Аманкулов А., Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетінің 2-курс магистранты
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ МАҚСАТЫНДАҒЫ ЖЕРЛЕРДІ ЖАЛДАУДЫ ҚҰҚЫҚТЫҚ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРI
В настоящей статье рассматриваются вопросы, касающиеся права пользования земельными участками сельскохозяйственного назначения по действующему законодательству Республики Казахстан.
Ключевые слова: аренда, земли, земли сельскохозяйственного назначения, земельный участок
In the present article are considered the questions, concerning rights of use of the agricultural purpose lands areas under the Republic Kazakhstan current legislation.
Keynotes: lands,
Жер – барлық адамзат баласының өмір сүруінің негізі болып табылатын негізгі табиғи ресурс.
Біздің мемлекетіміздің жер қорының құрамында өзінің көлемі, экономикалық қызметі мен пайдалылығы бойынша үлкен маңызға ие болып табылатын жерлер – бұл ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер болып табылатынды. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстан Республикасының жер аумағы 272 490, 2 мың гектар екен.
Осылардың ішінде ауыл шаруашылық жерлері – 222 513, 6 мың гектарды құрайды.
Соңғысының ішіне сәйкесінше ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер де кіреді, оның жалпы көлемі 90 910, 35 мың гектар. Ал жер аумағының қалған бөлігін ауыл шаруашылық өндірісінің мақсатында пайдаланылатын жердің басқа да санаттары құрайды [1].
Егер де 1990 жылдары ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер Қазақстан Республикасы жер қорының 81,2 % құраса, 2000 жылдардың бас кезеңінде олардың ара салмағы небәрі – 39,6 % құрады. Егер де осы жағдай өзінің жалғасын ары қарай да тауып отыратын болса, онда біз жақын жылдары-ақ ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланылатын жерлерге зәру болып қалуымыз мүмкін.
«Жер дегеніміз – мемлекет пен халықтың өмір сүру қызметінің негізі болып табылатын табиғаттың басты объектісі. Жерге меншік нысаны, оның иелену мен пайдалану үшін кімге берілгеніне және жердің сандық, сапалық жағдайына біздің болашағымыз тәуелді»,-деп Б.Ж. Әбдірайымов жазған болатын [2].
А.Х. Хаджиевтың пікірі бойынша – жердің табиғи қасиеті өзге қоршаған табиғи орта объектілермен өзара байланыс жүйесінде басым орнын белгілейді. Орман, су, жануарлар дүниесі табиғат объектілері ретінде жермен байланыссыз өмір сүре алмайды.
Тек қана жермен тығыз байланыста бола отырып, олар өздерінің өсіп-өну мүмкіндіктері мен ерекше қасиеттерін сақтайды және барлық табиғи кешендермен бірге экологиялық қызметін жүзеге асырады [3].
Қазақстан Республикасының Жер кодексінде жерлердің бірқатар түрлері нақты көрсетілген. Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 97 - бабы ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді ауыл шаруашылығының қажеттіліктері үшін берілген немесе осы мақсаттарға арналған жерлер ретінде бекітіп берген. Ол - жер санаттарының ішіндегі ең негізгі жер санаты, оның басты ерекшелігі болып жердің өндіріс шикізаттары мен адамдар мен жан-жануарларға қажетті азықтардың басты құралы болып табылатындығы болып отыр [4, 78б].
Яғни, заң шығарушы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерлердің табиғи құрылымына және экономикалық мақсаттылығына сәйкес оларды бірнеше түрге
бөлуді көздегендігін айту керек. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажеттi iшкi шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.
Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер келесi жағдайларда Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттiк емес заңды тұлғаларының жеке меншiгінде немесе жер пайдалануында болуы мүмкін:
-
шаруа немесе фермер қожалығын
жүргiзу;- тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсi;
- орман өсiру;
- ғылыми-зерттеу;
- тәжiрибе жүргiзу және оқыту мақсатында;
- қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн берілуі мүмкін.
Қазақстан Республикасында нарықтық жағдайға өтуге байланысты әртүрлі меншік нысандарының пайда болуы, шаруашылық етуші субъектілердің және олардың нысандарының көбеюі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алуды шектемейді, керісінше, оның әрі қарай дамуына алғышарт ретінде танылады.
Жалпы жалдау қатынастары б.з.д. 2000 жылдары пайда болған және оның заты ретінде жер учаскесі танылған. Кейін жалдау объектісі ретінде тек қана жер ғана емес, сонымен бірге, ғимараттар, құрылыстар, барлық заттар, тіпті ядролық энергетикалық кешендер де таныла бастады.
Жалдау (аренда) дегеніміз – латын тілінен аударғанда жалға алу немесе белгілі бір шарттармен мүлікті беруге шарт жасау деген түсінікті білдіреді. Жалдаудың әдеттегі анықтамасы бір тараптың /жалға берушінің/ екінші бір тұлғаға /жалға алушыға/ белгілі бір мүлікті ақылы түрде уақытша пайдалану мен иеленуге беруін түсіндіреді. Яғни бір тарап белгілі бір мүлікті жалға бергені үшін төлемақы алады, ал екінші тарап - жалға алушы мүлікті пайдаланғаны үшін кіріс алады және ол мүлікті сатып алу үшін шығындалмайды.
Әмбебап азаматтық құндылық және адамзат ойының ерекше жетістігі ретінде жалдау тек қана жайлы емес, сонымен бірге, нарықтық жағдайға өту барысындағы қоғам үшін объективтік қажеттілік болып табылады. Жалдаудың пайда болуы әрбір азаматтың дербес кәсіпкерлікке құқығын жүзеге асыруының табиғи салдары.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 540-бабына сәйкес, жалдау шарты бойынша, жалға берушi жалдаушыға мүлiктi ақы төлеп уақытша иеленуге және пайдалануға беруге мiндеттенедi. Яғни, жалға алушы жер учаскесiн жалға ала отырып оны иеленедi, пайдаланады, пайдалы қасиеттерiн алады және заңға сәйкес, пайдалану нәтижесiнде алынған өнiмдер мен кiрiстерге билiк ете алады [5].
Жалға берушi ретiнде көбiнесе тек жер меншiк иесi болуы мүмкiн. Бұл, яғни, мемлекеттiк емес жер пайдаланушылардың iшiнде жеке меншiгiнде немесе тұрақты жер пайдалану құқығы бойынша пайдаланып жатқан заңды немесе жеке тұлғалар болуы мүмкiн, бұл тұлғалар сонымен қатар, өздерiнiң сенiмдi өкiлдерi арқылы да жердi жалға беруi мүмкiн.
Ал, жердi жалға алушы ретiнде бұл жерде, мемлекеттiк және мемлекеттiк емес жер пайдаланушылар, ұлттық, шетелдiк және азаматтығы жоқ адамдар, жеке және заңды тұлғалар бола алады. Жердi жалға алушы субъектiлер көбiнесе уақытша жер пайдаланушылар болып табылады. Яғни, олар жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге ғана алып отыр.
Жалға алған жалдаушының заңда көзделген белгiлi бiр құқықтары мен мiндеттерi болады. Жалдаушы жер учаскесiне жалдау шарты шегiнде пайдалану және иелену
құқығын жүзеге асырады. Жер учаскесiн жалдаушы шарт және жер заңдарының негiзiнде нысаналы мақсатта пайдаланады. Азаматтық кодекске сәйкес, жер учаскесiн жалға алған жалдаушы жалдау кезiндегi жер учаскесiнен алынған табыстарға, өнiмдерге және пайдаларға меншiк құқығын жүзеге асырады.
Жалдаушының құқықтарымен бiрге, жердi пайдалануға белгiлi мiндеттерi де болады. Меншiк иесi сенiмдi жалдаушы да жердi пайдалану мен иелену құқығын жүзеге асыру кезiнде тиiстi мiндеттерге ие болады.
Жердi жалдау шартына сәйкес нысаналы мақсатта пайдалану; жердi бұрынғы қалпында ұстап тұру үшiн немесе сақтау үшiн өз қаржысын жұмсау, егер шартта не заңда өзгеше көзделмесе; жалдау шарты мерзiмi бiткен кезде жер учаскесiн жалға берушiге өзi бұрын алған қалпында қайтару немесе шартта көзделген жағдайда қайтару сияқты мiндеттерi орын алады.
Жалдау ақысын төлеу жалдаушының ең негiзгi басты мiндеттерiнiң бiрi болып табылады. Жалға алынған мүлiктi пайдалану үшiн төлемдi, егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шартта белгiленген тәртiп, мерзiм мен нысан бойынша жалға алушы төлейдi.
Шартта олар айқындалмаған жағдайларда салыстырмалы мән-жайларда әдетте сол секiлдi жер учаскесін жалға алған кезде қолданылатын тәртiп, мерзiм мен нысан деп есептеледi.
Төлем барлық жалданылған жер учаскесі үшiн тұтас немесе оның құрамдас бөлiктерiнiң әрқайсысы бойынша жеке:
1. Мерзiмдiк немесе бiржолғы енгiзiлетiн төлемдердiң тұрлаулы сомасында белгiленген;
2. Жалданылған жер учаскесін, онда орналасқан жылжымайтын мүлiктi, жер учаскесінен алған өнiмдi, жемiстердi немесе өзге кiрiстердi пайдалану нәтижесiнде алынған белгiлi бiр үлес;
3. Жер учаскесін жалға алушының белгiлi бiр қызмет көрсетулерi;
4. Жалға алушының шартта келiсiлген жер учаскесін жалға берушiнiң меншiгiне немесе жалдауына беруi;
5. Жалға алушыға жалданылған жер учаскесінің топырағының құнарлығын жақсарту жөнiнде шартта келiсiлген шығындарды жүктеуi түрiнде белгiленедi.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, тараптар шартта мүлiктi немесе өзге де төлем нысандарын пайдалану үшiн аталған төлем нысандарын ұштастыруды көздеуi мүмкiн делінген.
Ауыл шаруашылық мақсатындағы
жер учаскелерін жер пайдалану құқығының көрінісі ретінде жалдау шарттарымен беру мерзімі кемінде бес жыл болады. Заңды тұлғалар мен азаматтар осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ақылы немесе ақысыз негіздерде пайдалануы мүмкін. Ал жер участкесін бес жылдан аз мерзімге алу үшін мүдделі заңды тұлға немесе ҚР азаматтары өкілетті органдарға өтініш беруі қажет және жазбаша нысандағы келісімі болғанда ғана бес жыл уақыт мерзімін қысқартуға жол беріледі. Айта кету керек, Жер кодексіне сәйкес
шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейiнгi мерзiмге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға берiлуі мүмкін. Осы жерде заңды сұрақ туындайды: неліктен шетелдіктерге берілетін жалдау мерзімі өз азаматтарымызға қарағанда ұзақ? Бұл оларға берілетін артықшылық емес пе? Мүмкін шетелдіктердің құжат жинауында кездесетін ерекшеліктерді ескеріп заңшығарушы осы сипаттағы норманы Кодекске енгізген болар. ҚР Конституциясында барлық азаматтардың құқықтары мен бостандықтары тең, олар ешқандай кемсітуге немесе артықшылықтар алуға жатпайды делінген. Сонда Жер кодексінде бекітілген ереже еліміздің басты Заңына қайшы келіп тұр.
Осы қайшылықты жою үшін аталған ережені құқықтық саясат тұжырымдамасына сәйкестендіріп, қайта қарау керек. Барлық адамдардың жер пайдалануға қатысты құқықтары бірдей қаралып, осы норманың ерекше жағдайлары ретінде керісінше уақыт
ұзақтығы тұрғысынан шетелдіктердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мерзімінің бес жылдан аспауын бекіту қажет.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1 Государственный земельный кадастр за 2009 год. (стат.Сборник). -Алматы, 2009.
2 Абдраимов Б.Ж. Земельное законодательство и судебная практика // Земельное законодательство Республики Казахстан: Сборник нормативно-правовых актов (с комментариями) / Сост.: Байсалов С.Б., Стамкулов А.С. и др. – Алматы: Жеті Жарғы, 1998. – С.166-177.
3 Хаджиев А.Х. Земельное право Республики Казахстан (Общая часть). – Алматы:
Данекер, 2001. – 372с.
4 Қазақстан Республикасының Жер кодексі 2003 жыл 20 маусым. – Алматы, 2007. – Юрист баспасы. – Жеке басылым.
5 Қазақстан Республикасы. Азаматтық Кодексі: 1 қаңтар 1995 жыл // Юрист анықтама жүйесі.