Ә.А. Нұсқабай Астана қ., Қазақстан ЖАЙСАН ТҮРКТІК ҒИБАДАТХАНАСЫНДАҒЫ ЕСКЕРТКІШТЕРДІҢ «МӘДЕНИ
МҰРА» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЗЕРТТЕЛУІ
Егемен еліміздің тарихи мұраларын түгендеу, зерттеу және сақтау жұмыстарын атқаруды мақсат еткен «Мәдени мұра» бірегей стратегиялық жобасы Елбасының тапсырмасымен қолға алынып жеті жылдың ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Аталған бағдарлама аясында Жайсан түрктік ғибадатханасының құрамына енген жерлеу орындарына кешенді археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ерте ортағасырларда Шу өңірін мекен еткен байырғы түрк тайпаларының этномәдени үрдістерін зерттеуге негіз болатын заттай деректер жинақталды.
Жайсан ғибадатханасындағы ескерткіштердің жалпы алып жатқан аумағы 69 мың гектар жерді қамтиды (Досымбаева, 2007). Өңірде 2001 жылдан бастап жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары нәтижесінде 52 – ден астам мәдени кешен тіркеліп, ескерткіштердің құжаттары жасалынды. Әрбір мәдени кешен бір жотада топтаса орналасқан 5 – 15 жерлеу орындарынан және олардың көп жағдайда шығыс жақ шетінде орналасатын ғұрыптық қоршаулардан, осы ескерткіштер мен бір ландшафттағы жартас суреттерінен және ру таңбаларынан құралған.
Топографилық жобасы жасалынған 52 кешеннің құрамында тіркеуге алынған қорғандардың жалпы саны 352, ғұрыптық қоршаулар саны 51.
Жайсан 1 кешеніндегі №1 қорған мәдени кешеннің орталық бөлігінде орналасқан, қорғанның диаметрі 13 м, биіктігі 1,5 м. Қабір үсті құрылысы тастан үйілген. Қабір шұңқырының беті тас плиталар мен жабылған. Қабір шұңқыры оңтүстіктен солтүстікке созыла орналасқан тік төртбұрш.
Жерлеу камерасының ұзындығы 3,2 м, ені 1,8 м. Қорғанның тоналған болып шығуына байланысты ешқандай жәдігер табылмаған.
Жайсан 4 кешеніндегі №1 қорған диаметрі 3 м, биіктігі 0,3 м. Қорған үйіндісі топырықпен үйіліп ені 1,2 м болатын тастардан жасалған шеңбер мен қоршалған. Үйінді астында қабір шұңқыры анықталмаған. Кенотаф болуы мүмкін.
Жайсан 2 кешеніндегі №2 қорғанның қабір үсті құрылысы тастан үйілген. Қорғанның диаметрі 6,6 м, биіктігі 0,4 м. Ежелгі жер бетінен 0,4 м тереңдікте қабір шұңқырының беті тас плиталар мен жабылған. Солтүстіктен оңтүстікке созыла орналасқан қабір шұңқырының көлемі:
2,2 х 0,8 м, тереңдігі 1,2 м. Қабір шұңқырының солтүстік бөлігінен бас сүйектің кездесуі, мәйіттің басын солтүстікке қаратып жерлегенінен белгі береді.
2005 жылғы маусымда Жайсан 10 кешеннің оңтүстік батыс бөлігіндегі бірінші обаға қазба жұмысы жүргізіліп, зерттелінді. Оба үйіндісінің оңтүстік бөлігі жол салу барысында сүрілген.
Яғни оба «апатты» жағдайда деп есептелінеді. Археологиялық қазба жұмыстары оба үйіндісінің бастапқы формасын анықтау мақсатында жүргізілген беткі шым қабатынан тазалау жұмыстарын жүргізуден бастау алды. Жұмыс барысында оба үйіндісінің жоғарғы және солтүстік батыс бөліктерінен қыш ыдыс сынықтары кездесті. Тазалау жұмыстарының нәтижесінде оба үйіндісінің топырақтан үйілгендігі және үйіндіні айналдыра төртбұрышты формада тастар қаланып салынғандығы анықталды. Обаның жалпы формасы төртбұрышты және оның әрбір бұрышы дүниенің төртбұрышына сәйкестендіріліп салынған.
Шығыс және солтүстік бұрыштарын жалғастырушы қабырға ұзындығы 29,8 м, солтүстік және батыс бұрыштарын жалғастырушы қабырға ұзындығы 27,8 м және батыс бұрышы мен оңтүстік бұрышын жалғастырушы қабырғаның сақталған бөлігінің ұзындығы 12 м. Оба үйіндісінің диаметрі 25,2 м, биіктігі 1,55 оны айналдыра қаланған тастардың белгілі реттілікпен орналасуы қорған архитектурасының өзіндік ерекшелігіне көңіл аударуға жетелейді. Сақталып қалған үш бұрышын сипаттасақ, әр бұрышқа шамамен 0,8 м, тастар қойылып, сол тасқа жалғастырыла келесі бұрышқа қарай тастар қырынан қойылып қаланған. Қазба барысында оба үйіндісінің солтүстік батыс бөлігінен тасы жоқ ашық жол тәріздес кеңістік аршылды. Оның ұзындығы 1,2 м ені 0,8 м.
Үйіндінің оңтүстік батыс бөлігінен тас дән үккіш табылды.
Оба үйіндісі көлемді болғандықтан қазба жұмыстарында техника қолданылды. Оба үйіндісі алынғаннан кейін, оның ортасында қабір шұңқырының бетіне қойылған тастар көрінді. Ежелгі жер қабатына жеткенде қабір шұңқырының бетіне жабылған қамыс, ағаш қалдықтары және олардың бетіне сыланған саз қабаты аршылды. Сонымен қатар қабір шұңқырын айналдыра майда қызғылт түсті құм төселгендігі айқындалды.
Қабір шұңқырының көлемі: ұзындығы 4,4 м, ені 1,3 м. солтүстік батыс және оңтүстік шығыс ось бойымен бағыттала орналасқан. Ежелгі жер қабатынан 10 см төмен түскенде металл түйме, 60 см төмендегенде уақ мал сүйектерінің қалдықтары және екі жұмыртқаның қабығы табылды. Бір қызығы жұмыртқа ұзыннан теңдей етіп екіге бөлінген қалпында сақталған. Қамыс, ағаш қалдықтары және қабір шұңқырының бетіне қойылған тастар қабір шұңқырының түбіне жеткенше кездесіп отырды.
1, 25 (30) м тереңдікте екі кісінің мәйіті табылды. Олар шалқасынан жатқызылып, бастары солтүстік батысқа бағытталып жерленген. Екеуі қабір шұңқырының оңтүстік шығыс бөлігіне қойылған, ал қабір шұңқырының солтүстік батыс бөлігі бос қалпында жатыр. Оба тоналған, оның қазіргі жағдайына қарап, өз заманында тоналуы мүмкін деген болжам жасауға болады. Себебі оңтүстік батыста жатқан мәйіттің бас сүйегі ғана жоқ, ал оңтүстік- шығыс жағында жатқан мәйіттің тек тізеден төмен сүйектері және сол қолының саусақ сүйектері ғана қалған. Бірінші сипатталған мәйіттің аяқ жағынан күйдірілген қыш ыдыс және екінші мәйіттің саусақтарының жанынан алтын жүзік табылды. Екі мәйіттің шамамен бастарының тұсында, екеуінің арасына уақ малдың жілігі өңделіп қойылған. Оба тоналған болғандықтан жерлеу дәстүріне байланысты толық мәлімет алу мүмкін болмады (Нұсқабай, 2005, 175 б).
Қазба барысында оба үйіндісінің солтүстік-батыс бөлігінен байқалған ашық жол, үйінді топырағы алынғаннан кейін де жалғасын тауып қабір шұңқырына жетті. Оның драмос екендігі немесе тонаушылардан қалған із екендігі белгісіз. Осы жерді тазалау кезінде жасыл түсті пастадан құйылған моншақ табылды.
Жайсан 27 Теректі 1 тобында орналасқан №1 қорғанның диаметрі 11 м, биіктігі 0,85 м.
Географиялық координаттары: С 43.39.606, Ш 74.19.297. Шым қабатын тазалау барысында негізгі қорған үйіндісінің бетін жапқан тастардың орнынан қозғалғаны байқалды. Бұл тонаушылардың іздері екені анықталды. Қорғанның үйіндісі тастан қаланған, пішіні шеңбер тәріздес. Тас шеңбердің ені 1,3 м, толық диаметрі қорғанның диаметрімен сәйкес. Қабір шұңқыры қорған үйіндісінің орталық бөлігінде орналасқан. Мәйіттің басын солтүстік – батысқа қарай бағыттап жерлеген. Жерлеу камерасының ұзындығы 1,9 м, ені 0,95 м, тереңдігі 0,93 м. Қабір шұңқырының түбінен темір сынықтарының қалдықтары мен адам сүйектерінің кейбір бөліктері табылды. Қазба жұмыстарынан кейін қорған бастапқы қалпына келтірілді.
№ 2 - қорғанның диаметрі О-С қарай 10 м, Ш-Б қарай 9,6 м, биіктігі 0,38 м құрайды.
Географиялық координаттары С 43.39.600, Ш 74.19.310. Қорғанның көлемі шағын болғанымен басқа қорғандардан айырмашылығы жоқ, тек солтүстік – шығыс жақ бетінің тастары біршама алынған. Қорғанның бетін жапқан тастар тазаланған соң, қима салу арқылы жерлеу орны анықталды. Қабір шұңқырының ұзындығы 1,8 м, ені 1,1 м, тереңдігі 0,85 м көлемінде. Мәйіттің басын солтүстік – шығысқа қарата қиғаштай жерлеген, қабірдің оңтүстік жақ бетінде адамның аяқ сүйектерінің қалдықтары сақталған. Бұл қорған да тоналған болып шықты. Қорған қайта қалпына келтірілді.
№3 қорғанның географиялық координаттары: С 43.39.592, Ш 74.19.341, диаметрі 14 м, биіктігі 1,5 метрді құрайды. Жалпы бұл қорған Жайсан даласында орналасқан көлемі орташа қорғандар түріне жатады. Қорғанның шым басқан топырақ қабатын тазалау барысында негізгі тас қаландысы көрінді. Қорғанның тас қабырғасын төменнен жоғары қарай қалап, етек жағын тастармен шеңбер тәрізді етіп орналастырған. Қорғанды қазу кезінде жерлеу орнының үстін үлкен тас плиталармен жапқаны анықталды. Тас плиталардан қаланған құрылымның жалпы көлемі солтүстіктен-оңтүстікке және шығыстан-батысқа қарай 4 м х 4,5 м. Әр тас плиталардың биіктіктері 1м, ені 50-60 см-ге жуық көлемінде. Тастарды негізгі орнынан алу нәтижесінде жерлеу орны анықталды. Қабір шұңқырының ұзындығы 2, 25 м ені 1 м, тереңдігі 0,95 м. Қабір үстінің
оңтүстік – шығыс бұрышынан ағаш қалдықтары шықты. Соған қарағанда жерлеу орнының үсті ағаш бөренелермен жабылған болуы керек. Қазба барысында 0,55 м тереңдікте металл сынықтары, сүйектен жасалған жапсырма бұйымдардың бөліктері және қабір шұңқырының түбінен адам сүйектерінің қалдықтары табылды. Қорған тоналған болып шықты. Қазба жұмыстары жүргізілгеннен кейін, зерттелген қорғанның шығыс жағындағы үйіндінің алғашқы түрі және үйіндінің астындағы, қабірдің үстіндегі саркофаг тәріздес құрылымның реконструкциясы орнатылып бастапқы қалпына келтірілді. Себебі мұндай күрделдіріп жасалған қорғандар Шу өңірінде сирек кездеседі. Мысалы Жайсан 14, және Жайсан 10 кешендеріндегі қорғандар және олардың жанына салынған ғұрыптық қоршаулар сол дәуірде өмір сүрген көсемнің немесе батырдың әлеуметтік дәрежесін көрсете алады (Досымбаева А.М., 2007, 26 б.). Әсіресе Жайсан 14 кешеніндегі 1 қорғанмен Теректі 1 кешеніндегі 3 қорғанның архитектуралық құрылымдары және қабір үстіне салынған тас үйіндісінің өте ұқсас екенін аңғаруға болады.
Теректі 5 тобы №1 қорған тазалау барысында тас жабындыдан тұратындығы белгілі болды.
Ежелгі жер бетінің деңгейіне жеткен кезде қабір шұңқырының нобайы көрініп, қазу барысында тас аралас топырақпен қатар қыш ыдыс сынықтары шықты. Қабір шұңқыры оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа бағытталған. Қабір шұңқырының түбіне жеткен кезде шұңқырдың оңтүстік қабырғасы түбінен жоғарыға қарай 25-30 см-ге дейін тас қаланғандығы байқалды. Мәйіттің тек аяқ сүйегінің басы ғана сақталған. Табылған қыш ыдыс сынықтары негізінде толықтай бір құмыра құрастырылып, қайта қалпына келтірілді. Жұқа келге құмыра қолдан жапсырылу арқылы жасалған. Құмыраның ернеуі 3 см биіктікте тік болып келіп сыртқа қарай сәл иілген және бүйірі томпайып шығыңқы келген. Биіктігі 21,5 см. Сырты қызыл ангобты, қабырғасында зикзаг секілді өрнегі бар және бүйірі мен түп бөлігінен күйенің орны байқалады. Мұны шейіт болған адамның ғұрыптық асымен бірге қойылған ыдыстың бірі деп санауға болады.
Осы топқа кіретін 2-қорған да тас жабудан тұрады және қабір шұңқырын айналдыра көлемі бір метрге жуық тастармен шеңбер қойылғандығы белгілі болды. Мұнда да қабір шұңқырындағы мәйіттің басы солтүстік-батысқа қаратыла жерленген. Мәйіттің жамбасынан төмен қарай және екі қолы сақталған. Оң қолының басы тұсында бүтін қыш құмыра шықты. Ернеуі сыртқа қарай иілген қыш құмыра биіктігі 22,5 см. Құмыра көзе шарығында дайындалған.
Жайсан 15 кешенінде тізбектелген ғұрыптық қоршаулардың батыс бөлігіндегі 1-қорғанға зерттеу жұмыстары жүргізілді. Қазба жұмысы жүргізілген 1-қорғанның қазба жұмыстарына дейінгі диаметрі оңтүстіктен солтүстікке қарай 6,5 м, шығыстан батысқа қарай 5,65 м.
Географиялық координаты: С 43˚35.479', Ш 073˚59.779'. Қазба барысы қорғанның шым қабатын тазартудан бастау алды. Шым қабаты алынғаннан кейінгі анықталған қорған диаметрі оңтүстіктен солтүстікке 4,9 м, шығыстан батысқа қарай 4,6 м, биіктігі 0,2 м. Қорғанның топырақ қабатын тазалау барысында негізгі қорған үйіндісінің бетін жапқан тастардың орнынан қозғалғандығы байқалды. Осыған байланысты тонаушылықтың ізі болуы мүмкін деген қорытындыға келдік.
Қорғанның 0,5 м тереңдігінде оңтүстіктен солтүстікке бағытталған қабір шұңқыры орналасқан.
Қабір шұңқырының ұзындығы 1,68 м, ені 0,8 м. Қабір шұңқырының оңтүстік шығыс қабырғасына жақын адамның тізеден төменгі екі аяқ сүйектері, сол жақ аяғының жамбас жілігі мен сол қолының саусақ және білегінің шыбық сүйектері сақталған. Сақталған мәйіт сүйектерінің орналасуына қарай адамның басының солтүстікке бағыттала жерленгендігі анықталды. Қабір шұңқырының шығыс қабырғасына жақынырақ, адамның бас жағынан диаметрі 20 х 15 см болатын күйдірілген қыш ыдыс бөліктері табылды. Қорған толығымен қайта қалпына келтірілді.
Теректі 3 тобы Теректі 2 тобынан оңтүстік-батысқа қарай 0, 2 км қашықтықта орналасқан алты қорғаннан тұрады. Қорғандар тізбегі оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа бағытталған.
Диаметрі 8 м, биіктігі 0,45 м болатын 1-қорған тізбектің оңтүстік-батыс шетінде орналасқан.
Қорғанның географиялық координаты: С. 43.39.574., Ш. 074.19.180. Тазалау жұмысы барысында қорғанның негізі қабір шұңқырын айналдыра екі қатар етіп қойылған, көлемі бір метрге жуық тастардан және олармен араласып жатқан топырақ пен ұсақ тастардан тұратындығы анықталды.
Бұл да жерлеу құрылысының өзіндік ерекшелігі болып табылады. Үйінді ортасынан шыққан қабір шұңқырының шығыстан батысқа бағытталған ұзындығы 2, 2 м, тереңдігі 0, 8 м. Қабір шұңқыры
түбінен шалқасынан жатқан күйдегі, басы солтүстікке қаратыла жерленген мәйіт табылды.
Мәйіттің сол қолының саусақ сүйектерінен төмен қарай ұзындығы шамамен 26-28 см болатын темір қанжар табылды. Қару барынша бүлінген, шіріген күйде. Қанжардың жанынан нашар сақталған, кезіндегі қанжар қынына жапсырылған болуы керек 3 домалақ тоға-жапсырма (темір) табылды. Қанжардың жанынан диаметрі 2 см-ге жуық металл, жасыл түсті түйме табылды.
Мәйіттің оң қолының саусағы тұсынан сүйектен жасалынған, өңделген сақина тәріздес және білегі тұсынан тас моншақ (бусина) шықты. Табылған заттар мен жерлеу құрылысына қарай отырып, қорғанды қатардағы жауынгердің жерлеу орны деуге негіз бар.
Теректі 3 тобындағы 1-қорғанға жүргізілген қазба жұмысы барысында жерлеу салтының ерекшелігі мен жерлеу құрылысының типтерін зерттеуге бағытталған ежелгі және ортағасырлық халықтың мәдениеттерінің ұрпақтастығы мәселесін зерттеу, Жайсан алқабы кеңістігінде көшпелілердің мәдениетінің шығу тегіне бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.
Теректі 4 кешеніндегі 1-қорған шығыстан батысқа қарай тізбектеле орналасқан бес қорғанның біріншісі болып орналасқан. Қорған үйіндісінің қазба жүргізгенге дейінгі диаметрі 13,2 м, биіктігі 1,3 м. Қорған үйіндісі бровка арқылы төрт бөлікке бөлініп, шым қабатын тазалау жұмыстары жүргізілді. Қабір үсті құрылысының шым қабаты тазаланғаннан кейінгі диаметрі 12,6 м, биіктігі 1,1 м. Қорғанның қабір үсті құрылысы топырақтан үйіліп, топырақ үйіндінің бетін тастармен бастыра жапқандығы анықталды. Қорған үйіндісінің қимасын көру мақсатында үйіндінің шығыс бөлігі қазылып алынды.
Ежелгі жер қабатында, үйіндінің орталық бөлігінде оңтүстіктен-солтүстікке созыла орналасқан қабір шұңқыры анықталды. Қабір шұңқырының ұзындығы 1,5 м, ені 0,5 м, тереңдігі 0,85 м. Қабір шұңқырының еденінен қыш ыдыс сынықтарының фрагменттері табылды. Қорған тоналған болып шықты.
Теректі 5 кешені 1-қорған үйіндісінің қазба жұмыстарына дейінгі диаметрі 14,7 м, биіктігі 1 м.
Қазба жұмыстары үйіндінің шым қабатын тазалаудан басталды. Үйіндінің шым қабаты тазаланғаннан кейінгі диаметрі 14 м, биіктігі 0,85 м. Қазба барысында қабір үсті құрылысының шығыс жақ бөлігі алынды. Қабір үсті құрылысы алғашында диаметрі 6 м көлемде топырақ үйінді тұрғызылып, оның үстінен тастар мен бастырып, бастырылған тастардың үстінен қайта топырақ үйіліп және топырақ қабатын қайтара тастармен бастырғанын қимадан көруге болады. Үйіндінің орталық бөлігі, ежелгі жер қабатында оңтүстіктен солтүстікке созыла орналасқан қабір шұңқыры анықталды. Қабір шұңқырының ұзындығы 1,85 м, ені 0,9 м, тереңдігі 0,9 м. Қабір шұңқырын қазу барысында 60 см, тереңдіктен бастап, солтүстік-батыс бұрышынан тонаушылардың қазып кірген ізі анықталып, ретсіз жатқан сүйектер, бұйымдар кездесті. Солтүстік-батыс бұрышта ретсіз жатқан қалпында кездескен мәйіт сүйектерінің арасынан үш қола түйме және қызыл-қоңыр түсті моншақ және қыш ыдыс сынықтары табылды. Қабір шұңқырының еденінің оңтүстік-шығыс бөлігінен мәйіттің аяғының тобықтан төменгі бөлігі табылуына қарағанда мәйіттің басы солтүстік-батысқа қаратылып қойылған болуы мүмкін. Қорған тоналған табылған қыш ыдыс сынықтары желімделіп қайта қалпына келтірілді. Қыш құмыраның биіктігі 21,5 см, ернеуінің диаметрі 10,5 см, бүйірі 16,5 см. Ыдыстың сырты қызыл-қоңыр түсті ангобпен боялып шырша тәріздес геометриялық өрнектермен әшекейленген.
Теректі 5 кешеніндегі 2-қорған үйіндісінің қазбаға дейінгі диаметрі 11 м, биіктігі 0,95 м.
Үйіндінің беткі шым қабатын тазалау нәтижесінде оның топырақтан және тастан үйілгені анықталды. Шым қабаты тазалаған үйіндінің диаметрі 10,25 м, биіктігі 0,75 м. Қорған үйіндісінің шығыс жақ бөлігі қазылып алынғаннан кейінгі қимасына қарағанда көрінетін үйінді ортасында ретсіз жатқан тастар тонаушылар ізін көрсетеді.
Ежелгі жер қабатына жеткенде оңтүстіктен солтүстікке созыла орналасқан қабір шұңқырының орны анықталды. Қабір шұңқырының ұзындығы 1,8 м, ені 0,85 м, тереңдігі 0,85 м.
Қабір шұңқырының еденінен басы солтүстік-батыста қаратылып қойылған мәйіттің аяқ, жамбас және қол сүйектері табылды. Мәйіттің оң жағына қойылған қыш ыдыс бүтін қалпында табылды.
Қыш ыдыстың биіктігі 22,8 см, ернеуінің диаметрі 10,5 см, бүйірі 14,5 см, түбінің диаметрі 9,5 см.
Құмыра қышханада күйдіріліп жасалынған. Бүйірі шығынқы, мойын тұсында бедерлі шеңбер салынған және ернеуі сыртқа шығынқы етіп жасалынған.
Әртүрлі мақсатта жасалынған, жерлеу дәстүріне, ата-баба аруағына құрмет көрсетуге және көк тәңіріне сыйынуға арналған көп деңгейлі ескерткіштерді зерттеу барысында олардың құрылымдық дифференциациясы анықталды. Ата-баба аруағына арнап жасалынған ғұрыптық құрылыстарда орналасқан мүсіндерде әйел және ер адам мүсіндерінің санының тең болуы, сондай- ақ мүсіндердің иконографиясын мұқият зерттеу қазақ даласын ежелден мекендеген батыс түрік тайпаларының мәдениетінің өзіндік ерекшеліктерін анықтауға негіз болды.
Жайсан ғибадатханасындағы археологиялық ескерткіштерді кешенді зерттеу жұмыстарының нәтижесінде алынған материалдар Жетісудың оңтүстік-батыс өңірінде ерте ортағасырларда жасаған түрк тайпаларының дүниетанымына және материалдық мәдениетіне қатысты тың мәліметтер берді. Батыс Түрік қағанатының орталығы болған Шу өңіріндегі ескерткіштерді зерттеу қазақ халқының және түркі халықтарының этногенезін зерттеуде маңызды орын алады. Ескерткіштерді зерттеу барысында анықталған құрылымдық ерекшеліктері және жерлеу дәстүрінің ұқсастықтары қазақ даласында жасаған ежелгі тайпалар, аты өзгерген мемлекеттер құрамына еніп отырғанымен осы жердің тұрғылықты тұрғындары болып мыңдаған жылдар бойы ұрпақ жалғастырып келе жатқанын дәлелдеуді толықтыра түседі (Максимова А,Г.
1959, с.89).
Әдебиеттер тізімі:
1. Досымбаева А.М. Батыс Түрік қағанаты. Қазақ даласының мәдени мұрасы. – Алматы, 2007. – 168 б.
2. Максимова А.Г. Усуньские курганы левобережья реки Или //Известия АН КазССР. Серия истории, археологии и этнографии. Вып. 1/9. – 1959.– С. 87-90.
3. Нұсқабай Ә.А., Есбергенова Б.С. Шу өзені алқабындағы түркі мұрасын зерттеу мен сақтау //Қазақстанның мәдени мұрасы: жаңалықтары, мәселелері, болашағы» Халықаралық ғылыми конференция. – Алматы, 2005 ж. 175-178 бб.