МЕМЛЕКЕТ ҮШІН ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫ - ҒЫЛЫМ, БІЛІМ ЖӘНЕ МӘДЕНИЕТТІҢ ТОҒЫСҚАН ЖЕРІ, ЗЕРДЕ БИІГІ
20.08.10. «Ақ сөйле» газеті.
- Талапкерлерді қабылдау науқаны аяқталып, білім жүйесі үшін кезекті жаңа оқу жылы есік қақты. Оқуға түсуге талпынған талапкер сынды жоғары оқу орындары да бұл кезеңде беймаза күйді бастан өткерері хақ. Десек те, сұранысы күшті, талабы мықты қазіргі заман үрдісіне оқу ордасы немен жауап бере алады, олардың бүгінгі жай-күйі қалай?
- Кемеңгер классигіміз Мұхтар Әуезов суреттегендей, білім жүйесі де уақыттың жаңа кезеңінен, әрбір жас буыннан "жыл келгендей жақсылық сезінгісі" келеді. Алдағы жаңа оқу жылынан да берекелі жаңалықтар күтетініміз рас. Өйткені қоғам дамып барады, мемлекетіміз гүлденіп, еліміз өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Демек, білім беру жүйесіне қойылатын талаптар жоғарыламақ.
Дағдарыстан кейінгі дамудың нақты жолдары мен басты бағыттарын белгілеп берген Елбасымыздың «Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу - Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері»
деп аталған биылғы халыққа Жолдауында да осы саланың қадау-қадау мәселелері айқындалды. Іргелі істерге жол ашатын бұл Жолдаудың тарихи маңызы да, қоғамда алатын орны да ерекше.
Әлемдік тәжірибеден белгілі жайт:
мемлекет үшін жоғары оқу орны - ғылым, білім және мәдениеттің тоғысқан жері, зерде биігі.
Қазақстанда ұлттық
университеттерге, соның ішінде астаналық жетекші университетке қоятын Мемлекет басшысы мен халықтың талабы да жоғары. Сол талаптың үдесінен шыға білу басты мақсатымыз болмақ.
Өткен оқу жылы Елбасы үкілеген біздің университет үшін табысты болды. Олай дейтінім, Еуразия ұлттық университеті дүниежүзіне мәшһүр
"Tіmes THE - QS World Unіversіty Rankіngs" рейтингі бойынша әлемдегі 17 мың университеттің ішінде 500+1 қатарына енді. Салыстыра айтсақ, бұл көрсеткішке біз ТМД аумағынан бесінші болып, ал Орталық Азия шеңберінен алғашқы болып іліндік. Біздің алдымызда Мәскеу, Санкт- Петербор, Новосібір, Томск мемлекеттік университеттері тұр.
Тағы бір жетістігіміз ретінде ғылым саласына Елбасы тағайындаған Мемлекеттік сыйлыққа бірнеше рет Еуразия ұлттық университетінің математик-профессорлары қол жеткізгенін айтар едім. Мәселен, 2007 жылы
№1 Мемлекеттік сыйлықты академик М.Өтелбаев алса, 2009 жылы бұл бәйгені профессор У.Өмірбаев қанжығалады.
Оқу орнымыздың белді заңгер, тарихшы, саясаттанушы, филолог ғалымдары елдігімізге қатысты мемлекеттік маңызды шаруаға – "Ел бірлігі"
доктринасын әзірлеуге абыроймен атсалысты. Ел бірлігі мен ұлт тұтастығын мүдде тұтқан бұл игі істі қазір шетелдік сарапшылар да лайықты бағалап отыр.
Университет ішінде жасалған елеулі өзгерістер жайлы айтар болсам, мұнда жаңа талаптарға сай жаңадан физика-техникалық факультет (мұнда ғарыштық мамандықтар бар) пен журналистика және саясаттану факультетін аштық. Сондай-ақ математиктеріміздің терең әлеуетін ескере отырып, оларды ақпараттық технологиялардан бөлек факультет етіп қайта жасақтадық. Сөйтіп, бізде 13 факультет жұмыс істей бастады.
Қазақстан бойынша "Алтын белгі" иегерлерінің ең көп түсетін университеті Еуразия ұлттық университеті екен. Сондай-ақ соңғы жылдары біздің университетте оқуға АҚШ, Қытай, Корея, Ресей азаматтары тілек білдіре бастады. Көпшілігі қазір тілдік курстан өтіп жатыр. Мен мұны бір ғана оқу орнының емес, еліміздің әлеуетті абыройының артқандығымен байланыстырар едім.
Әрине, біз университеттің қол жеткізген табыстары мен танымалдығын еліміздің жеткен жетістігімен егіз деп қарайтынымыздай, қандай да бір атқарылған маңызды істерімізді оқу үдерісінен бөлек алып қарай алмаймыз.
Себебі білікті оқытушы-профессорлар мен білімді студенттер – әрі мақтанышымыз, әрі жауапкершілігіміз. Еліміздің ертеңі деген ұл- қыздарымыздың өресін өрістетіп, мемлекет игілігіне бағыттай алсақ, білім жүйесінің парызы орындалғаны емес пе?!
Әрине, барға қанағат етіп, бәйгелі бәсекеден сырт қалуға болмайды.
Алдағы уақытта да осы берекелі мүдденің жоғары межесін негізге алып, әлемдік озық тәжірибе мен халықаралық білімдік және ғылымдық қатынастарға сүйеніп, білім беру мен білім алуды сапалы жаңа деңгейге көтеруге бар ынта-күшімізді сала бермекпіз. Елбасымыз айтқандай, біз яки қоғам қатаң бәсекеге жарауы тиіс.
- Көптеген оқырмандарымыздан "Еуразия мен еуразияшылдық Қазақстанға не береді?" деген сауалды естіп жатамыз? Бұған Еуразия университетінің ректоры ретінде қалай жауап берер едіңіз.
- Егер мәніне терең үңілсек, "Еуразия" деген сөздің өзі өңірлік географиялық атау ғана емес, тарихи-мәдени ықпалдастықтың өткені мен бүгінін жақындататын кең ұғым ғой. Дәлірек айтсақ, Еуразия – ғасырлар бойы қалыптасқан этностардың бейбіт қатар өмір сүру тәжірибесі.
Еуразияшылдықтың тарихы да тереңнен бастау алады. Дегенмен мұны ғылыми жағынан дамытуға Л.Гумилев көп күш-жігер жұмсады. Ғалымның этногенез тұжырымдамасы осы саланың бір белесін анықтайды.
Біз үшін маңыздысы – Қазақстанның толерантты, демократиялы, меймандос еуразияшылдығы. Біздің университет те соның бірегей жемісі.
Л.Гумилев есімін алған ғылым мен білімнің бесігі қайта түлеп, жаңа ынтымақтастық бағдарын ұстағанына, міне, 14 жыл толды. Оқу ордамызда болып, сөз алған Нұрсұлтан Әбішұлы: "Бүгін іс жүзіндегі ЕуразЭҚ, АӨСШК, ШЫҰ – болашақ еуразияшылдықтың үш құрамдас бөлігі", – деп атап көрсеткен болатын.
Егер тарихи дерекке мән берсек, соңғы 16 жылдағы еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың бастамалары Қазақстаннан, дәлірек айтқанда, Қазақстан Президентінен өрбіп отырғанын айқындайды. Ол 1994 жылы Мәскеу университеті мінберінен Еуразиялық Одақ идеясын алғашқы болып көтерген болатын. Одан бері әлемнің өзі қатты өзгеріп, саясат ағыны қаншама толқыса да, бұл жобаның тұрақты өміршеңдігі мен өзектілігін уақыттың өзі-ақ дәлелдеп келеді. Мұның өзі таңғаларлық факт. Көптеген әлемдік зерделі зерттеушілердің өзі посткеңестік кеңістікте ықпалдастық тудырған негізгі күш - Қазақстан Президенті екенін бүгінде сөзсіз мойындап отыр.
Қазір бұл феномен "Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық жобасы"
деген атпен кеңінен танылғаны белгілі. Соның аясында алғаш рет бұрынғы кеңес елдерінің барлығы үшін "еуразияшылдықтың" жалпы тұжырымдамасы жасалды. Әрине, Еуразиялық жобаны тек экономикалық идея деп түсіну - оның аясын тарылтары анық, ол - саясат, ақпарат, құқық, мәдениет, білім, ғылым салаларын қамтыған практикалық саяси вектор. Бұл тұрғыдан алғанда, Астана еуразиялық жасампаздықтың орталығына айналып бара жатқаны көңіл қуантады.
- Оқырманды маман даярлаудың бүгінгі жағдайы да қызықтырады.
Осы "инновациялық университет" дегенді қалай сипаттар едіңіз? Жалпы, қазіргі заманғы университет қандай болуы керек?
- Маман даярлау да өмірдің қажеттілігіне сай өзгеріп, толығып отыруы тиіс. ХХІ ғасырдың сұранымы Қазақстан үшін де, әлем үшін де көп ізденісті қажет етеді. Осы орайда "инновациялық университет" деген ұғымды инновациялық даму анықтайды. Ал инновациялық даму дегеніміз - әлемдік деңгейде өнім шығару және жаңа нарық пен бәсекеге қарай тоқтаусыз ұмтылу деген сөз. Ал бұл ұмтылыс бар жұмысты ғылыми-техникалық және технологиялық қамтамасыз ету арқылы ғана жүзеге аспақ.
Сондай-ақ білім және ғылым саласындағы инновациялық қызмет мемлекеттік және өңірлік ғылыми және ғылыми-техникалық саясаттың басымдықтарымен орайласуы қажет. Іргелі және қолданбалы зерттеулердің күшімен жоғары технологияларды дамытуға қол жеткізе отырып, соның нәтижесі негізінде өнімдерді сыртқы және ішкі нарыққа шығару, инвестиция тартуға қолайлы жағдай туғызу - бүгінгі инновацияның алғышарты.
Бұл ретте Финляндия тәжірибесін тілге тиек ете кетуге болады.
Мысалы, атақты NOKІA-ны әлемге дүр еткізіп танытқан - осы елдегі SІTRA деген атпен белгілі Финнің Ұлттық ғылыми зерттеу қоры. Бұл қор Парламентке бағынады. SІTRA Финляндияның жаңа экономикасын дамытуға
жұмылған жоғары технологиялар негізіндегі жобаларды тікелей қаржыландырады.
Осы елде бұдан басқа VTT техникалық-зерттеу орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық ғылым ұсынған ең жаңа технологияларды өндіріске тездетіп енгізумен айналысады. Бұл елде "университет зертханасы мен өндірістік компанияның кооперациясы" деген маңызды ұғым бар. Мұның да мәні ойлап табылғанды өндірісте кең көлемде жүзеге асыру дегенге саяды.
Бір ескеретін жайт, VTT бюджетінің 30 пайызы мемлекеттікі, ал 70 пайызы жекеменшік сектордікі.
Инновациялық білім беру іргелі ғылымның оқу үдерісі мен өндіріске тікелей ықпалдасуы нәтижесінде жаңа білімге қол жеткізуді, жаңаша оқытуды көздейді.
Инновациялық университетте білім беру жүйесінің қазіргі заманғы ғылыми зерттеулерге және жаңашыл экономикаға есігі ашық. Мұндай ЖОО оқу жоспарында жобалық жұмыстар, тренингтер, өндіріс пен ғылыми-зерттеу ұйымдарындағы тәжірибе тәрізді білім беру формалары көрініс табуы қажет.
Оқу үдерісінің технологиялық қамтамасыз етілуі ғылымның озық деңгейіне сәйкесуі шарт.
Қазіргі заманғы ЖОО инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы білім берудің, ғылыми жұмыстардың сапалы деңгейіне қол жеткізіп, оларды оқу үдерісіне тиімді енгізе алуы тиіс. Сонымен қатар бүгінгі университет жаңашыл бағдарламалары арқылы мемлекет пен қоғамның қажетін толық қанағаттандырып, олардан қаржылық қолдау тауып, экономикалық, әлеуметтік және ғылыми салалардың дамуына айтарлықтай үлес қоса алуы керек.
Еуразия ұлттық университетінің елдің біліми-ғылыми әлеуетін көтеру жайына келсек, Елбасы сеніп тапсырған PhD бағдарламасын жүзеге асыру жобасына сәйкес, әлемдік университеттердің таңдаулы ғалымдарын ортақ іске жұмылдыра алды. Шетелдік профессорлардың ізденістері және жас ғалымдарымыздың дүниежүзіне белгілі зертханаларда ғылыми тәжірибеден өтуін Қазақстан білімі үшін маңызды деп есептейміз. Сонымен бірге соңғы жылдары Ресей Халықтар достығы университетімен, Томск, Новосібір (Ресей), Днепропетровск (Украина) университеттерімен бірлесіп қос дипломды мамандар даярлай бастауымыз – инновация аясында қарастырылатын жұмыстар. Бірлесе дайындайтын мамандықтарымыздың ішінде ғарыштық технологиялар да бар.
Таңдаулы профессор-оқытушылар, таңдаулы студенттер, жоғары технологиялық зертханалар, сапалы білім беру үдерісі – жаңашыл университеттің іргетасы. Елбасының айқындап берген жолымен университетіміз осы меженің үдесінен шығып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, жақында ғана Астанада ашылған іргелі оқу орны "Назарбаев университеті"
Қазақстанның жоғары оқу орындарын инновациялық дамыту бағытында серпінді жоба болады деп үміттенеміз.
- Соңғы уақытта ақпарат құралдарында "әлемдік деңгейдегі университет" анықтауышы жиі қолданылып жүр. Сіздің ойыңызша, әлемдік университетке айналуға қандай талаптар қажет?
- Сіз айтып отырған "Әлемдік деңгейдегі университет" термині ғаламдық кеңістіктегі білім беру мекемесінің ерекше жоғары деңгейін білдіреді. Сондықтан тиімді интернационализациялану – білім және ғылым көшбасшылары, элитарлы клубтар қатарына енудегі алғышарт. Бұрын интернационализация шетел оқытушылары мен студенттерінің пайызымен өлшенсе, соңғы онжылдықта интернационализацияның жаңа модусы қалыптасты. Ол қазіргі заманғы академиялық ортаның әділ соты мен медиаторы рөлін атқаратын халықаралық университеттік рейтингілер жүйесінің пайда болуымен байланысты.
Қазір әлемдегі халықаралық рейтингілердің ішінде ең беделдісі - біз енген "Tіmes THE - QS World Unіversіty Rankіngs". "Таймс" рейтингі 2004 жылы жарияланған. Ол объективті шарттармен қатар, субъективті индикаторларды да қолданады. Әсіресе, академиялық орта бойынша әріптестердің және жұмыс берушілердің пікірін ескереді.
Әлемдік деңгейдегі университет талантты оқытушылар мен студенттерді мейлінше тартып, қомақты қаржы қоры мен тиімді университет менеджменті тоғысқанда пайда болады. Ал мұндай тоғысу - зияттық, қаржылық және басқару әлеуетін жинақтауды талап ететін табандылық пен қаржылай шығынды қажет ететін іс-әрекет.
Еуразия ұлттық университеті еліміздің іргелі, жетекші оқу орны болғандықтан, біздің де осы әлемдік деңгейді бағындыруға талпынып жатқан жайымыз бар.
- Әлемдік деңгей демекші, тағы бір сұрақтың реті келіп тұр. Бақытжан Жарылқасынұлы, қалай ойлайсыз, Қазақстанның жоғары мектебіне автономия керек пе?
- Орынды сұрақ. Жалпы, әлемдік деңгейдегі және таңдаулы жоғары мектептің ерекшелігі - олардың жеке дербестігі немесе автономиялығы. Ол дегеніңіз - әр жоғары оқу орнының, білім беру мекемесінің білім кеңістігінде өз еркімен даму бағытын, білім беру саясатын анықтау мүмкіндігі, оның нәтижесіне жауапкершілігі.
Университетке автономия өз міндеттерін заң шеңберінде іске асыру үшін аса қажет. Ғылымды жетілдіру, дүниежүзілік мәдениетпен байланыста болу, қоғамды адамгершілік тұрғыдан дамыту - міндеттердің негізін құрайды. Әрине, университеттің автономиясы абсолютті болмайды. Сонымен қатар мемлекеттің өзі ашқан, мемлекет қаржыландыратын ЖОО міндетті түрде тәуелсіз болуы керек. Автономия және орталықсыздандыру жүйесі ғылымды догматизмнен сақтайтыны сөзсіз.
Оқу орнының автономиялығы университеттің өзін-өзі басқаруы арқылы іске асады. Ол ерікті зерттеу жүргізуге және еркін оқытуға мүмкіншілік береді. Сонымен қатар университет студенттер мен оқытушыларды қабылдаудың, оқу жұмыс жоспары мен бағдарламаларын
дайындаудың тәртібін өзі енгізіп, профессорлыққа тағайындап, өз басқарушы органдарын сайлайды.
Университеттердің автономиясы деген ұғым өз бетімен даму, тек өзін қызықтыратын бағытта әрекет ету дегенді білдірмейді. Университеттер қоғам мен мемлекеттің қажетіне сай әрекет жасауы керек. Өзекті зерттеулер арқылы студенттер мен оқытушылар арасында тиісті тәртіп орнатып, өзін және қоғамды дамытуы қажет.
Ең асылы, университет автономиясы мен мемлекеттік бақылаудың тепе-теңдігі орнағаны жөн. Өйткені шектен шыққан университет автономиясы қоғам қажетін өтемеуі мүмкін, ал қатаң бақылау академиялық дәстүрлерді жойып жібермек.
Сонымен, жоғары мектеп автономиясының қағидалары деп, біріншіден, университеттің өзін-өзі басқаруын (оның ішінде өзіндік басқару нормалары, мемлекетке есеп, академиялық еркіндік) айту керек, екіншіден, жоғары оқу орнының міндеттері мен құқықтар жиынтығы, қоғам алдындағы толық жауапкершілігі мен есеп беруін, үшіншіден, білім сапасын қамтамасыз етуін айтамыз.
Қазір мемлекетіміз білім беруді толық бақылау мен басқарудан біртіндеп алшақтап барады, яғни орталықсыздандыру жүйесіне көшудеміз.
Меніңше, бұл - дұрыс бағыт, университеттің өзіне мол жауапкершілік жүктейтін бәсекелік бағыт. Қазірдің өзінде автономияның кейбір қағидалары Қазақстан жоғары мектебінде көрініс тапқан, ендігі кезекте әлемдік тәжірибеден өткен озық үлгілерді талдап, өзімізге енгізу шараларын қарастырумыз керек.
- Өткенде Үкімет басшысының төрағалығымен 2011-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын талқылау шарасы өтті. Осы құжатта халықаралық деңгейде студенттер арасында академиялық ұтқырлықты (мобильдік) арттыру қажеттігі айтылды. Осы бағытта сіздерде қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
- Бізде еуропалық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтасу
"Эрасмус Мундус" және "Темпус" сияқты Еуропалық Одақтың білім беру бағдарламаларының шеңберінде жүзеге асады. Ал бұл бағдарламалар оқытушылар үшін біліктілікті жоғарылатуға, Еуропадағы серіктестермен тәжірибе алмасуға, инновациялық бастамаларды педагогикалық үдеріске енгізуге мүмкіндік береді. Осылар - академиялық ұтқырлықтың негізі.
Бір ескерте кетер жайт, бүгінгі таңда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті отандық ЖОО арасында "Эрасмус Мундус"
бағдарламасына қатысу көрсеткіші жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.
Еуразия ұлттық университетінің халықаралық ынтымақтастықты тиімді қолдануға бағытталған тағы бір бағдары Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеті және ТМД Желілік университеті сияқты беделді білім беру жобаларына қатысуы дей аламыз.
Әлемдік білім беру жүйесіндегі ықпалдастықтың маңызды құрамдас бөлігі - қос дипломдық бағдарлама. Біздің университет осы жобаларды
әзірлеу үдерісіне белсенді атсалысып, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру бағытында кезең-кезеңмен жұмыс атқарып келеді. Қазірдің өзінде Еуразия ұлттық университеті қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша Ресей халықтар достығы университетімен, Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетімен, "Дубна" халықаралық табиғат, қоғам және адам университетімен, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен (математика-механика, ақпараттық технологиялар факультеттері), Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен (журналистика және саясаттану факультеті), Айова мемлекеттік ғылым және технология университетімен, Нью-Мексико университетімен (АҚШ) бірлесіп жұмыс атқаруда.
- Әлемдік тәжірибеде ЖОО сапасын бағалаудың бір жолы ретінде халықаралық аккредиттеу мәселесі көп айтылады. Осы тарапта не істеп жатырсыздар?
- Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру жолындағы еңбектің халықаралық бөлінісіне қатысуға деген талпынысымыз білім сапасын түбегейлі жақсартуды талап етеді. Қазіргі әлемдік үрдіс - нарық жағдайында бәсекеге қабілетті экономиканың жаһандануы. Қазақстандық білім сапасының жаңа халықаралық деңгейге қол жеткізуі үшін қазақстандық оқу орындары білім бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнын әлемдік үрдіске сай құрып, алдыңғы қатарлы тәжірибелерді есепке ала отырып қалыптасуы қажет. Бұл ретте білім сапасын анықтайтын өлшем - білім бағдарламаларының халықаралық аккредиттеуден өтуі.
Білім саласында халықаралық аккредиттеудің негізгі шарттары сапалы қызмет көрсету мен сапалы мамандар даярлау, сапаның бағасын тәуелсіз түрде анықтап отыру, көпшілікке сапаның деңгейін жариялап тұру, білім беру қызметінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру, халықаралық нарықта басты орынды иемдену және оны нығайту болып табылады. Ал енді аккредиттеудің міндетіне келсек, жинақтап айтқанда, ол - халықаралық келісімдерді орындау мен халықаралық еңбек нарығында Қазақстан азаматтарының білім алу құқын қорғауға саяды. Бүгінде тәжірибеде көп тараған Болон үдерісі, ықпалдасу, халықаралық желі, академиялық ұтқырлық т.б. - барлығы да осының ішінде.
Осы бағытта Еуразия ұлттық университеті не істеп жатқанын білгіңіз келсе, айтайын: біз республика бойынша мамандықтарымызды халықаралық аккредиттеуден өткізудің алдыңғы сапындамыз. Нақтылай түссем, халықаралық құқыққа, халықаралық қатынастарға, саясаттануға, экономикаға, менеджментке қатысты бакалавриат және магистратура бойынша 10 мамандықты Германияның беделді ACQUІN аккредиттеу орталығының сараптауынан өткіздік. Ал енді сондай деңгейде автоматтандыру және басқаруға, стандарттауға, метрология және сертификаттауға, тасымалды, қозғалысты ұйымдастыру және көлікті пайдалануға қатысты бакалавриат және магистратура бойынша 6 мамандықты Ресейдің АИОР аккредиттеу агенттігінен сараптан өткізіп жатырмыз. Сонымен бірге Еуразия ұлттық университеті Иордан Хашимит
корольдігі Білім министрлігі аккредиттеуінен де табысты өтті. Бұл аккредиттеу бірінші кезекте университет студенттері мен оқытушыларының Иордания мен Таяу Шығыс университеттерінде ақысыз оқуына және тәжірибеден өтуіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ университетіміздің жалпы араб әлемі университеттерімен тығыз байланыста болуына септігін тигізеді.
- Дүниежүзіне танымал атақты жоғары оқу ордаларымен іскер байланыстарыңыз барысында ортақ халықаралық ғылыми жобалар жүзеге асып жататын болар?
- Әрине, жоғарыда айтқанымдай, бұл да әлемдік деңгейдің бір көрсеткіші емес пе?! Бүгінгі күнге дейін Еуразия ұлттық университеті шетелдік жоғары оқу орындарымен жүзге жуық келісім жасады. Әріптес университеттер арасында ТМД-ның (М.Ломоносов атындағы ММУ, РХДУ, Санкт-Петербор мемлекеттік университеті т.б.), АҚШ-тың, Азия елдерінің (Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Индия, Иордания Корольдігі, Сирия т.б.), сондай-ақ Еуропаның жетекші университеттері бар.
Бұл орайда ескеретін мәселе, еліміздегі "ұлттық" мәртебесі бар университеттердің жауапкершілігі басқа ЖОО-ларға қарағанда бірнеше есе жоғары. Шетелдік университеттер де мұны жақсы біледі.
Шетелдік оқу орындарымен әріптестігіміз әр алуан формада. Мәселен, Елбасының бастамасымен Еуразия ұлттық университетінде ашылған М.Ломоносов атындағы ММУ-дің қазақстандық филиалын алайық.
Мемлекет басшысы осы арқылы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық дәрежедегі жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға айрықша үлес қосты.
Біздегі Конфуций институтының ашылуы Қытаймен арадағы әріптестікке үлкен серпін берді. Бүгінде аталған бағытта қашықтан оқытудың ортақ бағдарламасын әзірлеу бойынша келіссөздер жүріп жатыр. Мәселен, жақында ғана Сиань шетел тілдері университетімен "синолог-шығыстанушы"
мамандығы бойынша ортақ магистратура бағдарламаларын ашуға қол жеткіздік.
Айрықша көңіл бөлуге лайық тағы бір мәселе - философия докторларын даярлау бағдарламасы.
РһD бағдарламасы 13 мамандық бойынша 4 жыл қатарынан жүзеге асырылып келді. Қазір РһD бағдарламасы бойынша 130 докторант білім алып жатыр. Ал биылдан бастап РһD докторантураға қабылдау 18 мамандық бойынша жүргізіледі. Аталған бағдарламаның сапасы шетелдік білікті ғалымдарды тартумен тікелей байланысты. Бүгінде осы бағытта Еуразия ұлттық университетінде әлемнің белгілі университеттерінің 143 ғалымы табысты жұмыс атқарып келеді.
Ортақ халықаралық жоба демекші, "Диалог Еуразия" Халықаралық платформасымен (Түркия) бірлесіп, Л.Гумилев еңбектерін толық түрік тіліне аудару жобасына дайындықты да бастап кеттік.
- Өзіңізге белгілі, оқу орнының жемісі - білім алушысының және түлегінің сапасы. Осы сапа мемлекеттің әлеуеті ретінде қалыптасып, даму үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- ЖОО-да оқытушы-профессор әрі дәрісті ұйымдастырушы, әрі білім жүйесінің жетекшісі болуға тиіс. Осы жағдайда ғана студент оқу үдерісінің белсенді күшіне айналады. Бүгінгі несиелік оқу жүйесі дәстүрлі дәріс тыңдап, уақытында сынақ пен емтихан тапсыратын бұрынғы талаптың орнына дәріс пен өздік жұмысты, ғылым мен тәжірибені қатар алып жүретін талапты нығайтты.
Оқу технологиясын жетілдіру, оқытушы мен студенттің арасындағы жеке байланысты нығайту, ғылым жаңалықтарын жедел оқулыққа, оқу үдерісіне енгізу - нарықтық білім сапасын арттыратын шарттар. Біздің түлектеріміз елорда мен республиканың бар өңірінде, тіпті шетелдерде абыройлы қызмет атқарып жатыр. Мемлекеттік "Болашақ" бағдарламасымен әлем университеттеріне көбірек жолдама алғандар да - Еуразия ұлттық университеті түлектері.
Әрине, ел игілігіне бағытталған жұмыстарға айтарлықтай тәуекелшілік керек. Әлеуметтік тұрғыдан біршама биікке көтерілген мемлекеттердің жеткен жетістігі бізді де ойлантуы тиіс. Білім мен ғылымның ақыл-ойды жетілдіруге ғана жарамай, сол ақыл-ойды дамытуға жағдай жасауға жарауы - үлкен жетістік. Еңбек нарығындағы бәсекелестікке шыдас беріп, өз сапасын елдік игілікке жұмсай алатын маман - елдің де мақтанышы. Бұл ретте мемлекеттің даму тетігіне қызмет ететін біртұтас университет жүйесін қалыптастыру, білім мен ғылымды қоғам қызығушылығын тудыра алатындай жаңа сапаға көтеру - басты талап.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ершай Әзірет