УДК 316
Т.Ж.Қалдыбаева., Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ, с.ғ.д., профессор ШОҚАН ЖӘНЕ УАҚЫТ: ӘЛЕУМЕТТІК АНТРОПОЛОГИЯ МЕН
ӘЛЕУМЕТТІК ГЕОГРАФИЯ ТУРАЛЫ ОЙЛАР
Уалиханов Шоқан Шынғысұлының тек шығыстану ғылымының уақытсыз ағып түскен жарық жұлдызы ғана емес, қазақ даласынан шыққан және қазақстандық қоғам үшін әлеуметтік антропология мен әлеуметтік географияны негіздеуші, әлеуметтану ғылымының өкілі екендігі даусыз.
Қашғарияға сапар оны нағыз әлеуметтанушы етті: бақылау арқылы танып білгенін «Күнделік» деп атаған таным кітапшасына түсіріп отыруы, Кашғарда болған қатерлі айлардағы жасырын және тереңдетілген ғылыми-танымдық бақылау жұмысы, алынған ақпаратты өңдеу, реттеу, саралау, талдау әдістері, нақты әлеуметтік фактілер негізінде жазылған еңбектері, сапар алдындағы теориялық зерттеушілік даярлығы, алдын ала жасалған болжамдар мен оның эмпирикалық материалдар негізінде қайта қарастырып, жаңа теориялық тұжырымдардың жасалуы – осының бәрі толыққанды социологиялық таным жолы. Оған халықтың хал-жағдайын жақыннан танып біліп, ол үшін әлеуметтік әділеттілік жолын іздеп, билік ісіне араласу арқылы сол уақыттағы қыңыр саясатты түзетуге талпынысын қосыңыз. Ұлы географтармен иықтас, пікірлес және Ресейдің озық ойлы ғылымы мен білімінен сусындаған дарынды азаматтың әдебиетке, халықтар дәстүрі мен мәдениетіне, тұрмыс-тіршілігіне қызығушылығы тек қана этнографиялық құбылыс емес. Ол сөзсіз оның әлеуметтік және адамгершілік танымынан туындаған сұраныстар мен алынған нақты өмірлік тәжірибелер. Сондықтанда оны бүгінгі уақытта әлеуметтік антропологиялық құбылыс ретінде бағалауға және қарауға негіз баршылық.
Семен Тяншаньский, Г.Н. Потанин сияқты атақты географтардың қайсысы болса да тек таза географиялық мәселемен шұғылданбаған. Олардың жергілікті қоғамдық және адамдық тіршілікті, әдет-ғұрып пен дәстүрлерді, адамдық арабайланыстарды қоса зерттеуі оларды әлеуметтік география мен әлеуметтік антропологияның аса тәжірибелі өкілдері етті. Сол себепті Патша өкіметі ғылыми танымы тұрғысынан сенімді географтар зерттеуіне сүйене отырып аймақтардағы саясатын анықтай түсті, нақты шараларға көшті. Сол уақыттағы мемлекет кеңістігінде тіпті «социология» ғылымының өзі туралы түсініктің болмауына байланысты аталған зерттеушілер қызметінің тек этнография мен география тұрғысынан танылып бағалануы заңды құбылыс.
Жалпы «Әлеуметтік антропология» ұғымының өзі ұзақ эволюциялық өзгерістерден өткенін атап айту қажет. Бұрынырақта ол тек адамның пайда болып қалыптасуына, оның физиологиялық және ойлау құбылыстарымен байланысты қарастырылды. Бертін келе оның зерттеу аясы кеңейіп, ұлттық немесе аймақтық мәдениет үлгілері, әдет-ғұрыптар мен салт дәстүрлер, ойлау,
сана жүйесіндегі елеулі өзгерістер, тұрмыс-тіршілік мәселелері қоса қарастырылды. Осы тұрғыдан қарағанда этнография мен антропологияның нақты шегін айыруда ғылыми-практикалық проблема болмады дейтіндер кездесе қоймас. Дегенмен эволюциялық өріс оны ақыры әлеуметтік танымға барынша жақындатып, оны тіпті социологиялық дүниетанымның бір аспектісі деңгейіне дейін көтеріп алып шықты. Оның өзіндік себептері мен негіздері бар.
Ендігі жерде осыған біраз тоқталып, ой өрістетейік.
Менің жақын әріптестерім еңбек ететін Ресейдің Саратов қаласындағы мемлекеттік техникалық университет қойнауында кәсіптік даярлық беретін
«Әлеуметтік қызмет» мамандығы базасында құрылған басты құрылым
«Әлеуметтік антропология және әлеуметтік қызмет» кафедрасы деп аталады.
Бұл ғылыми ортаны жалпы Тәуелсіз мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі әлеуметтік антропология мәселесімен айналыса бастаған алғашқы ғылыми- практикалық орталықтардың бірі деуге болады. Оның басты себептерінің бірі – кафедраның, осы кафедраның негізінде қызмет жасап тұрған социологиялық диссертациялық советтің ұйтқысы болып келе жатқан Валентина Ярская мен Елена Ярская – Смирновалардың, олардың жақын пікірлес әріптестерінің Батыс европа ғылыми кеңістігімен тығыз байланыстылығы. Постиндустриялық қоғамның қызығын көріп үлгерген батыс әлемі қазіргі дүниенің адамгершілік, мәдени және рухани кедейленіп бара жатқанын, оның болашақ өркениет үшін қатерлі құбылыс екенін де ертерек көріп түйсіну, түсіну мүмкіндігіне ие болды.
Жекебастық егоизмге жол берген нарықтық қатынас пен адамгершілікке бағынбаған ғылыми-техникалық, технологиялық жаңалықтар, ұрпақ арасы байланысының өз мәнінен айрылуы, жастар арасын жайлап алған анайылық, коммерсиялық пиғылдардан туындаған апатты құбылыстар, осының бәрі экономикасы жоғары дамыған елдер бастан кешіріп отырған адамаралық құбылыстар. Яғни, материалдық байлық бар мәселені шешіп бере алмайды екен.
Адамгершілік таяздаған ортада байлық пен барлықтың өзі адамға қарсы тұратын құбылыстарды тудырып өршіте алады. Бұл бүкіл әлем үшін, бар мәселені тек байлық пен материалдық барлық арқылы ғана шешуге тырысушы әлеуметтер үшін зор өмірлік, тіршіліктік сабақ. Сол себепті экономикасы жоғары дамыған батыс экономикалық кедейшіліктен біржола арылмаса да адамгершілік негіздері әлі сақталып қалған әлеуметтік орталарға ерекше мән беріп, назар салуда, Шығыс мәдениетінің сақталып қалған озық үлгілерінен үйренуге тырысуда. Батыстың өз тарихындағы адамгершілік нормалар мен дағдылар жаңғыртылып, оның бұрынғысы мен қазіргісін үйлестіруге ұмтылыс артуда. Осының бәрі ғалымдардың, ең алдымен қоғамтанушылардың, әлеуметтанушылардың жауаптылығында. Сол себепті батыс елдер әлеуметтануының антропологиялық бағыты өріс алып, қоғамдық тіршілік пен сананы адамгершіліктендіру мәселесі оның негізгі өзегіне айналуда.
Аталған құбылыс, яғни, әлеуметтік арақатынастар мен арабайланыстарды адамгершіліктендіру мәселесі капиталистік және нарықтық даму жолына басымдық берген жаңа тәуелсіз мемлекеттер үшін барынша өзекті мәселе.
Халықтардың әлеуметтік мәдениеті мәселесін өткен мыңжылдықтың 90- жылдарындағы көпқырлы дағдарыстың тереңдете түскені және бар. Тапсыз
қоғам құрмақшы социалистік дамудан әлеуметтік көпқабатты қоғамға қайта оралу әрі бірден нарықтық қатынас талаптарымен бетпе бет келу қоғамдардың әлеуметтік құндылықтары мен идеялық негіздерін, әлеуметтік-экономикалық арабайланыстар ережелерін түбірлі өзгертті. Жаңа мазмұн мен мәндегі құндылықтар жүйеленіп, санаға жеткенше біршама моральдық, бағдарлық тоқыраушылықтар, олардың салдарлары да адамдар санасы мен тіршілік нормаларынан орын теуіп үлгерді. Қазақстан сияқты жас дербес мемлекет алдында алыс-жақын елдер тәжірибелерін және отандық шындықтарды саралай отырып, қоғамдық, әлеуметтік топтық, жекебастық сананы жаңа әлеуметтік құндылықтар тұрғысында дамыту жауаптылығы тұр. Оның дәйектілігі көп жағдайда ғылымдардың өзінің дамуына, ғылымның саясатты адамгершілік бағдарлай алуына байланысты.
Сонымен, қазіргі әлеуметтік тарихи уақыттағы антропологияға қатынастың өзіндік мәні мен сыры бар. Оның басты қарастыратын мәселесі – сана, адамгершілік, тәрбие, әлеуметтік сана, оның ережелері мен номалары.
Халықтық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар да осы тұрғыдан танылым қарастырылады. Олай болса жаңа Қазақстан жағдайында да оның толыққанды дамуы ғалымдар алдына тартылған зор жауаптылық. Адамгершілік тәрбиесіне байланысты әлеуметтік антропологияның білім социологиясынан басты айымашылығы сонда, егер білім жүйесі негізінен жас ұрпақты тәрбиелей отырып білімдендіретін болса, әлеуметтік антропология жалпы адамзатты, ересек адамдар қауымдастықтарын, жалпы адамдық ортаны біртұтас бейнесінде қарастырады. Ал жас ұрпақ тәрбиесін оны қоршап жатқан ересек ортадан еш уақытта бөлектеп алып қарастыруға болмайды. Бала мен жасөспірім тәрбиесі дегеніміз ең алдымен ересек ортаның, қоғамның оған жасаған ықпалы, сол ықпалдардың нәтижесі десек, мемлекеттің назарында бірінші кезекте ересек әлеуметтік орта тәрбиесі тұруға тиісті. Сол себепті, біздің түсінігімізде, ересек ортаның өмірге көзқарасы мен қатынасы, танымдық деңгейі, мәдениеті мен дағдысы, әлеуметтік құндылықтары мен бағдарлары, әлеуметтік мінез-қылығы мен содан туындайтын іс-әрекеті әлеуметтік антропология қарастыратын құбылыстары. Жаңа заман жағдайындағы әлеуметтік қабаттардың салт-санасы, әркелкі ірі әлеуметтік топтарыдың дәстүрлі тіршілігі, ғасырдан ғасырға беріліп келе жатқан халықтық даналықтар мен дәстүрлер бүгін тек ғылыми таным мәселесі емес, жекелеген мемлекеттер мен әлемдік қауымдастық әлеуметін адамгершіліктендіру, кері тартпа көзқарастар мен қимылдардан адамдық ортаны тазартып, әлеуметтік экологияны таза ұстаудың аса маңызды ғылми- практикалық алғышарты.
Шоқан - әлеуметтік географиялық таным мен оның методологиясын негіздеушілердің бірі. Ол тек ғылыми көзқарастың ғана адамы емес, зерттеулері арқылы географиялық, территориялық орта құбылыстарына әлеуметтік тұрғыдан қарауды өзінің нақты ісінде пайдаланды, бүгінгі ұрпаққа құнды ғылыми танымдық мұра қалдырды.
Әлеуметтанудың әлеуметтік-географиялық бағыты туралы сөз қозғағанда Реклю Жан Жак –Элзе, Ле Бланш, Рудольф Штейнмец туралы айтпауға болмайды. Бұлар ХІХ ғасырдың екінші жартысында социология ғылымының
дамуына зор үлесін қосып, адамдық қатынастар мен табиғи ортаның өзара байланыстылығына ғылыми және саяси ортаның назарын аударды. Ж.Реклю географиялық орта мен әлеуметтік дамудың, адам мен жердің арабайланысын аша отырып, қоғамды дамыту барысында географиялық ортаның ықпалын назарда ұстау қажеттілігін негіздеді. Ле Бланш түсінігінде географиялық ортаның ерекшеліктері сол аймақты мекен еткен адамдардың, әлеуметтік топтардың мінез-құлқына, арабайланыстарына және олардың қоғаммен арақатынасына елеулі ықпал етеді. Ландшафтар тек табиғи құбылыстардың ғана емес, әрі адам еңбегінің де нәтижесі. Нақты бір географиялық ерекшелікке байланысты елді мекендер тұрғындары өзіндік тіршілік ізін салып, келесі ұрпағының өмір сүруіне қажетті жағдайларды қалдырып отырады. Әрбір адамдар топтары өзінің әлеуметтік, экономикалық, психологиялық құрылымы мен дағдысы, әдістері арқылы табиғи орта тудырған проблемалармен кездеседі.
Әлеуметтік географияның міндеті – нақты аймаққа талдау жасау, аймақтардағы адамдар тіршілігіндегі айырмашылықтарды, өмір салттарын және осы ортадағы біртіндеп жүріп жатқан өзгерістерді зерттеу. Антропогеографтар Александр Гумболт пен Карл Риттер табиғи орта мен мәдениеттің арабайланысын қарастырған европалық ғалымдар және олардың еңбектерінде география мен социология логикалық және органикалық тұрғыда байланысып жатты.
Р.Штейнмец еңбектерінде социогеография әртүрлі қоғамдық топтардың әлеуметтік өмірінің географиялық қырын қарастырған социологиялық ғылым ретінде бейнеленді. Территориялық жіктелуді, топтардың кеңістікке таралып қоныстануын, адам еңбегінің қоршаған ортаға ықпалын зерттеу арқылы ол нақты халықтардың толық сипаттамасын шығаруға тырысты. Әрі әлеуметтік топтардың өмір тіршілігінің географиялық қырына әртүрлі дәуірлер тұрғысынан қарауға тырысты. Бірқатар оның замандастары мен әріптестері географиялық кеңістікке геосаясат, халықаралық қатынастар тұрғысынан қарап, халықтар арақатынасын әлеуметтік кеңістік тұрғысынан танып білуге ұмтылыс жасады.
Шоқан Уалихановтың Кашғар экспедициясы, соның барысында жинақталған тың танымдық материалдар аты географиялық болғанымен шын мәнінде әлеуметтік, экономикалық, тарихи, мәдени, психологиялық, әскери, дәстүр мен әдет-ғұрып мәселелерінің табиғи ортамен тұтастырылған кешенді зерттеу нәтижелері. Осындай жан-жақты зерттеу қазіргі территорияларды дамыту, аймақтар дамуын әлеуметтік әділеттілік талаптарына сай шешу мәселесінде әліде қол жеткізе алмай келе жатқан құбылыс. Алысқа бармай-ақ қазіргі Қазақстанның батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік және орталық аймақтарының даму деңгейіндегі әркелкіліктің негізінде, алдымен, оның географиялық, территориялық, табиғи ерекшеліктері мен жер қойнауындағы байлықтардың жатқаны айқын құбылыс. Халықтың бірде тығыз, екінші жағдайда шашыранды орналасуы да географиялық орталардың ерекшеліктерімен байланысты. Алайда мемлекеттің қазіргі территорияларды дамыту саясаты бұл мәселеге қаншалықты назар аударып, халықты орналастыру мен әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларын өзара үйлестіре алуда? Қазақстанның географиялық ерекшеліктерін қатаң ескерудің
жаһандық арабайланыстар тұрғысындағы рөлі зор болмақ. Шет елдік инвестиция табиғаты бұзылмаған немесе табиға орта байлығы сақталып қалған территориялық кеңістіктерге көз салып қана қоймай, оны табыс көзі бола алатын игілікті фактор ретінде бағалай алады. Өзі үшін үйреншікті табиғи ортаны оны мекен етушілер мен экологиялық – географиялық таным мәдениеті жете дамымаған отандық капитал иелерінің дер кезінде бағалай қоюы да екі талай.
Қазақстанның қазіргі заманғы ғылымында географиялық ортаның әлеуметтік-экономикалық мәнін зерттеушілер жоқ емес. 1993 жылы Алматыда жарық көрген М.Тәжин мен М.Тажимбетовтың «Региональная социология»
еңбегі біріншіден, аймақ социологиясына қосылған қомақты ғылыми танымдық үлес болды десек, екіншіден, географиялық ортаның өзін әлеуметтік- территориялық тұрғыдан танып білу методологиясын дамытты. Оның басты айқындаушылары: географиялық-территориялық ерекшеліктер, осы кеңістікті мекен еткен әлеуметтік қауымдастықтардың өмір сүру дағдылары, еңбек түрлері, психологиялық және мәдени ерекшеліктері, әлеуметтік саланың даму жағдайы, халқының ақпараттану деңгейі, ұлттық құрылымы мен салт дағдылары, жол қатынасы инфрақұрылымы, қалалардың, басқа ірі елді мекендердің осы географиялық кеңістіктегі орналасуы мен арабайланыс сапасы, т.б.
Әлеуметтік географиялық методологияның жаһандық әлем жағдайында жекелеген мемлекеттер мен ұжымдық бірлестікте бас түйістірген елдердің географиялық кеңістігіне сай аймақтық экономикалық, саяси және мәдени одақтар тіршілігін үйлестірудегі де маңызы зор. Көп салалы және көпқырлы сырқы саясат ұстанушы жаңа Қазақстан үшін әлеуметтік географиялық таным мен соған негізделген іс-шаралардың рөлі артуда. Бұл тұрғыдан Евроодақ кеңістігі, оның әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени арабайланысы елеулі үлгі бола алады. Негізінен европалық елдердің басын біріктіріп, аймақтық мүддені жоғары қойғанымен бұл ұжымдық халықаралық құрылым басқа аймақтар елдері үшін жабық орта емес. Дегенмен біздің назарымызды өзіне аударып отырғаны - осындай қазіргі заманның ірі қауымдастығының негізінде жатқан географиялық, географиялық-территориялық фактор екендігі. Шындап қарасаңыз ортақ табиғи ортаға сүйене отырып көпсалалы интеграциялық, ынтымақтық қатынас орнатып, мемлекеттік шекараның өзіне жаңа сипаттағы мән беру - өзіндік өркениеттіліктің белгісі. Ал сол уақытта қаншама ондаған жылдар бойы бір мемлекет қойнауындағы жан-жақты қатынаста болған, мәдениеті мен әлеуметтік психологиясы бір-біріне негізінен түсінікті Орта Азия мемлекетерінің өзі евроодақ үлгісіндегі тәуелсіз мемлекеттер мүдделерінің үйлесіміне әліде қол жеткізе алмай отыр. Бұл осы кеңістік қауымдастығы мен саясаткерлері үшін белгілі бір тарихи және адами сын.
Қорыта айтқанда, әлеуметтік география және әлеуметтік антропология ілімі қоғамдар, ғылыми орталықтар тарапынан барынша дамытылып, қазіргі адамзатты адамгершілік, жоғары сана мен мәдениет негізінде бір-біріне жақындата түсетін, өзара түсінікті ететін маңызды құндылық, ғылыми- практикалық фактор мен әлеуметтік тәжірибеге айналуы тиіс.