Қосыбаев М.
докторант 1 курса специальности «тюркология»
ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
«Диуани лұғат-ит-түрік» орта ғасыр жазба ескерткішіндегі сиыр малына қатысты мәдени лексемалар
Мақалада орта ғасыр жазба ескерткіші болып табылатын М.Қашқаридың
«Диуани лұғат-ит-түрік» еңбегіндгі сиыр малына қатысты мәдени лексемалар талданған.
Кілтті сөздер: М.Қашқари, мәдени лексемалар, сиыр.
Махмұд Қашқаридың есімі мен еңбегі – түркі әлеміне кеңінен мәшһүр болып табылады. Оның өмірі мен кезеңі күрделі де қиын болғанымен, басты туындысы –түркі жұртының тарихы мен тағылымын, өмір-тұрмыс сырларын, мәдени-рухани мәселелерін кеңінен қарастыруымен де мән-маңызы жоғары болды. Әсіресе, түркі тілді халықтардың ортағасырлық кезеңінде – энциклопедиялық еңбек ретінде қымбат қазыналар қатарына қосылды. Сол себепті тек қазақ қана емес бүкіл түркі халықтарының ортақ мұрасы болып табылатын М.Қашқаридың «Диуани-лұғат-ит-түрік» жазба ескерткішінің мәдени лексемаларын анықтау, халықтың жадында сақталып бүгінгі күнге жеткен салт-дәстүр, тұрмыс-тіршілік, мәдениетіне байланысты сөз қорын толық меңгеріп, өзіндік нақыш- бояуымен келесі ұрпаққа табыс ету – қазақ тілінің тарихи аспектідегі мәдени лексемаларын зерттеп, зерделеудегі маңызды міндеттердің қатарына жатады. Соның бірі М.Қашақри еңбегіндегі төрт түліктің бірі болып табылатын сиыр малына қатысты мәдени лексемалар.
«Сиыр» лексемасы «Диуани лұғат-ит-түрікте» сығыр, ұд, іңек нұсқаларында кездеседі. Сиыр сөзі түркі тілдерінде кең тарағандығына қарамастан, кейбір тілдерде өзгеше дыбысталатыны көруге болады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «мүйізді ірі қара мал; төрт түліктің бірі» [1, 301]
деген анықтама берілген. Қарақалпақ, құмық, ноғай, татар тілдерінде - сиыр, Қырғызстанның оңтүстік аймағында - йинек, қазақтармен көршілес аудандарда - сиыр, жалпы қырғыз тілінде - уй, ұйғыр тілінде –сіиір, серә, түрікмендерде – сығыр, сахаларда-ынах, туваларда инек т.б. деп аталады.
Сиыр малының тағы бір атауын М.Қашқари «ұд» деп береді. Сөздікте автор «Түрік халықтардың қабылдаған он екі жылдың бірі ұд иылы –сиыр жылы деп аталады» [2, 73] деп көрсетеді. Жалпы түркі тілдерінің тұрғысынан алып қарағанда сығыр (сиыр) лексемасы әдеби нормаға сай келеді де, ұд лексемасы одан тысқары ысырылып қалатын сияқты. Осыдан барып оның қолдану аясы тарылған. Сиыр атауының түп төркінін түркі тілдеріндегі «сир, сири» сығу, сығып шығару, сауу мағыналарымен байланыстыруға болады.
Яғни сауатын мал – сығыр мал. Кейінірек мал сөзі түсіріліп сығыр//сиыр түрінде қолданылған.
Іңек сөзі жәдігерде сиыр малының тағы бір атауы ретінде көрсетіледі. [2, 142]. Бірқатар түркі тілдерінде осы тұлғадағы ң дыбысы н фонемасымен алмасып келіп отырады: әзірбайжан, өзбек, ұйғыр-инек, алтай, гагауыз, қырғыз, тува, түрікмен, хакас-инэк, чуваш-енэ, саха-ынах.
Сөз түбірі ине//ене болса керек. Ол «ана, ене, ұрғашы» деген мағына береді. Инек (сиыр), иңен (інген), инек (ұрғашы тасбақа) деген сөздер - өзара түбірлес. Сөз соңындағы «к» дыбысы (іңек) - әдетте жалғана беретін сөзжасам көрсеткіші, өнімді жұрнақ.
Сиыр малының жынысы мен жасына байланысты атаулардың ішндегі жоғарыда көрсетілген сығыр, ұд, іңек сөздері – ұрғашы малға тиесілі лексемалар. Олардың негізгі атқаратын міндеттері – сауын сиыры болу. Ірі қараның еркектеріне байланысты атаулар сөздікте «бұқа, өгіз, оп, мама» деп беріледі.
Бұқа сиыр малының тұқым тарататын еркегі [3, 905]. Қазіргі түркі тілдерінде әзірбайжанша, гагауызша, қарақалпақша – буға, алтайша, қырғызша, өзбекше, ұйғырша –буқа, ноғайша, татарша – буғай, түрікше – боға, хакасша – пуға, моңғолша – буч(а). Сөз төркіні, түбірі туралы түркітанушылар жорамалына келсек, бұқа, бугу(бүғы), буғра сөздерінің түбірлестігі жайлы айтады. А.М.Щербактың айтуынша «татарский и ногайский буғай по внешной форме является заимствованием из русского языка, который это же слово в форме буга заимствовал несколько раньше из других тюркских языков или у монголов и придал ему, в соответствии со значением, конечный й (j) ң» [4, 99].
Әйтсе де, сөз соңындағы й дыбысы орыс тілінің емес, түркі тілінің өз дыбысы болу керек. Өйткені, түркі тілдерінде сөз соңында келетін й-ге аяқталатын (тиви//тевай, апай, әкей т.б.) сөздер баршылық. Еркелету, кішірейту, аялау, сыйлау реңктерін беретін көне жұрнақ. А.М.Щербак түркі тілдерінде айтылатын бұқа сөзі мен орыстың бык сөзі өзара тамырлас болуы керек деп табады, бірақ арнайы зерттемейді [4, 99]. Е.Н.Шипова бұқа сөзін бугай сөзімен салыстырады, бұл сөздердің ортақ түбірі жайында айтылған түркітанушылардың жорамалдарын келтіреді. Кейбір ғалымдар буқа (бұқа), бугу (бұғы) және буғра (бура) сөздерін түбірлес болу керек деп ойлайды. Сөз төркініне келсек, саха, моңғол тілдерінде күшті, мықты, әлді, берік мағыналарын білдіретін бөгө, бөк сөздері кездеседі.
Бұқа сөзімен тіркескен сөздердің малдың жасын білдіретіндігін А.Щербак аталған еңбегінде айтып өтеді. Мысалы: Әзербайжан диалектісіндегі буғана дуран – екі жасар бұқашық, иаз буға – екі жас пен үш жас аралығындағы бұқашық, гагауз тілінде буа алті –үш жасар бұқа. Қазақ тілінде де бұқа сөзімен тіркесіп жастық мөлшер білдіретін атаулар бар (бұқашық, бұқаша, жайынша бұқа, құнан бүқа, дөнен бұқа, бесті бұқа). Жалпы алғанда бұқа қазақ дүниетанымында үлкен күштің бейнесі ретінде де қалыптасқан. Тұрмысында бұқа малын жиі қолданған қазақ тек дөрекілігін ғана сипаттап қоймастан, оның күштілігін, қуаттылығын да мойындаған. Осыған орай үлкен тойларда екі кісінің мойнына арқан салып тартысып, күш сынасатын ұлттық ойынын
«Бұқатартыс» деп атаған. Сондай-ақ қатты ағын су жолына қойылған қамыс бөгетті бұқа деп, суы мол бас арықты бұқа арық деп атаған. Ал бұқаның
жағымсыз қасиеттеріне байланысты бұқа мойын (жуан мойын), бұқа көзденді (көзін сүзе қарау), бұқа тамақ (алқымы салбыраған, бұғағы салыңқы) сынды адам бойындағы жарамсыздықты білдіретін тұрақты тіркестер де тілімізде ұшырасып жатады.
Сиыр малының піштірілген еркегі сөздікте «өгүз» деп беріледі.Бұл сөз араб графикасының ерекшеліктеріне байланысты «өкүз» деп те қолданылады.
Сөздікте «Өкүз азақы болғынша бұзағұ башы болса ииг - Өгіздің аяғы болғанша, бұзаудың басы болса игі. Бұл мақал «басқаға жүгінді болғаннан, бас- басына болған артық» деген мағынада қолданылады» деп көрсетіледі [2, 88].
Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде «өгіз – күш көлік ретінде пайдаланылатын сиыр малының еркегі» деп көрсетіледі [1, 507]. Тұқымға жарамайтын еркек тананы 3-5 айлығында піштіріп, семіртіп етке де пайдаланады. Ал, жұмысқа пайдаланатындарын 8-12 айлығында піштіреді. Піштірілген еркек малдың бұл түрінің аталуы басқа түркі тілдерінде төмендегідей дыбыстық құрамда кездеседі. Қырғыз тілінде -өгүз, ұйғыр тілінде –хөкүз, түрікмендерде -өкүз, қарақалпақ, ноғайларда -өгіз, өзбектерде –хукіз диалектілерінде –укіз, хәвкуз, сахаларда –ат оғус. Қазіргі түркі тілдерінде өкүз лексемасының бірнеше фонетикалық варианттары болғанымен, олардың ішіндегі ең ескісі деп, оғуз тұлғасын атайды [4, 98]. Алтайтану мен түркітануда ежелден мәлім р//з заңдылығы осы сөзден айқын көрінеді: түркі тілдері «р» – тіл болып бөлінгенде вахар, ухер болып, «з» - тілде өгүз, хукіз түрінде айтылып кеткен.
Орта ғасыр түркілердің тілі – «з» – мен айтылатын тілдердің қатарына жатады.
Оғуз сөзінің құрамындағы үстеме қосылып отырған дауыссыз дыбыстарды (в, х) А.М.Щербак инкурсия заңдылығы арқылы жасалған деп қарайды. Өте бір ерте заманда осы лексема үндіеуропа тілдерінен ауысқан болуы керек деген де жорамал жоқ емес. Мысалы, белгілі түркітанушы Г.Клаузон солай дейтін көрінеді [4, 98]. Оғуз сөзі о баста малдың піштірілген, піштірілмегендігіне қарамастан, еркек малға қатытсты айтылған болуы керек, ал орта ғасырлардан бастап түркі тілдерінде бұқа атауы кеңірек қолданыла бастағандықтан өгіз атауының қолданылу аясы тарылып, қазір тілімізде пайдаланылып жүрген мазмұнға сәйкес келсе керек. Өгіз атауымен тіркесіп жас мөлшерінің әр түрлі кезеңін білдіретін атаулар: өгізше, жай өгіз, құнан өгіз, дөнен өгіз, ажан өгіз т.б. Бір
Сиыр малының жасына байланысты «Диуани лұғат-ит-түрікте» жиі кездесетін сөздің бірі – бұзағу [3, 417]. Бұл атау өзара генетикалық байланысы бар әр түрлі дыбыстық нұсқада айтылады. Осыған орай түркі тілдері бұзау атауына байланысты «р» және «з» тобы болып екіге бөлінеді. «З» тобы:
алтайша -біза-бозу, башқұртша –бізау, балқарша –бузоу, қарақалпақша, құмықша –бузав, қырғызша –музо, ноғайша –бузав, бізав, өзбекше –бузак, татарша –бозау, туваша -біза, түрікше –бұзағі, ұйғырша –мөзай, хакасша –бізо.
«Р» тобы: чувашша пару, сахаша бороску, бороско (төрт-бес айлық), борон (бір жастағысы) т,б. Бұл сөздің этимологиясын зерттеген А.М.Щербак түркі тілдеріндегі атаулардың дыбыстық-мағыналық нұсқаларын салыстыра келіп, оның түптұлғасы (праформасы) бұзағу-бурағу (буз -бур) «темный, серый»
көнетүркілік буз(боз) сөзі бұзаудың түлеп, жүні бозарған уақытын білдіреді дей
келе, саханың боруоску (жүні бозарған бұзау, төрт-бес айдан кейін оның түсі осылай өзгереді) сөзінің түбірі бор з//р заңдылығы бойынша жасалған (боз-бор, буз-бур) деген тұжырым жасайды [4, 100]. Алайда, біздің байқауымызша бор, боз «ақшыл», «сұр» дегенді білдіретін түр-түс атауын денотаттық белгісі ретінде қарап, сөздің этимологиялық негізі етіп алу талас тудыратын секілді.
Өйткені сиырдың төлі енесінен туғанда тек сұр, ақшыл сұр ғана емес, қоңыр қызыл, қара, тарғыл т.б. бола береді. Сондықтан тілімізде қара бұзау, қоңыр бұзау, ақ бұзау, тарғыл бұзау, қара ала бұзау сияқты төлдің түр-түсіне байланысты атаулар жиі кездеседі.
Біздің топшылауымызша бұзағу-бұзау-бурағу//борасху сөздерінің түп төркіні, жоғарыда аталғандай, «туу» мағынасын білдіретін «бор» деген түптұлғаға саяды. Біз бұл жерде Р//З дыбысының алмасуы жөніндегі дәстүрлі көзқарасқа сүйенеміз. Сонымен бота, бұзау сөздерінің этимологиялық негізі
«туу» деген жалпылауыш семантикаға ие «бор» деген түп тұлғаға саяды.
Бір жасар бұзауды М.Қашқари «турбы» деп атайды да, ал екі жасар бұзаудың еркегін «тазун», оның ұрғашысын «тіші тазун» деп береді [3, 905].
Сиыр малының жасына қарай қойылған қазақ тілінде торпақ деген атау бар(сиыр төлінің бір жасқа дейінгі жынысына еркек, ұрғашысына ортақ аты).
Торбы сөзі осы торпақ сөзімен түбірлес болса керек. «Диуани лұғат-ит- түріктегі» торбы лексемасы сөз соңындағы «қ» дауыссыз дыбысының айтылмай түсіп қалуына байланысты қалыптасқан.
Халық даналары: «жаман сиыр өрешіл» деп, «құдай сүзеген сиырға мүйіз бермейді» деген, «сиыр сипағанды білмейді» деп, «сиыр мінез» - теріс, шадырмінезді кісілерді осылай атаған екен. «Мүйіздескен сиырдай тіркесі»- жанжалдасу, өзара қастасу мағынасында жұмсалады. «Осырған сиырдай қылды» - әбден ұялтты, масқаралады деген ұғымды білдіреді. Мысалы: Кешегі жаптым жала жақтым күйеге салынған адамды барша кісі осырған сиырдай етті (А.Тоқмағанбетов). Ал, «сиырдың бүйрегіндей бытырады» бұл – бет-бетіне, жан-жаққа тарап кетті мағынасында. Мәселен: Жүр, анда! Сиырдың бүйрегіндей бытырауға айналған екенбіз, тек арты қайырлы болсын (С.Мұқанов). «Сиыр құйымшақтатты»- аяқсыз қалдырып берекесіз етті мағынасында қолданылатын сөз тіркесі. Мысал келтірер болсақ: Матайдың сөзінің басы қандай болса да, аяғы сиыр құйымшақтап келіп, қылдай болып кетті (М.Әуезов). Бәрі де сау сиырдың боғы емес, үшеуі де бірдей. Бәрінің де ұрлығы бірдей деген сөйлемдегі сау сиырдың боғы емес тұрақты тіркесі бір бәлесі, сұмдығы бар деген мағына беріп тұр. Сиырдың жорғасы секілденіп қартайғанда жалғыз өзім болсам деймін (Абай). Осы сөйлемдегі фразеологизм еп қуып, майда жүріске салыну ұғымын білдіріп тұр.
Әдебиеттер
1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, 1986. – VIII т. – 301 б.
2. Махмұт Қашқари Түрік сөздігі / аударған А.Қ.Егеубай. – Алматы:
«Хант» баспасы, 1997. – I-III т.
3. Ауезова.З.-А. М. Махмуд ал-Кашгари Диван Лугат ат-Турк. – Алматы, 2005. – 108 б.
4. Щербак А.М. Названия домашних и диких животных в тюркских языках //
Историческое развитие лексики тюркских языков. – М., 1961.
– 460 б.
Аннотация
В статье рассматриваются лингвокультуремы в средневековом письменном памятнике «Дивани лугат-ит-турк», относящиеся к домашним животным, в частности к корове.
Ключевые слова: М.Кашгари, лингвокультуремы, корова.
Abstract
In this article are concerned cultural lexemes, which are connected with domestic animals, partially with cow in the text of medieval written monuments of Makhmud Kashgari “Divani lugat it turk”.
Кeywords: M.Kashgari, cultural lexemes, cow.