Даркенов Қ.Ғ., т.ғ.к., доцент, аймақтану кафедрасы
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Ермекова А., аймақтану кафедрасының
4-курс студенті Қазақстан Республикасының ядролық саясаты
Түйін
Мақалада Қазақстан Республикасының ядролық қарудан бас тартуы мен осы салада жасаған маңызды іс-шаралары баяндалған. Сонымен қатар, Орталық Азия аймағындағы Ядролық қарудан азат аймақтың құрылуы мен оның мақсаттары сипатталған.
Кілтті сөздер: Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты, ядролық қару, ядролық саясат, ядролық қауіпсіздік, қарусыздану, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт, Орталық Азия, Ядролық қарудан азат аймақ, МАГАТЭ.
Қазақстан Республикасы 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялағаннан бері Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды мәселенің бірі стратегиялық ядролық күштердің тағдыры болды. Егер бізде «қырғи- қабақ соғыс» жылдарында ядролық қару адамзатқа қатер төндіруші күш бо- лып танылса, 90-шы жылдардағы геосаяси өзгерістер бұл қаруды аумақтық тұтастықты сақтауға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастыру орын алды. Еліміз ядролық қарудың зардабын өз көзімен көріп, хылақтың қайғы- қасіретін ортақ бөліскен еді. Болашақты өте дұрыс болжаған Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бейбіт сүйгіш саясат ұстанды.
Қазақстанның қарусыздану мен жаппай қырып-жою қаруын таратпау саласындағы саясаты халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ғаламдық мәселелер мен қақтығыстарды реттеудегі халықаралық ұйымдардың рөлін арттыру жолын ұстанатын сыртқы саяси бағытымен айқындалады.
Қазақстан Республикасы еліміздің таратпау тәртібін ңығайтуға батыл екендігін көрсететін бірнеше нақты қадамдар жасады.
Қазақстанның болашақ таратпау саясатының негізін қалаған алғашқы қадам – 1991 жылы КСРО өмір сүріп жатқан кезеңнің өзінде-ақ Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы болды.
1991 жылы Беларусь, Қазақстан, Ресей, Украина басшылары Стратегиялық ядролық күштерге байланысты Алматы декларациясында бұрынғы КСРО-ның ядролық арсеналының қызметіне ортақ бақылау орнатудың, ядролық қауіпсіздіктің қажетті деңгейін ұстап тұруда қандай да бір іркілістерге жол бермеудің тетігін айқындады және стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту саласындағы КСРО-ның халықаралық міндеттемелерін ұстанатындығын растады.
1992 жылғы 23 мамырда Лиссабонда осы елдермен АҚШ өкілдері аталған төрт мемлекеттің аумағында орналасқан стратегиялық ядролық күштерге қолданылатын Стратегиялық шабуыл қаруын қысқарту мен шектеу туралы шарттың ережелерін іске асыруға олардың жауапкершілік аясын нақтылайтын бес жақты Хаттамаға қол қойды. Сонымен қатар, Лиссабон Хаттамасында Беларусь, Украина және Қазақстанның ядролық қаруға ие емес елдер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылу міндеттемелері тиянақталды. Лиссабон Хаттамасына қол қойып, ядролық қа- рудан өз еркімен бас тартатынын бүкіл әлемге паш етті.
1994 жылғы 5 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның Будапешт саммитінде ядролық қарусыз мемлекеттер ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа (ЯҚТШ) қосылуына байланысты жоғарыда айтылған мемлекеттерге Қауіпсіздік кепілдігін беру туралы Меморандумға Ресей, АҚШ және Ұлыбритания қол қойды.
Бұл құжатқа қол қойылу Қазақстанның өз аумағынан ядролық қаруды шығару бойынша өз міндеттемелерін толығымен және бұлжытпай орындағанын халықаралық қоғамдастықтың танығанын білдірді. Кейіннен осы сияқты кепілдіктер Қазақстанға Қытай және Франция тарапынан берілді.
Ядролық арсеналды шығару бойынша өз міндеттемелерін орындай отырып, Қазақстан өз жеріндегі ядролық қарудың инфрақұрылымын жою проблемасымен және бұрынғы әскери өндірістерді азаматтық мақсаттарға көшірумен айналысты. Осы мақсатта Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің (МАГАТЭ) аясында ядролық материалдарды бақылау мен есепке алудың, АЭС-ті пайдаланудың, ядролық материалдар мен қондырғылардың физикалық қорғалуының мемлекеттік жүйесін ұйымдастыру бойынша Қазақстанға техникалық көмек көрсетудің үйлестіру жоспары жасалды. Оған Ұлыбритания, АҚШ, Швеция және Жапония қатысты.
Ядролық қарудан бас тарту Қазақстан басшысының саяси жағынан аса маңызды, дұрыс қадамы болды. Егер ядролық қарудан айырылмаймыз деген саясат ұсталса, шет елдермен, соның ішінде Ресей Федерациясымен арадағы қатынастың қандай болары белгісіз еді.
1992 жылы Қазақстанда Қауіпті Бірлесіп Қысқарту бағдарламасы іске асырыла басталды. «Нанна-Лугар бағдарламасы» деп аталатын бұл бағдарлама шеңберінде 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағында қалған ядролық, химиялық және биологиялық қарудың нысандары мен инфрақұрылымдарын жою және залалсыздандыру жөніндегі жобалар кешені, стратегиялық шабуыл қаруының демонтажы, экспорттық бақылау жүйесін құру, қорғаныс өнеркәсібін конверсиялау жүзеге асырылды.
1993 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі ЯҚТШ-ны бекітті [45].
Қазақстанның ЯҚТШ-ға қосылуы еліміздің сыртқы саяси бағытын іске асыруының маңызды кезеңіне айналды. Қазақстан ЯҚТШ-ға мүше бола отырып, осы шартқа сәйкес ядросыз мәртебесіне байланысты міндеттемелерін қатаң ұстанады.
ЯҚТШ ядролық қаруды бақылау саласындағы қатысушы мемлекеттерді ядролық қарусыздану бойынша іс-шаралар қабылдауға міндеттейтін бірден- бір көп жақты келісім болып табылады.
Қазақстан ЯҚТШ барлық ядролық және ядросыз мүше мемлекеттердің өз міндеттемелерін орындау арқылы бұлжытпай және кезең-кезеңімен ядролық қарусыздануын қолдайды. Бұл жолдағы алғашқы кезең жарқышақтанушы материалдарды өндіруге бақылау орнату болуға тиіс. Әлемдегі жинақталған байытылған уран мен плутонидің елеулі қоры, сондай-ақ оқтұмсықты жою нәтижелерінде алынатын жарқышақтанушы материалдардың үлкен көлемін таратпау тұрғысынан алғанда қауіпті болып табылады.
1994 жылғы 14 ақпанда Қазақстан Атом энергиясы жөніндегі Агенттіктің (МАГАТЭ) мүшесі болды. ЯҚТШ ережелеріне сәйкес 1994 жылғы 26 шілдеде Алматыда Қазақстан Үкіметі мен МАГАТЭ арасында Кепілдіктер туралы келісімге қол қойылып, ол ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілгеннен кейін, 1995 жылдың 19 маусымында күшіне енді [46, 185 б.].
Барлық ядролық нысандар МАГАТЭ-нің кепілдігіне алынған және Қазақстанның барлық ядролық қызметі Агенттіктің ережелері мен стандарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2004 жылғы 6 ақпанда Қазақстан Республикасы мен МАГАТЭ арасындағы кепілдіктерді қолдану туралы келісімге Қосымша хаттамаға қосылып, оны 2007 жылғы 19 ақпанда бекітті.
Қосымша хаттамада көзделген іс-шараларды іске асырудың мақсаты – ядролық материалдың мәлімделген бейбіт іс-әрекеттен әскери мақсатқа ауысуын болдырмауға, сонымен бірге жалпы алғанда мемлекетте мәлімделмеген ядролық материалдар мен заңсыз ядролық іс-әрекеттің болмайтындығына берік сенімділікті қамтамасыз ету.
1996 жылғы қыркүйекте БҰҰ БА 51-ші сессиясы уақытында Қазақстан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа (ЯСЖТШ) қол қойды және 2001 жылғы 14 ақпанда оны бекітті.
ЯСЖТШ қол қою арқылы Қазақстан Ғаламдық мониторинг Желісін құру тұрғысынан ЯСЖТШҰ Даярлық комиссиясымен белсенді ынтымақтаса отырып, шарт шеңберіндегі верификациялық тәртіпті нығайтуға қомақты үлес қосады. ЯСЖТШ ережелерін тиімді орындау мақсатында ҚР Үкіметі мен ЯСЖТШ Ұйымының Дайындық комиссиясы арасында Ядролық мониторинг құралдарына байланысты іс-әрекеттерді іске асыру туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан ЯСЖТШ Ұйымының маңызды жұмыстарының бірі болып табылатын Дала эксперименттерін өткізуге маңызды үлес қосты.
2008 жылдың 1-30 қыркүйек кезеңінде бұрынғы Семей ядролық полигонында ЯСЖТШ Ұйымымен бірлескен Интегралды дала эксперименті (ИДЭ08) өткізілді. Аталған іс-шаралар кез-келген ортадағы ядролық жарылыстарды немесе оларды өткізуге дайындық жұмыстарын тіркеу бойынша инспекциялардың түрлі әдістерін дайындау мақсатында өткізілді.
ИДЭ08 - ЯСЖТШ Ұйымы құрылығаннан бері ұйымдастырылған іс- шаралардың ішіндегі аса маңыздысы болды. [47]
1994-1996 жылдардағы ядролық қарусыздану саласындағы белсенді іс- әрекетінің арқасында Қазақстан 1996 жылы бақылаушы мәртебесіне ие болды, ал 1999 жылдың 5 тамызында консенсус арқылы Қарусыздану жөніндегі конференцияның мүшелігіне қабылданды.
Қазақстан, химиялық қаруы болмағанына қарамастан химиялық қаруды жасауға, өндіруге, жинақтауға және қолдануға тыйым салу туралы және оны жою туралы конвенцияның қатысушысы болып табылады. Қазақстан оған 1993 жылы 13 қаңтарда қол қойды және 1999 жылы 24 маусымда бекітті.
Конвенцияның ережелерін орындау үшін ұлттық орган құрылған. Қазақстан өкілдері Конвенцияға қатысушы мемлекеттер конференциясының сессиялары мен жыл сайынғы отырыстарына тұрақты түрде қатысады.
Сондай-ақ, Қазақстан Бактериологиялық және токсиндік қаруды жасау, өндіру және жинақтауға тыйым салу туралы және жою туралы конвенцияға қосылып, оны 2007 жылғы 7 мамырда бекітті.
Қауіпсіздікке жаңа қыр көрсетулерге қарсы тұру қажеттігі, халықаралық терроризмге қарсы күрес бойынша шараларды күшейту Қазақстанның таратпаудың көп жақты тәртібіне қосылу жөніндегі жұмысын жандандыруды қажет етеді.
2002 жылғы 13 мамырда Қазақстан Ядролық Жабдықтаушылар Тобының (ЯЖТ) 40-шы мүшесі болды. ЯЖТ-ға қатысудағы біздің мақсатымыз лаңкестікке қарсы күрес, жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұру шараларын жандандыру, ядролық материалдар мен қосарланған мақсаттағы өнімдердің пайдалануы мен қозғалысын бақылауды күшейту.
2005 ж. шілдесінде Қазақстан «Краков инициативасы» деген атпен белгілі Жаппай қырып-жою қаруының таралуы саласындағы қауіпсіздік бастамасына қосылды. Бұл бастаманың мақсаты – күдікті әуе және теңіз кемелерін, сонымен қатар жаппай қырып-жою қаруымен байланысты материалдарды тасымалдайтын құрлық көліктерін ұстау үрдісіне барлық мемлекеттерді жұмылдыру.
2005 ж. шілдеде Австрия СІМ-не – Баллистикалық зымырандардың таралуымен күрес бойынша Халықаралық кодексінің депозитариіне ҚР СІМ- нің Қазақстанның Кодекске қосылуы туралы хабарлайтын нотасы жіберілді.
Бұл еліміздің Зымырандық технологияларды бақылау тәртібіне енуіндегі маңызды іс болып табылады.
2006 жылы 8 қыркүйекте Қазақстан көрші мемлекеттердің қатарында Семей қаласында Орта Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы шартқа қол қойды. [48]
Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ (ОА ЯҚАА) құру идеясын алғаш рет 1993 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 48-ші сессиясында Өзбекстан президенті И.Каримов ұсынған болатын.
1995 жылы мамырда Нью-Йоркте болып өткен ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) қызметіне шолу жасау және ұзарту жөніндегі конференция кезінде Қырғызстан осы ойды қолдап, пікір білдірді.[46]
Бастапқыда аймақ елдерінің басшылары ЯҚАА жасау бастамасына салқындық танытқан еді.
Тіпті олардың мемлекетаралық қатынастарының кейбір мәселелері бойынша қайшылықтары да жоқ еместін. Дегенмен, "аймақ" құру идеясын алғашқылардың бірі болып ресми Алматы қуаттады.
Өйткені бұл идея президент Н. Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім білдіру шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) қағидаларына толық сәйкес келеді. АӨСШК декларациясында Азияда ядролық қарудан азат аймақтар құруды қолдайды және ондай қарудың таралуына жол бермеуге бағытталған ынтымақтастықты кеңейту жөнінде міндеттеме бар.
Орталық Азиядағы ЯҚАА идеясының болашағы бұлыңғыр ұсыныстан нақты саяси іс-әрекетке көшуде нақты қадам 1997 жылы 28 ақпанда жасалды.
Аймақтың бес мемлекеті президенттерінің кездесуі нәтижесінде қабылданған Алматы декларациясында ЯҚАА құру идеясы жоғары дәрежеде қолдау тапты.
1997 жылы өткен БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 52-ші сессиясында Орталық Азияның бес мемлекеті бірлесіп ЯҚАА құру бастамасын қуаттайтын мәлімдеме жобасын ұсынды.
1998 жылғы Үндістан мен Пәкістанның ядролық сынақтарынан кейін көптеген сарапшылар таратпаудың халықаралық режимінің күйреу қаупі туралы болжам жасап жатты және бастаманы дамыту үрдісінде күтпеген жерден қиындықтар пайда болды. Алайда сол жылы 3-ші шілдеде болып өткен «Шанхай бестігіне» қатысушы - мемлекеттер басшыларының Алматыдағы кездесуі кезіндегі барлық сөздерінде Орталық Азияда ЯҚАА құру мәселесінің жуықта өткізілген нақ осы ядролық сынақтарға орай сөзсіз маңызды болатындығы баса айтылды.
Осы сенімділіктің дәлелі ретінде 1998 жылы 9-10 шілдеде Бішкекте
«5+5+БҰҰ» (яғни орталық-азиялық бес республика өкілдері, бес ядролық державаның өкілдері және БҰҰ өкілдері) формуласы бойынша ұсынылып отырған «аймақ» туралы келісімнің жобасы талқыланған сарапшылардың халықаралық бас қосуы болып өтті.
Онда Орталық Азияда ЯҚАА қалыптастыру жөніндегі бастаманы жүзеге асырудың тиімді жолдары қарастырылды.
Кездесу барысында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан аталмыш бастаманың құқықтық кеңістігін рәсімдеуді іске асырудағы осы мемлекеттердің ниетін білдіретін «Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру туралы Шартың негізгі элементтері (жоба)» деген құжатты ұсынып, мәлімдеме жасады .
БҰҰ, МАГАТЭ, ҚХР, Франция, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания сарапшылары талқылау барысында құжатқа байланысты ұсыныстар жасап, түсініктемелер берді.
2002 жылы 27 қыркүйекте Самарқан қаласында орталық-азиялық бес мемлекет ЯҚАА құру туралы келісім баптарының тұжырымдамасы турасында ымыраға келуі, 1997 жылы басталған бесжылдық келіссөздер үрдісінің логикалық қорытындысы болды. Орталық Азия елдері оған мүмкіндігінше жуық арада қол қоюға ниет білдірді және шынымен осы
шараға жол ашылған сияқты болған еді, бірақ Қазақстанның ұстанымы бұл үрдісті тежеді.
Ақыры 2005 ж. ақпанда Ташкентте болып өткен Орталық Азия елдері өкілдерінің бас қосуы нәтижесінде осы өңірде ядролық қарусыз аймақ құру туралы шарт мәтінінің жобасы келісілді деп хабарланды.
Инвесторлардың рөлінде аздаған толықтырулармен «ядролық бестік»
сахнаға шығады. Сондықтан, Орталық Азияда қалыптасқан жаңа геосаяси, геостратегиялық және жағдайға байланысты ядролық державалардың аймақтағы тұрақты мүдделері жөнінде сөз қозғауға болады.
Негізінен ресми ядролық державалардың барлығы тегіс Орталық Азияда ЯҚАА құру идеясын қолдайтындықтарын қуаттады. Дегенмен тараптар мүддесін келістіру мен шарт ережелерін қалыптастыру талпыныстарын үйлестіру күрделі шаруа болып шықты. Тарихтан белгілі, Еуропада алғашқы рет мұндай ой айтылғаннан бері елу жылға жуық уақыт өткеніне және ЯҚАА құру туралы ұсыныстардың көптігіне қарамастан онда ядролық қарудан әзірше арыла алмады.
Келіссөздер барысы бір жағынан, тараптардың іркіп кейінге қалдырған ЯҚАА туралы өз пікірлерін біршама айқындауға мүмкіндік берді, өз ұстанымдарын сақтықпен тұжырымдауда да айырықша ынтымақ танытты.
Назарға ұсынылып отырған мәселенің қиындық тудыратын аспектілерін басынан бастап ұғыну үшін ресми ядролық мемлекеттер жақтайтын немес қарсы болатын тұстарын талдаудың маңызы бар.
2002 жылы қазан айында Нью-Йоркте Орталық Азия республикалары мен ядролық мемлекеттер өкілдерінің бірлескен кездесуі өткізілді. Кездесу барысында ядролық державалардың өкілдері өздерінің Шарт мәтінімен мұқият танысулары қажет екенін айтты.
Іс жүзінде ядролық елдер олармен қосымша консультациялар өткізуге және шарт пен оның хаттамасына қол қою ісін ажыратпай, сақтық танытуға шақырды.
Кездесуде сонымен қатар шарт жобасында РАҚ көму жөніндегі Қазақстанның ұсынысы да талқыланды. Қазақстан жағы ұсынған түзетуге қатысты ядролық державалар ешқандай ескерту жасап немесе қарсылық білдірген жоқ.
ЯҚАА құру туралы Шарт, ядролық қарусыз елдердің ондай қаруды жасамау және қабылдамау жөніндегі міндеттемелерін бекітуді ғана көздемейді, сонымен бірге онда ядросыз өңірде орналасқан елдерге қарсы ядролық қару қолданбау және қолданамын деп қоқан-лоқы жасамау туралы ядролық мемлекеттердің міндеттемелері де қарастырылады.
Көп жағдайда аймаққа қатысушы елдердің міндеттемелеріне қосымша ядролық қаруы бар барлық елдер өздеріне ЯҚАА мәртебесін құрметтеуге міндеттеме алса қамтамасыз етілетіні мәлім. Түптеп келгенде бөтен елдің ядролық қаруын өз аумағында орналастырмауға немесе өзінің меншік ядролық қаруын өндіруден бас тартқан елдердің қауіпсіздігі ядролық мемлекеттердің ұстанымына және олардың ядролық қаруды ЯҚАА қарсы қолданбау туралы кепілдіктеріне тәуелді.
КСРО ыдырағаннан кейін ядролық материалдардың сақталуын, оны пайдалану шарттарын, әкелу үшін бақылауға жауап беретін көптеген орталықтандырылған мекемелердің таратылу себептерін бақылау әлсіреді.
ТМД шекарасында тиімді кеден бақылауы, яғни ядролық материалдардың заңсыз саудасын қадағалауға арналған қажетті арнайы құрал-жабдықтар болмады.
Қазіргі кезде Орталық Азия елдерінің экономикасы депрессиялық жағдайдан біртіндеп шыға бастады. Аймақ мемлекеттерінің кейбірінде экономикалық ілгерлеуді білдіретін белгілердің шеті көрінуде. Аталған елдер шаруашылық байланыстарды кеңейтіп жатыр.
Бұл тұрғыдан алғанда орталық - азиялық республикаларда экспорттық бақылау жүйесін енгізу және оны жетілдіру шаралары, ядролық қаруды қоса есептегенде, ЖҚҚ таралу қауіпі халықаралық қауымдастықты алаңдатып отырғанын жете түсінуден туындап отыр [49, 105 б.].
Ядролық материалдардың бақылаусыз таралуы, алаңдаушылық тудырып отырған "сенімсіз" мемлекеттерге немесе бұдан-да жаманы, лаңкестік топтардың қолына түсуін және оның қолдануына алып келуі мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.
Қазақстан ядролық қару таратпау саясатын жүргізіп отырған мемлекет болып табылады. Ел саясатының осындай маңызды элементі халықаралық тұрақтылықты қолдап әрі оны нығайтуға бағытталған сыртқы саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде белгіленді. Қарусыздану мен ядролық қару таратпау саласындағы Қазақстанның саясаты ресми құжаттарда бекітілген.
Президент Н. Назарбаевтың бірқатар еңбектерінде еліміздің осы саладағы доктринасы айқындалған. Қазақстанның әскери доктринасында жаппай қырып-жоятын қарудың таралу қауіпі елдің әскери қауіпсіздігінің негізгі қатері деп танылған.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған уақыттан бері ядролық қару таратпау тәртібін нығайтуға деген еліміздің берік ниетін дәлелдейтін бірқатар нақты шараларды іске асырды. Еліміз ядролық арсеналының көлемі бойынша әлемде төртінші орынды иеленген мемлекеттен іс жүзінде ядролық қарусыз аймаққа айналғаны көрсетілді. Қазақстан ядролық қарудан бас тарту туралы тарихи шешім қабылдады. Бұл қадам өз кезегінде мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықтың ажырамас мүшесі ретінде қалыптасуының ең маңызды алғышаттарының бірі болды.
Шұғыл ядролық қарусыздану міндеті экономикалық сипаттағы қиындықтарға байланысты айтарлықтай күрделене түсті. Қазақстан басшылығы алдында мынадай екі міндет тұрды: бір жағынан отандық өнімді әлемдік нарыққа шығару, халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту болса, екінші жағынан - ядролық қару таратпау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау арасында тепе-теңдікті сактау мәселесі үнемі еске түсіріліп отырды.
1992 жылдан бастап Қазақстан ядролық және қосарланған мақсаттағы өнімдерді өзі сыртқа шығара бастады. Осы кезден бастап республика экспорттық бақылау жүйесінің қатаң белгілерін жасауға кірісті. Сөйтіп
экспортты жүзеге асырудың негізгі қағидалары: ЖҚҚ және қарудың басқа да түрлерін таратпау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау, қосарланған материалдар мен технологияларды экспорттауға мемлекеттік бақылау орнату деп танылды.
Экспорттық бақылау саласындағы ұлттық нормативтік - құкықтық базаны қамтамасыз ету мәселесінде Қазақстан Орталық Азия аймағында көшбасшы екендігі даусыз және ол шетелдік мамандардың бағалауы бойынша халықаралық стандарттарға лайық.
Еліміздегі экспорттық бақылау және ядролық қауіпсіздік проблемалары Еуропалық Одақтың назарынан тыс қалған жоқ. 1999 жылы Атом қуаты жөніндегі Еуропалық Қауымдастық пен Қазақстан арасында ядролық қауіпсіздік жөніндегі келісімді Еуропалық Одақтың магистрлер Кеңесі мақұлдағаннан кейін ол күшіне енді.
Бұл келісім бойынша, атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану саласында Еуропалық Одақ, атом реакторларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған зерттеулерге, радиактивті заттардан қорғану, ядролық қалдықтарды залалсыздандыру, ядролық қондырғыларды демонтаждау және деактивациялау, ядролық материалдардың заңсыз айналымын болдырмауға бағытталған жобаларды ынталандырады.
Қазақстан әрдайым ядролық қаруды таратпау идеясын жақтап, экспорттық бақылау т.б. халықаралық міндеттемелерін мүлтіксіз орындап отыр. Ядролық қарудың таралу қауіпі еліміз үшін шынымен де бос сөз емес.
Ядролық таратпау саласындағы бірқатар халықаралық келісім- шарттардың (ЯҚТШ, ЯСЖТШ) қатысушысы бола отырып, Қазақстан тиісті міндеттемелерін толық орындауда және ЖҚҚ, соның ішінде ядролық қаруды таратпау саясатын дәйектілікпен жүргізіп келеді.
Республика басшылығының ядролық қару таратпау және қарусыздану саласында ұстанып отырған сыртқы саяси бағыты ел мүддесіне сай келеді.
Осы жолда ядролық қарусыздану мен таратпау тәртібін нығайтуға деген еліміздің берік ниетін дәлелдейтін бірқатар нақты шаралар іске асырылды.
Қазіргі кезде республиканың барлық ядролық қондырғылары мен материалдары МАГАТЭ-нің кепілдігі аясына беріліп, олардың сыртқа шығарылуын қадағалайтын экспорттық бақылаудың ұлттық жүйесі құрылды.
Әлбетте, атқарылатын шаруа әлі де болса аз емес. Бірақ ел басшылығы осы бағыттағы жетілдіру жұмыстарын жүргізетіні анық.
XX ғасырдың 90-жылдарында әлем бойынша қолында төртінші ядролық әлеует бола тұра одан ерікті түрде бас тартқан еліміздің ядролық қару таратпау тәртібін нығайтуға қосқан үлесі бағаланды.
Қазақстанның ядролық қарусыз мемлекет мәртебесін қабылдап, қарусыздану мәселесінде оңтайлы шешім қабылдауы халықаралық қауымдастықтың тең құқықты мүшесі ретінде ғаламдық саяси жүйеге кірісу барысында үлкен көмек көрсетті. Бірақ бұл үрдіс едәуір күрделі болғаны анықталды.
Ядролық қарусыздану ісіне ғаламдық көлемдегі үлес қосқан Қазақстан ЯҚТШ бойынша өз міндеттемелерін бұлжытпай орындап отырып, Орталық
Азияда ЯҚАА құру идеясын қолдайды және бұл бастаманы ядролық қарусыздану мұраттарына деген аймақ елдерінің беріктігі ұлғайып келе жатқандығының көрінісі деп бағалайды.
2001 жылы қыркүйекте Республика Парламенті жариялаған үндеуде Қазақстанның Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен бейбітшіліктің сақталуына үлкен мән беретінін және осы өңірдегі ядролық қарудан азат аймақ құру туралы бастаманы жүзеге асыру жөніндегі одан арғы шараларды атқаруға мүдделі екендігі айтылған [50, 166 б.].
Үндеудің түйіндемесінде «әлемдік қауымдастық елдерінің парламенттері мен үкіметтері бүкіл дүние жүзіндегі ядролық қаруды толықтай жоюды қамтамасыз ету мақсатында қажетті шаралар қабылдауға тиіс делінген.
1997 жылы БҰҰ аясында Орталық Азияда ЯҚАА құру туралы Шарт жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Осы уақыттан бастап келіссөздер үрдісі басталды, онда Қазақстан белсенді әрі ұдайы түрде қатысуда.
Орталық Азияда ЯҚАА құру жобасына қатысудың Қазақстан үшін тиімділігі мынада: ЯҚАА туралы Шартқа қосылу әлемдік қауымдастыққа Қазақстанның ЖҚҚ таратпау тәртібін нығайту және ғаламдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге одан әрі үлес қосуға ұмтылысын көрсетеді және республиканың халықаралық сахнадағы беделін жоғарылатады, мемлекетіміздің сыртқы саяси имиджіне жағымды әсер қалыптастырады. Ең бастысы еліміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайтудың қосымша тетігін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан аймақта және жалпы әлемде қалыптасып жатқан жағдайды ескере отырып, ЯҚАА туралы Шартты басқа да екіжақты немесе көпжақты келісімдер бойынша туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайтындығын жақтайды. Бұл ең алдымен 1992 жылы Ташкентте қол қойылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы Шартқа (ҰҚШ) тікелей қатысты.
Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүддесінен шыға отырып, Қазақстан ұстанымы ҰҚШ шеңберіндегі міндеттемелерді ескеру қажеттігіне негізделген, яғни Ресейдің ядролық қаруын ықтимал басқыншыға қарсы тұратын «тежеу құралы» ретінде қарастыру. Аталған шарттың осы ережесі АҚШ, Ұлыбритания және Франция тарапынан келіспеушілік тудырып отыр.
Сондықтан құжаттың қабылдануы осы ядролық державалардың келісіміне байланысты.
ЯҚАА құру мәселесінде қандай-да бір бірыңғай үлгісі болу мүмкін емес.
Әрбір аймақтың өзіне тән ерекшелігі болады. ЯҚАА қалыптастыру жөніндегі келісімді әзірлеу барысында олар ескерілуге тиіс.
Сонымен бірге, ЯҚАА қатысты қолданылатын жалпылама талаптар да бар. Олар ядролық қарусыз аймақ алдына қойылған міндеттерімен және сол өңірдің халықаралық қауіпсіздік жүйесіндегі орнымен анықталады. ЯҚАА- тың басты міндеті - ядролық қарудың таралу аумақтығын шектеу, ал ең басты белгісі - онда қандай да бір ядролық қарудың шын мәнінде жоқ болуы.
- Халықаралық бейбітшілікті сақтауға жауапты БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі болып табылатын ресми ядролық державалар
Орталық Азия өңірінде ЯҚАА құру туралы бастамаға қатысты ұстанымдары толық дерлік айқындалған деуге болады.[51, 78 б.]
Орталық Азиядағы ЯҚАА туралы болашақ шарттың жоғарыда айтылған, ресми ядролық мемлекеттердің қойып отырған талаптарына сәйкес болған жағдайда ғана олар ЯҚАА-қа қатысушы - елдердің барлығына жағымсыз қауіпсіздік кепілдіктерін бере алатындарын жасырмай отыр.
Саяси және экономикалық саладағы интеграция тәжірибесін, ядролық қару таратпау және радиациялық қауіпсіздік, атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану проблемаларын шешуде қолдануға болады.
Қазақстан алғашқы елдердің қатарында, Ресей мен АҚШ Президенттерінің 2006 жылы шілде айында ұсынған, Ядролық терроризм актілерімен күресі жөніндегі жаһандық бастамаға қосылды. 2007 жылғы маусым айында Астана қаласында Жаһандық бастаманың сыртқы істер министр орынбасарларының үшінші кездесуі өтті. Алматыда 6 маусым күні Ұлттық ядролық орталықтың Ядролық физика институтында «Атом- Антитеррор -2008» атты терроризмге қарсы халықаралық оқулары өткізілді.
Ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу жолында Қазақстанның жүргізген сыртқы саясаты мен ресми ұстанымы, аталған салада атқарған іс-шаралары жеке зерттеу тақырыбы бола алады. Республикамыз орасан зор ядролық арсеналын иеленген елден ядролық қарудан толық азат елге дейінгі жолдан өтіп, ядролық қарусыз тарихын жасады.
Қазақстан қарусыздану арқылы таратпаудың тағылымды үлгісін көрсетті.
Ол өзінің ядролық қарусыз тәжірибесімен саяси пікірлесудің тиімді құралын жасап қана қойған жоқ, сонымен бірге оның іске жарайтын үлгісін көрсетуде.Қазіргі кездегі ядролық материалдар экспорттық бақылау мәселесі, өзінің дербес экспорттық жүйесін әлі де болса жетілдіріп үлгермеген Орталық Азия аймағы елдері үшін өзекті болып қалуда. Бұған Орталық Азия республикалары айтарлықтай жауапкершілікпен назар аударып отыр.
Орталық Азия республикаларында атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану және қосарланған мақсаттағы материалдардың заңсыз айналымына тосқауыл қою үшін бақылау орнату саласындағы ұлттық заңнама мен нормативтік- құқықтық актілері халықаралық конвенциялар және келісім-шарттарға сәйкестендіру жұмыстары атқарылуда. Орталық Азия елдерінің осы саладағы күш-жігері мен тәжірибесін біріктіру қажет. Сонда ғана орталық - азиялық мемлекеттердің ядролық қару таратпау саласындағы саясаты шынында да нәтижелі болады.