• Tidak ada hasil yang ditemukan

Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың ғылыми-теориялық негіздері

N/A
N/A
Protected

Academic year: 2023

Membagikan "Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың ғылыми-теориялық негіздері"

Copied!
51
0
0

Teks penuh

(1)

ӘӨЖ 378:37.015.3:07 Қолжазба құқығында

СЕЙІТҚАЗЫ ПЕРИЗАТ БАЙТЕШҚЫЗЫ

Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың ғылыми-теориялық негіздері

13.00.08 − кәсіптік білім беру теориясы мен әдістемесі

Педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның

авторефераты

Қазақстан Республикасы Астана, 2009

(2)

Жұмыс Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде орындалған.

Ғылыми кеңесшісі: ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор К.Қ.Құнантаева

Ресми оппоненттері: педагогика ғылымдарының докторы, профессор Б.К.Момынбаев

педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ш.А.Абдраман

педагогика ғылымдарының докторы, профессор Т.Ә.Қышқашбаев

Жетекші ұйым: Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясы

Диссертация 2009 жылғы « » сағат 10.00-де Еуразия гуманитарлық институтында (010009, Астана қаласы, М.Жұмабаев көшесі, 3, мәжіліс залы) педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін беру жөніндегі БД 14.50.09 диссертациялық кеңестің мәжілісінде қорғалады.

Диссертациямен Еуразия гуманитарлық институтының кітапханасында танысуға болады.

Автореферат 2009 жылы « » таратылды.

Біріккен диссертациялық кеңестің ғалым хатшысы, педагогика ғылымдарының

докторы Б.А.Мукушев

(3)

КІРІСПЕ

Зерттеудің көкейкестілігі. Болашақ ұрпақтың білім алуы мен тәрбиесі, оның дамуы қашанда аса маңызды мәселелердің бірі болса, жаңа ғасырға енген қазіргі кезеңде жоғары технологиялық ақпараттық қоғамның мүмкіндіктерін пайдалана отырып білім мен тәрбие беру көзделіп отыр. Өйткені, қоғамның қай саласында болсын жаңа технологияға кеңінен мән беру өмірдің өзі талап етіп отырған мәселе, олай болса қандай да жаңалықты қабылдауға бейім және оларды меңгеруге дайын жастардың жаңа технологияларға лайықталған білім мен тәрбие алуына ерекше көңіл бөлу заңдылық. Осы орайда жастардың қазіргі қоғамдағы орны және ұлттық құндылықтардың сақталуы мен тәрбиенің маңызы жайында еліміздің Президенті Қазақстан жастарының І съезінде сөйлеген сөзінде өте маңызды әрі көкейкесті мәселені көтерді. Н.Ә.Назарбаев аталған кездесуде: «Жастардың бойында құндылықтардың дұрыс жүйесін қалыптастыру керек, оның негізінде еңбексүйгіштік, ар-намыс, парасаттылық, өзін-өзі тұрақты жетілдіруге ұмтылыс және оқу, тәртіп сияқты қасиеттер жатқаны жөн» деп қазіргі жастардың бойында аса қажетті құндылықтарды тәрбиелеуді одан әрі жетілдіру керектігін және оны білім мен тәрбие беруді дұрыс ұйымдастыру арқылы қалпына келтіру керектігіне мән беру қажеттілігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ елбасы, қазіргі кезде бұл құндылықтарды жастар мен жасөспірімдердің бойында қалыптастыру үшін әртүрлі іс-шараларды жүзеге асыру арқылы қол жеткізу керектігін айта отырып, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалына үлкен мән берудің тиімділігіне және оның бұл мәселелерді жүзеге асыруда аса маңызды құрал екендігіне тоқталды.

Олай болса, бүгінгі күні ақпараттық технологияларға бейімделген білімді, тәрбиелі, мәдениетті тұлғаны өмірге дайындауда негізгі құралдардың бірі ретінде бұқаралық ақпарат құралдары мүмкіндіктеріне қоғамның кеңінен көңіл бөле бастауы бекер емес. Өйткені, өзінің кең мүмкіндіктеріне қарай кейінгі кездері бұқаралық ақпарат құралдары адам өмірінде белгілі дәрежеде ықпалды роль атқарып отыр. Осы тұрғыдан қарастырғанда, қазіргі уақытта ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін ескермей рухани өмірдің қай саласындағы да әлеуметтік-мәдени дамуды елестету қиын болса, олардың ең алдыңғы қатарында білім беру жүйесі тұр. Демек, жаңа технологиялар заманында уақыт талаптарына жауап бере алатын тәрбиелік әдістерді, құралдарды анықтап, оны қолданысқа ендірудің қажеттілігі туындайды. Педагог ғалымдар әр елдің тәжірибелерін қарастыра отырып, тәрбие беруде барлық әлеуметтендіру институттарының бірлесіп әрекет етуі тиісті нәтиже беретінін үнемі айтуда. Ал тәрбие институттары ретінде ең алдымен отбасын, оқу-тәрбие мекемелерін қарастыратын болсақ, сонымен қатар соңғы уақыттарда олардың қатарына бұқаралық ақпарат құралдары да еніп отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының оқу-тәрбие үрдісіндегі ролінің ұлғаюына қарай, оның мүмкіндіктерін педагогика және психология тұрғысынан тереңірек талдауды қажет етеді.

Әсіресе БАҚ-тың танымдық-тағлымдық, ақпараттық, рекреативті, релаксациялық, коммуникативті мүмкіндіктері жан-жақты зерттеле бастады және педагогикада жаңа «медиабілім» бағыты пайда болды. Медиабілім берілу

(4)

қажеттігін ұсынған тұжырымдамалар мен оларды жүзеге асыруға арналған бағдарламалар бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлерінің және соған қатысы бар техникалық құралдарды пайдалана білуге жасөспірімдерді үйретуді, соған орай бұл іс-әрекетке болашақ мұғалім мамандардың дайындығын жүзеге асыруды көздейді. Осы тұжырымдамаларды негізге ала отырып ғалымдар медиабілім проблемасы бойынша зерттеулер жүргізуде және бұл зерттеулерде медиабілім берудің негізгі тармағы болып табылатын БАҚ ролінің оқушылар өмірінде барынша артып отырғандығы көрсетіледі.

БАҚ-тың жасөспірімдердің дамып, қалыптасуындағы орнын әртүрлі аспектіде (философия, мәдениеттану, педагогика, психология) қарастырып жүрген бір топ шетелдік ғалымдарды атап өтуге болады. Олар:

Е.Н.Барышникова, А.Н.Богомолов, Г.Г.Воробьев, Г.Т.Волкова, С.А.Герасимова, Г.В.Грачев, Г.Г.Громов, И.Ю.Глинская, Е.Л.Доценко, А.А.Марков, Н.В.Махова, Л.С.Зайцева, О.В.Краснова, И.А.Колесникова, К.Г.Кречетников, А.А.Журин, Е.С.Полат, Е.В.Шуварикова, И.В.Челышева, С.Б.Цымбаленко, И.А.Яременко және т.б. Сондай-ақ, соңғы уақытта педагогикада жаңа бағыт деп танылып отырған медиабілім беру негізінде бұқаралық ақпарат құралдарын оқу-тәрбие үрдісінде пайдалану мәселесіне зерттеу жүргізудің бір ізділігін жасаған ғалымдардың (Л.М.Баженова, О.А.Баранов, Л.С.Зазнобина, И.С.Левшин, Л.Мастерман, С.Н.Пензин, А.А.Новикова, Ю.К.Усов, А.В.Федоров, А.В.Шариков) еңбектері назар аударарлық. Бұл ғалымдардың зерттеулерінде бүгінгі күні медиабілім берудің аса маңыздылығы және оны жолға қою арқылы жасөспірімдердің бойында бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалануға деген көзқарасты қалыптастыру мүмкіндігі жоғары екендігі нақтыланған.

Баспасөз құралдарын (мерзімді, педагогикалық) оқу-тәрбие үрдісінде пайдаланудың тиімділігіне байланысты Г.В.Абросимова, А.П.Апполонова, В.Ш.Самедов, О.П.Симанчук, Н.В.Иванова, Н.С.Малеванный, Г.Х.- А.Махмудова, Ю.М.Новокшонов, Д.Ф.Мезенцев, Г.С.Мельник, Т.А.Репида, С.В.Миликидзе, Н.К.Шипатильник, С.Н.Янпольский, ал отандық ғалымдардың ішінде Қ.А.Ақтамбеков, С.Абдукадирова, Р.Г.Ахмадиев, В.А.Бородин, И.П.Гуляева, Ү.Жұмабекова, С.Н.Имашев, Г.Исмағұлова, Н.М.Наренов, Ә.О.Оразова, Н.П.Скальковская, А.А.Тіленбаева және тағы басқалар зерттеу жүргізген. Бұл зерттеулер бұқаралық ақпарат құралдарының қай кезеңде де мектеп оқушылары үшін дүниетанымдық тұрғыда негізгі білім көзі және басты тәрбие құралы, сондай-ақ әлеуметтендіруші институттардың бірі болып отырғанын нақтылайды. Бұқаралық ақпарат құралдарын жасөспірімдердің дүниетанымын тәрбиелеуде, көзқарасын қалыптастыруда және өмірге бейімдеуде негізгі әлеуметтік институттардың бірі деп танитын болсақ, оның мүмкіндіктерін тәрбие ісінде пайдалана білуге болашақ мұғалімдерді дайындау қажеттігі маңызды мәселе. Өйткені, бүгінгі күні тәрбие үрдісінде БАҚ тәрізді мүмкіндігі кең құралды пайдаланбау мүмкін емес.

Ұлы ғұламалардың пікірлерінде тәрбиесіз берілген білімнің тиімді болмайтыны анық айтылса, тәрбие мәселесі отандық ғалымдардың қашанда назарында. Жасөспірімдердің тәрбиесі және оған болашақ мұғалімдердің дайындығы мәселелері А.Б.Абибулаева, Б.Айтмамбетова, Қ.Ж.Ағанина,

(5)

С.Әбенбаев, З.Әбілова, М.Әлімбаев, М.Әмірбекова, Е.З.Батталханов, Р.Башарұлы, А.А.Бейсенбаева, С.Ғаббасов, А.П.Сейтешов, К.Сейталиев, В.Сергеева, Р.К.Төлеубекова, Ә.Табылдиев, А.Ғ.Қазмағанбетов, С.Қ.Қалиев, Ә.Жұмаханов, Л.К.Керімов, З.Ө.Кенесарина, К.Қ.Құнантаева, Ж.Ж.Наурызбай, А.Н.Тесленко, Б.Тлеулов, С.А.Ұзақбаева, А.Ілиясова және тағы басқа да еліміздің белгілі ғалымдарының зерттеулерінде жан-жақты қарастырылады.

Сондай-ақ, болашақ мамандарды кәсіби тұрғыдан дайындауға байланысты проблеманың бірқатар аспектілері Г.К.Ахметова, Б.Әбдікәрімұлы, С.Ә.Әбдіманапов, А.М.Әбдіров, Ш.Ә.Әбдіраман, Ғ.З.Әділғазінов, Р.Ч.Бектұрғанова, Қ.Б.Бөлеев, Т.Т.Галиев, Д.М.Джусубалиева, В.В.Егоров, М.Ж.Жадрина, К.К.Жанпейісова, Е.Ұ.Жұматаева, А.А.Қалыбекова, Ж.А.Қараев, С.Т.Каргин, Б.Т.Кенжебеков, С.М.Кеңесбаев, Қ.М.Кертаева, М.А.Құдайқұлов, М.Қ.Құрманов, Т.Ә.Қышқашбаев, М.С.Мәлібекова, Г.Ж.Меңлібекова, Б.К.Момынбаев, Б.А.Мукушев, Б.Ы.Мұқанова, Г.Қ.Нұрғалиева, О.Нұсқабаев, С.Т.Сабыров, М.Н.Сарыбеков, О.С.Сыздықов, Ш.Т.Таубаева, Ә.Ә.Усманов және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде зерделенген.

Сонымен қатар, біздің зерттеу проблемамызды толыққанды зерделеу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының негізі болып табылатын журналистика саласымен байланыстыра қарастыру заңдылық деп есептейміз. Бұл саладағы ғылыми еңбектерге талдау барысында елімізде қазіргі журналистиканы балалар мен жастар тәрбиесімен сабақтастықта қарастырған бірқатар еңбектердің бар екендігіне көз жеткіздік. Олардың ішінде, Б.Жақып, Ж.О.Кенжалин, Г.Ж.Ибраева, С.Қозыбаев, Н.Омашев, Г.Ә.Сәрсенбекова, Қ.Тұрсын, Н.Г.Шыңғысовалардың еңбектері аталған проблеманы жан-жақты зерделеуге үлкен мүмкіндік берді. Әсіресе республикалық телеарналардың жастар мен жасөспірімдерге арналған бағдарламаларының қалыптасу және даму тарихына баға берген, сондай-ақ олардың өзіндік ерекшеліктері мен бүгінгі жастардың сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған арналардың жұмыстарына талдау жасаған ғалымдар Н.Шыңғысова мен Г.Ибраеваның зерттеу еңбектерінің біздің зерттеу жұмысымыздың проблемасын жан-жақты ашыла түсуіне үлесі мол болды. Өйткені, бұқаралық ақпарат құралдары арасында адамзаттың пайдалануы жағынан негізгі орынды алып отырған теледидардың қоғамның болашағы жасөспірімдердің мінез-құлқының қалыптасып дамуындағы ролін жоққа шығару мүмкін емес, керісінше оның осындай мүмкіндіктерін пайдалана білуге балалардың дайын болуы бүгінгі күні маңызды болып отыр. Сондықтан, жасөспірімдердің өміріндегі маңыздылығын ескере отырып, БАҚ-тың ұсынатын өнімдерінің балалар мен жастардың дамуында қаншалықты пайдалы болып отырғандығы, олардың көздеген идеологиясын болжау, оларға баға беру журналистика саласының мамандарының ғана міндеті болу дәрежесінен асып кеткендігі мәлім. Демек, тәрбие ісі баршаға ортақ болғандықтан, ғылымдардың интеграциясы маңызды болып табылатыны сөзсіз. Қарастырылып отырған проблема тұрғысынан алғанда, педагогика мен журналистика салаларына біртұтастықта зерттеу жүргізіп, білім және тәрбие мәселесінде оң нәтижелерге қол жеткізуді жүзеге асыру болып табылады. Бұл зерттеу жұмысының

(6)

барысында журналистика бойынша зерттеу жұмыстарына да кеңінен мән берілуі осының бір айғағы.

Қазақстан республикасының жаңа формация педагогына үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасында көрсетілгеніндей, қазіргі білім беру жүйесіндегі дағдарыстардың болуы білімнің тиімділігінің жетіспеуіне ғана байланысты емес. Ол жас ұрпақтың интеллектуалдық, жеке тұлғалық, адамгершілік-рухани дамуында жіберіліген кемшілік, сонымен қатар білім жүйесінің жеке тұлғалық менталитетін қалыптастыруда, жалпы адамзаттық құндылық, толеранттық және ынтымақтастық социум тұрғысынан білім беру жүйесінің дайындығы жоқтығынан делінген. Сондықтан педагогикалық білім берудің әртүрлі кезеңдерінің мақсаты – педагог біліктілігінің дамуына көмектесу, кәсіби міндеттерді шешудегі қабілеттерін жетілдіру болып табылады.

Болашақ мұғалімнің тәрбие үрдісіне жан-жақты дайындығы, мектепте оқушылардың тәрбие үрдісін тиімді ұйымдастыруда бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін пайдалана алуы мәселесі студенттің мамандықты меңгеру барысындағы дайындығына тікелей байланысты.

Қоғамның постиндустриялды дамуы және ақпарат алу мүмкіндігінің жоғарылауы жағдайында, жоғары кәсіби деңгейді иеленген, шығармашылыққа және өзіндік жұмысқа қабілеті бар маман дайындау мәселесі одан әрі ерекше маңызға ие бола бастады. Ақпараттық технологиялардың аса жоғары қарқынмен дамуы мұғалімнің кәсіби іс-әрекетін өзгертуді, демек, болашақ мұғалімдердің өз қызметінде жаңа ақпараттық технологияларды пайдалана білуге дайындығы мәселесін алға қойып отыр. Сондықтан, педагогикалық мамандыққа білім алып жатқан студенттер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне оқу орындарында дайындалуы өте маңызды мәселе болып табылады. Дейтұрғанмен, соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбиеге ықпалдылығы мен әсерін ізденушілер біршама қарастырып жүргенімен, зерттеу жұмыстарының арасында болашақ мұғалім мамандарды оларды тәжірибеде пайдалана білуге дайындау туралы нақты ғылыми тұрғыдан негізделген, жүйеленген еңбектердің жоқ екендігіне көз жеткіздік. Сондай-ақ, төмендегідей бірқатар қарама-қайшылықтарды анықтадық, атап айтқанда:

- жасөспірімдердің өмірге көзқарасын қалыптастыруда ерекше насихат құралы бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбие ісінде қажеттілігі жоғары болғанымен, ол мүмкіндіктерді мұғалімдердің тәжірибеде пайдалануы барысында қиындықтармен жолығуы;

- бұқаралық ақпарат құралдарының ролінің артып отырғандығына қарамастан, болашақ мұғалімдердің бойында ақпарат құралдарын тәрбие үрдісінде пайдалана білу іскерлігі қалыптаспағандығы;

- бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдалануға болашақ мұғалімдерді мақсатты түрде дайындауға байланысты ғылыми негізделген әдістердің болмауы.

Сонымен, ақпараттық заманда қоғамның жастар мен жасөспірімдерді өмірге толыққанды бейімдеуге байланысты қойып отырған талаптары және

(7)

аталған мәселенің теориялық және практикалық тұрғыда жеткілікті түрде талданбауы арасындағы қайшылықтар біздің зерттеу проблемамызды айқындап, зерттеу тақырыбын «Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың ғылыми-теориялық негіздері» деп алуымызға себеп болды.

Зерттеу мақсаты: болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың ғылыми-теориялық негіздемесін және әдістемелік жүйесін жасау.

Зерттеу нысаны: жоғары кәсіптік педагогикалық білім беру жүйесі.

Зерттеу пәні: болашақ мұғалімдерді тәрбие жұмысына дайындау үрдісі.

Зерттеудің болжамы: егер, болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың тұжырымдамасы, моделі және және оларды жүзеге асыруға байланысты әдістеме дайындалса, онда болашақ мұғалімдерді тәрбие үрдісіне дайындауда БАҚ мүмкіндіктеріне педагогикалық оқу орындарында кеңінен мән берілер еді, ал бұл үрдіс, ақпараттық заманда БАҚ-ты тәжірибеде тиімді пайдалануды жүзеге асыруға негіз болады.

Зерттеу міндеттері:

1. БАҚ-тың мүмкіндіктерін жасөспірімдердің тәрбие үрдісінде пайдалану тиімділігі туралы пікірлерге талдау жасау арқылы, оның жалпы қоғам дамуындағы орнына баға беру. БАҚ арқылы болашақ мұғалімдерді тәрбие үрдісіне дайындаудың маңыздылығын анықтау;

2. «Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау», «бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие беру», ұғымдарының педагогикалық мәні мен мазмұнын нақтылау;

3. Білім беру жүйесінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану жайына және оған болашақ мұғалімдерді дайындау мәселесіне талдау жасау;

4. Болашақ мұғалімдерді БАҚ арқылы тәрбие үрдісіне дайындау тұжырымдамасы мен моделін жасау және оған ғылыми негізделген талаптар қою;

5. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындауда жоғары педагогикалық оқу орындары оқу-тәрбие үрдісінің мүмкіндіктерін анықтау және білім мазмұнын жетілдірудің негіздемесін жасау;

6. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың педагогикалық жүйесін құру;

7. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың тиімділігін көрсетуге байланысты жұмыстардың нәтижелігін дәлелдеу;

8. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың әдістемесін жасау және оны тәжірибеге ендіру.

Зерттеудің жетекші идеясы: болашақ мұғалімдер оқушылармен тәрбие жұмыстарын дұрыс ұйымдастыра алуы үшін жасөспірімдердің қалыптасуында өзіндік орны бар бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға оқу орындарында жан-жақты дайындалуы тиіс. Ал бұл үрдіс ең алдымен болашақ мамандардың жалпы білім беру пәндерінің мазмұнындағы мәселелерді меңгеру барысында жүзеге асырылатын болса, сонымен қатар

(8)

базалық және кәсіби циклдың құрамындағы пәндердің мазмұнына өзгерістер енгізу маңызды. Сондай-ақ, таңдау компоненттеріндегі пәндердің құрамына көңіл бөле отырып, олармен қатар арнайы курс, арнайы семинарларды енгізу нәтижесінде және әртүрлі аудиториядан тыс шараларды ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету керек.

Зерттеудің теориялық – әдіснамалық негіздеріне: кәсіпке дайындықты қалыптастыру теориясы, бұқаралық коммуникация теориясы, тұлғаны әлеуметтендіру теориясы, жеке тұлға және іс-әрекет теориясы, тәрбие теориясы, таным теориясы, жеке тұлғаның үздіксіз қалыптасуы мен дамуы туралы философиялық ойлар, қоғамдық құрылыстағы бұқаралық ақпарат құралдары туралы ілім және жеке тұлғаны тәрбиелеу, дамыту, қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының ролі туралы қағидалар алынды.

Зерттеу көздері: зерттеу проблемасы бойынша философ, психолог, педагогтардың еңбектері, мемлекеттік ресми құжаттар: Қазақстан Республикасының «Білім туралы заңы», Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың мемлекеттік тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының жоғары педагогикалық білім беру тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының жаңа формация педагогына үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының білім беру мекемелеріндегі тәрбие берудің кешенді бағдарламасы, Қазақстан Республикасы Білім Министрлігінің «Тәлім-тәрбие тұжырымдамасы», Қазақстан Республикасының

«Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңы», сонымен қатар, жоғары педагогикалық білім беретін оқу орындарының оқу жоспарлары, типтік бағдарламалары, силлабустар, оқу-әдістемелік кешендері, оқу-әдістемелік құралдар, тәрбие жұмысы жоспарлары, сондай-ақ, мектептердің тәрбие жұмыстары жоспарлары, мұғалімдердің озық педагогикалық іс-тәжірибелері, бұқаралық ақпарат құралдарының (теледидар, радио, газет-журналдар) материалдары.

Зерттеу әдістері: зерттеу нысанына алынған проблема бойынша ғылыми- теориялық, педагогикалық, психологиялық әдебиеттерге талдау; бұқаралық ақпарат құралдарының (теледидар, радио) жасөспірімдер мен жастарға тәрбие беру бағытындағы бағдарламаларын, басылымдар материалдарын талдау және жүйелеу; интернеттегі білім беру саласына және жастар мен жасөспірімдерге арналған қазақстандық сайттардың материалдарына талдау жасау; студенттер, мұғалімдер, оқушылар арасында сауалнама жүргізу, әңгімелесу; мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, типтік бағдарламаларына, оқу жоспарлары мен бағдарламаларына сараптама жасау; мектептердің озық іс- тәжірибелерін жинақтау; эксперименттік жұмыстың нәтижелерін талдау, алынған нәтижелерді математикалық өңдеу әдістері.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы мен теориялық мәні:

1. Бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбие үрдісіндегі орнына бүгінгі күн тұрғысынан баға берілді. БАҚ арқылы болашақ мұғалімдерді тәрбие үрдісіне дайындаудың маңыздылығы нақтыланып, ғылыми тұрғыдан негізделді;

(9)

2. «Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау», «бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие беру», ұғымдарының педагогикалық мәні нақтыланды;

3. Білім беру жүйесінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану жайы және оған болашақ мұғалімдерді дайындау мәселесі талданды;

4. Болашақ мұғалімдерді БАҚ арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың тұжырымдамасы мен моделі жасалды және оған ғылыми негізделген талаптар дайындалды;

5. Болашақ мұғалімдерді БАҚ арқылы тәрбие үрдісіне дайындауда жоғары педагогикалық оқу орындары оқу-тәрбие үрдісінің мүмкіндіктері сараланып, білім мазмұнын жетілдірудің негіздемесі жасалды;

6. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың педагогикалық жүйесі жасалды және оның тиімділігі негізделді;

7. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың тиімділігін көрсетуге байланысты жасалған жұмыстардың нәтижелілігі дәлелденді;

8. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың әдістемесі жасалып, ұсыныстар берілді.

Зерттеудің практикалық мәнділігі: зерттеу жұмысының нәтижелері Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім беру жүйесінің барлық деңгейіне арналған қазақстандық тәрбие жүйесі моделін дайындауда пайдаланылды. Зерттеу жұмысының қорытындыларын педагогикалық жоғары оқу орындарының жалпы білім беру және педагогикалық цикл пәндерінің мазмұнын жетілдіруде қолдануға болады.

Сондай-ақ, зерттеу нәтижелері бойынша беріліп отырған тәжірибелік, әдістемелік ұсыныстарды педагогикалық жоғары оқу орындарының және мектептің тәрбие үрдісінде, сонымен қатар мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттарында пайдалануға болады.

Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың тиімділігін арттыру және оқу-әдістемелік тұрғыдан қамтамасыз ету үшін оқу-тәрбие үрдісіне төмендегідей оқу-әдістемелік құралдар ендірілді:

1. «Бұқаралық ақпарат құралдары материалдары негізінде тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру». //Оқу-әдістемелік құралы.– Астана: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2007. −77 б.

2. «Баспасөз және тәрбие мәселесі». //Оқу құралы. – Астана: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2007. −110 б.

3. «Бұқаралық ақпарат құралдары материалдары негізінде тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру әдістемесі».//Арнайы курс бағдарламасы. – Астана: Күлтегін, 2008. −26 б.

4. «Бұқаралық ақпарат құралдарын мектепте пайдалану әдістемесі».

//Оқу құралы. – Астана: Күлтегін, 2008. −127 б.

(10)

5. Төменгі сынып оқушыларының тәрбие жұмысының технологиясы.

//Оқу-әдістемелік кешен – Астана: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2008. − 95 б.

6. «Студенттерді тәрбие жұмыстарына дайындауда бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану». //Оқу құралы. – Астана: Күлтегін, 2008. – 173 б.

7. «Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау тұжырымдамасы». //Тұжырымдама. – Астана: Күлтегін, 2008. – 74 б.

8. «Бұқаралық ақпарат құралдарын тәрбие жұмысында пайдаланудың теориялық және әдістемелік негіздері» //Оқу құралы. –Астана: Күлтегін, 2009. – 152 б.

9. Болашақ мұғалімдерді БАҚ арқылы тәрбие үрдісіне дайындау.

//Монография. – Астана: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, 2009. − 311 б.

Зерттеу кезеңдері:

Бірінші кезеңде (2001-2002жж.) Зерттеу проблемасы бойынша философиялық, психологиялық, педагогикалық, әлеуметтік, саяси әдебиеттерге талдау жасалды, зерттеудің ғылыми аппараты мен жоспары құрылды, проблеманың қазіргі кездегі жағдайы зерттелді, болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудағы әдіснамалық проблемасы анықталды, эксперимент жұмыстарын жүргізу үшін база дайындалды.

Екінші кезеңде (2002-2004жж.) анықтаушы эксперименттің нәтижесінде болашақ мұғалімдердің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісін ұйымдастыруға дайындық деңгейі анықталып, талданды. Сонымен қатар, болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау тұжырымдамасы мен моделі және педагогикалық жүйесі дайындалды, педагогикалық мамандықтарға арналып жасалған «Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру әдістемесі» арнайы курс бағдарламасы және студенттердің дайындығын жүзеге асыруға арналған оқу, оқу-әдістемелік құралдар сынақтан өткізілді. Ұсынылған әдістеменің тиімділігі болашақ мұғалімдермен оқу, оқудан тыс кезеңдерде тексерілді.

Үшінші кезеңде (2004-2006 жж) болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындауға байланысты ұсынған модельдің және педагогикалық жүйенің тиімділігі тексерілді.

Төртінші кезеңде (2006-2008ж.ж.) алынған нәтижелер бір жүйеге келтірілді, зерттеу нәтижелері бойынша қорытындылар жасалып жұмысты өңдеу жүзеге асырылды.

Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:

1. Бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбие үрдісіндегі мүмкіндіктерін тәжірибеде пайдалана білуге болашақ мұғалімдерді дайындаудың көкейкестілігінің ғылыми негіздемесі;

2. «Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау», «бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие беру», ұғымдарының әлеуметтік-педагогикалық мәні мен мазмұны;

(11)

3. Білім беру жүйесінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану және оған болашақ мұғалімдерді дайындау мәселесінің талдауы;

3. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау тұжырымдамасы және моделі;

5. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындауда жоғары педагогикалық оқу орындары оқу-тәрбие үрдісінің мүмкіндіктері және білім мазмұнын жетілдірудің негіздемесі ;

6. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың педагогикалық жүйесі;

7. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың тиімділігін көрсетуге байланысты эксперименттік жұмыстардың нәтижесі;

8. Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау әдістемесі.

Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі: теориялық және әдіснамалық тұрғыдан дәлелденуімен, ғылыми аппараттың зерттеу міндеттері мен логикасына сәйкестігімен, кешенді зерттеу әдістерін қолданумен, тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың жоспарлы түрде өткізілуімен, бастапқы және соңғы көрсеткіштердің нәтижелерін қорытындылаумен, алынған нәтижелердің тиімділігін эксперимент арқылы тексерумен және олардың жоғары педагогикалық оқу орындарының оқу-тәрбие үрдісіне ендірілуімен қамтамасыз етіледі.

Зерттеу базасы: тәжірибелі-эксперимент жұмыстары Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің педагогикалық мамандықтар студенттерімен, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының және Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының студенттерімен, Астана қаласының білім беру жүйесіндегі кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының тыңдаушыларымен, Астана қаласының Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі, №38 мектеп - лицейі, №8, 28,30, 51 жалпы білім беру мектептерінің оқушылары және мұғалімдерімен жүргізілді.

Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру: зерттеу жұмысының нәтижелері Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ұйымдастырылған әртүрлі дәрежедегі конференцияларында (2002-2009), халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда: «Қазақ баспасөзі жаһандану дәуірінде» (Астана, 2004), «Дарынды балалар Қазақстан Республикасындағы үздіксіз білім берудің ұлттық моделі контексінде» (Астана, 2006), «Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы: проблемасы және болашағы» (Астана, 2006), «Жастар және қазіргі заманның өзекті мәселелері»

(Қарағанды, 2006), «Салауатты өмір салты» (Астана, 2006), «Қазіргі кезеңдегі тұлғаның үйлесімді дамуына қатысты өзекті мәселелер» (Астана, 2007),

«Молодежь и современность: проблемы мировоззрения, политики и морали»

(Семей, 2007), «Білім берудің инновациялық моделі: бағыттары мен болашағы»

(Ақтөбе, 2007), «Педагогикалық кадрларды дайындаудың қазіргі заманғы өзекті мәселелері» (Шымкент, 2007), «8-ші Сәтбаев оқулары» (Павлодар, 2008),

«Білім және ғылым: Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының тәжірибесі мен

(12)

болашағы» (Семей, 2008), «Шоқан тағлымы-12» (Көкшетау, 2007), «Шоқан тағлымы-13» (Көкшетау, 2008), «Глобализация и современные университеты»

(Қарағанды, 2008), «Средства массовой коммуникации в социокультурном пространстве современной России» (Мурманск, 2008), «Проблемы качества образования в современном обществе» (Пенза, 2008), «Қазақстандағы үздіксіз кәсіби білім берудің мәселелері мен перспективалары» (Астана, 2009) баяндалды.

Республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда: «Мұғалім мамандарын дайындау: мәселелері, болашағы және шешу жолдары» (Арқалық, 2006), «ХХІ ғасырдағы қазақ мектебі: даму болашағы» (Алматы, 2006), «Жаңа формация педагогын кәсіби даярлау: өзекті мәселелер және алдағы жоспарлар»

(Көкшетау, 2006), «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005- 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мазмұнын іске асырудың теориялық және практикалық мәселелері» (Қарағанды, 2007),

«Жоғары кәсіптік білім беруді реформалау жағдайында педагог кадрларды даярлау» (Семей, 2007), «Әлемдік білім беру кеңістігіндегі қазіргі үрдістер және бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың өзекті мәселелері: әдістаным, инновация, ізденіс» (Астана, 2007), «Кредиттік оқу жүйесі жағдайында педагог мамандарды дайындау мәселелері» (Астана, 2008) баяндалды. Сондай-ақ, зерттеу жұмысының материалдары ғылыми-педагогикалық басылымдарда, ғылыми жинақтарда жарық көрді.

Диссертация құрылымы: диссертация кіріспеден, төрт тараудан, қорытындыдан, әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады.

Кіріспе бөлімінде мәселенің көкейкестілігі, ғылыми аппараты: мақсаты, нысаны, пәні, міндеттері, ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық және теориялық негіздері, зерттеу көздері мен әдістері, ғылыми жаңалығы мен теориялық мәнділігі, практикалық мәнділігі, кезеңдері, қорғауға ұсынылған қағидалар, зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі, зерттеу нәтижелерінің сынақтан өткізілуі мен тәжірибеге ендірілуі берілді.

«Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың теориялық негіздері» атты бірінші тарауда болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың педагогикалық негіздері ашылып, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау ұғымына психологиялық-педагогикалық тұрғыдан жан-жақты талдау жасалды. Сондай-ақ, осы тарауда бұқаралық ақпарат құралдарының тәрбиелік мүмкіндіктерінің зерттелу жағдайы талданды.

«Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың әдіснамалық негіздері» атты екінші тарауда отандық білім беру жүйесінде бұқаралық ақпарат құралдарын тәрбие үрдісінде пайдалану педагогикалық проблема ретінде қарастырылды және бұқаралық ақпарат құралдарын оқу-тәрбие үрдісінде пайдалануға дайындаудың шетелдік тәжірибесі талданды. Сонымен қатар, бұл тарауда болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау тұжырымдамасы мен моделі ұсынылады.

(13)

«Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың педагогикалық жүйесі» атты үшінші тарауда БАҚ арқылы тәрбие үрдісіне дайындауға жүйелілік тұрғыдан талдау жасалып, болашақ мұғалімдерді БАҚ-тың интерактивті-танымдық бағдарламалары арқылы және баспасөз материалдары негізінде тәрбие үрдісіне дайындаудың мәні мен мазмұны ашылды.

«Болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындау бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижелері» атты төртінші тарауда жоғары педагогикалық оқу орындарында болашақ мұғалімдерді БАҚ арқылы тәрбие үрдісіне дайындауда білім мазмұнын жетілдіру жолдары, сондай-ақ, болашақ мұғалімдерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тәрбие үрдісіне дайындаудың әдістері мен формалары анықталды және мәселе бойынша тәжірибелік-эксперименттік жұмыстардың нәтижелеріне талдау жасалды.

Қорытындыда зерттеу жұмысының қорытындылары, ұсыныстар берілді.

Қосымшада зерттеу барысында пайдаланылған сауалнамалардың мазмұны, зерттеу нәтижелерінің тәжірибеге ендірілуі туралы анықтамалар мен актілер берілді.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Тәрбие жалпыға ортақ үрдіс болғандықтан, бұл үрдісте басты тәрбие және әлеуметтендіру институттарымен бірге БАҚ – тың қатысуы аса маңызды.

Өйткені, қазіргі кезде БАҚ-тың қай тұрғыдан болсын ықпалы зор болып отырғандығы байқалады, сондықтан БАҚ-тың педагогикалық мүмкіндіктерін пайдалануды тәжірибеге ендіру қолға алына бастады. Тәрбие мәселесі отбасы мен білім беру мекемелерінің ғана міндеті емес, ол көпшіліктің бірлесіп атқаратын ісі болғандықтан, бұл мәселемен қоғамдық ұйымдар, мекемелер және жұртшылық болып айналысқан жағдайда ғана оң нәтиже болмақ. Осы тұрғыда пәнаралық педогика сөздігінде берілген «тәрбие – қоғамдық-тарихи тәжірибені болашақ ұрпаққа берудегі күрделі әрі қарама-қайшылықты әлеуметтік-тарихи үрдіс, ол барлық әлеуметтік институттардың: қоғамдық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, діни мекемелердің, отбасының, әртүрлі дәрежедегі және барлық бағыттағы білім беру мекемелерінің қатысуымен жүзеге асырылады. Ол қоғамдық прогресс пен ұрпақтардың сабақтастығын қамтамасыз етеді» деген анықтамамаға толық қосыламыз. Олай болса, қоғамдағы кейінгі кезеңдердегі өзгерістерге орай тәрбие үрдісінде бұрыннан мойындалған басқа әлеуметтік институттармен қатар, бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарының да ролі жоғары болып отыр. Зерттеу проблемамыздың нысаны болғандықтан, біз үшін ең алдымен БАҚ-тың тәрбиеге қатысын, мән-мағынасын ашып алу маңызды мәселе.

Сонымен, бұқаралық ақпарат құралдарына әртүрлі әдебиеттерде берілген анықтамаларға мән бере отырып, «БАҚ – баспасөз, радио, теледидар сияқты көптеген каналдардың біртұтастығы, олар журналистика мен аудиторияның арасындағы байланыстырушы болып табылады және журналистиканың басты құралы ақпарат беруді пайдалана отырып көптеген міндеттерді шеше

(14)

алады. Ол міндеттерге аудиторияға ақпарат тарату арқылы білім беру, дамыту, тәрбие беру т.б. жатады». деген анықтамаға тоқталуды жөн көрдік:

Зерттеу жұмыстарына талдау жасаудың және әртүрлі анықтау жұмыстарының нәтижесінде, балалардың көпшілігі БАҚ-ты өзін қызықтыратын сұрақтарға жауап алатын білім алу көзі деп есептейдіндіктері анықталды.

Өйткені, бүгінде БАҚ-тың ауқымы кең, олардың назарынан тыс қалатын мәселе жоқ, оның ішінде балалардың ерекше қызығушылығын тудыратын мәселелер де аз емес. Оны ақпарат құралдарының балалар өмірінде елеулі орын алатындығын дәлелдеп жүрген пікірлерден, сонымен қатар олардың бала мінез- құлқына әр түрлі әсер ететіндігі туралы мәселені қарастырған еңбектерден көруге болады. Бұл еңбектерде бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікірді анықтаудың және қалыптастырудың, сонымен қатар қоғам мүшелерін тәрбиелеудің, әлеуметтендірудің ең тиімді және әмбебап құралы болып отырғандығы, сондай-ақ оларды дұрыс пайдалана білмеген жағдайда кері әсері болу мүмкіндігі айтылады. Ақпараттық кеңістік заманында қазіргі жастар мен жасөспірімдер қандай да бір қажетті ақпаратты алуда үнемі БАҚ мүмкіндіктеріне жүгінетіні анық мәселе. Мемлекет қазіргі уақытта жастардың білім алуы мен тәрбие жұмысына үлкен мән беріп отыр және олардың уақыт талаптарына лайық білім алып, өз отанына қызмет көрсете алатындай дәрежеде тәрбиеленгенін талап етуде. Бірақ, қоғамдағы кездесетін кейбір келеңсіз жайттар жасөспірімдерді тәрбиелеудің әлі де тиісті дәрежеде емес екенін көрсетеді. Мұның кейбір себептерін ақпарат әлеміндегі үлкен өзгерістерден де іздеуге болады. Өйткені ақпараттық ғасырда БАҚ-тан әркімнің қандай болмасын ақпаратты алуға мүмкіншілігі жоғары. Сондықтан, бүгінгідей ақпараттар ағынының заманында БАҚ-тың қызметін жоққа шығару қиын. Қазір жасөспірімдердің көпшілігі өздеріне қажетті ақпараттарды теледидардан алатын көрінеді. Бірақ, бүгінгі күні теледидардан берілетін кейбір бағдарламалардың бала психологиясына кері әсерінің бар екені жиі айтыла бастады. Сана-сезімі қалыптасып үлгермеген мектеп оқушысының, адамгершілік, имандылық сияқты құндылықтардан гөрі, қатыгездікті ашық насихаттайтын бағдарламалар арқылы өмір туралы түсініктері мүлде басқа бағытта даму мүмкіндігі жоғары болып отыр. Демек, ақпараттандыру заманында, оның зиянды ықпалынан қорғай отырып, бала санасының дамуына мейлінше тиімді тұстарын пайдалануға ұмтылу тәрбие беруші мекемелердің басты міндеттерінің бірі болуы шарт. Ал ақпараттану үрдісін зерттеуші ғалымдардың пікіріне сүйенсек, қазіргі қалыптасып отырған ақпараттық қоғам, бұл: ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды дамытуға негізделген қоғам; адамға және мемлекетке қажетті білімнің бәріне ақпаратты кедергісіз алу арқылы қол жеткізуге болатын және онымен жұмыс істей алатын шарты бар білім қоғамы; бір жағынан әлем мәдениетін қабылдай отырып, екінші жағынан өз мәдениетінің дамуына жол ашатын қоғам.

Сонымен, қазіргі қалыптасып отырған жағдайда сырттан келетін ақпаратқа шектеу қою өте күрделі. Өйткені, бұл қадам елдің ақпараттық және телекомуникациялық технологияларын дамытудағы қажеттілік болып

(15)

тұрғандықтан, оларға шектеу қою мүмкін емес және мемлекеттің әлемдік деңгейдегі ақпараттық қоғамға енуінің қажеттігі бар жерде сырттан келетін ақпаратқа шектеу қоюдың өзіндік қиындықтары да бар. Олай болса, сырттан келетін ақпаратқа шектеу қою проблеманы шешудің жолы емес. Осындай объективті және субъективті жағдайларға байланысты, соңғы кездері жиі айтыла бастаған ғаламдастыру немесе жаһандану заманында бір жағынан ақпаратты кедергісіз алатын қоғамның орнауы заңдылық деп табылса, екінші жағынан жеткіншектерді ақпарат тасқынының кейбір кері ықпалдарынан сақтандыру керектігі қазіргі уақытта педагогикалық тұрғыдан көкейкесті проблема болып саналады. Дегенмен, қазіргі кезде аталған проблеманы шешудің жолдары да ұсыныла бастады. БАҚ-тың жастарды рухани- иманыдылыққа тәрбиелеудегі орнына аса мән бере отырып, еліміздің президенті Н.Ә.Назарбаев жастармен кездесуінде, рухани-имандылыққа тәрбиелеу үшін арнайы телеарна ашу керектігін ұсынды. «Бұл арнаны мемлекеттік «Ел арна» арнасының негізінде құру қажет, ал «Жас Отан» осы телеарнаның бағдарламаларын құруға және дайындауға белсене қатысуы тиіс»

деп, бұл жауапты істе жастардың өздерінің де жан-жақты атсалысуын, яғни олардың белсенділіктерін арттыруын тапсырды. Елбасының ұсынысы арқылы БАҚ және тәрбие мәселесі бойынша көптеген еңбектердің авторы, ғалым Л.С.Зазнобинаның «тәрбие мен БАҚ-тың өзара байланысы өзекті мәселе және бұл мәселеде нақты бір талаптар қойылып, мемлекеттік көзқарас қалыптаспайынша оң нәтижелерге қол жеткізу қиын» деген пікірін растайтындығын көреміз. Ғалымның пікірінше, қазіргі балалардың теледидар көруге бөлетін уақытының ұзақтығы мектепте болатын уақыттан да асып түсіп отыр және оқушылар мектепте алған білімнің негізінде қалыптасатын көзқараспен салыстырғанда теледидардан алған ақпаратын екінші біреумен қарым-қатынаста жиірек пайдаланады. Балалар ақпаратты мектепте білім алу кезінде немесе ата-аналарынан алғаннан гөрі теледидар арқылы алғанды ыңғайлы көреді. Әйтсе де, соңғы кездегі зерттеу жұмыстарын талдау барысында, сондай-ақ мектеп мұғалімдері мен оқушылары арасында жүргізілген сауалнамалардың қорытындыларынан көретініміздей БАҚ-тың оқушы өміріндегі ықпалдылығына қарамастан олардың мүмкіндіктері, ықпалдылығы, әсері әлі де болса толыққанды ескерілмей отырғаны байқалады.

Мысалы, қазіргі БАҚ-тың оқушылардың тәрбиесіне ықпалы, оның жасөспірім өміріндегі орны туралы зерттеу жүргізіп жүрген ресей ғалымдары Л.М.Баженов, В.С.Собкин, С.Б.Цымбаленко, Л.С.Зазнобиналардың келтірген деректеріне қарағанда балалар ақпарат алудың негізгі көздеріне ең алдымен теледидарды бірінші қатарға қойған. Жалпы қағидаға сүйенсек, мектеп оқушысы үшін ақпарат алу көздері газет, журнал, радио, теледидар, оқу әдебиеттері және ең бастысы мұғалім екені белгілі, бірақ сауалнама қорытындылары көрсеткеніндей балалар аталғандардың ішінен теледидарды ең негізгі ақпарат көзі деп санайды екен. Ал жаһандану заманында сырттан келетін ақпараттарға ешбір тосқауыл қойылып отырған жоқ. мұның өзі балалардың БАҚ материалдарын ретсіз тұтынуына әкелді. Профессор А.Құсайынов бұл әрекетті медиазорлық деп санайды. Ғалымның пікірінше, қоғам балаларға барлық

Referensi

Dokumen terkait

Бұл жағдайда блок, чат, порталдарға «БАҚ туралы» ҚР Заңында және бұқаралық ақпарат құралдары үшін Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа да актілерінде белгіленген талаптар мен

Шабунинаның 2001 ойы бойынша қалыптасқан жағдайдың негізгі себебі болып: -білім саласында нақты ойластырылған жастар саясатының жоқтығы; -бұқаралық ақпарат хабарларына қоғамдағы