http://www.enu.kz
Зукай Ж., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық құқық кафедрасының аға оқытушысы
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДА СОТТАРДЫҢ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН БОСТАНДЫҚТАРЫНА ҚАТЫСТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚҰҚЫҚ НОРМАЛАРЫН ҚОЛДАНУЫНЫҢ
ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕРІ http://www.enu.kz
В данной статье автор уделяет внимание правовым основам применения норм международного права судами Республики Казахстан в отношении прав и свобод человека. В статье говорится о необходимости применения норм международного права судами на постсоветском пространстве.
Ключевые слова: нормы международного права, права человека, судебная власть.
The author in this article reflects the legal basis of application of the international legal norms on the human rights and freedom in the Courts of the Republic of Kazakhstan. Also, the Author considers the application of these norms on the post-soviet area.
Keynotes: norms of international law, human rights, judicial power.
Бүгінде күн сайын халықаралық құқықтың реттеу саласы кеңейіп, халықаралық құқық нормалары халықаралық қатынастармен бірге, мемлекет ішіндегі қатынастардың қатысушыларына да көбірек бағытталуда.
Сондықтан халықаралық құқықтың прогрессивті дамуы мен тиімділігі мемлекеттердің оның нормаларын мемлекетаралық қатынастарда ғана емес, мемлекет ішінде де толық жүзеге асырылуына күш салуына байланысты екені анық.
Құқықты жүзеге асыру күрделі процесс болып келеді. Бұл процеске тек тараптар, субъективтік құқықтар мен міндеттерге ие болушы тұлғалар ғана емес, сонымен бірге, өзінің құқық шығарушы, құқық орындаушы және құқық қолданушы органдары арқылы мемлекет те қатысады. Құқық қолдану деген заңды фактілер мен нақты құқықтық нормалар негізінде белгілі бір заңдық іс бойынша жеке шешімдер дайындап, шығаруға қатысты құзіретті органдар мен тұлғалардың биліктік қызметі [1].
Ендеше мемлекет ішінде халықаралық құқықтың жүзеге асырылуына ат салысатын органдардың бірі болып құқық қолданушы орган – сот органы табылады.
Кез келген мемлекет ұлттық соттардың халықаралық құқық нормаларын қолданылуын қамтамасыз етуге тырысуы тиіс.
Мемлекетте соттардың халықаралық құқық нормаларын қолдануы - бұл ішкімемлекеттік құқық жүйесі мен халықаралық құқық жүйесінің өзара
http://www.enu.kz
әрекеттесуінің көрінісі. Халықаралық құқық үшін бұл – әрі жүзеге асырылу тәсілі, әрі прогрессивті дамуының алғышарты. Ал осының нәтижесінде халықаралық қауымдастық халықаралық құқықтық негіздерді нығайтады.
Мемлекет үшін халықаралық құқықтық нормаларды соттардың қолдануына қажеттілік халықаралық міндеттемелерден туындайды және бұл өз кезегінде ұлттық заңнаманы жетілдіріп, құқықтық тетіктерді қызмет етуіне көмектеседі [2].
Соған қарамастан, соттардың халықаралық құқық нормаларын қолдану деңгейі барлық мемлекеттерде бірдей емес. Мысалы, профессор Абайдільдинов «талдаулар нәтижесі бүгінгі күні халықаралық құқық нормаларына жүгіну Қазақстанда ғана емес, сондай-ақ, бүкіл посткеңестік кеңістікте сонша кең таралмаған соттық тәжірибе екенін көрсетеді» деп атап өтеді [3]. Ресейлік заңгерлер мұның бірнеше себебін көрсетеді:
-соттардың халықаралық құқық нормаларын қолдану бойынша жеткілікті білімдері мен дағдыларының жоқтығы;
-халықаралық құқық нормаларын қолдануға қатысты орталықтандырылған мемлекеттік бағдарламаның жоқтығы;
-«бұл сұрақ ұлттық құқықпен толық реттелген» деген сылтаумен соттардың халықаралық құқық нормаларын қолданудан бас тартуы [4].
Дегенмен, посткеңестік елдердің ішінде Азербайджан Республикасы, Армения Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы және Украинада бұл мәселе көбірек шешімін тапқан. Оның себебі мынада деп ойлаймыз: бұл мемлекеттер 1950 жылғы «Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы» Еуропа Конвенциясын ратификациялап, соның нәтижесінде олардың азаматтарының Адам құқықтары жөніндегі Еуропа Сотына жүгіну құқығы туындағаны белгілі. Аталған мемлекеттер өз азаматтарының бұл сотқа жүгінуін азайту немесе болдырмау мақсатында аталған Конвенцияның өз аумағында сақталуын, орындалуын, қолданылуын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдап, соттардың сот шешімдерін шығару кезінде халықаралық құқық нормаларын қолдануын қамтамасыз етуде.
Ал Қазақстан Республикасы 1950 жылғы «Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы» Еуропа Конвенциясына қосылмаса да, адам құқықтарына қатысты басты халықаралық құқықтық әмбебап актілердің барлығын дерлік ратификациялаған. Сондықтан бүгінде Қазақстан соттардың халықаралық құқық нормаларын қолдану белсенділігін арттыру мәселесіне көңіл бөлуде. Қазіргі таңда Қазақстанда соттардың адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты халықаралық құқық нормаларын қолдануының құқықтық негіздеріне мыналар жатады:
Қазақстан Республикасы Конституциясының 4 бабының 1, 3 тармақтары: «1. Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады. ...3.
Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан
http://www.enu.kz
басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады».
Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің қаулылары:
1. 2000 жылғы 11 қазандағы «Қазақстан Республикасы Конституциясы 4 бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы» N 18/2 Қаулы [5]. Аталған Қаулыға сәйкес, Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, заңда белгіленген тәртiппен жасалған және Республика Парламентi тиiстi заң қабылдау жолымен бекiткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басым заңи күшi бар. 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейiн жасалған, күшiне енуiнің шарты ретiнде бекiту көзделмеген халықаралық шарттардың күшi бар болып табылады және Республиканың тиiстi құқықтық қатынастар саласын реттейтiн заңдарында осы халықаралық шарттар үшiн мұндай басымдық тiкелей көзделген болса, онда Республика заңдарынан басымдығы сақталады.
2. 2006 жылғы 18 мамырдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясы 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы» N2 Қаулы [6]. Бұл Қаулы «Халықаралық шарттарды ратификациялау туралы Қазақстан Республикасының актілері және халықаралық шарттарға қосылу туралы Қазақстан Республикасының актілері өзінің заңдық күші және құқықтық салдары жағынан тең мағыналы болып табылатындығын»
түсіндірді. Қазақстан Республикасының ратификацияланбаған халықаралық шарттарының Республика заңдарынан басымдығы болмайды және олар Республика заңдарына қайшы келмейтіндей шамада орындалуға тиіс.
Салалық заңнама нормалары. Мысалы, 1997 жылы 13 желтоқсанда қабылданған ҚР ҚІЖК 2 бабының 3 тармағында былай делінген: «Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттардың осы Кодекстен басымдығы болады және халықаралық шартта оны қолдану үшiн заң шығару қажет екендiгi айтылған жағдайларды қоспағанда, тiкелей қолданылады». Мұндай нормалар ҚР АІЖК мен Азаматтық Кодексінде де қарастырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2008 жылғы 10 шілдедегі N1 нормативтік қаулысы [7]. Бұл қаулыда азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін соттың қорғауын қамтамасыз етуде халықаралық шарттардың маңызды рөлі бар, сондықтан қажет жағдайларда соттар Қазақстан Республикасы юрисдикциясы шеңберінде халықаралық құқық нормаларын басшылыққа алуға міндетті екендігі айтылған.
Бұл аталғандар Қазақстан Республикасында соттардың халықаралық нормаларын қолданылуы үшін құқықтық негіздер толық бар екендігін көрсетеді. Сондықтан соттардың халықаралық құқық нормаларын қолдануы бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдіру үшін іс-шаралар қабылдануы тиіс.
Қолданылған әдебиеттер:
http://www.enu.kz
1. Теория государства и права / Учебник для юридических вузов и факультетов, под ред. проф. С.С. Алексеева / Норма; Москва; 2004
2. Применение норм международного права судами Российской Федерации: Автореферат диссертации на соискание ученой степени кандидата юридических наук. Специальность: 12.00.10. - Международное право; Европейское право /Н. А. Цивадзе; Науч. рук. Н. И. Костенко;
Институт государства и права РАН. -М., 2005. -30 с.-Библиогр.
3. Абайдильдинов Е.М. Применение норм международного права судами и исполнительного производства. Вестник Евразийского национального университета им. Л.Н. Гумилева. Серия Юридические науки.
– 2009. №1-2. – С. 143-149.
4. См.: Применение Европейской Конвенций о защите прав человека в судах России. /Под.ред.А.Л.Буркова. – Екатеринбург:
Издательство Уральского университета, 2006. – 264с. (Международная защита прав человека; Выпуск №6)
5. Постановление Конституционного совета Республики Казахстан
«Об официальном толковании пункта 3 статьи 4 Конституции Республики Казахстан» от 11 октября 2000 г. N 18/2. // СПС, Юрист.
6. Постановление Конституционного Совета Республики Казахстан от 18 мая 2006 года № 2 «Об официальном толковании подпункта 7) статьи 54 Конституции Республики Казахстан» // СПС, Юрист.
7. http://adilet.minjust.kz/kaz/docs/P08000001S