, баспасөз беттерінде солардың жағында болып, сенімді досына айнала білді. Оның публицистикасы әлі күнге дейін тарихшылар, экономистер, әдебиетшілер, этнографтар және фольклоршылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырып келеді. «Киргизские очерки» авторының демократиялық көзқарасы оның шығармасында қазақ ауылындағы тұрмысы нашар, ахуалы мүшкіл көріністерді айқын суреттегенінен байқауға болады. Жетісуға сапары кезінде Есенқұл Саржемтіков болысындағы бір ауылды А.Гейнс былай суреттейді: «Ат үстінде шамамен он сағаттай болып, әрең дегенде ауылға жеттік-ау. Иттер - қырғыздардың сақшылары мен құлыптары бізді жан-жағымыздан қоршап алды. Қазақ даласының әдебіне орай киіз үйден шығып бізді ешкім қарсы алмады. Біз енді бір киіз үйге ене бергеніміз сол, біреу алдымыздан бөгеп: «мұнда кіруге болмайды, горячечный»
ауруымен сырқаттанған деп қайтарды. Келесі екінші, үшінші киіз үйлерде де дәл осындай жағдай екен. Жамау-жамау, жырым-жырым үйлердің ішінен өкпесі сырылдаған қарттардың, сәбилердің жылағандары, ауру адамдардың күрсінгендері анық естіліп жатты. Әзер дегенде ауруы жоқ,
бірақ тіршілігі нашар үйді таптық. Сол үйдің пысық әйелі үстіне жұлым-жұлым көйлек киіп, бізге еш нәрсе ұсына алмайтынын айтып, ақталып жатыр. Бұл үйдің тақыр кедей екенінен киіз үйдің ішіндегі қырық жамау, құрақталған заттардан-ақ аңғару оңай еді. Біз олардан қой сатуды сұрадық. Бірақ бұл ауылда бірде-бір қой жоқ екен. Себебі, бұл ауылда жатақтар мекен етеді екен. Жатақтар – тұрмысы нашар болғандықтан көшпелі мал шаруашылығымен айналыса алмайтындықтарын айтады. Олар көбінесе тек егін шаруашылығымен күн көреді, сондықтан қой сатып алу үшін көрші ауылға адам жібердік» [120,111-112], - дейді. Содан очеркші кедей Төлебай Игіліковтің киіз үйінде бірнеше жатақтар жиналып, әңгіме құрғанын, ешбір қазақтың нашар жағдайына шағым айтып, көңілдерін білдірмегендеріне таңданады. А.Гейнс өзі қазақ халқының ішкі ауыр жағдайын терең түсініп, мұндай жағдай басқа халықтарда кездесетінін айтып, тұжырым жасайды. Оны мына жолдардан байқауға болады: «Кейбір адамдар ойлауы мүмкін, егер қырғыздар жазық далада тұрса, онда оларға қажеттілікті өтейтін көп мүмкіндіктер қажет емес. Жоқ, олай емес. Париждің, Лондонның көшелеріндегі кедейшіліктен басқа емес, бәрі бірдей. Сол қырғыздың салмағы ауыр – байлары әрдайым жарлыларға өктемдігін жүргізеді. Жекеменшік туралы мәселелер, ешқандайда біреудің көмегінсіз, кедейдің қиын жағдайдан сүйрелеңдеп шығуы секілді жайттар аз емес»
[120]. Әртүрлі халықтардың кедей шаруалардың мүшкіл жағдайын Төлеубай Игіліковтің тағдырымен қатар қояды.
Оның жастайынан әке-шешесінің көмегімен ұлтарақтай жерді өңдеп, бидай, тары егіп, оны жинап алғаннан кейінгі өмірі, астығы жиналып алынған өнім отбасын көктемге дейін алып шығуға жетпейтінін әңгімелейді.
А.Гейнс қазақтың бұрыннан бері келе жатқан ру ішіндегі, әсіресе байлардың кедейлер мен жарлы-жақыбайлардың үстінен жүргізген шексіз билігі туралы да жазады. Қазақ арасындағы «жақсы адам, бай адам, беделді адам» деген синонимдік сөздерді тек байларға ғана тағылатыны, қазақ байлары мен орыс патшасының чиновниктерінің арасындағы жақсы қарым-қатынас та очеркшіні ойландырады.
«Менің байқауымша, жақсы қырғыз адамдары өздерінің ортасында әке рөлін ойнайды. Олардың бойында ескілікке, консерватизмге деген бетбұрушылық басым екенін айта кету керек және діншіл келіп, тіпті фанатизмге дейін барса да өздерін жақсы сезінеді. Әкімшілік алдында жақтаушы болып, кейде өз пайдасы үшін пара беретін болса, кейде қарсы
шығып жататыны да бар. Ал кейбір жағдайларда өз қандастарын да елемей, мансапқа басы айналып жататыны баршылық. Ол әрине өздерінің әкімшілік билігі мен беделіне байланысты» [121,645]. А.Гейнс көптеген бай-шонжарлардың езуші, үстемдік етуші және кейбір моральдық іс-әрекеттері қазақ ағартушы – демократтарының тарапынан үлкен ашу- ыза туығызып отырғанын да тілге тиек етеді. Ру аралық қақтығыстар жөнінде, оның ішінде барымта мәселесіне очеркші тек сын көзбен қарап қана қоймай, публицист ретінде де осының алдын алу жолдарын ұсынып, былай дейді: «Торғай облысындағы бұл келеңсіздіктің бетін қайтару үшін, төрелікті, билікті халыққа беру, оларға әділ шешім қабылдауы керек» [121,646].
А.Гейнс қазақ даласындағы сайлау науқанында болатын пара берушілік, тамыр-таныстыққа жол беру, қайтсе де сайлауда жеңіп шығуды мақсат тұтқан адамдармен де жеке сұхбаттасқанын осы очеркінен көреміз. Олардың бойынан билікке, мансапқа деген құштарлықты байқаған автор бұл құбылысты шыншылдықпен суреттей отырып, мынадай диалог ұсынады: «Күшектің шыққаны сол еді, бөлмеге прапорщик кіріп сәлем берді. Бұл – Абылай ханнан тараған Жанаев Жантөре еді. Соңынан ерген бес қырғыз және арасында тілмашы бар.
- Не, ертең сіздерде сайлау ма?
- Ия. Қазір ғана губернатор бізден сұлтандыққа үш кандидаттың аты – жөнін сұрады. Айтпақшы, кандидаттыққа Кішкентаев пен мен аталдым. Кішкентаев бүгін станцияның арғы бетіне екі киіз үй құрып жіберіп, екі жылқы сойып, болыстық басшыларды қонақ етіп күтіп жатыр. Өзіне дауыс жинау үшін әрқайсысына 1200 сомнан берді.
- Бұл ассигнациямен бе?
- Ия.
- Кішкентаев соншалықты бай ма?
- О, о! өте бай, - деп қырғыздар Кішкентаевтың байлығын мимика-ларымен аңғартып жатты.
Үнсіздік.
- Біз, - деп бастады. Жантөре – губернаторға Кішкентаевтың халықты насихаттап, пара беріп жатқаны жөнінде шағым айтқымыз келеді. Барлық сұлтандар бізді жақтайды, ал ол болса волостной страшиндарды ашық түрде сатып алып жатыр. Кішкентаевтың айтуына қарағанда қаралар ақсүйектерден биік тұруы керек. Және халық сайлау кезінде тек сұлтандардың ордаларынан ғана емес, сонымен
бірге қаралардың ішінен де сайлануын талап етеді»
[121,273-274], - дейді.
Қазақ даласының дәл осындай сайлау жүйесінің келеңсіз көріністеріне Шоқан Уәлиханов та куә болған. Жоғарыдағы А.Гейнс очеркінен келтірілген үзінді өмірден алынған шынайы көріністер. Мұндай қазақ даласындағы келеңсіздіктер туралы Ы.Алтынсарин, А.Құнанбайұлы шығармаларында да жазған болатын. Дәл осы тақырыпты қозғаған қазақтың да, орыстың да публицистері идеялық жағынан пікірлес, әрдайым қара халықтың жағында бола жүріп, билеуші топтарға шара қолдануды ұсынған, осы келеңсіздіктен құтылудың жолдарын көрсетеді. Әсіресе,
қазақ ортасындағы мұсылманшылдықты
насихаттаушылардың рөлі туралы қазақ ағартушылары мен А.Гейнс көзқарастары сәйкес келіп жатады. «Мұхамедшілдік қырғыз арасында аз уақыт ішінде жоғалып кетуі мүмкін еді», - деп ой толғайды А.Гейнс. Бірақ Орта Азиядағы мұсылмандардың қайнар көзі және орталығы болып саналатын Бұқарадан молдалардың ағылып келуі тек қырғыздарға ғана емес, көрші жатқан хандықтар мен Бұқараның иелігіндегі елдерге де өздерінің әсерлерін тигізуде. Бұл молдалар қырғыздарға мұсылмандықтың алғышарттарын түсіндіріп, дұға етуді, сүрелердің түсініктемесіне сүйенуді ұсынады. Әртүрлі айла-тәсілдер мен өздерінің сенімдерін қырғыздардың әдет-ғұрпымен, нанымдарымен ұштастыра байланыстырғысы келді»
[120,275], - дейді. А.Гейнс қазақтардың ішіндегі мына бір жайтқа кеңінен тоқталады: «Қазақ халқы күнделікті өмірдің күйбелең тіршілігіне қарамай, әрдайым талант иелерін өте жоғары бағалаған. Болып жатқан құбылыстар мен жағдайларға ерекше байыппен, ақылмен, парасаттылықпен қарап, тынымсыз еңбек етумен өмір сүреді. Сонымен бірге, өзінің төлтумалық мәдениеті мен ауыз әдебиетіндегі поэтикалық лиро-эпос жырларын көзінің қарашығындай қастерлеп, сақтайды. Көп жылдар бойғы қазақтармен қарым- қатынас барысында көзімнің жеткені - қазақтардың өте зерделі, зерек халық екені. Бұл қасиеттер халықты болашақта үлкен жетістіктерге жеткізетініне кәміл сенемін»
[119,685]. А.Гейнс қазақтардың мінезіндегі қасиеттер қатарына: кеңпейілділік, шыншылдық, мейірімділік, қонақжайлылықты жатқызады. Сырт көзге бір қарағанда көшпелі халық әлеуметтік-мәдени артта қалушылықты бастан өткізе тұра, бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан поэтикалық өнерін сақтағанына таңдана отырып, автор тіл
өнері қазақ халқына туа біткен қасиет екенін ашық мойындайды. Әсіресе, А.Гейнстің қазақтың шешендік өнері туралы пікірі қызғылықты. «Қазақтар бір-бірімен әңгімелескенде ақыл-нақыл, қанатты сөздерді жиі қолданады. Ол бір әдеппен, мәнерлеп, екпінмен айтылады.
Үлкен адамдар соны бір нақышына келтіре сөйлегенде, барлық адамдар тыңдауға ынтызар болып тұратыны байқалады» [119,79]. Очеркші кейде тіпті, бұл сөз өнерінің әртүрлі құрылымын, көлемін қарастыра келе, қазақтың қара өлеңін шексіз қазақ жеріне теңеп, қазақ даласынан алған әсерін ерекше бір шабытпен суреттеп береді. А.Гейнстің
«Киргизские очерки» шығармасын қазақ халқының ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайынан біраз мәліметтер беретін, Ресейдегі сол кезеңнің демократиялық публицистикасының жағымды құбылыстарына жатқызуға болады.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында пайда болған Н.М.Ядринцевтің «Восточные обозрения», И.И.Ефим- Мировицский «Оренбургский лист», «Сибирская газета»,
«Тургайская газета», «Русский Туркестан», сынды мерзімді басылымдарда жүйелі түрде публицистикалық тұрғыда қазақ халқының тарихи даму мәселелері мен өзекті проблемалары қарастырылып келген. М.М.Ядринцевтің «Восточные обозрения» газеті қазақ халқының жағдайын, олардың ішкі мәселелеріне терең түсіністікпен қарап, орыс патшасының отарлау саясатына қарапайым халықтың көзқарасы туралы материалдарды ерекше қызығушылықпен жариялады.
Сонымен қатар, Орыс Географиялық қоғамының басылымдары мен бөлек жинақтарында қазақтар туралы әртүрлі мәселелер бойынша публицистикалық материалдар көптеп жарық көрді. Н.Г.Чернышевский мен оның пікірлестері мұны өте жоғары бағалады. Себебі, бұл мақалалар мазмұнында көп ұлтты Ресейдің келеңсіз, қиын, күнделікті өмір құбылыстарын ашық түрде көрсетіп, үлкен мәселелер көтеріп отырғаны мәлім.
Ұзақ уақыттар бойы қазақ тақырыбын әртүрлі аспектілерде, әртүрлі формаларда беріп келген Н.Г.Потанин, Н.М.Ядринцев, М.И.Венюков және В.Г.Короленконың публицистикасынан да орын алып, өзі басқаратын «Русское богатство» журналында жарық көрді.
1860 жылғы «Русский вестникте» айтуға тұрарлық Павел Небольсиннің «Путешествующие киргизы»
шығармасына қатысты сыни мақаласы болып есептелді.
Мұнда бір автордың екінші бір авторға сын айту мәселесі
емес, керісінше, олардың неғұрлым оқырманды қазақтың талантты, білімді өкілдерімен жақынырақ таныстыру еді.
П.Небольсин мен А.Плотников бұдан бұрын көшпелі қазақтар туралы жағымсыз, дұрыс емес, жалған мәліметтерді жойып, олардың білімге, өркениетке деген зор құлшыныс байқататынын баса айтып, бойларында табиғи туа біткен қасиет бар екенін көрсетті.
П.И.Небольсин Санк-Петербург университетін бітірген, Ресейде жоғары лауазымды қызметтер атқарған этнограф, ғалым, публицист. Қазақ баспасөзінің тарихын зерттеуші профессор Қ.Алдаберген: «ХІХ ғасырдағы Ресей басылымдарында жарияланған П.И.Небольсиннің еңбектеріне ден қойғанда әсіресе, бұл автордың қазақтар мәселесін ерекше зерттегендігін айқын аңғаруға болады. Ол қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, ұлттық мәдениетінің даму жолдарын көрсету мақсатында сол кездің өзінде дұрыс, әрі батыл пікірлер айтқан» [121,118], -деп тұжырымдайды.
Шындығында да П.И.Небольсиннің «Волганың төменгі сағасындағылар туралы» , «Жиhангер қырғыздар» [122]
деген очерктерінде қазақтардың шығу тегі, халықтың жалпы тұрмысы жайында көптеген құнды мәліметтер бере отырып, казактардың қазақ халқына жасап отырған зорлық- зомбылығына ашынып, қарсылық білдіреді. Қорытындылай айтқанда, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы Ресей басылымдарында қазақ тақырыбына кеңінен орын беріліп, отарлау саясатының жүгенсіздігін, жергілікті халықтың нашар тұрмысын, әдет- ғұрпын, салт-санасын зерделей жазып, осы проблемаларды шешу жолдарын ашып көрсету үшін көп очерктер жарияланғанына куә боламыз.
2.5. ҚАЗАҚ ОЧЕРКІНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ТҮР