22
ӘОЖ 821.512. 122: 82-1; MFTAP 17.07.41 https://doi.org/10.47526/2023-1/2664-0686.02
С.Д. АБИШЕВА1, Ж.Ш. САМЕТОВА2✉*
1филология ғылымдарының докторы, профессор Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (Қазақстан, Алматы қ.), e-mail: [email protected]
2PhD, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің постдокторанты (Қазақстан, Алматы қ.), e-mail: [email protected]
МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ ПОЭТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Аңдатпа. Мақалада авторлар Мұқағали Мақатаев шығармашылығының бұған дейін ешқандай ғылыми зерттеулерде кездеспеген, диссертациялық, монографиялық еңбектерде жазылмаған жаңа қырына талдау жасаған. Яғни Мұқағали ақынның жеке ғылыми еңбек ретінде зерттелмеген балаларға арналған өлеңдерінің поэтикалық ерекшеліктерін талдап көрсеткен. Ақын шығармашылығының ішінде балаларға арналған өлеңдерінің бар екендігін дәлелдеу үшін авторлар өлеңдерді балалар поэзиясына қойылатын сегіз түрлі талаптардың қалыбына салып талдаған. Авторлар талдау жүйесін К. Чуковский, Ш. Ахметов, А. Әлтай сынды ғалымдардың балалар поэзиясы туралы еңбектеріне сүйене отырып жүргізген.
Сонымен қатар авторлар мақалада бұған дейін Мұқағали Мақатаев шығармашылығын диссертациялық көлемде зерттеген ғалымдардың еңбектеріне шолу әдісі, өлең поэтикасына сатылай кешенді талдау әдісі, оқу бағдарламаларын сараптау әдісі, әдебиетте салыстыру әдістерін пайдаланған. Нәтижесінде Мұқағали Мақатаевтың балаларға арналған шығармаларының өзі бөлек бір күрделі зерттеуді талап ететін өзекті тақырып екендігі дәлелденген.
Авторлар Мұқағали Мақатаевтың бірнеше өлеңдеріне кешенді поэтикалық талдау жүргізіп, ол шығармалардың балаларға арналған өлең екендігін дәлелдейтін мысалдар келтірген. Бұған дейінгі зерттеулердің шешімдеріндегі кей қағидаларға авторлар пікірі қайшы болғанымен, зерттеу жұмысында келтірілген нақты талдаулар мақаланың жаңалығын тұжырымдар арқылы толық ашып көрсетеді.
Кілт сөздер: Мұқағали Мақатаев, балалар әдебиеті, балалар поэзиясы, қазақ әдебиеті, поэзия.
S.D. Abisheva1, Zh.Sh. Sametova2
1Doctor of Philological Sciences, Professor Abai Kazakh National Pedagogical University
(Kazakhstan, Almaty), e-mail: [email protected]
2PhD, Postdoctoral Researcher of Abai Kazakh National Pedagogical University (Kazakhstan, Almaty), e-mail: [email protected]
Poetic Features of the Works of Mukagali Makatayev for Children
*Бізге дұрыс сілтеме жасаңыз:
Абишева С.Д., Саметова Ж.Ш. Мұқағали Мақатаевтың балаларға арналған шығармаларының поэтикалық ерекшеліктері // Ясауи университетінің хабаршысы. – 2023. – №1 (127). – Б. 22–34.
https://doi.org/10.47526/2023-1/2664-0686.02
*Cite us correctly:
Abisheva S.D., Sametova J.Sh. Muqagali Maqataevtyn balalarga arnalgan shygarmalarynyn poetikalyq erekshelіkterі [Poetic Features of the Works of Mukagali Makatayev for Children] // Iasaui universitetіnіn habarshysy. – 2023. – №1 (127). – B. 22–34. https://doi.org/10.47526/2023-1/2664-0686.02
23
Abstract. In the article, the authors analyzed a new aspect of Mukagali Makatayev creativity, which had not previously been encountered in any scientific research, not written in dissertation, monographic works. That is, the authors analyzed the poetic features of the poet Mukagali's poems, which were not studied as a separate scientific work for children. To prove the existence of nursery rhymes in the poet's work, the authors analyzed the poems based on eight different requirements for children's poetry. The authors carried out the analysis based on the works of such scientists as K.
Chukovsky, Sh. Akhmetov, A. Altai is about children's poetry.
In addition, the method of reviewing the works of scientists who previously studied Mukagali Makatayev's work in the dissertation volume, step-by-step method, comprehensive analysis of the poetry poetics, the method of examination ofcurricula and methods of comparison in literature are used in the article. As a result, it was proved thatthe works of M.Makatayev for children are a relevant topic that requires a separate and complex study.
In the article, the authors carry out a poetic analysis of several poems by Mukagali Makataev and give examples proving that these works are intended for children. Although the opinion of the authors contradicts some principles in the decisions of previous studies, the specific analyzes presented in the research work fully reveal the novelty of the article through the conclusions.
Keywords: Mukagali Makatayev, children's literature, children's poetry, Kazakh literature, poetry.
С.Д. Абишева1, Ж.Ш. Саметова2
1доктор филологических наук, профессор
Казахский национальный педагогический университет имени Абая (Казахстан, г. Алматы), e-mail: [email protected]
2PhD, постдокторант Казахского национального педагогического университета имени Абая (Казахстан, г. Алматы), e-mail: [email protected]
Поэтические особенности произведений Мукагали Макатаева для детей
Аннотация. В статье авторы проанализировали новый аспект творчества Мукагали Макатаева, ранее не встречавшийся ни в каких научных исследованиях, не написанный в диссертационных, монографических работах. То есть авторы проанализировали поэтические особенности стихотворений поэта Мукагали, которые не изучались как отдельное научное произведение для детей. Чтобы доказать существование детских стихов в творчестве поэта, авторы проанализировали стихи на основе восьми различных требований к детской поэзии.
Авторы проводили анализ, опираясь на труды таких ученых, как К. Чуковский, Ш. Ахметов, А. Альтай о детской поэзии.
Также в статье использованы методы обзора трудов ученых, ранее изучавших творчество Мукагали Макатаева в диссертационном объеме, метод поэтапного комплексного анализа поэтики стихотворения, метод экспертизы учебных программ, методы сравнения в литературе. В результате было доказано, что произведения Мукагали Макатаева для детей сами по себе являются актуальной темой, требующей отдельного скрупулезного исследования.
В статье авторы проводят поэтический анализ нескольких стихотворений Мукагали Макатаева и приводят примеры, доказывающие, что эти произведения предназначены для детей. Хотя мнение авторов противоречит некоторым принципам в решениях предыдущих исследований, конкретные анализы, представленные в исследовательской работе, полностью раскрывают новизну статьи через выводы.
Ключевые слова: Мукагали Макатаев, детская литература, детская поэзия, казахская литература, поэзия.
24 Кіріспе
Қазақ әдебиетінің ақиық ақыны атанған Мұқағали Мақатаевты барша оқырман лирик ақын ретінде танитыны анық. Олай деуге де негіз көп. Ақын шығармашылығының басым бөлігін махаббат тақырыбындағы өлеңдер алып жатса, тағы бір бөлігі туған ел, туған жер, ауыл тұрмысы мен өмірі, көнекөз қарттар мен әке тақырыбындағы, достық, әсіресе көпұлтты Қазақстан халықтарының татулығы, ынтымақтастығы тақырыбындағы шығармаларға толы.
Қылышынан қан тамып тұрған Кеңес өкіметі кезеңінің өзінде М. Мақатаев дін тақырыбына да қалам тербеген.
Тақырыптық өлеңдерімен қатар ақын шығармашылығында көптеген арнау өлеңдер («Әбділдаға», «Бауыржан Момышұлына», «Қажығұмыр Қуандықовқа», «Зейнолла Шүкіровке», «Ғабеңе», т.б.) де кездеседі. Жалпы алғанда «Мұқағали тақырыбының ауқымы кең. Ол қандай тақырыпқа бармасын, не жайында сыр төкпесін, ақынның ішкі дүниесіне тірек боп тұратын оның туған халқына, Отанына деген шексіз сенімі мен ыстық сезімі. Жеке басының тағдырында талай сәтсіздіктер мен әділетсіздіктер кездескен, ауру-сырқауға ұшыраған ақын толғауларында қаншама қынжылып, мұң шеккен жағдайда халқынан тиянақ табатындай» [1, 183-б.].
Осы бір шексіз тұңғиыққа толы, терең ойлы өлең әлемін зерттеп, зерделеген ғалымдарымыз да жетерлік. Ақынның мыңнан астам өлеңдері мен он алты дастанын, хикаяттары мен әңгімелерін, пьесасын жан-жақты талдап, ғылыми-зерттеу, әдеби-сын мақалалары түрінде, диссертация, тіпті монографиялық еңбек көлемінде зерттеген ғалымдарымыз бар. Олардың ішінде, ақын шығармашылығы туралы ғылыми диссертация жазып, «Мұқағали Мақатаевтың ақындық әлемі» атты 3 тілде (қазақ, орыс, ағылшын) монографиялық еңбек жазған профессор С.Д. Абишеваны [2], филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін жазған Ө. Жұмаштың «Мұқағали Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі» [3], К.М. Сеитованың «Поэтическое наследие Мукагали Макатаева» [4], Ұ.Қ. Тұрбекованың «Мұқағали Мақатаев ақындығының лирикалық табиғаты» [5], Б. Бегманованың «М. Мақатаев лирикасының ұлттық сипаты» [6], К. Хамидуллаевтың «Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі» [7] диссертацияларын атауымызға болады. Жоғарыда аталған еңбектерден бөлек ғылыми-зерттеу, әдеби-сын мақала түрінде жарияланған еңбектердің тізімінің өзі бір энциклопедияны құрайды [8]. Бұл дегеніміз, ақын поэзиясын қызығып оқитын оқырманның, шығармашылығын зерттейтін ғалымдарымыздың көптігін аңғартады.
Десе де көпшілік ақын өлеңдері тек ересектерге бағытталған, балалар тақырыбына арнайы өлең жазбаған деп санайды. Содан да болар жоғарыда аталған ғылыми зерттеулердің мазмұнынан «Мақатаевтың балаларға арналған шығармалары» деген тақырып яки тарауша кездестіре алмадық. Ө. Жұмаштың диссертациялық жұмысында Мұқағали шығармаларындағы дәстүрлі жүйе мен образдар жүйесі сөз болса, Ұ. Тұрарбекованың ғылыми еңбегінде М. Мақатаев поэзиясындағы ақындық болмыс, қаһарманның психологиялық сипаты, ақын лирикасындағы пейзаж бен ақындық болмыс, лирикасының стилі мен тілі сынды мәселелер қамтылған. Ал Б. Бегманованың кандидаттық жұмысында Мақатаевтың 60–70-жылдар поэзиясындағы ұлттық бейне, ұлттық көрініс, дәстүр жалғастығы, философиялық ой-түйіндері сөз болған. Күрленбай Хамидуллаев М. Мақатаев өлеңдерінің идеялық-тақырыптық негіздерін төмендегіше топтап қарастырған: Ұлы Отан соғысы жайлы; өмір шындығы, туған жер, ондағы еңбек адамдарының бейнесі; шабытқа, музаға, жалпы поэзияға байланысты толғаныстары; жастық, кәрілік, өмір, өлім, заман, уақыт туралы ойлары; адамгершілік, достық, интернационалдық әуендер; Отан, тыныштық, бейбітшілік жайлы философиялық ойлары; арман мен бақыт жайлы өсиет, нақыл өлеңдері;
махаббат, көңіл-күй және табиғат лирикасы [7, 17-б.].
С. Абишеваның «М. Мақатаевтың балалақ шақ әлемі» деп аталатын мақаласында ақынның соғыс кезінде өткен балалық шағы, соғыс балалары басындағы қиыншылықтар,
25
әкесіз өткен балалық туралы жырлары топтастырылып, талданған. «Неңді сені аңсаймын, бала шағым?.. өлеңінде ол соғыс кезіндегі аш-жалаңаш тоңдырған, жетімдіктің дәмін татқызған балалықты аңсау керек пе деп сұрақ қояды? Сұрақ қояды да, өзі былай жауап береді: “Сағындым сені, сәби кездерім-ай”» [9, 50-б.]. Бұл аталған мақала М. Мақатаевтың балаларға арналған шығармашылығына жатпайды, бұл Мақатаевтың «басқа», өзінің жеке балалық әлемі, «поэзиясының басты тақырыптарының біріне айналған – балалық шағы».
Ал біздің мақаламыздың мақсаты – М. Мақатаевтың балаларға арналған өлеңдерін бөліп қарау, оларды балаларға арналған өлеңдерге қойылатын талаптардың қалыбына салып талдау, ақынның шығармалары арасында балаларға да арналған өлеңдері бар екенін анықтау.
Осы мақсатқа қол жеткізу үшін біз ең бірінші балаларға арналған өлеңдерге қойылатын талаптар теориясын анықтап аламыз. Ақынның орта мектеп (қазақ, орыс, ұлт мектептері) оқулықтарында берілген өлеңдерін жинақтаймыз. Осы және өзге де өлеңдерінің балаларға арналған өлеңдер талабына сай келетіндерін іріктеп, жүйелейміз.
Зерттеу әдістері
Мақалада бұған дейін Мұқағали Мақатаев шығармашылығын диссертациялық көлемде зерттеген ғалымдардың еңбектеріне шолу әдісі, оқу бағдарламаларын сараптау әдісі, өлең поэтикасына сатылай кешенді талдау әдісі, әдебиетте салыстыру әдістері пайдаланылды.
Шолу әдісі бойынша Мұқағали Мақатаев шығармашылығын диссертациялық және монографиялық деңгейде зерттеген ғалымдардың еңбектерімен таныстық. Әрбір еңбектің ішкі мазмұны мен идеясы қарастырылды.
Сараптау әдісінде зерттеу нысанына алынған ақынның орта мектеп бағдарламасына енген шығармалары мен балаларға арнап жазылатын өлеңдер талаптарына сәйкес келетін өлеңдері таңдалып алынды.
Сатылай кешенді талдау әдісі бойынша таңдап алынған өлеңдерге әдеби-поэтикалық талдаулар жүргізілді.
Салыстыру әдісі арқылы ақынның балаларға арналған және үлкендерге бағытталған өлеңдеріне салыстырмалы талдау жасалды.
Талдау мен нәтижелер
Мақаланы осы тақырыпта жазуға түрткі болған нәрсе, жылда дәстүрлі түрде өтетін
«Мұқағали оқуларында» мектеп оқушылары ақынның «Мавр», «Аққулар ұйықтағанда»,
«Моцарт» сынды тақырыбы ауыр туындыларын орындап жатады. Рас «ақынның кез-келген өлеңі жас талғамайды. Үлкенге де, кішіге де әсері бірдей, мол. Мұқағалидың егде тартқан оқырманы ақын жырларынан жанына жылу, көңіліне сүйеніш тапса, жастар көңіліндегі көп сұрақтың жауабын ақын өлеңдерінен іздейді. Өмірдің сан қырлы бұралаңынан түзу де дұрыс жолды ақын поэзиясынан анық таниды. Себебі әлі көргенінен көрмегені, білгенінен білмегені көп жас оқырман ақын жырларымен өмірді ұғынады. Өмір – өзеннің әл бермес асау толқындарын лирикалық кейіпкер аузымен жас оқырманға үлкен сабақ етіп ұсынады.
Адам бойындағы асыл қасиеттер – адамгершілік, адалдық, әділеттілік, шыншылдық жайлы жырлары жасамыстардың жанын қайрай түссе, жас ұрпақты адалдыққа, әділеттілікке, шыншылдыққа баулиды [10, 84–85-бб.]. Десе де Мұқағали Мақатаевтың балаларға арналған шығармалары жетерлік. Біз осы мақаламызда олардың біршамасына тоқталып, талдап, жинақтап өтсек. Жалпы балалар өлеңдерінің ерекшеліктері неде? Балаларға арналған поэзия туындыларының ерекшеліктері қандай болуы керек, нақты «формуласы», қалыбы жоқ. Қазақ балалар әдебиетін алғаш ғылыми тұрғыда зерттеген ғалымдарымыздың бірі – Шеген Ахметов балаларға арналған шығармалардың төмендегідей алты түрін атап көрсетеді:
1) Көркем образдың нақтылығы;
2) Лиризмнің болуы;
3) Адам характерін суреттеуде динамиканың қажеттілігі;
26 4) Көркем пейзаждың көп болуы;
5) Мазмұн мен идеяның бала өміріндегі белсенді рөлі;
6) Тілінің ойнақы, қысқа, түсінікті, айқын және әсерлі болуы [11, 10–11-бб.].
Бірақ зерттеушінің ұсынған барлық шарттары поэзия талаптарына сәйкес келмейді.
Алғашқы атаған екі пікірі тек балалар әдебиетіне ғана емес, жалпы әдебиетке ортақ нәрселер. Мысалы пейзаждық сурет пен мазмұн барлық кезеңдегі, қандай әдебиеттің болсын, оқырманның жасына, кейіпкердің ерекшелігіне қарамастан өзгермейтін көркем тәсіл. Ал белгілі орыс балалар ақыны, сыншы, публицист К.И. Чуковский «Екіден беске дейін» деп аталатын еңбегінде балалар поэзиясына қойылатын талаптардың бірнешеуін жазып көрсетеді:
Балаларға арналған өлеңдерде көркем графика болуы керек: әр шумақта, тіпті әр екі жолда суретші үшін «материал» болуы керек.
Суреттердің жылдам өзгеруі қажет.
Сөз бояуы лирикалық болуы керек.
Ұйқастар ұтымды және жылдам ауысып тұруы қажет.
Өлең поэтикасында «музыка» ойнап тұрғандай сезілу керек.
Өлеңдердегі рифмалар бүкіл фразаның мағынасының негізгі тасымалдаушысы болуы керек.
Өлеңдердегі рифмалар бір-біріне мүмкіндігінше жақын болуы керек.
Әр жолдың өзіндік берер мағынасы болуы шарт.
Балалар өлеңдерінде сын есімдердің көп болмауы қажет.
Бұл өлеңдерде ритмнің басым бөлігі «хорей» болуы керек.
Балалар өлеңдері ойынға құрылуы керек.
Балаларға арналған поэзия ересектерге де арналған поэзия болуы керек [12, 28-б.].
Бұл жіктеудің қатып қалған қағида еместігін автор өзі де жазып өтеді. Бұл тек жас ақынның шығармашылық бастау жолында үлгі ретінде ұстануға болатын дүние есебінде жаздым дейді.
Ал қазақ балалар поэзиясын арнайы зерттеп, докторлық диссертация қорғаған ғалым Аманжол Әлтай өз еңбегінің қорытындысында мынадай тұжырымдарды ұсынады:
- Балалар поэзиясында эстетикалық-көркемдік талап пен педагогикалық мақсат терең ұштасуы керек.
- Балалар поэзиясындағы көркемдік шындық мейлінше әсерлі және шынайы болуы шарт.
- Балалар поэзиясындағы тақырып балаларды өмірді тануына септесетін, рухани өсуіне жәрдемдесетін, әлеуметтік тіршілікке дұрыс бағдар ұсынуына жөн сілтеуі қажет.
- Авторлық позиция мен көркем идеяда балаларды жақсылыққа тәрбиелеуге бағытталған прогрессивті мақсат көзделіп, ол мақсат баланың жас ерекшелігіне сәйкес тілмен ұтымды жеткізілуі керек.
- Балалар поэзиясында жас ұрпақтың жан-жақты жетілуіне әсер етуге қабілетті көркемдік, эстетикалық, идеялылық, әлеуметтік мақсаткерлік, өмірмен байланыстылық, ғылымилық, ұлттық, халықтық, жалпыадамзаттық ұстанымдары маңызды рөл атқарады.
- Балалар поэзиясы балаға етене жақын болуы үшін шығармадағы әрбір сөз, сол сөзге жүктелген мағына балаға тікелей байланысты болуы керек.
- Балалар поэзиясындағы тілдік-бейнелік тәсілдер екі түрлі мақсатта қызмет етуі керек:
бірі – көркем образ жасау, екіншісі – тәрбиелік міндет арқалау.
- Кейіпкер атынан сөйлеу, оның ой-сезімін, көңіл-күй әсерін бейнелеу, диалогтық сөйлесулер, автордың кейіпкермен сөйлесуі сияқты тәсілдер балалар поэзиясында жиі қолданылатындықтан, кейіпкер тіліне қойылатын негізгі талап – сөздің шынайылығы,
27
кейіпкер жасына, таным деңгейіне, мінез-құлқына, әлеуметтік ортасына, уақытқа сәйкес келуі шарт [13, 264–265-бб.].
Ғалым Аманжол Әлтайдың жіктемесінің соңғы бөлігінде айтылған поэзия тілі туралы Б. Қапасова да өз диссертациясында балалар өлеңдерінің бір ерекшелігі ретінде бөліп жазады: «Балалар шығармаларының қажетті, міндетті ерекшеліктерінің бірі – тілі. Балалар әдебиетіндегі тілдік қолданыс тек сөздік қорды байытатынқұрал ғана емес, балдырғанға рухани-эстетикалық тағылым беріп, дүниетанымдық түсінігін қалыптастыратын әдіс болуымен бірге бала табиғатын ашатын негіз болып та табылады» [14, 12–14-бб.].
Қазақ балалар поэзиясында болсын, прозасында, тіпті жалпы балалар әдебиетінде арнайы зерттеуді қажет ететін тағы бір өзекті мәселе – балалар шығармаларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, даму, өсу кезеңдеріне қарай топтау. Жазушылар одағында жыл сайынғы дәстүрлі өтетін жыл қорытындысының есептерінен байқасақ, жалпы қазақ балалар әдебиетінде 2–10 жас аралығындағы балалар үшін поэзиялық өлеңдер көп жазылса, 10–15 жастағы жасөспірімдер үшін прозалық шығармалар молырақ жазылады екен. Біздің қарастырып отырған мәселеміз 2–10 жасқа арналған тақпақтар емес, өздігінен оқып, түсіне алатын, яғни 10–15 жас аралығындағы балаларға арналған поэзия. Дегенмен жоғарыда атап кеткеніміздей балалар поэзиясындағы жас ерекшелік бөлек бір зерттеуді қажет ететін дүние болғандықтан, біздің зерттеуімізде ондай бір шарттылықты көрсетпесек те болады.
Балалар шығармашылығы дегенде тағы бір зерттеліп, шешімін таппаған мәселе – балалар үшін жазылған шығармалар мен балалар оқуына ұсынылатын туындылардың ара қатынасы. Әдебиет көркемөнер туындысы ретінде кей шақтарда кейіпкер бейнесін, психологиялық-эстетикалық әлемін, әлеуметтік көзқарасын сипаттауда шығарма кейіпкері бала болғанымен, идеясы балалар ұғымына қиындау немесе көтерген жүгі балалар әлемінен гөрі ересектер түсінігіне лайықталған шығармалар болады. Ондай өлеңдер ақын М. Мақатаев шығармаларында көптеп кездеседі. Балалық шағында көп қиыншылықты бастан өткерген, соғыс балалары атанған жастығының өзі үлкейгенде көкірегінен шер боп ақтарылған:
Қанаттанып өмірге ұшарымда, Кесілмесін бәрібір тұсауым да.
Сәби болғым келеді, сәби болғым, Сәбиі жоқ Ананың құшағында.
Tap бесігі – кең жаһан тарылмаған, Біреуге бар, біреуге табылмаған.- Сәби болғым келеді, сәби болғым, Ана сүті аузынан арылмаған [15].
Кейіпкері жас сәби болғанмен, бұл өлең терең философияға толы, ірі поэтикаклық талдауды қажет ететін, ересектерге арналған шығарма.
Ал біздің мақсат кіріспеде атап кеткеніміздей, М. Мақатаевтың балаларға арналған өлеңдерін бөліп қарау, оларды балаларға арналған өлеңдерге қойылатын талаптардың қалыбына салып талдау, ақынның шығармалары арасында балаларға да арналған өлеңдері бар екенін анықтау. Ақын Мұқағали, бәлкім, ол өлеңдерді балаларға негіздеп, арнайылап жазбаған болуы мүмкін. Біздің мақаламыздың мақсаты да сол, балаларға арналған шығармалар талабына сәйкес келетін өлеңдерін балаларға оқуға ұсынатын шығармалар ретінде топтастыру. Қанша жерден балалар ақыны емес дейтіндер көп болса да, мына өлеңдерін «үлкен» оқырмандарға арналған деп айтуымызға келмейтіні анық:
Мектебің мынау, класың, Осында он жыл тұрасың.
Тарыдай болып кіресің,
Таудай болып шығасың («Әліппе» өлеңі) [15, 272-б.]
немесе:
28 Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем, Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем.
Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,
Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған... («Отан» өлеңі) [15].
Жоғарыда бірнеше зерттеушілердің балалар поэзиясына қатысты шарттары мен ерекшеліктерін айтып өттік. Сол зерттеушілердің тәжірибелері мен жіктеулеріне сүйене отырып, өзіміздің бірнеше пайымдауларымыз бойынша Мақатаевтың балаларға арналған өлеңдерін топтап көрейік.
Ең алдымен өлең баланың дүниетанымына сай, оның айналасында болып жатқан таныс құбылыстар туралы болуы шарт. Мысалы бала туғаннан бастап ең жақын адамы –анасын көреді. Анасына ықыласы бөлек болады. Балалық шақта ең шуақты мереке ол – туған күн.
Бала өзінің болсын, анасының болсын туған күнін ерекше күтетіні сөзсіз. Осы орайда:
«Нұрын төккен маған, Шуағымсың – сен!
Айналайын, мама, Қуанышыңмен!
Шаттандырған мені, Жұбанышым – сен!
Құттықтаймын сені
Туған күніңмен!..» («Қуанышыңмен» өлеңі) [15, 283-б.] – деп басталатын танымал жырын балалар поэзиясына жатқызуымызға әбден болады. Бала дүниетенымына сәйкес, туғаннан бері білетін таныс сөздері балаға ұғынықты шығарма.
Тағы бір мысал бала танымында дос, достық сөзі де туғаннан бері естіп жүретін сөзі.
Яғни достың кім екенін, достықтың не екенін адам бала кезден біліп өседі. Ақын шығармашылығында кездесетін тақырыптардың бірі – достық туралы. Мұқағали бұл тақырыпта көптеген өлеңдер жазған. Бірақ оның барлығын бірдей балаларға жаттатуға келмейді. Себебі балаларға арналған шығармаларда баланың табиғи таза ойлау психологиясына зиян келмейтін, ауыр сөздердің, философиялық сұрақтардың, бала психикасына әсер ететін «қорқынышты», бейәдеп сөздер болмауы керек.
Мысалы:
Достыққа жүрмін,
Достыққа жүрмін құмартып!
Өлгелі жүрмін өзіме-өзім мін артып...
Жауыздың барып, жанына уәзір болғаннан
Достардың барып, ауласында өлген мың артық, [15], – деп келетін өлеңінде – «жауыз»,
«өлім» сынды бала жанына қаяу салатын сөздер кездеседі.
Ал мына жолдарды әрине балалар әдебиетіне жатқызуға болады:
Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!
Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.
Достық деген – адамның көрігі екен, Достық деген ақылдың серігі екен [15].
Балалар шығармаларына қойылатын талаптардың тағы бірі – шумақтардың ұзын болмауы және жолдардағы сөз санының неғұрлым қысқа болуы. Ш. Ахметов көрсетіп кеткен
«тілінің ойнақы, қысқа, түсінікті, айқын және әсерлі болуы» шарт. Мұқағали Мақатаев шығармаларының формасы әрқилы. Дегенмен біз балаларға арналған бірнеше шығармаларынан шумақ саны мен сөз санының шұбалаңқы бомаған нұсқаларын топтастырдық. Мәселен «Тайлақ» деген өлеңі бар-жоғы бір ғана шумақтан тұрады:
Тайлақты неге тұсаған,
29 Тайраңдап жүрсе болмай ма?
Керуен сарайға ұсаған,
Керіліп жатқан жол қайда? [15, 273-б.]
Келесі «Мектебіме» деп аталатын өлеңі небәрі 3 шумақ қана жазылған. Өлең жолында жазылған сөз сандары да үштен аспайды:
Мектебім – айтар әнім, Сан рет қайталадым.
Өзіңнен алғанымды Өзіңе қайтарамын.
Мектебім, қия алмаймын, Көп нәрсе қиялдаймын...
Мәңгілік оқушың боп, Қалуға ұялмаймын.
Өзіңнен тегінде мен Аттанам сенімменен.
Ассалаумағалайкүм,
Дәу мектеп өмір деген! [15, 284-б.]
Бұл тізімге «Әліппе» (2 шумақ), «Кетейікші бір жаққа» (4 шумақ), «Қуанышыңмен»
(4 шумақ), «Тырналар» (1 шумақ), «Біздің Ғани» (2 шумақ), «Жасыл бағым жайнаған»
(3 шумақ) сынды өлеңдерін жатқызуымызға болады.
Бірақ шығарманың көлемі кіші, жолдардағы сөз саны аз, шумақтары қысқа болғанымен ол «тақпақ» емес, «өлең» болуы шарт. Яғни өлең дегеніміз жай ғана сөз тіркестері емес, ырғағы мен ұйқасы қалыпқа түскен, шумағы мен бунағы белгілі тәртіпке бағынатын, ең бастысы көркем-эстетикаға құрылған поэзияның шағын көлемді түрі. «Поэтика – көркем туындының табиғаты, көркемдеу құралдарын қолданудың эстетикалық жүйесіндегі заңдылықтар туралы ғылым. Қарапайым түрде пайымдасақ, поэтика – көркем шығарманың сыры мен сипатындағы үйлесімдер, үндесулер жүйесінің заңдылығы. Поэтиканың қарастырар негізгі проблемасы – суреткердің ойы мен жүзеге асыруда қолданған амал- тәсілдері жиынтығының арақатынасы, байланысы», - дейді ғалым Т. Әбдірахманова өз еңбегінде [17, 118-б.].
Яғни сөздердің реңін кіргізіп, ажарлап, көркемдік жасап үйлесімге келтіріп, бір сөзбен айтқанда «өлең» жасауда қолданылатын көркемдегіш құралдарды пайдалану шеберлігінің болуы. Көркемдеуіш құралдардың ішінде эпитет, яғни айқындау – заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз бола тұрып, оның көркем шығармада метафора немесе теңеумен жалғаса келіп ойды нақты етіп, шашыратпай жеткеруде атқаратын рөлі ерекше [7, 114-б.]. М. Мақатаев туындыларында жансыз табиғат құбылыстары, адамның қылықтарымен салыстырылып, тірі адам тәрізді іс-әрекетімен суреттеліп, көркем бейнеленеді. Көркем шығармада бұндай құбылтудың түрін кейіптеу дейміз. Біз төмендегі «Біздің көктем» деп аталатын өлеңінен Мұқағалидің сезімінің сергектігін, көңілінің жүйріктігін, кейіптеуді өте тапқырлықпен құбылтып, басы артық сөз қоспай, баламаларды үйлесімді табиғи түрінде жарасымды мағынада пайдаланғанын көреміз:
Көктем келді ауылға, мамырлап бұлт, Таң-тамаша дүние, дабырлап жұрт.
Көктем келді. Өмірдің келешегі – Көкпен бірге дүркіреп төл өседі.
Көктем келіп ауылға қыз көрікті, Таң-тамаша дүние жүзге еніпті.
Асқар ала таулардан асып әрі,
30 Аяз атаң барады мұз бөрікті [16].
Осындағы ауылға келген қыз көрікті көктем, мұз бөрікті Аяз ата да кейіптеудің ең бір қисынды, терең мағынада бейнелі түрде суреттелген түрі. Десе де бала қиялынан алыстап кетпеген, оның ойлау деңгейіне сай, түсінікті берілген.
Сөздің реңін, әдеби тілді ажарландыруда негізгі көркемдеуіш құралдардың бірі – теңеу.
Мұнда әрбір суреткер белгісіз нәрсені белгілі бір нәрсеге теңеу арқылы танытып, оның ерекше бір қасиетін, сипатын айқындайды. Ақын шығармашылығында ең көп қолданған көркемдеуіш құралдардың бірі де осы – теңеу:
Бір өлеңі – бір елдің мұрасындай, Жыр жаза алмай жүрмін мен Расулдай.
Расулдай...
Бағым да жүр ашылмай,
Құс бегінің қолындағы лашындай [16].
Мұқағалидың Дағыстан халқының ұлы перзенті, әйгілі ақын Расул Ғамзатовпен шығармашылығын, өзінің ақындық қабілетін салыстыра теңеуі, сонымен бірге Расулға да, өзіне де әділ баға беріп, ағынан жарылғаны жырланады.
Келесі М. Мақатаев лирикасында кездесетін көркемдеуіш тәсілінің бірі – қайталау немесе эпифораның үлгісі:
Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем, Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем, Мен оның қасиетті тілін сүйем, Мен оның құдіретті үнін сүйем [16].
Осы шумақтан біз қайталудың эпифоралық және анафоралық түрлерін бірге көре аламыз. Бұл жерде тіпті ойды үдемелеп дамыту, яғни градацияның түйдектеу элементі де аралас келіп өлеңнің композициялық құрылысын жасап тұр. Ақын шеберлігінің шарықтау тұсы сол – ол бір өлең бойынша анафоралық та, эпифоралық та, градация-дамыту, үстемдеу сынды көркемдік тәсілдерді бірдей қолданады.
Балалар өлеңдеріне қойылатын тағы бір талап – шығарманың тәрбиелік сипаты болуы керек. Ғалым Аманжол Әлтайдың жіктеуінде келтірілген педагогикалық мақсаттың терең ұштасуы дегеніміз осы тәрбиелік мәнге ие болуы деп түсінеміз. «Жеткіншек кезіндегі балалардың құндылық бағдарларын қалыптастыруды мақсат ете отырып, мұғалім, ең алдымен оқыту мен тәрбиелеудің тиімді әдістерін анықтауы керек» [18, 181-б.]. Тәрбиелік сипаттағы өлеңдері дегенде бірден патриоттық өлеңдері еске түседі. М. Мақатаев өлеңдерінің дені патриоттық тәрбиеге құрылған. Оның ішінде Отан, атамекен тақырыбына арнаған өлеңдеріне үңілсек жас буынға берер тәрбиелік-танымдық мәні зор екенін байқаймыз:
Сүйемін, өскен Отаным, Жылысып өткен жылыңды.
Қарыздармын сондықтан
Берермін талай жырымды (Сүйемін, өскен Отаным) [16].
Өзінің туған өлке – Қарасазын, бойтұмарындай жырынан тастамай жырлап өткен ауылын, дүйім жұрт Мұқағалидың сыңарындай бірге атайды. Себебі бір Қарасаздың өзіне ондаған өлеңдерін арнаған:
Мен бақыттымын,
Бақытты жерде туылдым.
Айналайын Қарасаз, Қасиетінен суыңның!
Сенің әрбір бұлағың –
Менің әрбір қан тамырым емес пе?
Қасиетті тұрағым,
31 Қасиетінен суыңның! [16]
Б. Қапасова балалар шығармаларының қажетті, міндетті ерекшеліктерінің бірі – тілі деп жазады. Мұндағы мақсат тек сөздердің түсінікті болуы мен баланың тілін дамыту үшін мағынасын түсіндіру ғана емес, өлең жолдарындағы сөздердің орын тәртібі мен синтаксистік құрылымының түсінікті болуы. Мысалы балаларға арналған өлеңдерде инверсия тәсілінде келетін сөйлемдердің аз болуы, тіпті болмауы керек. Инверсия – сөздердің әдеттегі грамматикалық түзілу тәртібінен тыс, орындарын ауыстырып, өзгеше тіркестер құратын фигураның бір түрі. Бұл поэзияда көп қолданылады. Мысалы,
Сонымен құладың ба, тас қамалым,
Қалмады күйініштен басқа амалым [19, 168-б.] – деп келетін «Әкеме» атты өлеңінде қазақ тілінің ережесіне сәйкес етістіктер сөйлем соңында емес, сөйлемнің басында берілген.
Яғни ақын инверсия тәсілін пайдаланған.
Тағы бір мысал «Тыныштық деген осы да...» өлеңінде:
Үйленіп жатыр, үй салып жатыр жас жандар, Иленіп жатыр, иленіп жатыр лайлар.
Қашалып жатқан, жасалып жатқан тастар бар,
Жасанып жатқан, жасарып жатқан шырай бар [19, 169-б.] – деп келеді.
Мұндағы шумақтың барлық төрт жолында да етістіктер сөйлемнің басына ауысып кеткен. Бұл келтірілген мысалдар Мұқағали Мақатаевтың біз балалар шығармасына жатқызып отырған тізімге, әрине, кірмейді. Мұндай «формадағы» өлеңдер баланың тіліне ауыр, есте сақтауына қиын болады.
Келесі К. Чуковскийдің жіктеген жүйесінде сөз бояуы лирикалық болуы керек делінген. Қазақ зерттеушісі Ш. Ахметов те балаларға арналған өлеңдерде лиризм болуы шарт деп жазған. Мұқағалидың балаларға арналған шығармаларының ішінде табиғат лирикасына арнаған өлеңдері өте көп, жылдың төрт мезгіліне тіпті бірнеше өлеңнен жазған.
Солардың ішінде балалар тіліне жақын келетіндеріне тоқталсақ:
Тентек жаңбыр терезені Бытырамен атып тұр.
Кенеледі Жер өзегі,
Рахатқа батып қыр.
...
Күркіретіп, Дүркіретіп,
Мына келген көктем бе?!
Сіркіретіп, Бүркіп өтіп,
Әтір шашып кеткен бе? (Айхай, көктем!) [19, 179-б.]
Көктем мезгілі жер-дүниенің жасарып, тіршілік атаулының басталар тұсы және табиғат ананың босанып, жаңбыр төгіп, айнала әртүрлі гүлдерге көміліп, жасыл желекке бөленер сәті болғандықтан ақын көктемді өмірдің, жаңа тіршіліктің басы ретінде жырлайды. Лирикалық кейіпкердің көңіл-күйін, жан-толқынысын, сезімін бейнелеу, суреттеу арқылы маусымның қайталанбас сәттерін бейнелеп береді.
Соқты боран, ұшты қар, Тікендейін үскірік.
Шыңылдаған зәрлі ызғар, Күшінде тұр түшкіріп Қысқы боран соқты үдей,
32 Соқты қарды үйіріп.
Қасат қарлар боп үйдей,
Қалды жолға үйіліп («Қысқы боран» өлеңі) [19, 65-б.].
М. Мақатаев адаммен бірге табиғаттан да келісім мен жарасым іздеген ақын. Оның лирикасындағы табиғат жай сурет, көрініс қана емес, жанды, сезімтал. Ақын туған жер табиғатын шабыттана, құштарлықпен өлеңге енгізеді. Жас ұрпақты туған өлкесін сүюге үндейді. Адам назарын аударатын және адам тіршілігімен тығыз байланысты табиғаттың тылсым құпия сыры көп.
Мұқағали Мақатаевтың балаларға арналған шығармалары жеке тақырып ретінде зерттелмегенін, Мақатаевты ешкім балалар ақыны ретінде «танымағанын» жоғарыда айттық.
Бірақ ақынның 2013 жылы жарыққа шыққан 4 томдық шығармалар жинағының 3-томында құрастырушы Оразақын Асқар «Балаларға арналған өлеңдері» деп арнайы айдар тағып, 30-ға жуық өлеңін енгізген. Біздің зерттеуіміз бойынша олардың саны 30-дан әлдеқайда көп. Біз оларды балалар поэзиясына қойылатын төмендегідей талаптарға сәйкес талдап қарастырдық:
1. Мазмұн мен идеяның бала дүниетанымына сай болуы;
2. Баланың табиғи таза ойлау психологиясына зиян келмейтін, ауыр сөздердің, философиялық сұрақтардың, бала психикасына әсер ететін «қорқынышты», бейәдеп сөздердің болмауы;
3. Шумақтардың ұзын болмауы және жолдардағы сөз санының, буын санының неғұрлым қысқа, ұғынықты болуы;
4. Көркем-эстетикаға құрылуы керек;
5. Тілдік-бейнелік тәсілдер шебер қолданылу қажет;
6. Балалар өлеңдерінің тәрбиелік сипаты басым болу керек;
7. Тілдің синтаксистік құрылымының дұрыс болуы, инверсия тәсілінің болмауы, болса да өте аз болуы шарт;
8. Көркем пейзаж бен лиризмнің болуы.
Бұл жіктеуді әдебиетші-ғалымдар Ш. Ахметовтің, А. Әлтайдың, К. Чуковскийдің зерттеулеріне сүйене отырып жасадық. Чуковский айтқандай, бұл бекітуге ұсынылған қатаң теориялық ереже емес. Мұқағали Мақатаевтың балаларға арнаған шығармаларын анықтауда қолданған зерттеуіміздің тұжырымдамасы.
Қорытынды
Мақалада Мұқағали Мақатаев шығармаларының зерттелу тарихы мен зерттеушілерінің еңбектеріне шолу жасалды. Шетелдік ғалым К. Чуковскиймен қатар балалар әдебиетінің тарихи очеркін жазған Ш. Ахметов, А. Әлтай сынды қазақ балалар әдебиетінің зерттеуші ғалымдарының тұжырымдары жинақталды. Талдау нәтижесінде балалар поэзиясына қойылатын 8 түрлі талаптар анықталды.
Бүгінге дейін көптеген зерттеушілер Мұқағали Мақатаевты тек «үлкендерге» арналған шығармалар жазған ақын ретінде зерттеп келді. Мектеп оқулықтарында өлеңдері беріліп жүрсе де, ешбір ғалым Мақатаевты балалар ақыны ретінде қарастырмады. Біз мақаламызда ақиық ақынның балаларға да арналған өлеңдерінің бар екенін дәлелдейтін мысалдар бердік.
Қазақ балалар поэзиясына қойылатын талаптар туралы ғалымдардың теориялық пікірлері бірізді емес, сондықтан да Ш. Ахметовтің, А. Әлтайдың, К. Чуковскийдің зерттеулеріне сүйене отырып, балалар өлеңдеріне қойылатын талаптарды анықтап, эксперименттік жолмен Мұқағали өлеңдеріне поэтикалық талдау жасап көрдік.
Біздің шешіміміз бұған дейінгі мұқағалитанушылардың еңбектерінде көрініс таппағанымен, ақын Оразақын Асқар құрастырған Мұқағали Мақатаев шығармаларының IV томдығында бөліп көрсеткен тарауына сай келеді.
Қорыта айтқанда, ақынның балаларға арналған шығармалары бар екендігі анықталды, олар балалар поэзиясына қойылатын талаптарға сәйкес талданып, Мұқағали Мақатаевтың балалар поэзиясына да қалам тартқан ақын екендігі дәлелденді.
33
Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті «Жас ғалым» гранттық жобасының қаржысы есебінен жүзеге асырылды (AP15473235).
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Қаратаев М. Көргенім мен көңілдегім. – Алматы: Жалын, 1982. – 280 б.
2. Әбішева С.Ж. М. Мақатаевтың ақындық әлемі: Монография. – Алматы: Балауса, 2018. – 256 б.
3. Жұмаш Ө. Мұқағали Мақатаев поэзиясының көркемдік жүйесі. Филол. ғыл. канд. ... дисс. – Астана, 2007. – 140 б.
4. Сеитова Г.М. Поэтическое наследие Мукагали Макатаева: Автореф. дисс. ... канд. филол. наук. – М., 1991. – 51 с.
5. Тұрбекова Ұ.Қ. Мұқағали Мақатаев ақындығының лирикалық табиғаты. Фил. ғыл. канд. ... дисс.
– Астана, 2010. – 124 б.
6. Бегманова Б. М. Мақатаев лирикасының ұлттық сипаты. Филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы, 2006. – 127 б.
7. Хамидуллаев К. Мұқағали Мақатаевтың ақындық шеберлігі. Филол. ғыл. канд. ... дисс. – Алматы, 1993. – 187 б.
8. Мұқағали Мақатаев. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақпарат», 2016. – 858 б.
9. Абишева С.Д. Мир детства в поэзии М. Макатаева // ІІ Кабдоловские чтения: теоретические и методологические проблемы современного литературоведения и фольклористики: Ч. І. – Алматы, 2010. – С. 47–52.
10. Бегманова Б. М. Мақатаев және қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылдық: Әдеби зерттеу. – Алматы: «Каратау КБ» ЖШС, «Дәстүр», 2015. – 232 б.
11. Ахметов Ш. Қазақ балалар әдебиеті тарихының очеркі. – Алматы: Мектеп, 1965. – 328 б.
12. Чуковский К.И. От двух до пяти. – М: Детская литература, 1970. – 705 с.
13. Әлтай А.Д. Қазақ балалар поэзиясы: генеалогия, типология, поэтикалық даму. Филол. ғыл. док.
... дисс. – Астана, 2009. – 285 б.
14. Қапасова Б.Қ. Қазақ әдебиетіндегі балалар лирикасы (60–90-жж.). Филол. ғыл. канд. ... дисс. – Астана, 2000. – 116 б.
15. Мақатаев М. Шығармаларының толық жинағы: IV томдық. ІІІ том: Өлеңдер мен поэмалары / Құрастырған: Оразақын Асқар. – Алматы: Жалын, 2013. – 320 б.
16. Мақатаев М. Шығармаларының толық жинағы: IV томдық. ІІ том: Өлеңдер мен поэмалары / Құрастырған: Әсімжанқызы Л. – Алматы: Жалын, 2007. – 384 б.
17. Әбдірахманова Т. Қасым Аманжоловтың поэтикасы. – Алматы: Ғылым, 1976. – 294 б.
18. Искакова П.К., Зубайраева З.А. Жеткіншек жастағы балалардың құндылық бағдарларын қалыптастырудың тиімді әдіс-тәсілдері // Ясауи университетінің хабаршысы. – 2022. – №3(125).
– Б. 176–187. https://doi.org/10.47526/2022-3/2664-0686.15
19. Мақатаев М. Шығармаларының толық жинағы: IV томдық. І том: Өлеңдер мен поэмалары / Құрастырған: Оразақын Асқар. – Алматы: Жалын, 2001. – 448 б.
REFERENCES
1. Qarataev M. Korgenіm men konіldegіm [What I saw and feel]. – Almaty: Jalyn, 1982. – 280 b. [in Kazakh]
2. Abіsheva S.J. M. Makataevtyn aqyndyq alemі: Monografiia [The poetic world of makatayev:
monograph]. – Almaty: Balausa, 2018. – 256 b. [in Kazakh]
3. Jumash O. Muqagali Maqataev poeziiasynyn korkemdіk juiesі.[ Artistic system of Mukagali Makatayev's poetry] Filol. gyl. kand. ... diss. – Astana, 2007. – 140 b. [in Kazakh]
4. Seitova G.M. Poeticheskoe nasledie Mukagali Makataeva:[The poetic legacy of Mukagali Makatayev]
avtoref. kand. fil. nauk. – M., 1991. – 51 s.
5. Turbekova U.Q. Muqagali Maqataev aqyndygynyn lirikalyq tabigaty.[The lyrical nature of mukagali Makatayev's poetry] Filol. gyl. kand. ... diss. – Astana, 2010. – 124 b. [in Kazakh]
34
6. Begmanova B. Muqagali Maqataev lirikasynyn ulttyq sipaty. [The national character of Makataev's lyrics.] Filol. gyl. kand. ... diss. – Almaty, 2006. – 127 b. [in Kazakh]
7. Hamidullaev K. Muqagali Maqataevtyn aqyndyq sheberlіgі. [Poetic skills of Mukagali Makatayev]Filol.
gyl. kand. ... diss. – Almaty, 1993. – 187 b. [in Kazakh]
8. Muqagali Maqataev. Enciklopediia. – Almaty: «Qazaqparat», 2016. – 858 b. [in Kazakh]
9. Abisheva S.D. Mir detstva v poezii M. Makataeva [The world of childhood in the poetry of M.
Makataev] // ІІ Kabdolovskie chteniia: teoreticheskie i metodologicheskie problemy sovremennogo literaturovedeniia i folkloristiki: Ch. І. – Almaty, 2010. – S. 47–52.
10. Begmanova B. M. Maqataev jane qazaq poeziiasyndagy dastur men janashyldyq: Adebi zertteu.
[Makatayev and tradition and innovation in Kazakh poetry: a literary study.] – Almaty: «Karatau KB»
JShS, «Dastur», 2015. – 232 b. [in Kazakh]
11. Ahmetov Sh. Qazaq balalar adebietі tarihynyn ocherkі. [Essay on the history of Kazakh children's literature] – Almaty: Mektep, 1965. – 328 b. [in Kazakh]
12. Chukovskiy K.I. Ot dvuh do piati.[From two to five] – M.: Detskaia literatura, 1970. – 705 s.
13. Altai A.D. Qazaq balalar poeziiasy: genealogiia, tipologiia, poetikalyq damu. [Kazakh children's poetry:
genealogy, typology, poetic development] Filol. gyl. dok. ... diss. – Astana, 2009. – 285 b. [in Kazakh]
14. Kapasova B.K. Qazaq adebietіndegі balalar lirikasy [Children's lyrics in Kazakh literature] (60–90-jj.) Filol. gyl. kand. ... diss. – Astana, 2000. – 116 b. [in Kazakh]
15. Muqagali Maqataev. Shygarmalarynyn tolyq jinagy: IV tomdyq. ІІІ tom: Olender men poemalary [The complete Collection of works of M. Makataev: Volume IV. Volume III: poems and poetry] / Qurastyrgan: Orazaqyn Askar. – Almaty: Jalyn, 2013. – 320 b. [in Kazakh]
16. Muqagali Maqataev Shygarmalarynyn tolyq jinagy: IV tomdyq. ІІ tom: Olender men poemalary [The complete Collection of works of M. Makataev: Volume IV. Volume II: poems and poetry] / Qurastyrgan L. Asіmjanqyzy. – Almaty: Jalyn, 2007. – 384 b. [in Kazakh]
17. Abdіrahmanova T. Qasym Amanjolovtyn poetikasy. [Poetics of Kasym Amanzholov] – Almaty:
Gylym, 1976. – 294 b. [in Kazakh]
18. Iskakova P.K., Zubairaeva Z.A. Jetkіnshek jastagy balalardyn qundylyq bagdarlaryn qalyptastyrudyn tiіmdі adіs-tasіlderі [Effective Methods and Techniques for the Formation of Value Orientations of Adolescent Children] // Iasaui universitetіnіn habarshysy. – 2022. – №3 (125). – B. 176–187.
https://doi.org/10.47526/2022-3/2664-0686.15 [in Kazakh]
19. Muqagali Maqataev shygarmalarynyn tolyq jinagy: IV tomdyq. І tom: Olender men poemalary[The complete collection of works by M. Makataev: Volume IV. Volume I: poems and poetry] / Qurastyrgan:
Orazaqyn Askar. – Almaty: Jalyn, 2001. – 448 b. [in Kazakh]