Садуақасов А.Қ.
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Халықаралық қатынастар кафедрасының доценті, саяси ғылымдарының кандидаты Жаһандану жағдайындағы қазақ ұлттық бірегейлігі: түркілік жіне
ресейлік факторлар Түйін
Бұл мақалада жаһандану дәуіріндегі қазақ ұлттық бірегейлігін қалыптастырудағы түркілік және ресейлік факторларға салыстырмалы саяси талдау жасалған. Ұлттық бірегейлікті сақтаудағы немесе өзгертудегі әліпбидің рөлі зор екендігін ескере отырып, автор қазақ ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың тиімді жолы ретінде қолданыстағы әліпбидің графикалық негізін латын жазуына ауыстыру қажеттігін ғылыми тұрғыда дәлелдеген.
Кілтті сөздер: жаһандану, қазақ ұлттық бірегейлігі, түркілік бірегейлік, ресейлік бірегейлік, латын графикасы
Жаһандану үдерісінің қарқын алуы дүние жүзіндегі көптеген мемлекеттердің ұлттық саясаты мен ұлттық идеологиясына, ұлттық сәйкестілігі мен мемлекеттілігіне қатысты сындарлы жаңа міндеттерді алға тартып отыр. Бұл халықаралық қатынас, экономикалық интеграция, ұлттық қауіпсіздік, мәдени-гуманитарлық салалардағы еліміздің ұстанымын ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырудың қажеттігін айқындайды. Жаһандану дәуірінде әлемдік өркениеттер ықпалдастығының артуы технологиялық жетістіктерді адамзат баласының қолдану мүмкіндігін кеңейткенімен, ұлттық құндылықтарды, атап айтқанда, тіл, жазу, дін, діл, ұлттық мінез-құлық пен ұлттық сана-сезім, рухани-әдеби мұраларды жою немесе бүлдіру қатерін арттыратыны сөзсіз. Әсіресе, әлемдік тілдердің қолданылу кеңістігінің артуы дамуы әлсіз тілдерді ығыстырып, тіпті қолданыстан шығару тенденциясы айқын көрініс беруде. Жаһандану процесін өлі тілдер қатарының көбейіп, қолданыстағы тілдерге өзге тілдердің ықпалының күшеюінен, әсіресе, бір тілден екінші тілге, одан үшінші бір тілге кірме сөздердің көптеп енуінен, ақпараттық-коммуникациялық кеңістікте дамыған мемлекеттердің тілдері мен жазуларының басым сипат алуынан анық байқауға болады.
Компьютерлік технология күн санап дамып, ақпарат алу жылдамдығы артқан бүгінгі заманда тілдердің арасында – ағылшын тілі, жазулар арасында латын графикасы әлем халықтарының ең көп қолданатын тілдік құралына айналып үлгерді.
Әлем елдерінің ұлттық саясатын зерделеу барысында көптеген дамыған мемлекеттердің ұлттық бірегейлік мәселесіне баса назар аударып отырғандығы байқалады. Ол, бірінші кезекте, тіл саясатынан көрініс беруде.
Бұл – жаһандану тудырып отырған қауіп-қатердің алдын алу үшін орын алып отырған шаралардың бірі. Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры А.Н. Кочергин: «Әлемнің жаңа құрылымдық жіктелу процесі ретінде
жаһандану өркениеттердің өзара әрекетін емес, экономикалық, қаржылық, нарықтық, әскери механизмдер, технотрондық құралдар мен бұқаралық мәдениетті отарлау көмегімен атқарылатын бірінің екіншісіне ықпалын білдіреді. Қоғамның шынайы бірлігі мен уақыт пен кеңістіктегі ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін өркениеттік бірегейлік мәдени дәстүрлерге (өркениеттердің адамгершілік, ар-ождан, тыйым, төзім жүйелері) демеу болды. Оны сақтап қалу тиісті құқықтық жүйені жасауды қамтамасыз ететін дамыған азаматтық қоғам жағдайында ғана мүмкін. Кез келген елдің мәдени іргетасын бұзу оның өзінің ұлттық сәйкестілігінен айырылуын білдіреді. Бұл дәстүр – елдің бірегейлігін жоғалту жолындағы соңғы қадамы. Егер де мемлекет өзінің дербестігін сақтағысы келсе, онда оның қызметі дәл осыны сақтауға бағытталуы тиіс» [1, 104-105-бб.] - деп түйіндесе, М. Әбусейітова, Г. Меңдіқұлова, А. Момынов, Л. Ерекешова: «Жаһандану, бір жағынан, әр түрлі мәдениеттерді өзінің мәдени бірегейлігін қайта жаңғырту үшін жеке әлеуметтік-мәдени мұрасын зерделеуге, екінші жағынан, оларды біріктірудің, жазуды біріздендіруге әрекеттенудің жолын іздеуге мәжбүрлейді. Іс жүзінде өзінің негізгі әлуметтік-мәдени болмысы мен бірегейлігін сақтау барысында Қытай мен Жапония секілді елдерде латыншаланған транскрипциялық әліпбилер пайда болса, ал Оңтүстік Азия елдерінде (Үндістан, Пәкістан) тұтастай алғанда ағылшын тілінің ықпалы сақталып отыр» [2, 131-б.] - дейді.
Шындығында, жаһандық өркениеттердің, нақтылап айтқанда, мемлекеттердің біріне-бірі ақпараттық, мәдени, технологиялық саясат арқылы жаулап алушылығы күшейген тұста ұлттық бірегейлікті сақтау – өте маңызды міндет. Ал, кез келген елдің ұлттық бірегейлігі оның тілі мен жазу жүйесінің қаншалықты сақталып және дамып отыруына тікелей байланысты.
Ұлттың тілі мен жазуының бәсекеге қабілетті болуы оның бүгінгі заманғы ақпараттандыру мен коммуникациялық технологиялармен үйлесімді болуына байланысты болып отыр. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасымен әзірленген ғылым зерттеу қорытындысында:
«Қазақстанның қазақ тілін латын графикасына көшіру арқылы кең көлемді, терең деңгейлі ғаламдасу процесіне енуі ең маңызды мәселе болып отыр.
Ғаламдасудың технологиялық негізі ақпараттық және коммуникативтік технологиялар болып табылады, оның қатарына компьютерлендіру, Интернет, мобильді телефондар, спутник теледидарлары, т.б. жатады.
Кеңінен таралып, одан әрі дамып жатқан осы және басқа да технологиялар әлемдік ақпараттық кеңістікте латын графикасының үстемдік етуіне әкелді.
Латын графикасы қазіргі таңда дүниежүзі бойынша кең қолданылатын жазу жүйесі ретінде танылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі бір жағынан, қазақ тілінің әлемдік ақпараттық кеңістікке еркін енуіне, екінші жағынан, Қазақстандағы ақпараттық және коммуникативтік технологиялардың кең таралуына, дамытуына мүмкіндік береді» [2, 267-б.] - деп жазылған.
Қазіргі жаһандану дәуірінде халықтың өз ана тілінде және өз елінің ақпаратын алуының саяси мәні зор. Өйткені, өзге тілдегі және өзге елдің бұқаралық ақпарат құралын күнделікті тұтыну халықтың ұлттық сана-сезімін
басқа арнаға бұруы мүмкін. Бұл, түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін құбылыс. Қазақстандағы электронды ақпарат құралдары өнімдерінің (сайттар мен веб-порталдар) басым бөлігі орыс тілінде жарық көреді. Мұның бір себебі компьютер мен Интернетте кириллицаға негізделген қазақ әліпбиінің толықтай оқылмауында болып отыр. Соның салдарынан қазақстандықтар мемлекеттік органдардың веб-сайттары мен порталдарының орыс тіліндегі беттерін ғана оқуға мәжбүр. Өйткені, олардың қазақ тіліндегі беттерінде материалдар жоқ немесе өте аз немесе берілген материалдардың көпшілігі жөнді оқылмайды. Ал кездесетін материалдардың уақыт жағынан ескіріп кеткені байқалады. Бұның өзі ұлттық бірегейлікті сақтау үшін қазақ тілінің дағдарысын еңсеру керектігін, ол үшін қазақ жазуын латын графикасына көшіру қажеттігін білдіреді. Ғаламдық Интернет жүйесіндегі веб-портал мен сайттардағы ақпараттардың қай тілде көп берілетіндігіне қарап, қазіргі уақытта қай ұлттың тілі басымдыққа ие екендігін анықтауға болады. Бұл ретте, әлемдік ақпарат кеңістігінде ағылшын тілінің үстемдігін байқауға болады. Ал ағылшын тілінің латын графикасына негізделетінін ескерсек, онда қазақ ұлттық жазуының негізін латын графикасына көшіру қазақ тіліне әлемдік ақпараттық- коммуникациялық кеңістікке енуге зор мүмкіндіктер береді деп болжауға болады.
Жетпіс жыл бойы Кеңестер Одағы құрамындағы халықтардың ұлттық ерекшеліктерге негізделген бірегейлігін былай қойғанда, туыстық сипаттағы
«түркілік», «сібірлік», «кавказдық» бірегейліктерін жою процесі орын алып, оның орнына «кеңестік» бірегейлік ұдайы насихатталып отырды. Сол тұстағы ұлттық идеология да кеңес азаматтарының орыс тілін меңгеріп, өз ана тілінен безуге, аралас неке құруға, дінді мойындамауға, ұлттық жазуларын орыстандыруға, интернационалдық ұрпақ тәрбиелеуге бар күшін салды. Міне, осы аралықта көптеген халықтардың ұлттық мәдениеті мен тарихи туыстығы екінші орынға қалып келді. Бұл жөнінде Н. Назарбаев:
«Жиырма жыл бұрын «біртұтас кеңес халқы» жөніндегі аңыздың күл- талқаны шықты. КСРО-ның ұлттық саясаты үлкен және кіші ағайындар арасындағы ара-қатынасты қатаң сақтауға, зорлық-зомбылық пен шектеулерге құрылғанын бүгінгі күнге баршаға мәлім. Сондай-ақ ұлттық мәселелер, дәлірек айтқанда оның түйінінің тарқатылмауы, түптеп келшенде, сырттай қарағанда қуатты саналатын елді ыдыратып тынғаны да анық. Тек қазақтар ғана ұлттық саясаттың патшалық және кеңестік әдістеріне қарсы 200-ден астам рет көтеріліске шыққанын еске салғым келеді» [3, 5-б.] - деп, кеңестік кезеңдегі қазақ ұлтының ұлттық бірегейлігіне зор нұқсан келгендігін нақты деректермен тарқатып айтқан болатын.
Ұлттық және аймақтық бірегейліктерді айқындауда жазудың рөлі зор екендігін зерделей келе, саясаттанушы Р. Қадыржанов Қазақстандағы қазақтардың кеңестік кезеңнен бері түркілік бірегейліктен гөрі ресейлік бірегейлікке негізделуінің, яғни қазақтардың орыстануының мынадай факторларын атап көрсетеді:
- Қазақстанның әлеуметтік өмірінің барлық саласында орыс тілінің басым түсуі мен оның этносаралық коммуникацияның шынайы құралы ретінде әрекет етуі;
- Қазақстанның шамамен барлық жерлерінде, негізінен үлкен қалалардағы орыс халқының көптігі;
- қазақ мәдениетіне қарағанда өзінің әлеуеті мен деңгейі жағынан орыс мәдениеті әлдеқайда жоғары деген көзқарастың қазақтар арасында кеңінен таралуы;
- негізінен орыс әдебиетін, тарихын, музыкасын, өнердің өзге де түрлерін, философия мен мәдени мұраның өзге де формаларынан хабардар қазақтардың білім деңгейінің қазақ мәдениетінің тиісінше түрлеріне қарағанда айтарлықтай жоғарылығы мен тәуірлігі;
- қазақ тілін қоса алғанда, Қазақстандағы барлық тілдер үшін кириллицаның ортақ жазу ретінде қолданылуы;
- орыс тілінің бастауыштан бастап жоғары білімге дейінгі білім беру жүйесінде айтарлықтай көлемде қолданылуы мен қазақ балаларының басым бөлігі мен қалалық жастардың мектептер мен жоғары оқу орындарында орыс тілінде білім алуы;
- орыс тілінде басылып шыққан көркем-әдеби, оқу, анықтамалық, ғылыми, энциклопедиялық, т.б. кітап өнімдерінің Қазақстанда да, Ресейде де басым болуы;
- Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде ресейлік электрондық және баспа бұқаралық ақпарат құралдарының басым болуы және соның салдарынан қазақтар мен қазақстандықтардың Қазақстандағы жағдайға қарағанда Ресейдің әлеуметтік-саяси өмірі жайлы мәліметтен хабардар болуы;
- ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда үлкен маңызға ие қазақтардың тарихи санасында Қазақстан, Ресей және өзге де посткеңестік мемлекеттердің кеңестік өткені жайындағы түсініктің әбден сіңуі;
- аға және ортаңғы буын өкілдерінің басым көпшілігінің кеңестік өткен өмір жөніндегі сағынышының кеңес заманында өмір сүрмеген жас ұрпақтың белгілі бір бөлігіне беріліп, қабылдануы;
- стратегиялық серіктес және қауіпсіздік кепілі ретіндегі Ресейге деген Қазақстанның сыртқы саясаттағы ұстанымы мен осы негіздегі Қазақстанның қоғамдық-саяси санасындағы достықшыл образы;
- Қазақстанның экономикалық дамуы көп жағынан Ресейге байланысты болып саналатындықтан, Ресей – басты сауда және экономикалық серіктестік деген ұстанымның экономикалық санада орнығуы [2, 162-163-бб.].
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі әзірлеген қазақ жазуын латын графикасына көшіру жөніндегі ғылыми жинақта атап көрсетілгендей, Қазақстанда барлық азаматтардың негізінде біріккен әлеуметтік-саяси бірегейлік ретіндегі біртұтас ұлтты қалыптастыруға бағытталған ұлттық саясат жүзеге асуда. Мұндай бірегейлік азаматтық ұлт деп аталады. Ол басқарушы немесе мемлекетқұрушы этностың төңірегінде, яғни қазақтар арқылы қалыптасады. Бұл біздің елімізде ғана емес, жалпы
әлемге тән тәжірибе. Азаматтық ұлт тұрғысынан алғанда этникалық және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан мемлекеттегі барлық азаматтар тең құқылы болып саналады. Сондай-ақ азаматтық ұлт басқарушы, негізгі этностың мүддесі мен мәселелерін ешқашан қалыс қалдырмайды.
Мемлекетте өмір сүретін басқа этностар негізгі этностың мемлекетқұрушы жетекші рөлін мойындаған жағдайда осы модель бойынша ұлтты құру сәтті нәтижеге жете алады. Бірақ ол үшін ірі әрі негізгі этнос мықты, берік бірегейлікке ие болуы қажет. Қазақстан азаматтық ұлтты қалыптастыруда мына жағынан ақсап отыр: қазақтар этностың мемлекетқұрушы басты тірегі бола отырып, өзінің басқа мәдениет ықпалына ұшырамаған нақты ұлттық ерекшеліктеріне, сәйкестілігіне әлі де толықтай ие бола алмай жатыр. Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру келешекте қазақтардың ұлттық сәйкестілігін нығайтуға мүмкіндік беретін шаралардың бірі болуы тиіс. Дегенмен, отандық баспасөз материалдарына контент талдау жасау және қоғамдық пікірді зерделеу арқылы қазақтардың бір бөлігінің латын графикасына көшуді қаламайтындығын анықтадық. Бұл, бір жағынан, әліпби ауыстыру реформасының кеңестік кезеңде ауыр, күштеу жағдайында өтуіне байланысты санада қалған жағымсыз әсерлердің салдары болса, екінші жағынан, басқа жазуға көшкенде тарихи сабақтастықтан айырылып қаламыз деген қорқыныштан туған ұстаным деп есептейміз. Қазақ тілінің әліпбиін таңдау мәселесін зерттеуде Қазақстанның ұлттық сәйкестілігі спектрінде қандай да бір орынға ие түрлі зиялы қауымның өкілдерінің ұстанымын зерделеу маңызды рөлге ие екендігін айта келе, саясаттанушы Р. Қадыржанов бұл бағытта бірқатар зерттеулер жүргізді. Нәтижесінде саясаттанушы мынадай тұжырымға келген:
1) Қазақ тілінің латын графикасына көшуі Қазақстанның түркі әлемімен жақындасуына, бұл, өз кезегінде, Қазақстанның мәдениетінің дамуы мен ұлттық сәйкестілігінің нығаюына ықпал етеді;
2) Латын графикасына көшу Қазақстанның Ресейдің империялық ықпалы етуі мен орыс мәдениетінің құрсауынан босауға бірден-бір себеп болса, осы негізде еліміздің ұлттық бірегейлігінің анықталусыз қалуын еңсеруге көмектеседі [2, 168-б.].
Қазақстан Президенті Н. Назарбаев «Қазақ тілі – Қазақстандағы барлық этностарды біріктіруші фактор болуы керектігін» айтып келеді. Дей тұрғанмен, мемлекетіміздегі барлық этностар мемлекеттік тіл арқылы бірігу үшін, ең алдымен, қазақтар қазақ тілін меңгеріп, ұлттық бірегейлігін қалыптастыруы шарт. Сонымен қатар, дүниежүзіндегі қазақтардың ана тілдерін білуі және ортақ бір әліпбиді қолдануының саяси маңызы зор.
Қазақстан үшін латын графикасына көшудің ең маңызды саяси басымдықтарының бірі – дүниежүзіндегі қазақтармен ортақ әліпбиде болу мүмкіндігіне жол ашу. Елімізден тысқары жерлерде 5 миллионға жуық қазақтардың өмір сүретінін ескерсек, онда сол қазақтардың тарихи Отаны ретінде Қазақстан шетелдегі ұлттық диаспораларына жан-жақты қолдау көрсетуі қажет. Бұндай маңызды міндеттер Қазақстан Республикасының
Конституциясында, «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді Стратегиялық жоспарында, 2008 жылғы 6 ақпандағы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру Стратегиясы» атты Елбасы Н.Ә.
Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауында көрініс тапқан.
Жаңа әліпбиге көшіру мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасының жобасында: «Қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастырып, нығайтуда оның түркілік бірегейлігімен байланысын анықтау үлкен мәнге ие болады.
Қазақтың ұлттық таным-түсінігі үшін түркі әлемінен шыққандығы оның мәдени, тарихи, тілдік, т.б. қатынастарын анықтауда орны толмас мағынаға ие болатыны байқалады. Осы мәліметті сезіну 1980 жылдың соңы мен 1990 жылдың басында қазақтың ұлттық рухы ояна бастаған кезінде маңызды рөл атқарды, нәтижесінде Қазақстан мемлекеті өз егемендігін алды. Қазақтардың түркілік бірегейлігі әрқашан өзінің негізделу, нығаю жолын тауып отыруға тиіс, әйтпесе ұлттық сана басқа бірегейліктің үстемдігіне ілесіп кетуі мүмкін.
Ал бұл өз кезегінде қазақтың ұлттық бірегейлігінде теріс жағдайлар тудырады» [2, 267- б.] - деп, қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастыруда түркілік бірегейліктің рөлін орынды көрсеткен. Қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастырудың басты бағдары болып табылатын түркілік бірегейлікке бейімделудің басты жолы, біздіңше, латын графикасына көшкен түркітілдес мемлекеттер тәрізді жазуымызды латыншаландыру, сол арқылы ортақ жазба және мәдени кеңістікті қайта қалпына келтіру болып табылады.
Бүгінгі таңда кейбір ғалымдар тіпті Ресейдің өзі кириллицадан бас тартып, латын графикасына көшуі мүмкін деп болжайды. Мәселен, Ресей Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, РҒА Этнология және антропология институтына қарасты Кавказ бөлімінің меңгерушісі, шығыстанушы-ғалым Сергей Арутюнов: «Біздің өмірімізге дендеп енген жаһандану мен компьютерлендірудің қарқын алуының нәтижесінде қазіргі жүзжылдықта орыс жазуы да латын әліпбиіне көшеді деп ойлаймын. Латын әліпбиінің өзін алып қарар болсақ, ол көптеген кемшіліктері бар кириллицаға қарағанда ыңғайлырақ. Егер де Ресей әлемдік даму прогресіне ілескісі келсе, Еуропаның бір бөлігіне айналуды көздесе, онда латын әліпбиіне толықтай көшуі тиіс және ерте ме, кеш пе бұған көшеді де» [4] - деген сенімді ой айтады. Алайда, біздіңше, Ресейдің кириллицадан бас тартып, латын графикасына көшуі екіталай. Себебі, Ресей үшін кириллица – славяндық, оның ішінде орыстық бірегейлікті сақтаудың негізі болып саналады. Қайта Ресей дүниежүзінде, оның посткеңестік елдердегі орыс тілін күшейту саясатын қарқынды жүргізуге мән беріп отыр.
Ұлттық әліпбидің графикалық негізін сақтау, ауыстыру немесе өзгерту ұлттық бірегейлікті сақтауға, ауыстыруға немесе жаңадан қалыптастыруға ықпал ететін процесс. Мәселен, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Түркіменстан мемлекеттерінің латын графикасына көшу арқылы кеңестік тоталитарлық бірегейліктен арылып, ұлттық түркілік бірегейліктерін нығайтып алғанын ескерген жөн. Осы ретте ұлттық бірегейлігі толық қалыптаспай, ұлттық санасы ішінара орыстық сипат алған қазақтар үшін кириллицаға негізделген әліпбиді латын графикасына көшірудің кеңестік
тоталитарлық бірегейліктен босанып, ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы маңызы зор екенін баса айтқан жөн.