Қазақ тілін оnline технологиялар арқылы оқыту өзектілігі
Ерменбаева Лəйлə ҚМЭБИ Алматы
Қазақстан Республикасы [email protected]
Абстракт
Жаңа технологиялардың жəне интербелсенді ақпараттық телекоммуникациялардың дамуы, оқу ортасының өзгеруі қазақ тілін оқыту əдістемесі методологиясына жаңаша көзқарасты талап етеді. Қазіргі таңда жаңа технологиялар біздің жеке жəне кəсіби өмірімізде күннен күнге маңызды болып келеді жəне қазақ тілін үйренудің сапасын өзгертуге теңдессіз үлес қосары хақ.
Қазақ тілін Интернет арқылы оқытуды сөз қылмас бұрын қазақ тілі оқытушыларының компьютерлік сауаттылығы мен медиа сауаттылығы болуы жайында айтқан жөн болар. Өкінішке орай, көп мұғалімдер бұл жаңа заман талабының мəнін терең ұғына бермейді. Сондықтан А.Байтұрсынұлының
“білімі көп адам құралы сай ұста секілді: не істесе де келістіріп істейді” [1] деген кемеңгер ойы қазіргі таңда бұрынғыдан да өзекті болмақ деп ойлаймыз. Осы күні не істесек те, компьютермен істейтініміз белгілі. Ал студент- жастардың сандық электрондық техника əлемінде суда жүзген балық іспетті екенін тағы білеміз. Бұл факт жалпы оқу жəне оқыту парадигмасы қанша өзгергенімен, ұстаздың шəкірт алдында əрдайым “ұста” болуы қажет деген ұстанымды жоққа шығармайды.
Мақалада қазақ тілін online арқылы оқытудың тиімділігі мен оның теориялық мəні сөз болады.
Басты сөздер: қазақ тілін online оқыту əдістемесі, интербелсендіі ақпараттық технологиялар, виртуалды оқыту, мультимедиа ресурстар, оқытудың жаңа парадигмасы.
1. Кіріспе
Қазіргі таңда қазақ тілін екінші тіл ретінде орыс тілді аудиторияда оқыту əдістемесінде болсын, қазақ тілін шетел тілі ретінде оқыту əдістемесінде болсын оқылым, жазылым, тыңдалым жəне сөйлесім дағдыларын online арқылы дамытуды ғылыми-теориялық негізде зерттеу мəселесі аса маңызды мəселелердің бірі болып отыр. Бұл қолданбалы ғылым болып табылатын əрі лингвистикадан басқа педагогика, психология , əлеуметтану, əдебиет, философия, тарих, мəдениеттану сияқты корпоративті ғылымдар нəтижелерін басшылыққа алатын қазақ тілін оқыту əдістемесі теориясының қазіргі таңда электрондық технологиялар жетістіктерін ескеру қажеттігімен толықты. Оқытушыға қойылатын күрделі талап жан-жақты білімді мамандар қажет дегенді білдірсе керек.
Мəселен, электронды кітаптар, CD, оқыту сипатындағы бейнематериалдар мен бейнебағдарламалар қазақ тілінің артикуляциялық техникалар үлгісін ұсынуымен құнды болмақ. Интернет арқылы қазақ тілін оқытудың аса маңызды тармағы – тіл үйренушінің тілді тəуелсіз, өз бетімен алдын ала əзірленген үлгілер мен шаблондарға сүйене отырып, білімдену мүмкіндігін ұсына алатындығында. Сөз қалай айтылады? Сөз қалай жазылады? Айтылуы мен жазылуының арасындағы орфоэпиялық айырмашылыққа студенттің құлағы мен көзін үйретуі, көрнекті үлгілер ұсынуы, студенттің есте сақтау қабілетін дамытуы
– осының барлығы мультимедиа тасығыштар арқылы жүзеге асады. Ал мультимедиа материалдар адамның эмоциялық ойлау жүйесіне əсер ететіні белгілі. Қазір интеллекті мен эмоцияның жаңа парадигмасының [2] пайда болуы, оның өз алдына оқытудың жаңа парадигмасын тудырып отырғаны жəне интеллекті мен эмоцияның когнитивті үдерістерге ғана емес, студенттердің академиялық үлгерімдері мен жетістіктеріне де тікелей ықпалы бары белгілі болды. Осыған байланысты жалпы интеллект деген ұғымның тек таза когнитивті мəнде ғана қабылданбауы тиіс екенін бірнеше ғалымдардың зерттеулері айғақтайды. Олар:
“көпқырлы интеллект” (Г.Гарднер .1999) [3], “практикалық интеллект” (Р.Штернберг.2000) [4],
“эмоциялық интеллект” (Salovey&Mayer, 1990) [5] , (D.Goleman) (1996) [6] жəне т.б. Осы сияқты ғылыми нəтижелер қазақ тілін оқыту əдістемесінде ескерілуі тиіс деп есептейміз. Сондықтан зерттеулер көрсеткендей, қазақ тілін Интернет арқылы оқытудың зиянынан гөрі пайдасы мол.
2. Зерттеу əдістері
Заманға сай студент-оқушы - пассивті ақпарат қабылдаушы ғана емес, оқу үрдісінің белсенді қатысушыcы екені белгілі. Олай болса, тіл үйренуші біздің жағдайымызда өзге тілдерде сөйлеп үйренген
114
адам ең алдымен, қазақ тіліндегі сөзді тыңдайды, тыңдап барып, қайталайды, “тілін сындырады”, өзге тілдік кодты ажырата білуге үйренеді. Ал бұл дағдыға ие болу үшін көп жаттығу қажет. Сабақ көлемі жеткіліксіз болғандықтан, жаттығуларды интернеттегі оқу сабақтарында қолайлы уақытта жасауға болады. Ол үшін арнайы əдістеме болуы шарт. Осыған орай, қазақ тілін қашықтықтан синхронды жəне асинхронды оқытудың əдістемесін жасау - бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мəселесі, заман талабы. Біз асинхронды дискуссиялар жүргізу көбіне қазақ тілі ана тілі болып табылатын студенттер арасында ғана емес қазақ тілін екінші немесе шетел тілі ретінде үйренетін студенттер үшін де оңтайлы деп ойлаймыз. Оны Интернет арқылы, “Хабар”, “Қазақстан”, “Еларна” жəне тағы сол сияқты телевизиялық бейнежаңалықтар бойынша я болмаса, арнайы телебағдарламалар арқылы жүргізуге болады. Қазақ тілін оқытуға арналған webсайттардың тиімділігі мəселесі зерттеледі. Əлеуметтік желілердің маңызы қазір күннен күнге артып келетінін есімізден шығармай, студенттерге білім беруде жаңа медиа деп аталатын блог, твиттер, facebook сияқты құралдарды қолдануды тəжірибемізге енгіздік. Əрі оның жаңа қырлары зерттелу үстінде.
3. Нəтижелері
Сонымен қатар күннен күнге маңыздылығы артып келе жатқан əрекет түрі – ол қашықтықтан (латын тілінен distantia – “қашықтық ”) оқыту əдістемесі. Мысалы, қашықтықтан бірлескен жобалық жұмыс жасау əрекетін алуға болады. Оны ағылшынша telecomputing деп атайды. Бұл оқыту үлгісі дүниежүзілік өрмек (web) арқылы бір оқу орны мен басқа бір оқу орнының оқу байланысын іске асыруға мүмкіндік беретін тəсіл. Осы жұмыстың нəтижесінде
пікір алмасу;
тəжірибе алмасу;
ақпарат алмасу;
мəселелер шешу əдістерімен алмасу; жеке жəне бірлескен жобалар нəтижелерімен алмасу
жəне тағы сол сияқты сан алуан амал-тəсілдерді жүзеге асыруға мүмкіндік бере алады.
Əртүрлі қатысым құралдарын пайдалана отырып, студенттер мен ұстаздар сарапшылармен жəне өз қатарластарымен чат, блог, электронды пошта, вебинар , конференциялар ұйымдастыру арқылы араласа алады. Нақты жəне виртуалды уақыт жағдайларында араласу қатысушыларға еш кедергісіз ақпарат алмасуға мүмкіндік береді. Əңгіме шегерілген уақытта да өтуі мүмкін. Ондай жағдайда ойланып-толғануға уақыт болады, уақыт айырмашылықтарын өтеуге де болады. Сонымен қатар оқытудың бұл түрі ұстаз-шəкірт, яғни бетпе-бет оқытуды жоққа шығармайды, керісінше, сан алуан əдістердің бірі болып қала бермек.
4. Қорытынды
Жаңа оқу ортасында студентке кең де қуатты ақпарат көлемі мультимедиа – объектілер күйінде (мəтін, образдар, графика, дыбыс жəне бейнематериалдардың ұштасқан бірлігі) жеткізіледі.
Медиа білімді тек қазіргі техникалық құралдарды (компьютер, Интернет, видео, DVD жəне т.б.) оқу үрдісінде қолдану деп қана түсінуге болмайды. Нағыз медиа біліктілік түрлі жанрлардағы медиамəтіндерді сыни тұрғыдан талдай білмейінше мүмкін емес екенін ескеру жөн.
Қазақ тілін үйретуге арналған медиа құралдардың кемшілігі неде?
Интерактивті тəртіпте бағдарламалауға болатын шынайы қатысымның болмауы; Электрондық қордың аздығы: алуан түрлілікке қол жеткізбегендік;
Олардың қосымша құрал ролінде болуы; Сапасының сын көтермейтіндігі;
Лексика-грамматикалық бағыттың басым болуы; Дизайнының кедейлігі;
Қашықтықтан оқытудың жалпы ғылыми-теориялық жүйесінің қалыптаспауы; Мультимедиа құралдар жасау тəжірибесінің аздығы.
115
Қазақ тілін оқыту əдістемесі қазіргі өмір реалийлеріне жауап беруі үшін үйретілетін материалды функционалды стильде ұсынуда Интернет қуатты көмек бере алары сөзсіз. Əр істеген істің кəсіби сапада болуы үшін оқытушы- ұстаздар қосымша арнайы білімденуі тиіс деп есептейміз.
Қаласақ та, қаламасақ та Билл Гейтс [8] айтқандай, өмірдің web стиліне еніп кеттік. Бəсекеге қабілетті елу елдің қатарынан орын алғымыз келсе, уақыт көшінен қалмай, өскелең жастарға білімнің прогрессивті түрлерін ұсына білуіміз тиіс. Бұл - заман талабы.
Қолданылған əдебиеттер
1. Байтұрсынұлы А. Тіл тағылымы. (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері) Алматы. Ана тілі. 1992. 442б.
2. Либина А.В. Совладающий интеллект. Москва. Эксмо.2008. c.242 3. Gardner H. (1999) Intelligence Refrimed.Multiple Intelligences for the 21st
Century. New York: Basic Books.
4. Sternberg R. Lautery J. (Eds) (2003) Models of Intelligence for the next Millenium. Washington.DC: American Psychological Association.
5. Salovey P, Mayer J.D. (1990) Emotional Intelligence. Imagination, Cognition, and Personality. 9, 185-211
6. Goleman D. (1996) Emotional Intelligence: Why It Can Matter More Than IQ.
Bantam Books.
7. David Eastment. The Internet. Oxford University Press. 2008.
8. Bill Gates. Business @ The Speed of Thought. Using a Digital Nervous System. Copyright. 1996. by William H. Gates. Warner Books, Inc. New York. USA.