ПАРАСАТ ЖОЛЫНДАМЫЗ
Алдаспан Танымдық журнал № 3-4, 2009 ж. 6-7 б.
Ақпараттану мен ғаламдану ғасырындағы білім бәсекесінің көшбасында жүрген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің негізін Мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.Назарбаевтың өзі қалағанын халық жақсы біледі. Целиноград педагогикалық институтынан бастау алып, Сәкен Сейфуллин атындағы Ақмола университеті болып қайта құрылған оқу ордасы 1996 жылдың 23 мамырында Елбасының Жарлығымен Еуразия ұлттық университеті ретінде әлемге есігін айқара ашты.
Университет өз тарихының алғашқы бетінен бастап Елбасының Еуразиялық одақ құру идеясын жүзеге асыру, еліміздің білім кеңістігін кеңейту және әлемдік ықпалдастықтың үрдістеріне белсене қатысу сияқты ерен істерді мақсат тұтты. Сондықтан университетке белгілі түркітанушы ғалым Лев Гумилевтің есімі берілді.
2000 жылы мемлекеттік, 2002 жылы ұлттық мәртебеге ие болған киелі шаңырақтан күні бүгінге дейін мыңдай студент түлеп ұшты. Қазір олар әр салада жемісті еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамуына сүбелі үлес қосып жатыр.
Бүгінгі таңда университет мамандық бойынша білім береді. Сабақ біріңғай күндізгі оқу түрінде ғана жүргізіледі. Біздің студенттердің саны 9 мыңға жуықтайды. Ғылым докторларымыздың саны-170, ғылым кандидаттарымыздың саны-420. Бізде жастардың кәсіби маман болып шығуына барлық жағдай жасалған. Оқу ордасының профессорлар- оқытушылар құрамы ғана емес, материалдық-техникалық базасы да заман талабына сай жасақталған. Сөзімізге университеттегі мультимедиялық кабинеттер, интернетке қосылған компьютерлік сыныптар, бүгінгі күннің талаптарына толық жауап бере алатын 3 оқу-зертханалық ғимарат, 3 жатақхана, пәтерлік типтегі 2 студенттер үйі, «Жазу тарихы» мұражайы, ғылым мен мәдениеттің көрнекті өкілдерінің жеке кітапханалары шоғырланған «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы, Л.Н.Гумилев атындағы тарихи-әдеби және оқу-әдістемелік «Өзін-өзі тану» кабинеттері,
«Еуразия» спорт кешені, баспахана және жеке телестудия деректі дәлел бола алады. Университеттің тыныс-тіршілігін «Еуразия университеті» газеті,
«ЕҰУ хабаршысы», «Еуразиялық математика журналы» сынды басылымдар тамыршыдай тап басып тұрады.
Білім мен ғылымға басымдық беретін оқу ордасы студент-жастардың санасына мәдениет мәйегін сіңіруді де назардан тыс қалдырмайды.
Университет студент-жастардың арасынан шыққан өнерлі өрендердің барлығына шама-шарқы келгенше моральдық-материалдық жағынан көмек көрсетіп отырады. Алыс-жақын шет елдердің барлығы бізді біледі, таниды.
ЕУҰ-дың халықаралық мәртебесі университет дипломын төрт тарапқа мойындатады және біздің түлектерге шет мемлекеттерде қызмет етуге
мүмкіндік туғызады. Жасыратыны жоқ, діттеген мақсатымызға жету үшін бізге аянбай еңбек етіп, біраз тер төгу қажет.
Халықаралық мәртебе алудың талап-тілектеріне сәйкес, ЕҰУ жоғары білікті мамандар даярлаудың көпдеңгейлі жүйесіне толық көшті. Ол- бакалавриат, магистратура, докторантура, философия докторлары. (PhD).
Елбасының бастамасымен бүгінгі таңда докторантура тәжірибе ретінде әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық және Еуразия ұлттық университетінде сәтті жүріп жатыр. Осының нәтижесінде ұлттық университетіміздің дипломы халықаралық деңгейге сәйкес келіп отыр.
Халықаралық Жоғары мектеп ғылым Академиясының ұжымдық мүшесі саналатын ЕҰУ Еуразиялық университеттер Ассоциациясына және ТМД, Балтық жағалауы елдерінің халықаралық зерттеу Ассоциациясы, Еуропа жоғары оқу орындары және халықаралық университеттер Ассоциациясына қабылданды. Сондай-ақ ол Болонья (Италия) қаласында Еуропа мемлекеттерінің Ұлы Хартиясына қол қойды. Біз-Оксфорд университетінде «Біріккен Еуропа» халықаралық медалін, Сократ атындағы халықаралық медальді, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің «ТМД- ның таңдаулы компаниясы» Алтын жұлдызын кеудемізге таққан оқу орнымыз.
Міне, осындай елеулі табыстар әлем аренасында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық атақ абыройы мен беделін бекемдей түсті.
Университетіміздің ғылым саласындағы жетістектері өз алдына бөлек әңгіме. Қазір бізде 20 ғылыми орталық жұмыс істейді. Ядролық физика институтының филиалындағы Ұлттық ядролық орталығы, Ғарышты зерттеу институтының филиалындағы «Космостық мониторинг және бейнелеу ұлттық орталығы», Еуразиялық математика институты, «Еуразия» ғылыми- зерттеу институты, «Алаш» мәдениет және рухани даму институты, Заңды құқықтық сараптау институты, теориялық математика және ғылыми есептеулер институты т.б. ғылыми нысаналар қара шаңырағымыздың кескін- келбетін қалыптастырып, ғылыми әлеуеті мен күш-қуатын айғақтап тұр.
Профессор-оқытушыларымыздың мәдени-рухани жағынан сауатты ұрпақ қалыптастырудағы ерен еңбектері мен төккен терлері елеусіз, ескерусіз қалған емес. Ғалымдарымыздың ғылым саласындағы жетістіктері Қазақстан Республикасында өтіп жатқан республикалық, халықаралық байқауларды былай қойып, мұхиттың арғы жағында лайықты бағаларын алып жатыр. Мәселен, өткен жылы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Уалбай Өмірбаев атақты жапон математигі Нагата осыдан 40 жыл бұрын құрған, күні бүгінге дейін әлемнің ешбір математигі шығара алмаған есептің жауабын тауып, Американың математикалық қоғамының Е.Х.Мур атындағы сыйлығын алды.
Отандық ғылымға қосқан ерекше үлесі үшін ҚР ҰҒА академигі, физика-математика ғылымдарының докторы, прфессор М.Ө. Өтелбаевқа нақты ғылымдар саласындағы №1 Мемлекеттік сыйлық берілді.
Біз сапалы маман даярлау үшін шет мемлекеттердің беделді деген жоғары оқу орындарымен мүмкіндігінше тығыз қарым-қатынас жасап, қоян- қолтық араласуға тырысамыз. Осыдан екі жылдай бұрын Президент Н.А.Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзинь Таоның арасындағы үкіметаралық келісімдер негізінде Сиань шет тілдері университетімен ғылыми ынтымақтастыққа жол ашылды. Соның нәтижесінде өткен жылы университетте шығыс халықтарының тарихын, тілін, мәдениеті мен дінін зерттеуді мақсат тұтатын Конфуцзы институты дүниеге келді.
2008 жылдан Жапонның «Токио-Баеки» орталығы бізде өзінің бөлімшесін ашып, ғылыми-практикалық жұмыстарды бастап кетті.
Ал 2007 жылы Еуропалық одақтың бастамасымен ЕҰУ негізінде университеттік оқыту және зерттеуге ықпал ету үшін Еуропалық ақпараттандыру орталығы ашылды. Орталық оқу ордасын Еуропалық заңдар мен қағидалар және мекемелер мен өзара ықпалдастық туралы ақпараттармен қамтамасыз етіп отыруды мақсат тұтады.
Университетте ашылған қос бірдей халықаралық кафедра шет елмен жасап жатқан келісім-шарттарымыз бен байсалды байланысымыздың жарқын көрінісі іспеттес. Халықаралық кафедраның бірі- «Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар» кафедрасы Дубна қаласының Біріккен ядролық зерттеулер институтымен бірлесіп ашылса, екіншісі-
«Қоршаған ортаны инженерлі тұрғыдан қорғау және басқару» кафедрасы Нью-Мексика университетімен өзара әріптестік қарым-қатынас негізінде құрылды. Қазір Ресейдің Халықтар достығы университетімен 2 мамандық бойынша бірлескен магистрлер даярлау бағдарламасын бастап кеттік.
Айтқандай, биыл 10 наурызда ЕҰУ базасында өткен Университеттердің еуразиялық ассоциациясының ХІ съезі елімізге үлкен табыс әкелді. Мұнда Қазақстан жоғары білімі биік деңгейде көрінді.
ЕҰУ-дағы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің қазақстандық филиалы және Австралия, Ұлыбритания, Жапония, Испания, Италия, Мысыр, Иран, Үнді мемлекеттерінің жоғары оқу орындарымен орнататын әріптестік байланыс оқу ордамызға серпін беріп тұр десек, қателеспейміз.
Имандылық пен білім-ғылымға келсек, 2008 жылдың соңына таман Шәкәрімге, Алаш қайраткерлеріне, «Мәдени мұра» бағдарламасына, 2009 жылдың 20 сәуірінде Қ.Сәтбаевтың ғылыми-мәдени мұрасына қатысты елеулі конференциялар өтті. Мұнда елдік, имандылық мәселесі жіті сөз болды. Былтыр ЕҰУ ғалымдары Халықаралық «Х.Алтай қорымен» бірігіп
«Дін және қоғам қайраткері Халифа Алтай: елдік іс пен имани құндылықтар»
атты жинақ шығарды. Сондай-ақ 22 сәуірде «Қазіргі заманғы өркениеттің тұрақты даму аспектісінде этносаралық және конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді қалыптастыру» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткіздік.
ЕҰУ-да дін өкілдерімен, мешіт қызметкерлерімен тұрақты дәріс, семинар, кездесулер жүргізіліп тұрады. Мұнда студенттер имандылық
әліппесімен ғана емес, үлкен діни-ғылыми әдебиеттерді игерудің жолдарымен, тағылымымен танысады.
Елдік, имндылық, ұлттық ұстанымды халықаралық мәртебеге сай жүйелі дамытып отырған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жас буынды сапалы маман етіп шығаруда әлі де болса іздене бермек.
Университетіміздің негізін қалаған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арналған биылғы Жолдауында айтқан тағылымды сөзі бар:
«Дағдарыстар өтеді, кетеді. Ал мемлекет тәуелсіздігі, ұлт мұраты, ұрпақ болашағы сияқты құндылықтар мәңгі қалады».
Ұлт мұраты, ұрпақ болашағы дегендер – міне, баршамыздың жұмысымыз. Ұйымдастырушының жүйелі еңбегі, ғалымдардың озық идеялар мен теориялаға негізделген дәрісі және ғылыми еңбектері, оқытушыларымыздың жаңа әдістемелерге сүйенген сабақтары, қызметкерлеріміздің ұжымымызға лайықты жұмысы, докторанттар мен магистранттардың талапты ізденісі, студенттеріміздің жақсы оқуы- сол ұлт мұраты және ұрпақ болашағы.
Біз жұмысымызды негізі мынадай мақсатта құрып отырмыз:
1. Бар мүмкіндікті пайдаланып, оқытушы-профессорлар құрамының жұмысы мен студенттердің оқуына қолайлы жағдай туғызу;
2. Халықаралық біліми-ғылыми қатынастарды жаңа деңгейге көтеру;
3. Жаңашыл, әлеуетті ғалымдарды қызметке шақыру;
4. Университеттің ғылыми бағытын, соның ішінде іргелі зерттеулерді, PhD бағдарламасын жаңа сапаға көтеру;
5. Университеттің ішкі құрылымын (факультет, кафедра, атқарушы жүйесі) әлемдік озық тәжірибелерге сай етіп жүйелеу;
6. Мәдени жұмыстарды студенттердің «мен»-ін, шығармашылығын айқындайтындай етіп құру.
Әрине, өмір барлық жұмысқа өз «ескертпелері мен ұсыныстарын»
ендіреді. Сондықтан алда өздеріңізбен ақылдаса отырып шешетін көп жұмыс бар. Бұл жолда бәрімізге Құдай қуат, парасат, күш-жігер берсін!