Ғ.Мүсірепов драматургиясындағы фольклоризм
Г.С.Обаева, аға оқытушы Қазақстан, Ақтөбе
Суреткер таланты оның әдебиетте салған соны соқпағымен анықталады. Қайталамайтын және қайталанбайтын туынды мәңгілік болмақ. Әдебиеттің табиғатының ӛзі қайталауды қаламайды. Жазушы ӛзгенің шындық туралы ойына қанағаттанбай тұрып-ақ, ӛзі таныған ақиқат ӛмірдің бейнесін жасайды. Бұл бейне неғ ұрлым шынайы болған сайын, соғ ұрлым тереңге бойлайды. Осылайша, оның әдебиеттің терең тамырын дӛп баса отырып, халықтығының кӛзі ашыла түспек. Суреткер шығармашылығының халықтығы туралы сұрақ оның фольклормен байланысын талдамай шешілмейді. Фольклор – кӛне дүниенің тамырымен тығыз байланысқан ортақ шығармашылық. Қазіргі қаламгерлер баяндаудың тұрмыстық сипатын айқындай түсу үшін фольклорлық сарындарды жиі қолданады. Фольклор мен әдебиет екеуі де тілдің ұлттық байлығының негізінде қалыптасып, дамиды, олардың тақырыптары халқымыздың тарихи және әлеуметтік ӛмірімен, тұрмысымен, еңбегімен байланысты. Фольклорда да, әдебиетте де, кӛп жағдайда, бір-біріне ұқсас поэтикалық және прозаикалық жанрлар туып, поэтикалық ӛнердің небір түрлері қалыптасып, одан сайын дамып жатады. Сондықтан да фольклор мен әдебиеттің шығармашылық байланысы, олардың үнемі болып тұратын идеялық-кӛркемдік әсер-ықпалы ӛте заңды құбылыс.
Міне, жазушы Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығындағы фольклорлық дәстүрлерді зерделегенде, алдымен, оның шығармашылық лабораториясындағы тақырыптық ерекшелікті баса айтар едік. Оның сӛз ӛнеріне қызығушылығы туралы Н.Ғабдуллин де былай деп баяндайды:
«Ғабит әдебиетке бала кезінен іңкәр болады, халықтың сан ғасырлар бойы сақталған асыл қазынасы – ауыз әдебиетін еліге тыңдап, кӛкейге ұялата береді. Егделерден естіген, қиял тербетер ғажайып ертегілерді, қызық оқиғалы қисса-жырларды жадына тоқып, жұртқа қызыға әңгімелеп беруді дағды етеді» [1,5]. Түптеп келгенде, Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы фольклоризмнің қанықтығы үшін негізгі алғышарттар ӛзінен-ӛзі осылайша жасалды. Алғашқы әңгімесінен бастап қаламы шыңдала түскен жазушының шын таланты драматургия саласындағы еңбектерінен анық танылды. Мүсіреповке шейін қазақ драматургиясының алғашқы пердесін ашқан Мұхтар Әуезов болатын. 1917 жылы жазылған «Еңлік-Кебек» пьесасы алғаш сол жылдың мамыр айында Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің сегіз қанат үйінде қойылған. Оған дейін қазақ әдебиетінде драматургия жанрының түндігі ашылмаған еді. Ӛзі дүние жүзілік драматургияны жетік білген талантты жас ел аузындағы әңгімені тұңғыш рет пьесаға айналдырады. Болашақ ұлы жазушы ӛзіндік сарабдал санасымен, тың түйсігімен болса да қазақ драматургиясының алтын құндағы халық әдебиеті екенін ӛте жақсы сезінген. Осылайша, ел аузында осыған дейін кең таралған аңыздар мен дастандарға сүйене отырып, фольклордың драмаға қажетті барлық қасиеттерін шебер пайдаланады. Фольклордың белгілі жанрларындағы, яғни шешендік сӛз, терме-толғау, салт ӛлеңдері, мақал-мәтелдер т.б. үлгілеріндегі тамаша ой мен сӛз құдіретінің мол байлығын қалай пайдалану керектігін Әуезов осы трагедиясы арқылы кӛрсеткен болатын. «Ұлттық топыраққа драматургиялық дәстүрдің жоқтығына қарамай, басқа
елдер әдебиетінен үйрене отырып, Әуезов жанр шарттарына толық жауап бере алатын трагедия жасады. Сюжеттік желінің тартылуы, композициялық құрылыстың архитектоникасы драма заңдылықтарын жақсы білгендігін кӛрсетеді»,-деген Р.Нұрғалидың пікірі де біздің ойымызға дәлел [2, 29]. Жазушы ӛз жаза отырып, ӛзге қаламдастарын халықтың аңыз-ертегілерін, жыр- дастандарын пайдалануға шақырды. Сӛйтіп, қазақ әдебиетіндегі соны соқпақты сала отырып, нағыз рухани құндылық халық әдебиетінде жатқанын, бар ескімізді жаңашылдықпен жаңғыртпай жаңаның сара жол таппайтынын баса айтты. Қай кезде де фольклор драматургияның қалыптасуына, дамуына да үлкен маңызға ие. Ол таусылмайтын кен ғана емес, драма жанрындағы жаңалықтың қайнар кӛзі де. Фольклорлық дәстүр әрқандай биік шыңға кӛтерілген әйгілі классик-драматургтердің қай-қайсысының да осы дәрежеге жетуіне себепші екендігі белгілі.
Драматургия жанрына халықтық жырлар, эпостық шығармалардың дәстүрін игеру ӛте қиын шаруы. Мұның күрделілігі ауыз әдебиеті жанры тек ауызша тыңдарманға арналған дүние, оны сахна тіліне аудару кӛп тәжірибені қажет етеді. Эпостың құрылымында драмалық элементтер болғанымен драмалық шығарма емес. Эпостың драмадан ерекшелігі – эпостың кӛлемі кең, уақыт кеңістігі мен оқиғаны қамтуда кейіпкерлер саны шексіз, сонымен бірге бір оқиғадан екінші оқиғаға ауысу ӛте шапшаң, жедел болады. Драма сахналық жанр болғандықтан бұл әдістердің ешқайсысын пайдалана алмайды. Ӛйткені мұндағы кеңістік пен уақыт шектеулі. Драманың осы ерекшеліктері драматургтің оқиғаға материал таңдап, талдауында үлкен жауапкершіліктің болуын талап етеді. Осы жауапкершілік жүгін молынан кӛтерген М.Әуезов тәжірибесі әдебиетке келгеніне аса кӛп болмаса да, ӛзіндік даралығын кӛрсетіп қалған жазушы Ғабит Мүсіреповке де үлгі болды. 1925 жылы жарияланған ең алғашқы әңгімесінен 1934 жылы алғашқы «Қыз Жібек»
драмасы жазылған уақыттың ішінде Ғабит жазушы ретінде қалыптасып, күрделі драматургия жанрының теориялық мәселелерін де игеріп үлгереді. Оның фольклоризмінің аса құндылығы оның осы фольклордың тӛл туындысына иек артуымен одан әрі асқақтай түспек. Драматург классикалық эпосты классикалық драмаға айналдырды. Әрине, драмаға аяқ баспастан бұрын жазушы проза жанрында қаламын ұштап алды. Сол прозалық шығармаларының ӛзінен драматургияға тән шиеленіскен тартыс, қимыл-әрекет, кейіпкерлердің түрлі диалогы т.б.
белгілердің болуынан оның сол жанрға икемділігі байқалып та қалды. 1934 жылы халықтық жырдың негізінде әуелі музыкалы драма деген атпен туып, кейін операның либреттосына айналған «Қыз Жібек» пьесасы, одан кейін 1939 жылы нағыз классикалық драмаға айналған
«Қозы Кӛрпеш-Баян Сұлу» трагедиясы жазылды. Мүсірепов М.Әуезовтен кейін фольклорға ерекше ден қойып, халықтың алтын қорында, жадында сақталған жырларды ӛзінің драмалық шығармаларына арқау етіп, шебер пайдаланған жазушы ретінде әдебиет тарихында қалды.
Фольклорға сын кӛзбен қарап, ескінің бәрін іске алғысыз қылып, барымызды жоқ қылуға тырысқан солақай саясат ӛткен ғасырдың орта тұсында тіпті ӛршігенге ұқсайды. Оны жазушының 1959 жылы әдебиет мәселесіне байланысты жасаған бір баяндамасындағы мына пікірлерден аңғарамыз: «Сонау отызыншы жылдары ескілікпен екі арамыз тап қазіргісіндей алшақ емес еді.
Ескілік етегін жинап, тайып тұру былай тұрсын, қайта тамыры терең, азу тісі балғадай қабырғасы бүтін тұрған шағында халықтың рухани қазынасын исі жаңаның бәріне қарсы жұмсай бастаған соң, біз сол асыл қаруды жұлып алып, сүртіп, тазартып, жаңартып, халықтың ӛз қолына ұстатуға ұмтылдық» деген екен [3, 464]. Осы ӛзі айтқан мақсат үдесінен жазушының ӛзі шыға білді. Ӛзіне дейінгі М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясынан бастау алған, яғни эпикалық тақырыпты бүгінгі әдебиеттің жоғары жанрында сӛйлету себептерін аңғартады. Халқымыздың сан ғасырлық ақыл- ой жемісінің дүниесін халықтың ӛзіне жаңа заманның дәстүріне лайықтап ұсынуы мақсатты әрекет болатын.
Жазушының фольклорға бет бұруының себебін анықтауда тікелей фольклорлық туындыны қаламгерлік айналымға түсіргендігінің куәсі болған осы драмаларын айтпасқа болмайды. Осы орайда классикалық эпосты классикалық драмаға айналдырудағы шеберлік сырын айқындау әрқашан да артық емес. Фольклор мұрасы әдебиеттің мұрасына айналып, жазба әдебиеттің
«қазанында қайнаған» уақытта сол ӛзі игілігіне айналып отырған әдебиеттің шарттарын басты теориялық қазық ететіні белгілі. Ендеше драма жазба әдебиеттің туындысы десек, жазушы мұнда да түпкі негізден әрі аса алмайды. Оның бұл жағдайда арқа сүйейтін негізі – фольклорлық дәстүрлер. Осыған дейінгі әңгіме-новеллаларындағы ширыққан оқиғалар, кейіпкерлер даралығы, ӛткір сӛз қағысулар драмаға әбден сұранып тұрғандай еді дедік. Қаншама жылдар фольклор мен ауыз әдебиеті ескілік сарқыншағы деп таптық тұрғыдан бағаланып, шетқақпай кӛріп келген тұста кемеңгер жазушы сол фольклордың нағыз классикалық туындыларына жол тартты. «Қозы Кӛрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек» сияқты бүкіл халықтың сүйіктісіне айналған, тіпті әлем әдебиетінде классикалық эпостар қатарынан саналатын асыл маржандарымызды жазушы талғаммен таңдап алып, оның эпостық дәстүрін сақтай отырып, ӛзгеше стильде жаңаша түр беріп, халқының ӛзіне қайтарып бере білді. Олар жаңа әдебиеттің ӛшпес қазынасына қосылып, классикалық драма ретінде мәңгілік екінші ғ ұмырын бастады. Кеңестік дәуірде ұлы қаламгерлеріміздің шығармаларынан фольклорға қатысты деректер іздеу немесе оның кӛрінісін баяндау оңай болған жоқ. Қайта ондай талпыныс жасағандарға «классикалық шығармадан фольклор үлгісін іздеудің қажеті қанша?» деген қиқар сұрақ қойылып, талайлардың маңдайы тасқа соғылып жататын. Бұның бәрі фольклортану ғылымының әлі де кенжелеп қалуынан, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің байланыс бірлігін түсінбеуден туған кемшілік қана емес, ұлт басына бодандық ноқтасын кигізуден пайда болған келеңсіздік еді. Дәл сол шақта халық қазынасының мазмұнын байытып, ұсынуды батыл айтқан жазушылардың бірі де, бірегейі – Мүсірепов болатын. Ел арасында ұлттың мақтанышы болған асқақ шығармаларға дақ түскен шақта Әуезов, Мүсірепов т.б. қаламгерлер ежелден келе жатқан батырлық, ғашықтық жырларды драмаға айналдырып, хас шеберліктің шынайы үлгісін жасады.
Алғашқы «Қыз Жібек» пьесасын жазушының үйрену кезіндегі, ауыз әдебиеті тақырыбынан алып, реалистік шығарма жасау жолындағы алғашқы қадамы дер едік. Бұл пьеса әуелде музыкалық драма деген атпен туып, кейін операның либреттосына айналған туынды. Жазушы жырдың халыққа ең танымал нұсқасын таңдап алып, ондағы әмеңгерлік сарынды алып тастап, асыл адамгершілікті асқақтата дәріптейтін, махаббат бостандығын кӛтеретін идеясын тереңдете түскен. Жазушының драматургия жанрына келуіне осы сияқты қаламгерлік шеберлік мектебінен ӛтуі себеп болғаны сӛзсіз. Ал драматургиямыздың тарихи даму жолында ӛзгеше ӛріс болған туынды - «Қозы Кӛрпеш – Баян Сұлу» пьесасы. Дүние жүзіне даңқы жайылған ғашықтар туралы бұл эпос туралы кӛп жазылды. Тіпті эпостың бір данасы Пушкиннің үйінен табылғанын кезінде Г.Потанин жазған. Тіпті орыс жазушыларының да назарын аударған бұл дастаннан сахналық трагедия жазу міндетін Ғабит Мүсірепов мойнына алды. «Қозы Кӛрпеш – Баян Сұлу» драмасына эпикалық аңыздауға құрылған жырды арқау етіп ала отырып, драматург бұрынғы және қазіргі ӛмір шындығын нанымды бейнелей алды. Ӛткен замандар қойнауынан қазып алып, оны кӛркемдік жағынан қорытып, феодалдық-патриархалдық қазақ қоғамы туралы күрделі реалистік туындыны дүниеге әкелді.
Жазушының драматургия жанрындағы бет алысы фольклорлық тақырыпты арқау етуінен басталуының ӛзі оның кейінгі шығармашылығындағы орын алған фольклорлық негіздің нық басталуына куә болады. Енді осы фольклорлық туындыны жазба әдебиеттің кәдесіне жаратуда жазушы қандай фольклорлық дәстүрлерді негізге алды дегенді саралап кӛрейік. Алдымен, драмадағы фольклорлық сарын, алдымен, кӛркем әдебиеттің үш тегінен тарап, ӛзектесіп
жатқандығын байқаймыз. Әдебиеттің эпос, лирика, драма-сынды үш тегіне тән дәстүрлер пьесаның ӛн бойында тұнып тұр. Эпостық дәстүр – эпикалық шығармалардың басты ӛзегі. Оларда ӛмір шындығы кӛркем тұлғалардың бойына жинақталып, солардың басында болатын қым-қуыт оқиғалар толқыны арқылы ашылады.Фольклордың тӛл мұрасы лиро-эпостық жырдың негізгі мазмұндық дәстүрін үзбей, басты желі етіп ала отырып, эпостық баянның ӛзіндік үлгісін жасайды.
Ел аузында аңыз боп тараған жырдың түрлі нұсқаларын елеп-екшей отырып, кӛркемдеп қаға білген. Жырдың драмалық шешім табуында Жантық, Жарқын сияқты образдардың енгізілуі де жазушының ескі әдебиетіміздің тұнық бұлағын қана ішіп, жақсы дәстүрлерін игере білгендігі.
Халқымыздың бүкіл арман-тілегіне негіз болған қиял дүниесі небір ертегі, аңыз, жырларды дүниеге әкелген ғой. Сол кең ойлылық драматург қаламын кең тыныс беріп, эпостық сарынның жаңа түрге ие болуына мол мүмкіндік жасаған.
Пьеса басындағы Қарабайдың: «Қарабайдікі дегенге бұл жұрттың қызықпайтыны болсайшы!
Тек талап алайын деп отыр... Түс кӛрсе, менің жылқымнан басқаны кӛруді қойыпты бұл ел!» [4, 10] деген сӛзінен бастап-ақ күллі қара ниет, жамандық атаулының символы болған образдың бұдан арғы характер даралығын әп дегеннен тануға болады. Түс жору – сонау ата-бабамыздан бастап бүгінге шейін жалғасып келе жатқан кӛне дәстүріміздің бірі. Қазақ кӛрген түсіне үлкен мән берген. Қолынан келгенше жақсылыққа жоруға тырысқан. Егер жамандықтың белгісіндей хабары болса, «түс-түлкінің боғы» деп кӛңіл жұбатқан. Осы дәстүрді Ғабит драманың басталуында-ақ Қарабай мен Жантық диалогы арқылы, пьесаның ӛн бойына ӛзек болатын қара ниетті жауыздықты байқату үшін шебер қолданған. Жантық бейнесі – бүкіл қазақ әдебиетіндегі арамдық, сұмдықтың символы. Қарабай кӛрген түсін айтып, жоруын ӛтінгенде Жантық одан сайын қара аспанды тӛндіріп, жамандыққа жори түседі. Міне, осы сәттен бастап ӛрбіп, ӛрши түсетін аярлық пен жауыздықты шағын ғана диалогтар арқылы драматург жігі білінбейтін шеберлік жібімен ӛрген. Жалпы, фольклорлық шығармалардағы қаһарманның түс кӛру мотиві ертеден келе жатқан тұрақты құбылыс. Драмадағы Қарабайдың түсі оның ӛңінде ойлаған ойларының немесе істерінің белгілі бір шамада ӛзгеріске ұшыраған түрі. Белгілі ғалым Г.Пірәлиева: «Түс – ішкі монологтың бір элементі, яғни кейіпкердің кӛңіл-күйін, санасындағы үздіксіз жүріп жатқан процестің бір сәтін бейнелейтін кӛркемдік тәсілдің бірі» [5, 194-195] десе,
«Түс кӛру мотиві бүкіл әлем халықтарына тән және оның атқаратын қызметі әр қилы, алдағаны болжау кейіпкерді сақтандыру, кейіпкерге кӛмек беру, адамдарды белгілі іс-әрекетке шақыру», – дейді ӛз зерттеуінде Ыбыраев [6, 151]. Халық сенiмiнде түс кӛру үлкен орын алатынын аңғарамыз.
Алдағы оқиғаны, адам тағдырын кӛрген түс арқылы болжап бiлуге болады деген сенiм мифтiк танымнан туындаған. Сол сияқты, Тӛлегеннің Ақ Жайықтан еліне қайтар мезгілінде Жібектің жайсыз түс кӛріп шошынуынан, түбінде сол түстің расқа айналуын баяндаған тұстар да әсем, ажарлы берілген. Ауылынан ата-анасының айтқан уақытында, қасына нӛкер ертіп кетпей, Жібекке берген уәдесінен кешікпеу үшін асығып, жалғыз, жасырын аттанған Тӛлегеннің інісі Сансызбаймен қоштасуынан осындай қауіптің сарыны сезіледі. Қособаның түбінде Бекежан бастаған алпыс қарақшының қолынан мерт болу әлгі түстің “құдіретін” дәлелденгендей ұғым береді.
Ал лирикалық толғаныс –«Қозы Кӛрпеш – Баян Сұлу» драмасында басы ашық тұрған мәселе. Лирика –нәзік сезімнің, жан-дүниеде болып жатқан кӛңіл-күй тебіреністердің кӛрінісі болғандықтан, кейіпкердің рухани әлемін барлауға, оның ішкі дүниесін танытуға мол мүмкіндік беретін жанр. Сол сияқты аталған драмада екі жастың бір-біріне деген ынтық сезімі, олардың алғаш аттарын естіген, одан кейін кездескен, тіпті мәңгілік ажырасқанға дейінгі барлық сәттері – тұнып тұрған лиризм. Ал драмаға Жарқын секілді ақынжанды адам образының енгізілуі мұндағы лирикалық толғаныс әсерін күшейте түскендей. Жырдың халықтық нұсқасында Жарқын образы
болмағанмен, драмаға негізгі кейіпкерлердің бірі ретінде енгізіп, ӛзіндік характерімен даралауы драматургтың тамаша идеялық-кӛркемдік шешімі деп білеміз. Драмада Қодар бастаған тоқсан сері Баянға сырттай таласып, ӛзді-ӛзі қызыл кеңірдек, ұр да жық болып жатқанда Жарқын қыз сәлемін жеткізіп:
Құзғын болса, қайтер еді? Ӛлімтікке үймелер еді Жапалақ болса, қайтер еді? Жарбаңдап түнде ұшар еді
Ал, жігіт болса, қайтер еді? Оны жігіттердің ӛзі шешсін деді, -дейді [4, 15]. Осы мысалдағы Баянның кӛкейдегі сӛзін жеріне жеткізе айтып, мірдің оғындай нысанаға дӛп тигізген Жарқын сӛзі ұйқасқа құрылып, ӛзгеше лирикалық түр беріп тұр. Жарқын Баян ойын түйсігі барлар түсіне алатындай тұспалмен жеткізеді. Ал тұспалдап сӛйлеу – халқымыздың сӛз құдіретінің, ой даралығының бірден-бір кӛрінісі. Осы екі дәстүрді драматург шебер байланыстырған. Мұнан басқа да Жарқынның драмадағы кӛрінетін тұстары лирикалық толғаныспен ұштасып жатады.
«Қарағым-ай, самал жел Баян жақтан соқпағанда, жарық жұлдыз Баян жақтан шықпағанда дей бергенімде, баланың екі қолы мойныма оралып та қалған екен... – Баян дедің бе, Баян дедің бе, жарқыным! Тағы бір айтшы! Ай мен Күн! Кӛк аспан, жасыл дүние, куә болыңдар! Мына жігіт
«Баян» деді, «Баян» деді. О, жасаған, алдай кӛрме, Баян деген басқа біреудің аты болып шыға кӛрмесін! –деп екі қолын кӛкке кӛтерді...» деп Жарқынның тебірене сӛйлеп баяндаған Қозыны кӛрген сәтінің ӛзі - ӛзгеше бір сурет. Ақбас жотаның аясында, табиғаттың мамыражай, нәуетек, тамаша бір сәтін қызықтап жатқан кезі – фольклорда кейіпкерлердің табиғатпен астасқан кӛңіл- күй толғаныстарын еске түсіреді. Кейіпкердің жан- дүниесін, ішкі кӛңіл-күйін суреттеуде табиғат құбылысын параллель кӛрсету тәсілі халық жырларында тұнып тұр. Ӛмір бойы табиғат аясында кӛше жүріп тіршілік еткен қазақ баласы табиғатқа аса жақын болды. Сондықтан да ата- бабаларымыз ән-ыжрға, шынайы сезімге бейім болғандай. Жоғарыда кӛрсетілгендей, лирикалық толғаныстар, ерекше тебіреністі күйден туған халдер драманың оқиғалар желісін үзбей, ӛріліп отырған. Халық тілінің дәстүрін тамаша игерген Мүсірепов сол халықтың тӛл туындысын жазба әдебиеттің классикалық туындысына айналдыруда мінін бұзбай, сӛзбен сурет салады. Жырдағы сюжет пен драмадағы сюжеттің ара-жігінде айырма жоқтай, халық эпосының құнарлы қазынасымен одан сайын тұшынтады.
Осы сияқты лирикалық толғаныс сезімдер, кейіпкерлердің жан-дүниесіндегі тебіреністер драманың барлық оқиғалар желісінде үзілмей кең ӛріс алып жатады. Әсіресе, Қозы мен Баянның ыстық сүйіспеншілігімен ӛрілетін нәзік сезім иірімдері... Анасы Мақпалдың қос құлынын қосуға жазбаған тағдырына налып, күңіреніп отырған кезінің үстінен шыққан Қозы: «Жасырмашы, жан анам! Бүгін жер бетінде жалғыз-ақ ауыз сӛз жүр! Ол – Баян! Жел Баян деп ызыңдайды, кӛл Баян деп теңселеді, ӛзен Баян деп ағады, Тау Баян деп күңіренеді, кӛк Баян деп күрсінеді! Анам Баян деп мұңаяды). Енді тек жӛн сілтеуің ғана қалды, сілтеші, жан ана!» [4, 21], - деп толғанады. Осы үзіндідегі кейіпкердің ынтызар кӛңілі, күдік пен үмітке толы сезімі табиғат құбылыстарының түрлі күйлерімен үндесе беріледі. Бұл тегін емес. Ықылым заманнан бері келе жатқан мәңгілік тақырып – махаббат тақырыбы аңыз боп бүгінгі әдебиетке дейін жалғасын тапты. Аңызға айналған махаббат сезімінің алдында әлемнің құпия күштерінің ӛзі дәрменсіз. Халықтың санасымен бірге сіңіскен мифологиялық ұғымдар жазушыға әбден таныс, оған қанымен бірге сіңген. Сондықтан да кейіпкерінің асқақ махаббатқа толы кӛңіл-күйі табиғаттың ӛзімен қатар беріледі, яғни мифтік санамен астастырылған. Мифтік сана ерте кезең адамдарының ӛзін қоршаған айнала туралы кӛзқарас-түсініктерінің жиынтығын құрайды. Санасы сәби шақтағы адам баласының қоршаған әлемнің құпия сырларын ӛзінше түсінуі, әр құбылыстың жаны бар деп қабылдап, соған сенуі түрлі
мифологиялық әңгімелерді туғызғаны белгілі. Табиғаттың түрлі стихиялық күштерімен күресуде ӛздерін әлсіз санаған алғашқы қауым адамдары олар туралы әртүрлі нанымдар туғызған.
Табиғат құбылыстары туралы наным-сенімдер жиынтығын ғылымда анимизм деп атайды.
«Анимизм латынның «жан» деген сӛзінен шыққан. Бұл наным бойынша, алғашқы қауымның адамы бүкіл табиғаттың, табиғи құбылыстардың, тіпті әрбір заттың жаны бар деп сенген. Осының әсерінен оларда адамға тән ӛмір, қасиет бар деп сенген, яғни адам ӛзін табиғаттан бӛлмеген»
[7,5]. Осылайша мифологиялық сарындарды образды суреттеу жүйесінде жазушы-драматург тамаша қолдана біледі. Бұлайша суреттеу – Ғ.Мүсірепов драмасында жиі қолданылатын фольклорлық дәстүр. Мысалы: «.. Бәрі қызығуға жаралған! Аямапты бергенде!... Қияда кӛрсең, қыран дерсің, қалыңда кӛрсең, жолбарыс дерсің, асқар кӛрсең, биігі дерсің, ӛз қасыңда бала дерсің, жібек жал арғымақ – Қозы Кӛрпешті тауып қайттым!»– деп Баян сүйсіне толғанады [4,30].
Осы монологтан табиғаттың тӛл перзенттеріне телінген Қозының біліктілігін, жүректілігін, кӛрерге кӛз керек сымбатын танимыз. Осы сияқты кейіпкерлерінің ішкі сезім иірімдерін бір сәт те бәсеңдетпей кең кӛлемде суреттеп бере білуі – жазушының халық фольклорының эпостық қана емес, лирикалық дәстүрі мен әдіс-тәсілдерін жете меңгеріп, шебер пайдалана білгендігінің нәтижесі. Жалпы, кейіпкердің жан-дүниесін, ішкі кӛңіл-күйін суреттеуде табиғат құбылысын параллель кӛрсету тәсілі ұлттық дәстүрмен сусындаған қай қаламгердің шығармасына да тән құбылыс. Мұндай мысалдар драманың тереңіне бойлап, тұнық та кӛркем тіліне қаныға түскен сайын кӛз сүріндіреді. Қарапайым, жадағай бір сӛз жоқ. Әр сӛзі үлкен ойға, терең сезімге құрылған. Оқырманның түгел ойы мен жан-дүниесін баурап алатын күшті лиризм драмадағы фольклорлық дәстүрлердің соңы емес.
Жалпы, драмалық шығармалар бастан-аяқ кейіпкерлер сӛзінен тұратыны белгілі.
Драмадағы бүкіл қимыл-әрекет, тартыс тікелей кейіпкерлердің диалогы, монологы арқылы кӛрінеді. Сондықтан сӛздің қызметі сол драманың бүкіл идеясын ашуда орасан. Сол заңдылық, сол дәстүр Мүсірепов драмаларында шеберлікпен сақталған.
Сонымен, эпостық баяндау, лирикалық толғаныс, драмалық тартыс сияқты фольклор мен әдебиеттің үш тегінің сарыны Мүсірепов драмасындағы фольклорлық дәстүрлердің негізгі ӛзегі.
Драматург халық аузындағы лиро-эпостық жырды арқау етіп ала отырып, ӛзгеше сапада, тарихи, қоғамдық мәнін таптық жағынан айқындай отырып жаңаша шешеді. Эпостан классикалық драманың биігіне сапар шекті. Зұлымдық пен махаббат арасындағы бітіспес тартыстың сырын ашатын бұл трагедия драматургия саласындағы Ғ.Мүсірепов талантының шарықтай түскенін кӛрсетті. Халықтық жырды жазба әдебиеттің игілігіне жарату арқылы драматург рухани дүниемізге М.Әуезов салған ізбен үлкен леп қосты. Бұрын тек ауызша таралған жырмен ғана таныс халықтың эпос кейіпкерлерін тікелей іс-әрекет аясында кӛрсетіп, олардың бүкіл бітім- болмысын, характерін жайып салды. Драмалық шығарманың халыққа жетімділігінің, әсерлілігінің бір сыры оқиғаның қызу тартысқа құрылып, оқиғаға қатысатын адамдардың сӛзі мен ісі арқылы кӛрерменнің кӛз алдына шындықты қолма-қол кӛрсететіндігінде екені белгілі. Фольклордың тӛл туындысының жазба әдебиеттің игілігіне айналғаны Ғ.Мүсіреповтің асыл мұраға деген адалдығы, халқы алдындағы перзенттік парызын ӛтегені деп санасақ, оның сол драманың ӛн бойындағы фольклорлық дәстүрлерді ӛзіндік шеберлік жібімен ӛргені заңды құбылыс.
Әдебиеттер тізімі
1. Ғабдуллин.Н. Ғабит Мүсірепов – драматург. – А.: Өнер,1982.
2. Нұрғалиев Р. Драма ӛнері. –А.: «Санат», -2001.
3. Тәжібаев Ә. Бес томдық шығармалар жинағы. – Т.4. – А.: Жазушы, 1981.
4. Мүсірепов.Ғ. Драмалық шығармалар. – А.: Өнер, 1982
5. Пірәлиева Г. Кӛркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері: түс кӛру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем /. –А.: Алаш, 2003.
6. Ыбыраев Ш. Эпос әлемі. Қазақтың батырлық жырларының поэтикасы.–А.: Ғылым, 1991.
7. Қасқабасов С. Елзерде: Әр жылғы зерттеулер. –А.: Жібек жолы, 2008.