Халықаралық шарттарға қосылу және ұлттық құқыққа халықаралық құқық нормаларын имплементациялаудағы кезектегі басымдықтар мемлекет ішілік қажеттіліктермен ғана байланысты емес, сонымен қатар әлемде болып жатқан әр түрлі үрдістермен байланысты, сондықтан бұл процесс үнемі қозғалыста. Басымдықтар жеткілікті деңгейде тұрақты да, ауыспалы да болуы мүмкін – ол мемлекет алдындағы немесе әлемдік қауымдастық алдындағы мәселелерді шешу көлеміне (ауқымына) байланысты. Осыған байланысты олардың шешімі тек теориялық емес, тәжірибелік маңызы бар сұрақтар туындайды. Оларға біздің зерттеп отырған
тақырыбымызға тікелей қатысы бар келесі сұрақтар жатқызуға болады:
-халықаралық құқық пен ұлттық заңдар арақатынасының белгілі бір бағыттарындағы басымдықтарды кім анықтайды;
-1990 жылдан бастап Қазақстанның ұлттық заңдарының халықаралық құқықпен өзара әрекетінде қандай басым бағыттар бар;
Бірінші сұраққа байланысты атап көрсетсек, біздің елде мемлекет пен құқықтың дамуының негізгі бағыттары туралы шешімдер саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға лайықтылыққа тәуелді объективтік және субъективтік сипаттағы факторларға негізделіп қабылданады. Республика халықаралық шартты мойындаған жағдайда оны қамтамасыз етуге қатысты сұрақтар туындайтындығы да маңызды рөл атқарады: халықаралық құқық нормасын іске асыру әдетте ұлттық нормативтік-құқықтық актілерді, мемлекет атынан мүдделі министрліктер мен басқа да органдардың ұйымдастырушылық шараларды дайындау мен қабылдауды, сондай-ақ біраз материалдық мен қаражат шығынын талап етеді.
Сондықтан халықаралық құқық пен ұлттық құқық арақатынасындағы басымдықты анықтау үшін әр елде әдетте мемлекет басшысы ғана иеленетін бірыңғай саяси күш-жігер керек. Тек қана сол халықаралық шартқа деген қатынас деңгейін, бірізділігін, сонымен бірге оларды қабылдау басымдылығын айқындайды. Егер де дамыған елдер тәжірибесіне сүйенсек, көбінесе сыртқы қатынастардағы басымдықтарды айқындау негізінде ең бастысы елдің мүддесі жатыр.
Бұл пікірді адамзаттың ұзақ дамуы дәлелдейді, әсіресе заманауи американдық зерттеуші. Дж. Гинзбургтің жұмысында аталып көрсетілген. Ол АҚШ-тың халықаралық және ішкі құқығының өзара әрекеттесуі туралы ойлана келе былай деп жазады: «Президентті халықаралық құқық мүддесі үшін жоғары өнегелі күресуші деп айту өте артық болар, себебі ол ішкі саяси көзқарастарды ысырып қойып, өзінің шетелдік әріптестерімен белгілі бір басқа көзқарасты қолдап жүрсе... мемлекеттен жоғары өлшем үшін жергілікті тұрғыдан қараудан бас тартуы саяси сипаттағы прагматикалық көзқарастармен анықталады: нақты жағдайда қақтығыстан қашу мен шиеленіс әлсірету, белгілі бір мемлекетпен жақындасу мақсатына жету, құқықты сыйлау тактикалық дивидент әкелетін мәміле жасау» /39, 86 б./.Қазақстан да бұл тізімде жоқ емес. Конституцияның 40 бабына сәйкес мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға болып табылады және Конституцияның 44
бабының 11 тармағына сәйкес келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекiту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі көптеген халықаралық шарттар қабылдаған алғашқы жылдары ҚР Президентінің бұл саладағы рөлі әсіресе таптырмайтын еді. Қазақстан белгенді түрде көптеген халықаралық ұйымдарға қосылды. Бұл бір шектен екінші шекке -дербес жасалған халықаралық шарттардың болмауынан бастап олардың санының көп болуына, тіпті аса көп болуына ауысқан белгілі маятник феноменін тудырды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2001 жылы Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында халықаралық шарттарды ратификациялау проблемаларын бөліп көрсетті. Ол кезде ратификацияланған халықаралық шарттардың саны 350 еді, тағы 50 шақтысына заң актілерін қабылдау арқылы қосылды.
Ал жалпы Тәуелсіздік алған жылдары қабылданған нормативтік- құқықтық актілер саны бір мың шамалас болатын. Президент бірқатар сұрақтар қойды: тым көп халықаралық міндеттемелерді өз мойнымызға алып отырған жоқпыз ба? Барлығы Қазақстан мүддесіне жауап береді ме? Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес өзіндік ұлттық заңнаманы дамытуға бөгет келтірмейді ме?
Осыған байланысты қабылдаған міндеттемелер мен шарттарды түгендеу қажет.
Президент осы Жолдауында өз сұрактарына жауап берді. Ол мынаны бөліп көрсетті: «Бізді заң күші үстем болатын ел, саяси және әлеуметтік әділет пен экономикалық еркіндік іргетасына негізделген Қазақстанды құрудың үлкен міндеттері күтіп тұр».
Шынында да, дәл осы тек бізге емес, әлемдегі басқа да серіктестерге қажет. Қазақстанда лайықты болашаққа сенімді жылжыту кепілі осында. Сондықтан қанша халықаралық шарт жасауымыз керек деген сұраққа жауап, біздің ойымызша жалпы мынадай, әлемдік қауымдастықта біздің мемлекеттің тиімді өмір сүруін және Заң күші үстем болатын құқықтық мемлекет құруды қамтамасыз ету үшін қанша халықаралық шарт керек болса, сонша болу керек. Бұл үшін Қазақстан Республикасы адамзаттың ортақ міндеттерін шешуге қатысып, сонымен қатар әлемдік қауымдастық мойындаған халықаралық құқық нормалары мен қағидалары деңгейінде ұлттық құқықтарды жетілдіруді жүзеге асыруы қажет.
1991 жылдан кейін әлемдік, аумақтық және ұлттық дамудың объективті жағдайы Республиканың ұлттық құқығына халықаралық
құқық нормаларын имплементациялаудағы басымдықты анықтауда ең алдымен, Қазақстан Республикасы үшін күшінде қалған бұрынғы Кеңес Одағының міндеттемелерін ескере отырып, екіншіден, әлемдік қауымдастық шешуі тиіс жаһандық сұрақтарды, үшіншіден, елдің саяси және әлеуметтік экономикалық даму ерекшелігі тұрғысынан жүргізілуге алып келді. Сөз егер әлемдік қауымдастық пен елдің мүдделері бір біріне сай келсе, онда республиканың халықаралық құқықтық қызметінің жекелеген бағыттарындағы «жетістіктер»
туралы, ал егер сай келмесе кейбір бағыттардағы «тоқыраушылық»
жөнінде болып отыр.
Егеменді Қазақстан ұлттық құқығының халықаралық құқықпен он жалдан астам өзара әрекеттесуінің қазіргі басымдықтары ретінде үш негізгі бағытты бөліп көрсетуге болады. Олар:
- Қазақстанның КСРО-ның кейбір халықаралық шарттарының құқықмирасқоры болуы;
- Елдің барлық адамзаттың қазіргі заманғы қауіптермен (ядролық қаруды таратпау, лаңкестік, наркотизм, экологиялық мәселелерді шешу және т.б.) күресуіне қатысуы;
- Құқықтық мемлекет құру, азаматтық қоғам қалыптастыру және осыған байланысты ұлттық құқықты жетілдіру, оны халықаралық құқықтың жалпыға танымал нормалары мен қағидаларына сәйкестендіру;
Бірінші басымдықтағы бағытты қарай отырып, құқықмирасқорлық мәселесіне жеткілікті заң әдебиеттері арналғанын айтамыз. Атап айтсақ, мысалы, А.А. Поповтың «Халықаралық құқықтағы құқықмирасқорлық және КСРО құрылуы» диссертациясы фактілік және заңды мирасқорлық мәселесіне арналған. Сондықтан біз Қазақстанның құқықмирасқорлығының посткеңестік шындығына тоқталамыз, себебі құқықмирасқорлығы өзінің сипаты бойынша барлық мемлекеттік аумақтық өзгерістерге ортақ құқықтық процесс болып табылады, оған бұрынғы КСРО-ның ыдырауы жатады. Бұл жағдайдың заңдық негізі болып 1978 жылғы мемлекеттердің халықаралық шарттарға қатысты құқықмирасқорлығы туралы Вена Конвенциясы (бұдан ары – Конвенция) табылады.
Құқыққалдырушы мемлекет ыдыраған жағдайда оның халықаралық шарттары, егер олардың мақсаттары мен мазмұнына қайшы келмесе ары құқыққабылдаушы мемлекет аумағында қарай қолдана береді.
Талданып отырған Конвенцияда «мемлекеттердің құқықмирасқорлығы» термині «белгілі бір аумақтағы халықаралық қатынастар үшін жауапкершілік көтеруде бір мемлекетті екінші мемлекеттің ауыстыру» деп түсіндірілген. Ары қарай Конвенцияда
былай делінген: «ештеңе де мемлекеттің және халықтың өзінің табиғи байлығы мен ресурстарына деген айрықша егемендігін айқындайтын халықаралық құқық қағидаларын қозғамайды». Ал жаңа тәуелсіз мемлекеттерге қатысты Конвенцияның 16 бабы, олар ешқандай шарттың күшін сақтауға міндетті емес, немесе шартқа қатысты мемлекеттердің құқықмирасқорлығы кезінде осы аумақта күшінде болған факт үшін ғана қатысушысы бола алады деп бекіткен.
Бұл өте маңызды жағдай барлық посткеңестік республикалар үшін де өзекті болды, себебі Кеңес Одағы құлағаннан кейін шарттарға қатысты құқықмирасқорлығы мәселесін тәуелсіз республикалар бірден көтерді. Әлемдік саясатта «Жана Тәуелсіз Мемлекет» (ЖТМ) термині кең қолданылуы да кездейсоқ емес. Мемлекеттердің халықаралық шарттарға қатысты құқықмирасқорлығы туралы Вена Конвенциясы бойынша «құқыққабылдаушы мемлекет деген аумағы мемлекеттердің құқықмирасқорлығы сәтінде құқыққалдырушы мемлекеттің аумағы болған мемлекет»
1992 жылы 6 шілдедегі «Бұрынғы КСРО-ның ортақ мүддені білдіретін шарттарына қатысты құқықмирасқорлығы мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумда» ТМД-ға мүше мемлекеттер, бұрынғы КСРО-ның халықаралық шарттарының басқа елдермен қатынасты тұрақтандыру және әрі қарай дамытудағы рөлін мойындай отырып, бұрынғы КСРО-ның ортақ мүддені білдіретін шарттарына қатысты құқықмирасқорлығы мәселелерін шешуге ортақ келуді анықтады. Бұл құжатта бұрынғы КСРО мемлекеттерінің барлық дерлік көпжақты халықаралық шарттары Достастықтағы барлық мемлекеттер үшін бірдей ортақ мүддені білдіретіндігі айтылды.
Сонымен бірге бұл құжаттар Достастыққа қатысушы мемлекеттердің қандайда бір бірлескен шешімдер, іс әрекеттер қабылдауын талап етпейді және шартқа қатысу мәселесін, әрбір шарттың сипаты мен мазмұнын ескере отырып халықаралық құқық нормаларына сәйкес Достастыққа мүше әр мемлекет дербес шешеді. Кейбір екіжакты шарттар Достастыққа мүше барлық мемлекеттердің мүддесін қозғайды.
Оған мысалы, шекара және оның режимі жайлы шарттар жатады.
Ондай шарттар халықаралық құқық бойынша өз күшінде қалуы тиіс және онда тек Достастыққа мүше елдердің ішінен оған мүше емес елдермен шекараласатын мемлекеттері қатыса алады. Мұның маңыздысы Достастыққа мүше тиісті мемлекеттер бұл шарттарға өздерінің қатысатындықтарын нақтылауы тиіс. Сонымен, Қазақстан Республикасының шекаралық саясаты бұрынғы КСРО-ға қатысты жарияланған құқықмирасқорлығы негізінде жүзеге асырылады, өйткені «Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы»
Заңның 2 бабында былай делінген: «бұрынғы КСРО жөнiнде жарияланған құқылық мирасқорлықты негiзге ала отырып, осы Заң қолданысқа енгiзiлген кезiнде қолданылып келген халықаралық шарттармен, соның iшiнде Қазақстан Республикасының және КСР Одағының бұрынғы республикалары болған басқа да мемлекеттердiң әкiмшiлiктiк-аумақтық межеленуi туралы актiлерде белгiленген өз Мемлекеттiк шекарасының өтуiн қуаттайды». Қазақстан-Қытай шекарасын реттеу кезінде Кеңес Одағы – Қытай келіссөздері негізге алынды және бұл 1990 жылдары құжаттарда бекітілді, ол Қазақстанның Ресеймен, Қырғызстанмен, Өзбекстанмен шекара мәселесі ҚазКСР мен КСРО-ның басқа да республикаларымен шекара туралы актілері негізінде реттелді.
КСРО-ның шарттарына қатысты құқықмирасқорлығына байланысты белгілі бір сұрақ туындағанда қатысушы мемлекеттер мүдделі мемлекеттер арасында кеңесу жүргізуге келісілген. Бірақ мұндай кеңесулер кезінде немесе басқа да әрекеттер кезінде ТМД мемлекеттерінің әрқайсысының шартқа дербес қатысуға шешім қабылдау мүмкіндігіне, егер мұндай шешім халықаралық құқық нормаларына сай қабылданған болса кедергі жасалмауы тиіс. Осындай уағдаластықтар нәтижесінде егемен Қазақстанның алғашқы жылдарында белсенді дамыған ұлттық құқықпен қатар бұрынғы КСРО-ның құқық нормалары, Кеңес Одағы қатысқан кейбір халықаралық шарттардың нормалары әрекет етті. Бұл реже Жоғарғы Кеңесі қабылдаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды күшіне енгізу тәртібі туралы» Қаулыда бекітілді. Осы құжаттың 2 тармағында «алдағы уақытта Қазақстан Республикасы тиісті заңнамалық және басқа да нормативтік құқықтық актілерді қабылдағанға дейін оның аумағында КСРО заңнамасы мен КСРО мойындаған халықаралық құқық нормалары Қазақстан Республикасының осы заңына, басқа да заңнамалық және нормативтік актілеріне қайшы келмейтін бөлікте қолданылады» делінген.
Алайда, 1991 жылы Қазақстан егемендік алғаннан кейін көптеген КСРО халықаралық шарттары іске аспай қалды, бірақ ресми түрде ол айтылған жоқ (мысалы: 1966 жылғы адам құқықтары туралы Пактілер). Тек жеке жағдайларда ғана заң шығарушы кейбір харықаралық – құқықтық құжаттардың Қазақстан Республикасы аумағында қызметін тоқтату туралы құжаттар қабылдап отырды.
Мысалы, 1994 жылы 3 қарашада (1993 жылы 28 қаңтардағы бірінші Конституциядан қабылданғаннан кейін) Қазақстан Республикасы Жоғары Кенесінің «Қазақстан Республикасы аумағында бұрынғы КСРО Үкіметінің басқа мемлекеттердің Үкіметтерімен жасасқан
табысқа қосарлы салық салуды болдырмау туралы Конвенцияларының қолданылмайтындығы туралы» Қаулысы шықты. Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі бұл халықаралық шарттарды Қазақстан Республикасының жаңа саяси және экономикалық жағдайларына жауап бермейді, шетелдік инвестицияларды тартуда Қазақстан Республикасының мүддесін қорғамайды және кейбір бөліктері ішкі салық заңдарына қайшы келеді деп шешіп, олар 1995 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы аумағында әрекет етуін тоқтатты.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы»
Конституциялық Заңда ұлттық құқықтық нормалардың халықаралық құқықтан басымдығы бекітілген болатын. Қазақстан, Ресей Федерациясына қарағанда, КРСО-ның халықаралық және басқа да міндеттемелерінің толық құқықмирасқоры ретінде өзін мойындамады, алайда кей жағдайларда кезінде КСРО бекіткен халықаралық шарттарды Қазақстан ратификациялаған кезде саясаткерлер құқықмирасқорлығы туралы айтқан болатын. Сондыктан құқықмирасқорлығын фактілік және заңдық деп бөлу әділетті.
Ғалымдар фактілікке белгілі бір фактіге байланысты мемлекеттердің құқықмирасқорлығы туған жағдайларды, ал заңдыққа – құқыққалдырушы мемлекеттің барлық құқықтары мен міндеттері құқыққабылдаушы мемлекетке беруін немесе өтуін айтады.
Біздің көзқарасымыз бойынша, Қазақстан 1991 жылы егемендік ала салысымен, бұрынғы Қазақ КСР-ның аумағында әрекет еткен халықаралық шарттарды жоятын, шектейтін немесе мойындайтын нормативтік – құқықтық актілер қабылдауы керек еді.
Кей жағдайда Қазақстан Республикасы бұрынғы Кеңес Одағы қатысушысы болған кейбір халықаралық келісімдерді ратификациялады. Мысалы, Қазақстан 1992 жылы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің Қаулысымен 1991 жылы 31 шілдеде Мәскеуде қол қойылған стратегиялық басқыншылық қаруларды шектеу мен қысқарту туралы КСРО мен АҚШ арасындағы келісімді 1992 жылы 23 мамырда Лиссабонда қабылданған Хаттамасымен қоса ратификациялады.
Біздің елдің құқықмирасқорлығының объектісі болып КСРО кезінде қабылданған, бірақ одақтас мемлекет ретінде бұрынғы ҚазКСР құзіретіне ғана жататын халықаралық құқықтар мен міндеттер табылды. Кейде кейбір шарттарды тәуелсіздік алғаннан кейін қолдану керек болады. Ол үшін Қазақстан мен КСРО қатысқан шарттың келесі тарабы болған мемлекеттің оны нақтылауы қажет. Мысалы, 1994 жылы Қазақстан мен Жапония шарттар мен келісімдер туралы Вербальдық Нотамен алмасты. Бұл Нота бойынша Жапония Қазақстан
Республикасының тәуелсіздігін мойындағаннан кейін бұрынғы КСРО мен Жапония арасында жасалған келісімдер Қазақстан мен Жапония арасында шарттарда көзделген мерзімдерде өз күшін сақтайды.
Сонымен бірге, Нотада көрсетілгендей, кейбір келісімдер мен халықаралық шарттар Қазақстан мен Жапония арасында қолданылмаған және қолданылмайды, себебі бұл шарттар мазмұны жағынан Қазақстан мен Жапония арасында қолданылуы мүмкін емес (бұлар мысалы, Жапония мен КСРО арасындағы теңіз апатына ұшыраған адамдарды құтқаруда ынтымақтастық туралы Келісімді жүзеге асыру туралы алмасу ноталарын өзгерту туралы алмасу Нотасы (1987 жылы 28 тамыздағы); Жапония мен КСРО Үкіметтері арасындағы балық өнеркәсібіне байланысты операцияларды жүргізу бойынша Келісім (1975 жылы 7 маусымдағы); Пароходтардың тұрақты рейстерін ашу туралы Алмасу хаттары (1957 жылы 6 желтоқсандағы);
КСРО-ның алыс Шығыс елдерінің орман ресурстарын даярлау туралы экспорт пен импорт жайлы КСРО мен Жапония арасындағы алмасу хаттары (1968 жылы 14 тамыздағы) және т.б)
Осы жерде сонымен бірге Қазақстан мен Жапония арасында қолданылатын қабылданған кейбір келісімдерге (мысалы, КСРО мен Жапония арасындағы ғылыми – техникалық ынтымақтастық туралы Келісім (1973 жылы 10 қазандағы); КСРО мен Жапония Үкіметтерінің арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімі (1991 жылы 18 сәуірдегі); КСРО мен Жапония Үкіметтерінің арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы Келісім (1991 жылы 18 сәуірдегі); КСРО мен Жапония Үкіметтерінің арасындағы мәдениет байланыстар туралы Келісім (1986 жылы 31 мамырдағы) және т.б.) Жапония жағынан да, Қазақстан Республикасының жағынан да бұл шарттарды жүзеге асыруға ешқандай шаралар жасалмаған. Осыған байланысты көрсетілген шарттар мен басқа да халықаралық келісімдер белгілі бір тиісті бірлескен әрекеттер жасалғаннан кейін ғана қолданылады.
Сонымен Қазақстан Кеңес Одағының фактілік және заңдық жағынан ішінара құқықмирасқорлығына ие, ал халықаралық шарттар оның құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл егемендіктің алғашқы жылдарында қатты байқалатын.
Қазір Қазақстан Республикасы дербес халықаралық құқықтық саясат жүргізуде, бірақ бұрынғы КСРО республикаларының фактілік және заңдық құқықмирасқорлығы бұрынғы державаны жалғастырушы Ресей Федерациясымен тығыз байланыста аймақтық ынтымақтастықтың дамуына ықпал етуде. Сондықтан, біздің көзқарасымыз бойынша, құқықмирасқорлығы–мемлекет тарихындағы
қысқа уақыттық кезең емес. Керісінше, құқыққалдырушы мемлекет құлағаннан кейін де осы аумақта мемлекеттілік қалыптасқанын, жаңа тәуелсіз мемлекеттің әлемдік қауымдастық алдында тәуелсіздік алғанға дейін қалыптасқан міндеттемелерін куәландыратын эволюциялық дамудың маңызды құрамдас бөлігі. Бұл міндеттерді біздің еліміз, халықаралық құқықтың жалпыға танымал қағидалары мен нормаларының, сонымен қатар, жаңа көпжақты және екіжақты шарттар негізінде әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастығын дамыта отырып, жеткілікті деңгейде жүзеге асыруда.
Жылдам қарқынмен өзгеріп отырған әлем адамзаттың алдына жаңа мәселелерді шешуді қоюда, кейде ол шешімдерге бір елдің емес, барлық адамзаттың жер бетінде тіршілік етуі байланысты. Бүкіл әлемдік қауымдастық үшін қазіргі кезде неғұрлым өзекті мәселе болып ядролық қаруды таратудың алдын алу мен бар ядролық қару арсеналына бақылау орнату, лаңкестікті алдын алу және таралуы мәселесін шешу, есірткінің таралуымен күресу табылады.
Сондыктан егеменді Қазақстанның ұлттық құқығының халықаралық құқықпен өзара әрекеттесуінің екінші басым бағыты ретінде біз еліміздің адамзатпен бірге қазіргі заманауи маңызды сұрақтарды шешуге қатысуын көрсетеміз. Бұл өз еркімен мойнына халықаралық міндеттемелерді алуынан көрінеді, бірақ кейде мүдделі мемлекеттер немесе халықаралық ұйымдар тарапынан тиісті саладағы халықаралық шарттарды ратификациялау немесе басқа да жолмен қосылу туралы тікелей өтініш айтылады.
КСРО кезінде Республикамыздың халықаралық құқықтық саласында компетенциясы тек декларация сипатында ғана болды.
Алайда КСРО құлағаннан кейін де Қазақстан Республикасы аумағында қалып, оның меншігіне айналған, халықаралық шарттардың объектілері болатын объектілер (полигондар, әскери – өнеркәсіптік кешендер) кей жағдайларда Республиканы Кеңес Одағының құқықмирасқоры ретінде өзін санауына құқық береді. Мысалы, «1972 жылы 26 мамырдағы КСРО мен АҚШ арасындағы ракетаға қарсы қорғаныс жүйелерін шектеу туралы Шартқа байланысты уағдаластықтар туралы Меморандумда (Қазақстан Республикасы 1998 жылы 19 маусымда ратификациялаған) былай делінген: «төменде осы меморандумның мақсаттары үшін КСРО-ның құқықмирасқорлары мемлекеттері деп аталған Белорусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Украина және Америка Құрама Штаттары...».
КСРО құлағаннан кейін Қазақстан ядролық қарудың көп бөлігіне ие мемлекет болып қалды (ядролық қару жағынан әлемде 4-орында болды, оның ядролық қаруының саны Франция мен Ұлыбританияның
ядролық қаруларының жалпы санынан асатын). Еліміздің аумағында 1400 ядролық соғыс қарулары бар СС – 18 атты 104 ракета, ядролық соғыс қарулы 240 қанатты ракеталары бар 40 стратегиялық бомбалауыштар болды. Әлемдік қауымдастық ядролық қарудың таратылмауына мүдделі болды және Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қол қоюға дайындала бастады, ол үшін көптеген шаралар өткізіп, бірнеше халықаралық шарттарға қол қойды:
- 1992 жылы 6 шілдеде Достастық мүше – мемлекеттер (Грузия мен Молдавадан басқа) «Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа Достастыққа мүше мемлекеттердің қатысуы туралы» шешім қабылдады. Онда олар өздерін КСРО-ның құқықмирасқоры мемлекеттері ретінде бұрыңғы КСРО қабылдаған «Ядролық қаруды таратпау туралы Шарттың» қатысушысы болып Ресей Федерациясының қала беруін қолдады. Осы шешім негізінде Ресей осы шарттың депозитарийі қызметін де жалғастыра беретін болды. Ал қалған мемлекеттер «Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа»
ядролық қаруы жоқ мемлекеттер ретінде қатысатындықтарын жариялады.
- 1993 жылы Қазақстан ядросыз мемлекет мәртебесін иеленетіндігі, ядролық қаруды кезең-кезеңмен бөлшектейтіндігі, шығаратындығы және жоятындығы туралы саяси шешім қабылдады.
- 1993 жылы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің «1968 жылдың 1 шілдесінде Лондон, Вашингтон және Мәскеу қалаларында қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қосылу туралы» № 2593 – ХІІ Қаулысы қабылданып, Қазақстан оған ядросыз мемлекет ретінде кірді.
- 1993 жылы 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында «Құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, апат зардаптарын жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты Келісім»
жасалды. Осыған байланысты Америка Құрама Штаттары Қазақстан Республикасына ядролық қаруды жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты әр түрлі мақсаттарға жетуіне көмектесетіндігі айтылды. Соның ішінде құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, Қазақстан Республикасынан ядролық қарудың, сонымен бірге осы қаруға қатысты технологиялардың, материалдық техникалық құралдар мен білімнің таралуына қарсы тексеру шараларын орнатуға, Қазақстан Республикасынан жою мақсатында ядролық қарудың шығарылуы кезінде болуы мүмкін апаттың зардаптарын жоюға және Қазақстан Республикасының аумағында бар басқа да стратегиялық басып алу қаруларын жоюға көмектесу бар.
- 1994 жылы 28 наурызда Мәскеу қаласында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасында Қазақстан Республикасының аумағында уақытша орналасқан Стратегиялық ядролық қүштер туралы келісім жасалды.
- 1994 жылы «1968 жылы 1 шілде қабылданған Ядролық қаруды таратпау туралы Шарт» ратификацияланды. Бұған Қазақстан Республикасы ҚР Жоғары Кеңесінің 1993 жылы 13 желтоқсандағы № 2593-ХІІ Қаулысына сәйкес ядролық қаруға ие емес мемлекет ретінде қосылды.
- 1994 жылы 26 шілдеде Алматы қаласында Қазақстан Республикасы мен Атомдық энергия бойынша Халықаралық Агенттік арасында 1994 жылы 19 маусымдағы Қазақстан Республикасы Президентінің №2344 Жарлығымен ядролық қаруды таратпау туралы шарттың ратификациялануына байланысты кепілдіктер қолдану туралы Келісім жасалды. Ол бойынша Қазақстан кепілдікке жататын барлық ядролық материалдардың есебін жүргізу мен бақылау құрып, оны жүргізуге міндеттенді. Ал Агенттік өз кезегінде, Қазақстанның ядролық материалдарды бейбіт пайдаланудан ядролық қару жасауға ауысып кетпеуін бақылау мақсатында бұл жүйесін тексеру мүмкіндігіне ие болу үшін бұл кепілдіктерді қолданады. Агенттіктің тексеруі Келісімде айтылған процедураларға сәйкес Агенттік жүргізетін өлшемдер мен байқаудан тұрады.
- 1994 жылы 5 желтоқсанда Ресей Федерациясы, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Королдігі және Америка Құрама Штаттары Қазақстан Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа қосылуына байланысты Қауіпсіздік кепілі туралы Меморандум қабылдады және онда ЕҚЫК Қорытынды Актісінің қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін, егемендігін және мемлекеттік шекарасын сыйлайтындықтары және Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығы мен саяси тәуелсіздігіне қарсы күш қолдану қаупін туғызбайтындықтары туралы міндеттенді.
Кейін әлемде болып жатқан саяси процесстер мен елдің қабылдаған халықаралық міндеттемелері талап еткен, Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі қатаң ұстанымын бекітетін бірнеше құжаттар пайда болды:
1997 жылы 18 қарашада Вашингтонда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында ядролық энергияны бейбіт мақсатта қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды, оны Қазақстан Республикасы 1999 жылы 13 шілдеде № 420- 1 Заңмен ратификациялады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Америка Құрама Штаттары Елшілігі арасында 1993 жылы 13 желтоқсанда
жасалған Құрлықаралық баллистикалық ракеталарды шахталық ұшыру құрылымдарын жою, апат зардаптарын жою мен ядролық қарудың таралуын болдыртпауға қатысты Келісімнің мерзімін ұзарту мәселесі бойынша нота алмасу нысанында Келісім жасалды, бұл Келісімді Қазақстан Республикасы 2002 жылы ратификациялады.
Айта кететін жайт бұл құжатта Қазақстандағы АҚШ елшісі «Егер Қазақстан Үкіметі осы Шарт бойынша өзінің қазіргі халықаралық міндеттемелерін орындау үшін ұлттық заңнама бойынша қосымша шаралар енгізу керек деп тапса, біз Қазақстан Республикасының тез арада осы шараларды қабылдауын өте өтінеміз. Сонымен қатар ұлттық заңнаманың кез келген талаптары Қазақстан Үкіметінің осы Шарт бойынша халықаралық міндеттемелеріне өз әсерін тигізбейді, бұл міндеттемелерді орындамау Шарт бойынша көмек көрсетуді тоқтата тұруға немесе тоқтатуға алып келеді» деп тікелей мәлімдеді.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстандағы АҚШ Елшілігіне ішкі заңнама бойынша және Қазақстан Республикасында Келісім күшіне енуінің барлық қажетті процедураларын сақтау үшін Қазақстан жағы тиісті ішкімемлекеттік процедуралар жүргізуі керек деп жауап берді.
2001 жылы 14 желтоқсанда Ядролық сынаққа жаппай тыйым салу туралы Шарт (ары қарай ЯСЖТШ) ратификациялады. Бұл құжатқа қол қойған мемлекеттер саны әлемдік үш ядролық державаны – Франция, Ресей және Ұлы Британияны қосқанда 160 болғанына қарамастан, Қазақстан бұл құжатты ратификациялаған 77-мемлекет болды.
Ратификациялауды тездетуге БҰҰ Бас Хатшысы Кофи Аннанның Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ратификациялауды тездетуге шақырып, тікелей өтініш жасауы себеп болды.
Мына фактіге көңіл аударуға болады, Қазақстанның ұлттық заңнамасында сол кездің өзінде ядролық сынаққа тыйым салуға қатысты тиісті нормативтік құқықтық акт – 1990 жылы 30 қарашада қабылданған ҚазКСР Жоғары Кеңесінің «Семей облысындағы ядролық полигон туралы» Қаулысы болды. КСРО кезінде қабылданғанына қарамастан құжатта «одақтас үкіметтің көп жылғы ядролық сынақ нәтижесінде адамдар өміріне келтірілген залалдарды өтеу бойынша, республика халқының полигонда қызмет ететін контингентпен шиеленіске түсуі нәтижесінде болуы мүмкін күтпеген жағымсыз салдарға қатысты шаралар қабылдамауы... Аталғандарды ескере отырып, ҚазКСР егемендігі туралы Декларация қабылдануына байланысты КазКСР Жоғары Кеңесі қаулы етеді: Семей облысы мен КазКСР аумағындағы басқа да сынақ полигондарында ядролық қару мен басқа да жаппай қырып жою қаруларының барлық түрлерін