• Tidak ada hasil yang ditemukan

КЕРЕЙ ЖƏНІБЕК

Dalam dokumen ХАБАРШЫСЫ ВЕСТНИК (Halaman 107-113)

107

Р. Т. ƏЛМҰХАНОВА

108

Бұған қоса Жəнібек нағашысының аулына келгенінде ұраны Абақ Керей екенін білмеуінің себебі де белгілі болады. Шежіре бойынша, Абақ (Əппақ) − əйел адам. Патриархал дəуірінде де бұл есім қастерлі болған, əйтпесе, тұтас рудың ұранына айналмас еді. Осы екі жағдай, яғни болашақ батырдың өз отбасы, əулетінен емес, нағашы жұртының қолдап, ел қорғауға аттануы жəне өз руының ұранын «білмей қалуының» сыры – оның нағашы жұрты мықты болғаны халық жадында жақсы сақталғанын айғақтайды. Оның үстіне Жəнібек 9 жасында əкесінен жетім қалып, Досымбектің жəне бір мезет əкесінің нағашысы əйгілі Қазыбек бидің тəрбиесінде болған.

Досымбек жиенінің руы Абақ Керей екенін, ұрансыз елде береке болмайтынын айтып, егер ол елдің ұраны болмаса, ел жияр біреудің туып, соның есімі ұранға айналатынын жеткізеді [1, 179-б.].

Яғни жыр бойынша идеологиялық салмақ Досымбек қарт образына жүктелген.

Солайша Жəнібек «Қайран елдің түңлігін Қайтып қана оңдайды» деген «қайғыға» салынған.

Ақырында, тіпті, Жəнібектің екі арлан қорғаушысы бар деп аңыз айту ел қорғаған батырды насихаттауға қызмет еткен. Қорғаушысы бар дегеннің өзін халық түрліше құбылтқан. Досымбектің балалары Жəнібек сұраған көк дөненді бермей қойғанда, ол ренжіп, қалың теріскенді бұйратта, жол шетінде ұйықтап қалған. Осы кезде артынан іздеп шыққан Досымбек оның екі иығында екі қасқырдың көзі от боп жанып тұрғанын көріп, Жəнібекке қауіп төніп тұр екен деп ойлап, сасқалақтап, атын борбайға салып, қасына жетіп келеді. Сөйтсе ешқандай қасқыр жоқ. Нағашы болса да:

Ой, шырағым, балалар, Жиенді қабыл көріңдер.

Көк дөненді беріңдер, Аш арыстан тек қайтпас, Еліңді шауып кетеді, Тақ түбіңе жетеді.

Он екі жасар жас бала Сөйлесе, сөзге көп дана.

Көк дөненді бермесең,

Елді бір қылар масқара! [4, Б.207-208],

деген. Жəнібек өзі сұраған көк дөненді ала алмаса да, бұл оның өз нағашысының аулын шабатын жағдай емес, сондықтан мұндай сөздер болашақта батыр болатын кейіпкерді таныстыру мақсатында қосылған. Жəне фольклор болғандықтан, Жəнібектің қорғаушы көк бөрісі бар дегеннің өзін халық өз білгенінше дамытып, ол ұйықтап жатқанында иығында екі қасқырдың көзі жанып тұрған деп, əсірелеп жеткізген.

Батырлық жырларда ел қорғар батырдың бала жастан ерекше болатынын таныту үшін ғажайып тумыс, алғашқы ойын сарындары қолданылса, тарихи кейіпкер үшін бұл жағдай сəл өзгеріске түскен. Жəнібектің қасында екі арлан жүргенін байқаса да қарт Досымбек «Кеудесі асыл, бөксесі Жасық па деп жылаған». Бұл Абылай хан мен Олжабайды салыстырып айтқан Қалдан Сереннің сөзін еске түсіреді. Бөксенің жасық болуы не ұрпақсыздықты немесе ұрпақтың елге қорған бола алмайтын əлсіздігімен байланысты айтылса керек. Дегенмен Олжабай да, Жəнібек те ұрпақсыз емес.

Жəне 1760 жылдары ер Жəнібек Қабанбай, Бөгенбайлармен бірге жоңғардың қарақшыланып кеткен нояны Баржаптың апанын ойрандау жолында Алтайдың шұңқыры деген жерінде алып Маңжыланды өлтіріп, кесіп алған құлағы (бір аңызда − төбе сүйегі) ұзақ уақыт ұрпақтарында сақталған. Басқа да деректер Жəнібектің үлкен ұлы − Ноғай, сегізінші ұрпағы Мырзақымбет екенін айтып, айғақтайды.

Сондықтан «Бөксесі жасық» деген қолданыс алдыңғы буынның кейінгі буынды сынауымен байланысты, бұл Жəнібектің тұлғасына көлеңке түсіретін сөз емес.

Досымбек қарт өз ұлдарынан асып, Жəнібек сұраған көк бестіні əпере алмаса да, оның тұқымы − көк құнанды жəне шалды есіңе салар деп, өзінің алпыс жылдық жолдасы − сауытын, қалқан, найза, қылышын сыйлаған.

Демек жырда ұраны Абақ Керей екенін білмесе де, Жəнібек үлкеннің назарынан, оның қол- дауынан тыс қалмаған. Тарихи соғыста атағы шыққан Жəнібектің ел қорғайтын тұлғалы азамат ретіндегі қалыптасуындағы алғышарттар осылайша көрінген.

109

Жырларда қазақтың елдігі үлкен сынға түсіп тұрған заманда Жəнібектің Абылай ханның қасынан табылуына да нағашысы ықпал еткен деп айтылады [1, 182-б.].

Ал, С. Сағатжанұлының жинаған аңызы бойынша, Жəнібектің алғашқы шайқасты өткізуі Шідерті мен Текелі ойпатындағы жоңғардың бетін қайтару кезінде болған. Сол замандағы дəстүр бойынша жекпе-жекке шығып, Садырды өлтіргенде Жəнібек 17 жаста, сол кезде оның қасында Бармақ батыр жас батырдың намысын жанитын сөздер айтып, алдағы шайқасқа дайын екендігін бағалаған.

Ерлік көрсететін адамның батырға тəн аты болуы керек, Жəнібек мінген көк атқа Абылай ханның көзі түсуі осы сарынның қызметін атқарған. Хан атқа мұқтаж емес, бірақ бұл – Жəнібектің тұлғасын батырға тəн етіп жасаудың бірінші қадамы.

«Ер кезегі үшке дейін», эпостық кейіпкерлер бір ғана сыннан өтіп қоймай, небір мифологиялық құбыжықтарды жеңуі қалыпты жағдай. Осы сияқты əлі соғысқа қатыспаған Жəнібектің сыннан өтуі де бірнеше саты арқылы жасалған. Ол тек моладағы жағдай ғана емес, архаикалық сюжеттер бойынша екі түрлі аңмен − жылан, аюмен «кездестірілген». Аузына кіргелі тұрған жыланнан сескенбей, басын қыршып, тістейді де, өзі Алатауды жаңғыртып, күліп кеткен. Жыланның басын қыршып, тістеп, Жəнібектің Алатауды жаңғыртып, күліп кетуі − фольклорлық əсірелеу. Соның өзінде жыланнан қорықпақ түгілі, оны місе тұтпауды танытады жəне жыланды қауіптің символы ретінде танытқан метафоралық тəсіл қолданылған. Аюды өлтіру үшін Жəнібек, тіпті, саусағының ұшын да тигізбеген деп айтылған. Мұндағы аң жауды ауыспалы мағынада жеткізудің ашық түрі ретінде берілмеген. Бірақ осылайша жауға Жəнібектің бір ақырғанының өзі жеткілікті болады деген ой дарытады.

Айдаһардың төбе сүйегі деп жүрген нəрсе əр жерінде үш-ақ тесігі бар қырлы сарғыш сүйек екені, оның ешқандай хайуанның сүйегіне ұқсамайтынын көз көргендер айтқан [4, 5-б.]. Демек жойқын соғыстарда елді қорғаған батыр туралы əңгімелердің т.б. фольклорлық жанрлардың белсенді кезінде шыққан əсірелеу кейін зардапты соғыстар бірте-бірте халық жадында белсенді ықпалын жойып, реалды санаға ауысқан кезде оның дəл өздері сеніп жүргендей нəрсе еместігін түсінген. Алайда бұл бертінгі заманда ғана мойындалады. Демек осыған дейін Жəнібек өлтірген айдаһардың төбе сүйегі деген сенімнің болуы батырдың халық арасындағы абырой-беделі күштілігін айғақтайды.

Бір аңызда Жəнібек айдаһарға да тиіспеген. Хайуаннан қорқып, ұйлығып тұрған қолдың алдына Жəнібек шығып, қылышын қынабынан суырып, айдаһарға ұмтылыпты. Сонда:

Көк дөнен көкке ыршыды қамшы батып, Абылай неге қашты босқа шатып, Баланың айбатына шыдай алмай, Айдаһар мысықтай боп қалды жатып, − дейді. Айдаһар бұғып қалғаннан кейін Жəнібек іркіліп тұрған қолға:

− Өтіңдер! − деп бұйырыпты. Қайысқан қалың қол іркес-тіркес, умақ-шумақ өтіп болғаннан кейін артынан Жəнібек өтіпті. Айдаһар бұққан басын көтермеген соң Жəнібек қол жұмсамапты, − деп баяндалады. Батырдың бір ақырған даусынан жүрегі жарылып өлген аю мен бұққан басын көтере алмаған айдаһарды қосу арқылы фольклор эпикалық ашу сарынын енгізген. Бұл Жəнібектің ерекше зор күш иесі екенін таныту мақсатында қолданылған. Əдетте архаикалық эпостарда батыр- лар мифологиялық құбыжықтармен кездесіп, оларды жеңсе, кейінгі дəстүрлі батырлық жырларда нақты жаулардың этностық белгілері аталады да, құбыжықтармен «кездестіру» кейінге қалған.

Дегенмен хайуанның мықтылығы əлі халық санасында ықпалды болғандықтан, айдаһармен, аюмен

«кездесулердің» қосылуы орын алады. Демек бұл орайда Жəнібек дəстүрлі батырлық эпостар- дағыдай эпикалық ашу сарыны бойынша ол хайуандарды «жайратады». Қалмақ тарихи жау болған кезеңге арналған фольклорлық шығармаларда басымдылық осы эпикалық ашу сарынына түседі.

Негізі қазақ батырлық жəне тарихи эпостарында соғыс қимылдары, қан майданның суреті кең суреттелмейді. Олардың орнына «жаудың қанын судай шашады» дегендей метафоралық тəсіл- дермен монументальді сурет жасау халық санасына ықпалды саналған. Алайда Жəнібекке қатысты аңыздарда соғыстағы жағдайды кеңірек тарқатып айтуға ұмтылу байқалады. Бұл, əрине, аңызды айтушыға, оның білім мен шеберлігіне байланысты. Осындай бір аңызда «Айдаһардан өткеннен

110

кейін қолбасшылық орданың алыпсоқтары орналастырған белгілеме бойынша қалың қол тағы ілгерілепті», − деп белгілі дəрежеде нақтылау мақсатында хабар береді. Осы аңызда қалмақтың батыры Садыр қазақтарға ой-шұңқыры беймəлім əрі күтпеген жерден атой салып, шауып шығып, Абылай ханның Ақтангер атына оқ тиеді. Жан алысып, жан берісетін мұндай соғыс жағдайында Абылай ханның сасып қалуы əбден мүмкін. Бірақ:

Қазақтың қолы қашты ғой, Кəпірдің қолы басты ғой, Ақтангерге оқ тиіп, Абылай жаман састы ғой, Абылай жаман састы ғой, Дулығасы басынан түсіп, Үш аяқтап жатты ғой, −

дегенде қазақ-қалмақ қырғынында жеңістің алма-кезек болғанын, Ақтангері «Үш аяқтап жатып қалған», «Дулығасы басынан түскен» Абылайдың қиын жағдайда қалғанын жеткізеді. Ханның бір мезгіл «əлсіз» болып көрінуі Жəнібекке арналған аңыз үшін сыйымды. Өйткені Жəнібек дəл осындай сын сағатта көмекке келіп, қазақтың қолын да, ханды да қорғаған деп аңыздалған [4, 217-б.].

Ханды əлсіз етіп көрсету басты мақсат емес, мұнда қайта хан мен батырдың күш біріктіргені жеткізілген. Ұлттың намысы, мемлекеттің абыройы үшін ел басы − хан атсыз да қалмауы керек, жау қолына да түспеуі керек. Қазақтың елдік намысына тиер осы екі жағдайда да Жəнібек Абылай ханның қасынан табылған. Ел қорғар тұлғаның үлкен деңгейдегі тұлға екені оның ханға ат беріп, арашалауы арқылы байқалады. Жəне олжадан оймақтай да пайда көруді ойламайды деп жеткізілген. Абылай хан Жəнібектің тегін адам еместігін ойлап, не тілегі бар екенін сұрап, оң тізесінен орын береді. Жəнібек:

Хан менің елім үшін тізе берсін, Əз басым бір құрбандық түзде өлетін.

Елімнің терезесі елмен тең боп,

Түтіні кез туса екен түзелетін [1, 194-б.], −

дейді. Бұл сөздерден тарихи соғыс үстінде ел намысын ойлаған, халық қамын армен, үлкен оймен шешетін азаматтық тұлға сомдалған. Егер жырдың басында Жəнібек өз руының, яғни елінің ұра- нын білмей қалғаны айтылса, Абылай ханның оң тізесін ала отырып, Керейді өзі жиып, басқаратын болады. Демек Жəнібек өз руының ұранын білмеді деу жыршылардың жыр сюжетін ширықтыру мақсатымен жасалған. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген қағиданың үстемдік құрған заманында мұндай жағдайдың орын алуы, тіпті, мүмкін емес.

Абылай ханның оң тізесін алғаннан кейін Жəнібектің екінші тілегі − сарбаз жиып, сардарын сайлап, найзасын өткір қайрап, жау алдында ойнату. «Бұл тілегіңді Алла берсін!», − деген екен сонда Абылай хан оны арқасынан қағып. Бұл тілек нағыз ел қорғауды аңсаған ақылды азаматтың айтар сөзі ретінде берілген жəне сол тілек қабыл болған. Ал Жəнібек үшінші тілек ретінде:

− Анамыз − Абақ, желкілдеген желегі, ту көтерген ел еді. Енді сардар сайлап, жасақ жасағанда түскен төбеме, шыққан тауыма қадайтын туымды белгілеп беріңіз, − депті. Сонда қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қара тамақ найзаға сапталған, ені түс жара (кітапта осылай жазылған), қызыл сары жібек шашақты қытайы ақ торғыннан жасалған үлкен туды ұсынған [3, 167-б.]. Сонда Керейлер тар жол, тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те, Жəнібектің алдын кесе өтпейміз деп, ант берген екен. Осылайша Жəнібек бүкіл Керейдің ұранына айналған, мұның басты алғышарты − батырлығы, елін сүйе білген терең парасат пайымының мойындалуы екені түсінікті.

Мəшһүр Жүсіп Көпейұлының: «Біз бұрыннан естуші едік: Үш Жəнібек болған деп, − Бірі − Əз- Жəнібек, бірі − Өр Жəнібек, бірі − Қыз Жəнібек», − деп жазғанындағы Қыз Жəнібек осы − Керей Жəнібек. Қыз Жəнібек дегеннің өзі, бір қарағанда, болымсыздықты, ерге тəн емес мінезді сездірген сияқты, алайда, «Мəшһүр Жүсіп «Қыз Жəнібек Керейден шыққан, өзін өмірінде жан ашуландыра алмаған, орысқа бағынбаған. Бодамсыз Керейді бастап, аудырған. Осы Қыз Жəнібек бара бетінде жолшыбай жолаушылықта қаза тапқан» [5, 87-б.]. Орысқа бағынбаған Жəнібек болымсыз тұлға еместігі осылайша анықталады.

Оның соғыс үстіндегі бейнесі:

111 Көріп жауды Жəнібек, Көк дөненмен жосылтты...

Кеудесі асқан Садырдың Арыстандай атылып, Алдына жетіп барады.

Жəнекеңнің мінгені, Бөктергілі көк дөнен Келе жатқан Садырды Қарсы тұрды көлденең Ителгідей ілісті, Түрікпендей тұрысты, Қаршығадай қағысты, Айғырдайын алысты, Бұқадайын тіресті, Бурадайын шайнасты Қошқардайын қойысып,

Шарт-сұрт етіп қалысты [4, Б. 217-218],

деп, батырлық эпостың кейіпкерлеріндей таныстырылған. Жəнібек батырдың эпикалық Мені:

Жөнімді менің сұрасаң, Он екі Керей арыспын Аузым кере қарыспын Тезге салсаң, түзелмес,

Ағаштан шыққан шалыспын [1, 198-б.], − деп, Тіленші биге айтқан сөзі арқылы жасалған.

Батырлық эпос кейіпкерлері сияқты Жəнібек те − алып ұйқының адамы. Ол бір ұйықтағанда үш күн, үш түн ұйықтайды деп берілген. Əрине ел тағдыры шешіліп жатқан шайқастар кезінде үш күн, үш түн ұйықтап жату мүмкін емес, сондықтан бұл да фольклорлық əсірелеу, бірақ тарихқа, қазаққа еңбек сіңірген адамның ерекшелігін таныту мақсатында қолданылғаны түсінікті.

Қоңтайшыға барған елшілерге атқосшы болған Абылайдың ұйықтағанында жатқан жатысының өзінен дүниенің төрт бұрышын билейтін адамның түрін танытқаны айтылса, мұндай мықтылық Жəнібекке де таңылған.

Егер «Алпамыс батыр» жырында Алпамыс пен Ұлтан антитеза болса, мұндай шендестіру «Ер Жəнібекте» де орын алған. Абылай ханның оң тізесін жас баланың алуын көпсінген Тіленші де антитеза мақсатында алынған. Өйткені оның əкесі − Бекболат − құл, шешесі күң екені айтылған.

Оның ел қорғар батырды тани алмаған таяз ойлы екені қызғаншақтығы арқылы көрінеді.

Жəнібектен туған баланың осал болмайтынын ойлап, Садырдың кегін сол бала арқылы алмақшы болған қалмақ қызын қазақ батырларының ешқайсысы да сауғаға алмай, сол жерде өлтірілгенін айту да идеологиялық қызмет атқарған.

Керей Жəнібек дүниеге келгенде Шақшақ Жəнібектің бата беріп, есімін Жəнібек деп қойғанын тарихи түрде дəйектеу мүмкін емес. Бірақ қазақ пен қалмақ шайқасы кезінде Бөгенбай қартайса да, ел басына түскен жойқын соғыстан тыс қалмаған, яғни заманы бір тұлғалар. Сондықтан Шақшақұлы Жəнібектің Керей Жəнібекке бата беруі əбден мүмкін. Аңыздар бойынша, Шақшақ Жəнібек бата бере отырып, сəбидің ата-анасына қарап: − Бесігін көтергенде көңілім толды, өз атымды қояйын, аты Жəнібек болсын! Біреулерге атын атап, боқтатпа, ат жалын тартып мінгенде, алған бетінен тоқтатпа [3, 164-б.], − деген.

Сонымен бірге Керей Жəнібек − батыр ғана емес, ол Керей мен Найман арасындағы егестерде ақылымен тоқтау сала білетін, сөзге шешен ретінде де сомдалған [2, 133-б.].

Аңыздарда Керей Жəнібектің Сыр бойында дүниеге келгені айтылса, кейін батыр атағы шығып, Абылайдың оң тізесін алумен бірге туын да көтере білген соң өз елін Алтай жаққа көшірген екен деп баяндалған. Демек Жəнібек заманы тар жол, тайғақ кешу болған соң елінің бірлігін ойлап, білек күшін жауға жұмсап, халқына айтар сөзін тыңдата білетін, ханын сыйлай білетін парасатты рухани жан дүниесі бай толық адам деңгейінде халық жадында қалған.

Абылай қалмақтың ханы Еженге елшілікке адам таңдағанда Жəнібекке салмақ салуы да бекер емес, ол өзіне жүктелген міндетті ойдағыдай атқарған.

112

Қорыта айтқанда, Керей Жəнібек тарихи тұлға болғанымен, фольклорға сай даралау тəсілдері мейлінше кең қолданылған. Өйткені оның батырлығы, ақыл-ойы халықтық мүдделермен астасқан.

Ішкі жəне сыртқы саясатқа белсене араласқаны жəне халықтың тағдырлы сəттерінде ел мүддесін ойлауы ел арасында ұзақ уақытқа рухани күш болған. Тіпті 1940 жылдары Қытайда Гоминданға қарсы көтеріліске шыққан Оралтай елі Жəнібектің ақ туын ұстап, батырдың есімін ұран еткен.

ƏДЕБИЕТ 1. Бабалар сөзі. Жүз томдық. 59-том. − Астана, 2010.

2. Бабалар сөзі: Жүз томдық. 27 том. − Астана, 2006.

3. Сағатжанұлы С. Қазақ батырларының деректемесі. − Үрімші, 2001.

4. Ер Жəнібек. − Үрімші, 2006.

5. Мəшһүр Жүсіп Көпейұлы. Шығармалары. −Алматы, 2008.

Р. Т. Альмуханова КЕРЕЙ ЖАНИБЕК

В статье отражены исторические и биографические данные батыра Жанибек из рода Керей. Проанализи- рованы «эпический гнев», «эпическое Я» и др. фольклорные мотивы.

R. T. Al’muchanova KEREY ZHANIBEK

In article are reflected historical and biographic given hero by Zhanibek from a sort of Kerej. Are analysed

"epic anger", "epic I" and other folk motives.

113

Э. Т. ТЕБЕГЕНОВА

Dalam dokumen ХАБАРШЫСЫ ВЕСТНИК (Halaman 107-113)