ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ КОНСТИТУЦИЯСЫН ІСКЕ АСЫРУ ТЕТІГІ МЕН ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ
Дюсембаева М.Е.
Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университеті http://www.enu.kz
Қазақстан Республикасы Конституциясын іске асыру тетігі мен құқықтық мемлекетті қалыптастыруда мемлекеттің жеке тұлға алдындағы конституциялық-құқықтық жауаптылығының конституциялық жауаптылықтың түрі ретінде жан-жақты қарастырылуы әрі зерттелуі осы кезеңнің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-ші бабының 1-ші тармағында мемлекеттің ең басты қазынасы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары бекітілген /1/. Аталған норма декларативтік сипатқа ие болғанмен мемлекеттің лауазымды тұлғалары мен органдарының жадында сақтайтын құндылығымен ерекшеленеді.
Конституциялық-құқықтық нормаларды қорғау мен қамтамасыз ету мәселесі демократиялық даму мен оны нығайтудың ажырамас шарты болып табылғандықтан, оны шешудің жолы, басты құралы ретінде конституциялық құқықтық жауаптылық институты табылады. Жалпы қарастырғанда конституциялық жауаптылық заңды жауаптылықтың ерекше түрі ретінде заңнамаларда емес, құқықтық әдебиеттерде орын алды. Бұл мәселе алғаш рет өткен ғасырдың 70 - 80 жылдары көтерілді, бірақ ол кездері мемлекеттік құқық түсінігі қарастырылғанымен, жан- жақты қамтылмады. Дегенмен де, ол жылдары мемлекет және құқық теориясы бойынша жұмыстарда конституциялық-құқықтық жауаптылық заңды жауаптылықтың жеке түрі ретінде ашылмады. Кейінгі жылдары осы бағыттағы ғылыми ізденістер көбейе бастады, әсіресе ресей ғалым-конституционалистерінің осы мәселеге қатысты ғылыми еңбектері өзіне басты назар аударады. Біздің ойымызша оған себепкер қазіргі уақытта қай мемлекетті алса да оның құқықтық жүйесін жетілдіруде мемлекеттік билік тармақтары мен халықтық билік арасында қандай да бір тепе-теңдікті ұстануға ұмтылу, сонымен қатар Конституцияның тікелей қолданылуы конституциялық-құқықтық жауаптылық институтының саяси және заң тәжірибесінде өзектілігін айқындауда. Бірақ қаншама ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатқанмен, оны шешуде әлі де болса ғылыми әрі тәжірибелік ізденістердің қажеттілігі туындайды. Себебі конституциялық-құқықтық жауаптылық мәселесі көп қырлылығымен ерекшеленеді.
Конституциялық-құқықтық жауаптылықты талқылауда біріншіден оның конституциялық құқық пен заңды жауаптылық жүйесіндегі орнын ашып алу керек. Конституциялық-құқықтық жауаптылықтың конституциялық құқық жүйесіндегі орнын ашатын болсақ, ол конституциялық құқық саласының институттарының бірі болып табылады және кешендік сипатқа ие бола отырып конституциялықық құқықтың институттарының кейбір құқықтық нормаларын қамтып өтеді (мемлекет басшысы, Парламент және оның депутаттары, Үкімет және оның мүшелері, сот билігі, конституциялық бақылау органы, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары және т.б.).
Конституциялық-құқықтық жауаптылықты конституциялық құқықтың институты ретінде қарастыру оның заңды жауапкершіліктің түрі ретінде жан-жақты зерделенуіне де мүмкіндік береді.
Конституциялық-құқықтық жауаптылық заңды жауапкершіліктің жалпы белгілеріне ие бола отырып, өзіне тән ерекше белгілерімен де айқындалып келе жатыр. Сондықтан жаңа салалық жауаптылық түрі ретінде - конституциялық жауаптылықтың белгілерін ашып алу қажет.
Н.М. Колосова конституциялық жауаптылықтың келесі спецификалық белгісіне тоқталады: 1) конституциялық жауаптылықтың кешенді сипаты мен құрамының күрделілігі; 2)
конституциялық жауаптылықтың латенттік, анықталмаған сипаты; 3) конституциялық санкциялардың спецификасы /2/.
Әр қайсысына тереңірек тоқталып өтсек, конституциялық жауаптылықтың кешендік сипаты ретінде конституциялық жауаптылыққа институтына үш жеке бағыттың бірігуі жатады.
Бірінші бағытқа билік органдарының өздерінің өкілеттіктерін жүзеге асыруы кезіндегі биліктің бірден-бір қайнар көзі ретіндегі халықтың алдындағы жауаптылығын жатқызуға болады.
Конституциялық жауаптылықтың екінші бағыты ретінде мемлекеттің адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуімен байланысты жеке тұлғаның алдындағы жауаптылығы қарастырылады.
Үшінші бағыты болып жеке тұлғалардың немесе олардың топтарының өздерінің конституциялық міндеттерін орындамағаны және/немесе конституциялық құқықтарын, құзыреті шеңберінде асыра пайдаланғаны үшін туындайтын жауаптылық табылады.
Біздің зерттеу жұмысымызда жоғарыда аталып өткен үш бағыт та қамтылып өтіледі және мемлекеттің жеке тұлға алдындағы конституциялық-құқықтық жауаптылығын жан-жақты аушда қолданылады.
Заңдылық қағидасының талаптарына сәйкес кез келген құқық нормасының бұзылғаны үшін жауаптылық туындауы тиіс. Осы орайда С.А. Авакьянның көзқарасымен толық келісуге болады: «әр құқық саласы өзінің нормаларын өз құрал, тәсілдерімен жүзеге асыруды қамтамасыз етуге тиіс, оның ішіне жауаптылық шаралары да кіреді. Жауаптылық шаралары – ол да саланың
«өз» қоғамдық қатынастарының, осы қатынастарды реттеуде өз нормаларының болуы сияқты белгісі» /3/.
Конституциялық құқықтың нормаларының құрылымын ашу кезінде оның өзге құқық салаларының нормаларынан ерекшелігі, көбінесе санкциясының болмауы деген түсініктерге негізделеді және ол өзге құқық саларының санкцияларымен реттеледі.
Конституциялық жауаптылық түсінігі – көп құрылымдық құбылыс болғандықтан, онда жауаптылықты туындататын нысандар қамтылады. Көптеген еңбектерде конституциялық- құқықтық жауаптылықты ашу кезінде оның құрамдас жауаптылық аспектілері қарастырылады.
Мысалы Ғ. Сапарғалиев пен Ж. Салимбаеваның еңбегінде былай делінген: ретроспективті жауаптылық (заңды жауаптылықтың әдеттегі түсінігі), саяси жауаптылық, «позитивті»
жауаптылықтың құқықтық аспектілері ретінде конституциялық жауаптылықты құрастырушылар болып табылады /4/.
Ал Н.А. Боброва және Т.Д. Зражевская: «Мемлекеттік-құқықтық аяда өзге әлеуметтік жауаптылықтың түрлеріне жақын позитивті және ретроспективті жауаптылықтың біртұтастығы айқындала түсуде», - деген көзқарасын білдіреді /5/. Яғни, конституциялық құқық бойынша жауаптылықты анықтауға мүмкіндіктер туады.
Жауаптылықтың позитивтік аспектісі – қандай да бір субъектінің алдында жауаптылықтың туындайтынымен, ал ретроспективті аспектіде ол кінәлінің қоғам алдындағы адамгершілік жауаптылығының төмендеуімен немесе оның мәжбүрлі түрде әрекет еткізу шараларының болмауымен ерекшеленеді.
Конституциялық-құқықтық жауаптылық заңды жауаптылықтың бір түрі болып табылатындығы туралы көптеген еңбектер бар екендігін жоғарыда сөзге тиек еткенбіз. Енді конституциялық-құқықтық жауаптылықтың түрі ретінде мемлекеттің жеке тұлға алдындағы жауаптылығын жан-жақты ашу қажеттілігі туындайды. Бұл мәселені ашпастан бұрын конституциялық-құқықтық жауаптылыққа түсінік беруге тырысуымыз керек.
Жауаптылықтың түрлерін бөліп қарастыру кезінде олардың салалық және
функционалдық ерекшеліктеріне көңіл бөлінеді. Заңды жауаптылықтың түрі ретінде
әкімшілік жауаптылықтың түсінігіне тоқталып өтейік. Себебі, әкімшілік құқық – құқық
саласы ретінде дамуы қазіргі уақытта қарқынды болғанымен, негізінде ол конституциялық
құқық саласында орын алған. Әкімшілік жауаптылықтың негізі болып әкімшілік құқық
бұзушылық табылады. Оның өзіне тән белгілеріне А.А. Таранов /6/, Х.Ю. Ибрагимов /7/
және т.б. сипаттама беруге тырысқан (қоғамдық қауіптілік, әрекет және әрекетсіздік, құқыққа қайшылық, келтірілген залал және т.с.с.). Бірақ бұл белгілердің болуы әкімшілік құқық бұзушылық болды деп айтуға негіз болып табылмайды, себебі әкімшілік құқық бұзушылық болу үшін оның құрамы, яғни субъектісі, субъективтік жағы, объектісі және объективтік жағы толық қамтылуы қажет. Егер әкімшілік құқық бұзушылықтың белгілері толық ашылғанымен, оның құрамының бір элементі, мысалы субъектісі болмаса, онда әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы толық емес болып табылады, яғни әкімшілік құқық бұзушылық жасалмаған болып есептеледі. Бұл кез келген заңды жауаптылыққа тән сипат болғанмен конституциялық-құқықтық жауаптылықтың өзге де ерекшеліктері болуы мүмкін. Жауаптылық қағидасы әр құқық саласында бекітілгенімен, әр құқық саласында оның негізінде жеке институт ретінде жауаптылық нормалары жүйесі дамымауы мүмкін.
Осы уақытқа дейін конституциялық құқық саласында конституциялық жауаптылық институтының жеке институт ретінде орын алмауына осындай себеп әсер етеді. Яғни осы кезге дейін конституциялық құқық нормаларының орындалуы өзге құқық салаларының жауаптылығымен қамтамасыз етілгендіктен, оның басты сала ретінде қамтамасыз ететін құралдары негізінде жеке жауаптылық институты қарастырылмады.
Заңды жауапкершілік жүйесіне жауаптылықтың жаңа салалық түрін енгізу, онда көптеген ауытқуларды туғызуы мүмкін. Сондықтан құқықтық институт ретінде қалыптасып келе жатқан конституциялық-құқықтық жауаптылық әр түрлі қоғамдық қатынастарға әсер ету тетігін (механизмін) ашу кезінде – мемлекеттің жеке тұлға алдындағы конституциялық-құқықтық жауаптылығын да жан-жақты електен өткізуге тура келеді.
Жоғарыда айтылғандай конституциялық жауаптылық, оның ішінде мемлекеттің жеке тұлға алдындағы конституциялық-құқықтық жауаптылығының туындауына ең басты негіз болып біріншіден, конституциялық құқықтың ең басты субъектілері ретінде мемлекет және адам, ал екіншіден олардың арасында пайда болатын конституциялық-құқықтық қатынастарды қорғау жатады. Ең жоғары заң күшіне ие болатын нормативтік құқықтық актіде мемлекеттің ең қымбат қазынасы болып адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары табылатындығы декларативтік норма ретінде бекітілгенмен, әрқашанда мемлекеттің жадында ұсталуы қажет.
Мемлекет пен жеке тұлға арасында пайда болатын, өзгеретін және тоқтатылатын қоғамдық қатынастардың негізгі қайнар көзі Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады және оның нормалары өзге нормативтік актілермен нақтыланады әрі айқындалады.
Конституциялық жауаптылық түсінігін ашуда Н.А. Боброва мен Т.Д. Зражевская оған мынадай сипаттама береді: «Конституциялық жауаптылық әлеуметтік жауаптылықтың ерекше категориясы ретінде жауаптылықтың сыртқы қажеттіліктен ішкі тұтынушылық жауаптылығына өту диалектикасын түсінуге әсер етеді. Бұл диалектика әлеуметтік және «өзіндік» заңды жауаптылықтың шегін нақты құқық саласында шектеуді талап ете отырып, оларды конституциялық деңгейде қарама-қайшы қоюға жол бермейді. Конституциялық нормалар үш әлеуметтік нормалардың өзара байланысында болады: саяси, моральдық және заңды.
Конституциялық жауаптылық әлеуметтік жауаптылықтың категориясы ретінде өзіне саяси, моральдық және заңды жауаптылықтарды біріктіреді» /5/. Бұл көзқарасты келесі мағынада түсіндіруге болады. Жалпы конституциялық құқықтың ғылым, құқық саласы және оқу пәні ретінде үш аспектіде қарастырылатыны белгілі. Ол ғылым ретінде саяси философиямен тығыз байланысты. Ал құқық саласы ретінде оның өзге құқық салаларынан ерекшелігі, ол қоғамдық аяның барлығын қамтиды, соның ішінде онда саясат та орын алады. Яғни, саяси қатынастардың пайда болуы, өзгеруі және тоқтатылуына да негіз болып конституциялық және конституциялық- құқықтық нормалар табылады. Осы орайда М.И. Пискотиннің пікіріне қарсы тұжырым білдіруге болады. Себебі ол: «Конституциялық жауаптылық саяси жауаптылықтың түрі ретінде қарастырылады», - дейді /8/.
Ал мемлекеттің жеке тұлға алдындағы конституциялық-құқықтық жауаптылығына келсек әрі жеке тұлғаны - азамат ретінде алсақ, онда саяси, ал адам ретінде алсақ моральдық және заңды жауаптылық негізінде ашуға тура келеді. Себебі тек азамат қана мемлекетпен саяси сипаттағы қоғамдық қатынасқа түсе алады (Конституцияның 32, 33 және 36 баптары). Конституциялық нормаларда орын алған ережелерге сәйкес мемлекет пен тұлға тек құқықтармен ғана емес, сонымен қатар өзара жауаптылықпен де байланысты. Конституция мен конституциялық заңнамаларда тұлғалардың жауаптылығы толығымен қамтылғанымен, мемлекеттің, оның органдарының, жоғары лауазымды тұлғаларының жеке тұлға алдындағы жауаптылығы толық реттелмеген. Жоғарыда атап өткендей Конституцияны қорғау тетігі ретінде заңды негізде конституциялық жауаптылықты заңды жауаптылықтың жеке түрі ретінде бекітпей, оны қорғаудың нәтижесі жоғары болады деп айту қиынға соғады.
В.А. Виноградов конституциялық жауаптылықтың субъектілерін олардың құқықтық мәртебесінің ерекшеліктерін ескере отырып: жалпы, арнайы және ерекше, - деп топтастырады.
Конституциялық жауаптылықтың жалпы субъектісіне мысал ретінде Ресей Федерациясының 3-ші бабының 4-ші тармағын келтіреді. Онда былай делінген: Ресейде билікті иемденуге ешкімге де жол берілмейді. Ал арнайы субъектісіне мынадай сипаттама береді: тұлғаның қандай да бір органда қызмет жасауы: лауазымды тұлғалар (министрлер, депутаттар), сайлау комиссиясының мүшелері, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері. Ерекше субъектісі – мемлекет басшысы /9/.
Конституциялық құқықтың субъектісі ретінде мемлекет, оның ең жоғары лауазымды тұлғасы, мемлекеттік органдар, олардың жоғары лауазымды тұлғалары және жеке тұлғалар табылатыны белгілі. Осы субъектілер сәйкестелген түрде конституциялық-құқықтық жауаптылықтың да субъектілері болып табылады деп ойлаймыз. Себебі, аталған субъектілердің арасында конституциялық-құқықтық қатынастардың пайда болуы, қандай да бір міндеттерді жүктейді.
Мемлекеттің жеке тұлға алдындағы конституциялық-құқықтық жауаптылығына тоқталатын болсақ, мемлекеттің жауаптылығы абстрактілі болып келеді. Сондықтан бұл жауаптылықты жүзеге асыру, ҚР Конституциясының 3-ші бабының 3-ші тармағына сәйкес, оның атынан билік ететін ең жоғары лауазымды тұлғасына, ең жоғары өкілді органына, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына жүктелуге тиіс.
Мемлекеттің жеке тұлға алдындағы конституциялық-құқықтық жауаптылығы болып сәйкестелген субъектінің конституциялық-құқықтық қатынасқа түсу кезінде пайда болатын және өзгеретін, конституциялық-құқықтық нормаларда бекітілген міндеттері мен кепілдіктері үшін жауаптылығы табылады. Яғни олардың жасаған іс-әрекетінің нормаларда бекітілген негізіне сәйкес келмегендігі салдарынан пайда болатын залалдың орнын толтыруға бағытталған әсер ету шараларын қамтамасыз ету мүмкіндігі. Біздің ойымызша конституциялық-құқықтық нормаларда кепілдіктердің орын алуы да конституциялық-құқықтық жауаптылықтың субъектісі ретінде мемлекетке қойылатын талап ретінде қарастырылуы қажет.
Әдебиеттер
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы / 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған (7 қазан, 1998 жылғы № 284-1, 2007 ж. 21 мамырда № 254-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңдарымен енгізілген өзгерістер мен толықтырулармен бірге) //
Қазақстан Республикасы Парламентінің жаршысы. – 1996. - № 4. – 217-қ.; 1998. - № 20. – 245- қ.; 2007, – № 10. – 68-қ.
2. 2.Колосова Н.М. Конституционно-правовая ответственность - самостоятельный вид конституционной ответственности. // Государство и право. 1997. - № 2. – С. 86-96.
3. 3.Авакьян С.А. Проблемы конституционно-правовой ответственности (по материалам конференции на юридическом факультете). // Вестник Московского университета. - Серия 11. - Право. – 2001. - № 3. – С. 124-128
4. 4.Сапаргалиев Г., Салимбаева Ж. Проблемы конституционной ответственности. – Алматы:
Жеті Жарғы, 2001. – 152 с.
5. Боброва Н.А., Зражевская Т.Д. Ответственность в системе гарантии конституционных норм (государственно-правовые аспекты). - Воронеж: Издательство Воронежского университета, 1985. – 154 с.
6. 6.Таранов А.А. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқығы. Академиялық курс. – Алматы:
ҚазГЗУ Баспа үйі, 2003. – 284 б.
7. 7.Ибрагимов Х.Ю. Административное право Республики Казахстан. Общая часть. Учебное пособие. - Алматы: Данекер, 2002. – 256 с.
8. 8.Пискотин М.И. Политическая ответственность работников аппарата государственного управления в социалистических странах. // Ответственность сотрудников государственной администрации: Сб. материалов международной научной конференции. – Варшава, 1975. - С.
23-27.
9. 9.Виноградов В.А. Конституционная ответственность: вопросы теории и правового регулирования. // Конституционно-правовая ответственность: проблемы России, опыт зарубежных стран. - М., - 2001, – С. 56-59.