Тышхан Кеңшілік
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Философия кафедрасының аға оқытушысы Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы
Қазақ халқының дүниетанымындағы ислами құндылықтардың көрініс табу ерекшеліктері
Қазіргі таңдағы ғылымның дамуына Батыстың қосқан үлесі қанша болса, Батыстың осындай деңгейге көтеріліп, ғылым мен технология саласындағы көптеген жаңалықтарға қол жеткізуіне мұсылман ғалымдардың қосқан үлесі де өте зор. К.В. Бодлейдің айтқанындай, қазіргі Батыс мәдениеті ренесансқа, ренесанс өз кезегінде исламға қарыздар. [1]
Ислам діні пайда болғаннан бері 14 ғасырдан астам уақыт өтті. Бұл, әлемдік дін деңгейіне көтірлген ислам үшін көп уақыт болмаса керек.
Дегенмен, ислам діні осы уақыт арасында әлемдік өркениет пен мәдениетке ауқымды үлес қосты. Оған исламның өзінде жатқан ғылымға деген көзқарасы ықпал етті деуге болады. Мәселен, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) бір хадисінде: «Білім алу әрбір мұсылман ер-әйелге парыз» немес «Қытайда болса да барып білім алыңдар» не болмаса «Хикмет-мұсылманның жоғалтқан малы, қай жерден тапса сол жерден алады» деген мағынадағы хадистердің өзі исламның білім-ғылым туралы ұстанымын түсінуге жеткілікті. Осы қағидатты ұстанған мұсылман әлеміннен әлемдік деңгейдегі ғалымдар шықты. Қазақ халқының арасынан да қаншама ғалымдар ислам құндылықтарымен сусындай отырып, өздерінің шығармаларына арқау етті.
Ғалымдарымыз Құран аяттары мен пайғамбар хадистерін өлең түрінде жеткізу арқылы, біріншіден, мәселенің есте тезірек сақталуына, екіншіден айтылған сөздің өзектілігін арттыруға ерекше мән берген.
Осы дәстүрді біз қазақ халқының жыраулары мен шешендерінен бастап Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ғалымдардың еңбектерінде көреміз.
Сонымен қатар, кеңестік кезеңде ғалымдарымыздың шығармалары діни түсініктен ажыратылып, жалаң әдеби-шығармашылық тұрғыдан түсіндірілді.
Қазіргі кезде де отандық ғалымдардың ұлағатты ойлары айтылған кезде, олардың діни ұстанымдарына, исламдық дәстүрге онша көңіл бөліне бермейді. Сондықтан, бұл ғалымдарымыздың шығармашылығын қарастырғанда Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне үндестігіне назар аударуымыз қажет. Бұл, ғалымдарымыздың мәртебесін төмендетпейді.
Керісінше діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігіне сай, тұшымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Бұл, олардың туындыларының негізгі өзегінде діни көзқарас, имандылық, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр деген сөз. Данышпан Абай «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін...» дегендей бұл ғалымдарымыз өлеңді тек баспалдақ ретінде қолданған.
Мәселен, Сәдуақас Қажының да өлеңдерінің ерекшелігі тікелей осы сүрелер мен хадистердің атауымен аталады. Өлеңдерінің өзі «Қасас сүресінің әз аяты мен тәпсірі», «Әйуһәл-уәләдтың біраз аудармасы», «Пайғамбардан көшірілген мына бір хадис» деп аталуында жоғарыда айтылған ойлардың жатқандығы шындық:
«Ғанкабут» сүресінің бір аяты, Сөйлеген көп мысалмен хикаяты.
Аңдаушы ғалым ғана деп білдірген, Ұсынған болған жанға дираяты.
«Ғасыр» сүре есіңде өте сақта, Қашанда адамшылық жолын ақта.
Бұл өсиет, ақылым, інім саған,
Күйдірме мүһмен жанды құр нахаққа. [2, 114-138 бб.]
Сондай-ақ, тікелей діни мәтіндер болмаса да діннің мазмұнына сай тәрбиелік бағытта жазылған өлеңдеріне де осы тұрғыдан қараған дұрыс.
Енді осы бағытта жазылған ғалым өлеңдерінен үзінді келтіре кетейік.
«Календар тысына жаздым» және «Өкіну» деген өлеңінде ғалым, ақылға түсініктеме бере отырып, нәпсіні сынайды:
Ақыл деген неңізде арап тілі, Білімділер зарттеуші білер мұны.
«Тұсамыс, шідер» деген мағынада, Асау аттай нәпсінің тыяр жолы.
Нәпсіқұмар, баққұмар, ойынқұмар, Дәулетқұмар атақты қылмақ тұмар.
Бәрі де бір нәпсінің қызықтауы, Пайда мен зияндысын ақыл сынар.
Ғапылдықпен өткіздік жас өмірді, Нәпсінің қалағанын қылдық құнды.
Шайтан лағын билігі іске асып,
Байқап тұрсаң жастықта болдық жынды.
Жындыдан ақылды іс табыла ма, Түбі пайда емеске сабыла ма.
Жастықты – жындылықтан бір бұтақ деп, Тектен-тек хақ пайғамбар жар қыла ма?
Сол жастық сені аздырды - әуейлендің, Ынтаңды ықыласыңды түгел бердің.
Соның бәрі ақымақтық, ғапылаттық,
Күні өткен соң толғайтын ақылға ендің [2, 38 б.]- дейді.
Жалпы нәпсіні сынау дәстүрі басқа ғалымдардың да шығармаларында орын тапқан. Мәселен Шәкәрім шығармаларында:
Сыртыңды сыланасын сән беріп, Ішіңнің түзетпейсің хатасын.
Айла мен алдағанды жөн көріп,
Адамды аң орына атасың.
Жалғанның бір пайдасың көргенде, Арланбай арыңды да сатасың.
Алланың ақ өлімі келгенде, Амалсыз қара тастай қатасың.[3]
Немесе Қожа Ахмет Ясауидің:
Қожа Ахмед , нәпсі мешкей түк тоймайды, Жер көкті түгел жұтсын жұқ болмайды.
Топырақ құшса ғана бітті ол қайғы, Бейнәпсі қор қызымен жасар, достар.[4]
Болмаса Ақыт қажы Үлімжіұлының:
Ләпсі шіркін тоймайды, Дүниені жалмасаң
Жеңілмейсің құрбыңнан
Ақыл тегін парласаң [5],- деген өлеңдерін осы тақырыпта жазылған деуге болады.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы Құрандағы «нәпсі» жайында айтылған Жүсіп сүресінің 53-аятының мағынасы деуге болады. Бұл аят мәтініңде: «Мен нәпсімді ақтамаймын; өйткені нәпсі әрдайым жаманшылықты бұйырады...» - делінеді немесе пайғамбарымыз бір хадисінде:
«Сенің ең зарарлы дұшпаның – нәпсің» делінеді. Бұл теңізден алынған тамшыдан бір мысал ғана. Қазақ ғалымдарының Құран және хадис мәтіндерін түсіндіру жолдарын немесе аят, хадистер мен ғалымдардың шығармаларының арасындағы байланысын зерттеу өте ауқымды тақырып болмақ. Болашақта бұл қадам қолға алынады деп сенеміз. Егер осы мәселені жаңғыртатын болсақ, төл діни түсінігімізге оралсақ, қазіргі дін саласында болып жатқан көптеген қайшылықтар мен түсініспеушіліктер өз шешімін табары сөзсіз.
Жалпы, қазақ ғалымдарына ортақ тақырып, ол дүниенің пәнилігі мәселесі. Қоғамдағы келеңсіздіктердің барлығы, осы дүниеге деген құмарлықтан, тойымсыздықтан, қызғаныштан туатындықтан ғалымдарымыз, дүниенің тұрақсыздығын, опасыздығын баса айтады. Өз кезегінде Ғылмани қажы да «Әй дүние!» деген өлеңінде:
Әй дүние, дүние, сұм дүние, Неңізсіз көріністе ду дүние.
Дардитып құштар жанды тоқтыдай қып,
Білдіртпей соятұғын қу дүние – деп толғанады [2, 341 б.].
Осы тақырыпта Шәкәрім Құдайбердіұлы да:
Тұрақсыз шыр айналған дүние, Жұтады бәрінің де бастарын.
Ел түгіл жерлеріне кім ие,
Айтпасаң моласының тастарын.
.... Дүние қу- Бір ағын су,
Түстік онда шөп болып, Күнде ағамыз, сандаламыз Бейнетіміз көп болып.
Кейде тасқа Кейже ағашқа
Соқтығамыз дөп келіп.
Суынан да Уынан да
Құтылармыз жоқ болып Дүние ағып, сусыл қағып.
Фәни көлге құйылар Бірі ерте, бірі кешке Шөп те келіп жиылар.
Көлге барып, тыным алып, Бәрі сонда жиылар.
Алды тыныс, болды тыныш.
Су ағыны тиылар. [3, 112-114-бб.]
Қорыта айтқанда, діндар ғалымдардың шығармаларында өмір мен өлім тақырыбы қатар қарастырылады. Оның себебі, алғашқысының мәнін соңғысының ашатындығында болса керек. Халқының қамын ойлап, діні мен сеніміне адалдығын паш еткен, соның нәтижесіне заманының теріс саясатынан соққы жесе де мойымаған, болашақтан үмітін үзбеген, дінді дәріптеу, түсіндіруде, діни мәтіндерге талдау жасауда өзіндік із қалдырған, бірегей тұлға болған ғалымдарымыз бен даналарымыз қаншама.
Халқымыздың діни-рухани мұралары, болашақта кең ауқымда зерттеліп, өзіне лайықты орнын аларына күмән жоқ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. М. Уотт, Влияние Ислама на средневековую Европу, иное положение в мусулманском мире, Шапағат-нұр, 11/ 2001. – 36-37 бб.
2. Ғылмани С. Шығармалары /Құрастырған Д. Қамзабекұлы. – Алматы: «Ел- шежіре», 2011. – 392 б.
3. Шәкәрім. Шығармалары. –Алматы, «Жазушы». 1988. -113 б.
4. Қожа Ахмед Йасауи. Хикмет жинақ. – Алматы, «Жалын». 1998. – 107 б.
5. Қарымсақтегі Үлімжіұлы Ақыт қажы. Жиһаншаһ. (жыр, толғау, қиса, дастандар) – Монголия, Баян - Өлгий, 1994. - 9 б.