Тышхан К.
Л.Н.Гумилев атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия кафедрасының аға оқытушысы философия ғылымдарының кандидаты Діндегі адамгершілік құндылықтар және дінаралық түсіністікті
сақтаудағы орны
Кез-келген дәстүрлі дін өзінің адам баласына тыныштықты, адамгершілікті, парасаттылықты дәріптеу үшін пайда болғандығын атап көрсетеді. Діннің негізгі обектісі адам. Құран Кәрімде: «Ол жаратылғандардың ішіндегі ең абыройлысы» болып табылады [1, 560 б.].
Адамың абыройын асырушы фактор Құранның айтуы бойынша, оны басқа жаратылыстардан даралап тұрған қасиеттері, еркі, ақылы, парасаты т.б. Осы абыройға Құран өзіндік міндеттер жүктеген. Ол міндеттер, сол абыройды сақтап қалу үшін қажетті іс-әрекетер болып табылады.
Ислам діні адамға мынадай жақтарынан мән берді. Біріншіден, адам болғандығы үшін, өйткені адам жайлы Құранда былай делінген еді. «Ант етеміз, біз адам баласын абыройлы еттік, олардың құрлықта және теңізде жүруін қамтамасыз еттік, таза нәрселермен рызықтандырдық, жаратқандарымыздың көбінен үстем қылдық» [1, 287 б.]. Басқа жаратылыстарға қарағанда адамның орны мен рөлі ерекше. Себебі, адамның атқарған істері осы мүмкіндіктеріне байланысты ауқымдырақ болмақ. Осы ауқымды мүмкіндіктерді пайдалану еркі де адамға беріліп отыр. Сондықтан да адам баласынан өзіне берілген ерік-бостандығын тиімді, әрі пайдалы жолда қолдануы талап етіледі. Екіншіден, сенімі жағынан өзіндік құндылығы бар. Құранның айтуы бойынша, құдайға сенген адам, сенбеген адамнан үстем болады. Мұның үстем болу себебі де құдайдың айтқандарына яғни, діннің қағидаларына мойынсұнып, дұрыс жолда жүруіне тікелей байланысты. Діннің негізгі мақсаттарының бірі қоғамдағы тыныштық пен тепе-теңдікті орнату болғандықтан құдай жолында жүрген адамдар қоғам үшін пайдасы мол болады, пайдасы болмаған күнде де қоғамға келтіретін зияны басқаларға қарағанда азырақ болады деп түсіндіріледі. Бірақ, бір айта кететін мәселе құдайға сену бар да, оның жолымен жүру бар. Құдайға қаншалықты сенемін дегенімен оның айтқан қағидаларына бағынбаған адам діни көзқарас бойынша толық сенген адам (иманды) болып есептелмейді.
Осыған байланысты, Құранда былай делінеді: «Абырой мен үстемдік Алланікі және де пайғамбары мен мүміндердікі (құдайға сендендердікі)» [1, 496 б.]. Үшіншіден, адамның өмір сүруі, істеген ісі белгілі бір мәнге ие болуы тиіс . Бұл туралы Құранда «Істегендері үшін әрбірінің дәрежелері бар»
[1, 555 б.], -делінеді. Адамның өмірінің мәні ол атқарған істерінің құндылығымен өлшенеді. Басқаша айтқанда тек адам баласының атқарған істеріне жақсы немесе жаман жағынан баға беріледі. Бұл баға беру адамның әрекеттерінің теріс жақтарын түзеп, дұрыс жаққа бет бұруы үшін қажет
болып табылады. Араб халқында «жақсы нәрсенің қадірі, жаманшылық арқылы белгілі болады» деген мақал бар. Бұл дегеніміз жамандық болмаған жағдайда адамдар жақсының не екендігін білу мүмкін болмайды деген мағынаны білдірсе керек. Сонымен бірге діни наным бойынша, жаманшылықтың болуы да жақсылыққа түрткі болып, жақсылықтың қадірін асқақтатқаны үшін жақсылық болып саналады.
Ислам дінінде әрбір адам өзіне тән ерекшеліктеріне байланысты белгілі бір құндылықтарға ие және де әрбір адамның ар-намысы сол құндылықтарына қарай бағаланады. Әрі жанын берсе де абыройы мен намысын қорғауға кеңес береді. Бұл жайында Мұхаммед пайғамбар:
«Малы үшін өлтірілген шәйіт. Діні үшін өлтірілген шәйіт. Жанын қорғау үшін өлтірілген шәйіт, жанұясы үшін өлтірілген шәйіт»-деген екен [2]. Сол қанатты сөзден қанат алған қазақ халқы да «малым арымның садағасы - арым жанымның садағасы» деген құнды мақалға ие. Олай болса, біз өзіміздің арымыз бен сенімімізді қаншалықты дәріптесек, өзгелердің де сенімі мен намысын соншалықты бағалай білуіміз керек болады.
Алайда сенімі үшін жәбірлеу, исламда адамға жасалған зұлымдық болып табылатындықтан, ислам дінінің таралу барысында ешбір діннің өкілдері өлтіріліп, құлшылық жасайтын орындары талқандалмағандығы тарихи шындық. Сонымен қатар ислам діні, дінді жамылып басқаларға қоқаң-лоқы көрсетуге де рұқсат бермейді. Сондықтан ешкімнің басқа біреудің сеніміне араласуына хақысы жоқ. Тек қана діни наным бойынша теріс жолда жүрген адамдарды дұрыс жолға бейбіт түрде және жұмсақ тілмен шақыру уағыздалады. Бұл ұстаным ортағасырдағы христиан дінін ұстанған дін адамдарының, халыққа жасаған зұлымдығына кереғар [3] деуге болады.
Мұхаммед пайғамбар бір сөзінде: «Мен де сендер сияқты бір адаммын.
Дінге байланысты бір нәрсе айтсам, оны алыңдар. Бірақ өз көзқарасымнан бір нәрсе бұйыратын болсам, адам болғаным үшін дұрыс айтуым да мүмкін, қателесуім де мүмкін», -деген [4]. Бұл, дұрыс деп қабылдасаңдар алыңдар, ал қате деп санасаңдар алмаңдар деген пікірге келеді. Бұдан шығатын қортынды, пайғамбардың өзі қателесуі мүмкін болса, басқа өздерін діндармын деп есептейтін адамдардың қателесу мүмкіндіктерінің қаншалықты болғандығын болжау қиын емес деген сөз. Сондай-ақ, пайғамбар өзінің сөзіне сену тұрғысында да адамдарға ерік-бостандық берілгендігін айтуға болады.
Христиан дінінің қасиетті кітабында да кейбіреулерің: «Не істесем де еріктімін»-дейсіңдер. Алайда олардың бәрі тиімді емес. «Не істесем де еріктімін». Дегенмен өзімді құл ететін ешнәрсенің билігінде болмауым керек.
«Тамақ асқазан үшін, ал асқазан тамақ үшін жаратылған». Әлбетте! Құдай бір кезде екеуін де жоятын болады. Алайда адамның денесі нәпсі үшін емес, Иеміз үшін қызмет етуге тиіс, ал денеміздің қамын Иеміз ойлайды [5].
Адамдардың бәрі бірдей пішінде жаратылып, бірдей мақсатпен, бірдей сезімдермен және бірдей қажеттіліктерде жаратылғандықтан, барлығының тең болуы қажет емес пе?! Барлық діндер де осыны уағыздайды. Алайда бұл пікір толық жүзеге асқан кезең болмағандығы анық.
Ислам, көңілге сүйіспеншілік орнатып, адамдардың арасындағы осы айырмашылықтарды жойғандығы тарихта баяндалады. Олардың шығу тегі жағынан бірдей екендіктерін баяндады: «Ей адамдар! Расында біз сендерді бір еркек, бір әйелден жараттық. Бір -бірлеріңмен оңай таныссын деп тайпа және ұлтқа бөлдік». Бұл дегеніміз, сендер бір ата, бір анадан таралғандықтан бір-бірлеріңе үстемдік жасай алмайсыңдар, бір-бірлеріңді қорлауға жол жоқ және бір-бірлеріңе бауыр боласыңдар. Ал бауырлас адамдар бір-бірін қорлап, бір-бірлерімен дұшпан болмайды дегенді білдіреді.
Құранда тағы да: «Сендерді қарапайым бір судан жаратып, оны белгілі бір уақытқа дейін сенімді бір жерге орналастырмадық па?!» және «Олай болса адам неден жаратылғандығына қарасын. Ол, ер мен әйелдің белі мен кеудесінен атылып шыққан бір судан жаратылған», -делінеді. Бұл дегеніміз, адам баласы осыншама қарапайым элементтерден жаратылғанымен неге осыншалық ашқарақ, тойымсыз, өшпеніділікке толы болады дегенді білдіреді.
Адам баласы өзінің қайдан жаратылғандығына және бұл дүниедегі ішіп- жейтін тамағы мен баратын жеріне қарайтын болса, бір сәт те болса ойланса, осыншама талас-тартыс, соғыс-жанжал болмас еді деген тұжырым шығаруға болады. Бұл аяттар адамдар арасында қанағатшылдықты уағыздайды.
Адамның жаратылысының қарапайымдылығын есіне түсіріп, оның да жаратылысына сай қарапайым болғандығын талап етеді. Олай болса, Құранның айтуынша, адамдар бір-бірінің еркін, сенімі мен құқын таптап, өктемдік жүргізуіне рұқсат жоқ.
Қорыта айтқанда көптеген араздықтар мен дұшпандықтардың басты себебі ретінде діни дүмшелік, дінді толық түсінбеуді айтуға болады.
Сондықтан да елбасымыз: «Біз діни фанатизм мен діни дүмшеліктен қатар сақтануымыз керек» - дейді. Біздің пікірімізше, діни фанатизмге апаратын да діни дүмшелік болса керек. Сондықтан дінді ұстанушылар діннің тек сыртқы шарттарын ғана емес, рухани кемелдік қағидаларын, адамгершілік ұстындарын да қатар меңгергені дұрыс. Егер қандай да діннің өкілі болмасын өзін жаратушысының сүйікті пендесі болуын қаласа, сол жаратушысы жаратқан барлық адамзат атаулыған, олардың сенімдеріне, тіпті әлемге құрметпен қарауы қажеттігін түсінуі тиіс. Ал дін атаулының барлығы араздастыруға, соғыстыруға емес, бейбітшілікті орнатуға келгендігін ешбір діннің өкілі жоққа шығармайды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Kuran Kerim. – İstanbul: Hizmet vakfı, 1974. – 650 s.
2 Kuzai. Müsned-i şihab. – Konya: Аrmağan, 2005. – 104 s.
3 Yaşar K. Örneklerle İslam ahlakı. – İstanbul, 2000. - S. 72.
4 Sahih Buhari. Tecrid Sarih Tercemesi / ауд. F.K. Abdullah ― Ankara:
İlahyat fakultesi, 2004. - С. Ι. – 215 s.
5 Киелі кітап. Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларының таңдамалы жиынтығы және Інжіл шариф. – Стамбул: Жаңа өмір баспасы, 2001. – 128 б.