Еуразиялық мұрат және түріктану
Выступление на международной научно- теоретической конференции «Актуальные проблемы общего языкознания и тюркских языков», Астана 2010 г. С. 4
Құрметті конференцияға қатысушы мырзалар мен ханымдар!
Біз, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының өкілдері, еліміздің тарихына, бастау-тамырына өте ықыласпен қараймыз.
Сондай-ақ мемлекетіміздің басшысы Н.Ә.
Назарбаевтың жүргізіп отырған сындарлы саясатын білім және ғылым тұрғысына өрістетуді, жас ұрпаққа кеңінен жеткізуді өзімізге парыз санаймыз. 2006 жылы 26 мамырда Еуразия университетінде оқыған «Инновациялар мен оқу-білімді жетілдіру арқылы білім экономикасына» атты тарихи дәрісінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Ұлттар тауарлармен және қызметтермен ғана бәсекелеспейді, олар қоғамдық құндылықтар жүйесімен, білім беру жүйелерімен бәсекелеседі»,- деп атап көрсеткен болатын. Осы ойды бүгінгі түркі халықтары қарым - қатынасы, бауырластығы тұрғысынан байыптай қарасақ, шынында да, бізге ортақ тарихымыздағы құндылықтарды қазіргі күннің шындығымен лайықты сабақтастыра білуіміз керек.
Еуразия ұлттық университетіне аты берілген танымал ғалым Л.Н.Гумилев еуразияшылдық идеясын жаңа белеске көтеріп, Еуразия кеңістігін біріктіруде түркі халықтарының тарихи рөл атқарғанын жан-жақты дәлелдеп бергенін жақсы білесіздер.
Елбасымыздың Еуразиялық одақ туралы көтерген идеясы мүлдем жаңа сипатта болды. 1994 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жасаған баяндамасында Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз елдердің терезесі тең ынтымақтастығын ұсынды. Әуелі бұрынғы кеңестік республикаларды қамтитын бұл одақ Еуразия кеңістігіндегі елдердің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп, экономикалық-әлеуметтік интеграцияға, яғни ықпалдастыққа үндеді. Өйткені өз сөзінде Елбасымыз:
“Біз, бірінші кезекте Еуразия кеңістігінде тек ғаламданған интеграция құрамыз. Бұл біздің елдер мен халықтардың мүддесіне қызмет ете алады. Бұл – түпкілікті қираудан қорғайтын жалғыз жол және болуы мүмкін геосаяси қақтығыстар мен әлеуметтік-саяси катаклизм үшін жалғыз кепілдік бола алады” ,- деп атап көрсеткен болатын-ды. Расында, Еуропа Одағы әлемдік деңгейге ұмтылу үшін аймақтық ынтымақтастықтың маңызын тәжірибе жүзінде көрсетіп берді. Сол сияқты Еуразия Одағы идеясы экономикалық интеграция, табиғи ресурстарды пайдалану жолдары мен тасымалдау,
халықаралық байланыс, терроризмге қарсы ортақ қауіпсіздік шаралары, экологиялық апаттың алдын алу сияқты мәселелерді басты нысана етіп алып, тәуелсіз мемлекеттердің тең құқылы достастығын жақтады. Іргені бекіте отырып, өрісті кеңейту болып табылатын бұл интеграцияда әр елдің ұлттық мүддесі мен мемлекетшілдік идеясы басты назарда болып, ешкім өзгенің салт-дәстүрі мен құқына қол сұқпайды. Сондықтан Еуразиялық таным тар шеңберге сыймайды. Өйткені Еуразия аймақ тоғысуын, жер бедерін белгілеген жай қарабайыр сөз емес. Әр кезең, әр ел Еуразияға өз түсінігімен қарағаны сияқты тәуелсіз Қазақстан да бұл құбылысқа өзінше қарайды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еуразияшылдық идеясында еліміздің менталитетіне жақын тазалықтың, ашықтықтың нышаны айқын көрінеді. Қазақстан томаға-тұйық ел емес. Сондықтан қазақ халқының бойында атам заманнан бар демократиялық негіз жаңа заманның әлемге ортақ биік құндылықтарымен ұштасуы керек деп есептейміз.
Еуразияшылдықтың бір аты – түптеп келгенде, мәдениет. Мұны бүкіләлемдік құбылыс болып саналатын жаһандану кезеңінде тәуелсіздік, мемлекеттік мүдде, елдік бірлік және ұлттық құндылықтарды бәрінен жоғары қоя білген Елбасымыздың әрбір әрекетінен айқын аңғаруға болады. Сондай- ақ “Мәдени мұра” сынды ұлттық құндылықтарымызды түгендейтін игі шаралар мен еліміздің ірге бекітіп, шекара жайын заң жүзінде шешіп алуы да сөзімізге дәлел бола алады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, көптеген елдер тығырықтан жол іздеген тұста айтылған Елбасының батыл ойы, тың идеясы сөз жүзінде қалып қоймады. Аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастық мақсатында туған Орталық Азия ынтымақтастығы, Кеден бірлігі, Шанхай бестігі, Еуразия ортақ экономикалық кеңістігі және тағы басқа қауымдастықтарды осы Еуразия Одағы шеңберінде қарастырған жөн. Сонымен қатар Елбасы Орталық Азия елдері Одағын құруды ұсынып отыр. Бұған биылғы ЕҚЫҰ ұйымына төрағалық еткен белесті кезеңімізді қосыңыз.
Осы орайда айта кетерлік жайт, еліміз егемендік алғалы бері алқалы жиындарда бой көрсетіп жүрген Елбасымыз қашанда бірлік, ынтымақтастық жайынан сөз қозғап, қазақ халқының бауырмалдығын, оның татулық пен бейбітшілікті қолдайтын, сенім мен сүйіспеншілікті асқақтататын дархан мінезін әлемге паш етуімен келеді. Мәселен, тәуелсіздігімізді жаңа алған тұста Н.Ә.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Ассамблеясы мінберінен сөйлеген сөзінде: “Келіңіздер, күшімізді біріктірейік, ерікті ынтымақтастық қадамын жасап көрейік, сөйтіп дағдарыстағы өңірлер мен дамыған елдердің проблемаларын шешу үшін барлық елдердің әскери бюджетінен бір пайыз берейік”,- деген еді. Қазақстанның әлемдік өркениеттер қақтығысына жол бермеу үшін жасаған қажырлы еңбегі, діннің сүйіспеншілік кепілі ретінде адамзат баласының тарихында алар орнын көрсету мақсатында ұйымдастырған жиындары, Еуразия кеңістігінде өзіндік орны бар өзара қырғиқабақ мемлекеттер – Үндістан мен Пәкістанды, Әзірбайжан мен Арменияны өзара мәмілеге шақыруы және тағы басқа игі іс-шаралары жоғарыдағы сөзді орындаудың жарқын айғағы іспеттес.
Мемлекет басшысының жарлығымен 1996 жылы құрылған Еуразия ұлттық университетінің құрылысы Астанамен қатар басталды деуге толық негіз бар. Елбасымыз: «Елорда Астанаға келгеннен кейінгі ең алдымен қозғаған мәселеміз – осы Еуразия университетін салу болды»,- деп атап көрсеткен болатын.
Еуразия ұлттық университетінің негізгі миссиясы – Азия мен Еуропаның біліми, ғылыми саяси және мәдени-рухани құндылықтарын, жетістіктерін оқу үдерісіне пайдалана отырып, жаңа заманға лайықты элиталық мамандар әзірлеу, әлемдік өркениет талаптарына толық жауап беру. Сонымен бірге біз Еуразияшылдық идеясын бүгінгі ел сұранымына сай дамытуды басты мақсат етіп қоямыз.
Еуразия танымын зерттеп-зерделеу мақсатында университет жанынан
«Еуразия» гуманитарлық зерттеулер орталығы мен «Түріктану және алтайтану» орталығы жұмыс істейді. Орталық түркітанумен, әлемдік тарихпен байланыстағы Еуразия мәселелерін зерттеп, қарастырады.
Сонымен қатар Еуразия ұлттық университетінде халықаралық Еуразия ғылыми форумы, түркітану конференциялары өткізіліп тұрады.
Еуразия ұлттық университеті әлемнің 60-тан астам белгілі университеттерімен іскерлік байланыс орнатқан. Бір айта кететін жайт, университетімізде шетелден арнайы шақырылған маман ғалымдар PһD бағдарламасы бойынша дәріс оқиды. Университетімізге жоғары дәрежедегі ресми қонақтар келіп, студенттермен, оқытушы-профессор құрамымен кездесіп жатады. Бұл – ең әуелі Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың маңдай терінің арқасы дер едік.
Бізде гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары зерде мен танымның қос қанаты секілді дамытылып жатыр. Гуманитарлық ғылым көбіне әр мемлекеттің өзінде жасалады. Шүкір, Қазақстанның гуманитарлық ғылымы көш соңында қалып жатқан жоқ. Бұл салада Еуразия ұлттық университетінің маман-ғалымдарының да өзіндік үлес қосып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Бұған бірнеше мысал келтіруге болады. Айталық, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы даярлаған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы», филология ғылымдарының докторы, профессор марқұм А.Сейдімбектің
«Қазақтың ауызша тарихы», профессор Қ.Салғараұлының «Ұлы қағанат»
атты еңбектері түріктануға үлкен үлес болып қосылды. Сондай-ақ кезінде Алаш қозғалысына қатысқан түрікшіл тұлғалар Смағұл Садуақасұлының екі томдығын, Қошке Кемеңгерұлының үш томдығын, Хайретдин Болғанбаевтың бір томдығын әзірлеп жарияладық. Университетімізде рухани жәдігерліктерді іздестіретін, жинайтын, зерттейтін Т.Жұртбай басқаратын «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығы қызмет істейді.
Жақында ғана Н.Омашев бастаған ғалымдар Алаш журналистика мұрасының 6 томдығын әзірлеп, жинақ етіп шығарды.
Біздегі Жазу музейі мен Абай, А.Байтұрсынұлы, Қашқари, Ататүрік, Г.Алиев, Л.Гумилев кабинеттері мен аудиториялары мәдени мұра ретінде оқу үдерісіне тікелей жәрдемін тигізіп отыр. Музейде бағзы замандардан осы
күнге дейінгі қазақ тарихына қатысты жазу-сызудың жеті атасы қойылған.
Музей алдындағы Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі – аталған мәдени орынның темірқазығы. Былтыр осы ескерткіш Тоныкөк пен Білге қаған ескерткіштерінің көшірмесімен толықты.
Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы жолын Еуразия университеті тұрақты басшылыққа алып келеді. Қазірдің өзінде осы бағытта бірнеше ғылыми-теориялық конференция өткізіп, ғылыми жинақтар, монографиялар шығардық.
Тәуелсіздік алғалы бері біз Түркия Республикасымен, ТМД ішіндегі түркі елдерімен қоян-қолтық байланыс орнаттық. Жақында Елбасы идеясымен ашылған Түрік академиясының өзі неге тұрады? Сондай-ақ Түркістандағы Қазақ-Түрік университеті, С.Демирел атындағы университет, басқа да университеттер абыройлы жұмыс істеп жатыр. Қазақстандағы түрік лицейлерінің беделі жоғарылап келеді. Бірақ енді бұл істі ғылым және білім тұрғысынан жүйелендіре түссек, дұрыс болар еді.
Осы тарапта мен мынандай ойды орталарыңызға тастағым келеді:
1. Түрік халықтары өзінің айрықша ортақ тарихын білу үшін әр елдің үкіметі тарапынан қолдау тапқан Біріккен тарихи зерттеулерге қатысты ғылыми жобалар қабылдау қажет.
2. Ақпараттандыру заманында ана бір жылдары ортақ мәмілеге келе алмаған «латынша ортақ түркі әліпбиін» қайта қарау, осы бойынша тиісінше шешім шығару маңызды деп білеміз.
3. Жаһандану жағдайында термин, тіл заңдылықтары мәселесінде ХХ ғасырдың 20-жылдары Түрік білімпаздары съезінде көтерілген проблемаларды қайта пысықтау керек.
4. Түркі халықтарының дамуы мен азаттығы жолында шәйіт болған қайраткерлер туралы энциклопедиялық жинақ шығару қажет деп санаймыз.
5. Әлемдегі түркі халықтары түрлі білім жүйесін бастан кешірді. Қазір де ізденіс үстінде. Осыған байланысты конференция ұйымдастырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу күн тәртібінде тұр.
6. Қазіргі дамыған технологиялар заманында «Түркі мемлекеттерінің білімі мен ғылымы» атты арнайы электрондық сайт ашу аса көкейтесті.
7. Түркі мемлекеттерінің ғылыми бағыттағы сұранымы болашақта еуразиятанушылардың жаңа буынын қалыптастыратыны сөзсіз. Осыған байланысты туысқан түркі халықтары күш біріктіруі қажет деп есептейміз.
Құрметті ғылыми жиынға қатысушы мырзалар мен ханымдар!
Біз барлық нәрсені ойласып, бірлесіп шешуіміз керек. Біз жақсы күндерге қол ұстасып, тізе қосып бірге баруымыз керек. Тағылымды тарихымыз осыны аманаттайды.
Тыңдағандарыңызға рахмет!
Конференция жұмысына сәттілік тілеймін!