Іргебаева Н.М., п.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ психология кафедрасының доценті
БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ДӘРІСТІҢ ОРНЫ
Бүгінгі таңда білім беру саласының басты міндеттерінің бірі – келешек ұрпақтың дүниетанымын дұрыс қалыптастыру және оны дамыту..
Әрбір жеке тұлғаның дүниетанымын қалыптастыру – ұзақ әрі күрделі процес. Дүниетанымды қалыптастыруға әр түрлі факторлар әсер етеді.
Олардың ішінде адамның өмір сүру ортасы, материалдық жағдайлары, бұқаралық ақпарат құралдары, оқыту және тәрбиелеу жүйесі.
Оқыту әрекетін жасаушы немесе қалыптастырушы – бұл, оқу әрекеті. Ал, оқу- адам әрекетінің жетекші бөлімі болып табылады. Оқу- адамның дамып жетіліуіндегі және қажеттіліктерін өтеудегі негізгі іс- әрекет. Оқу әрекеті арқылы адам қоғамдағы тарихи мағлұматтар мен білім қорын меңгеріп, өзінің рухани дүниесін байытады, дүниетанымын қалыптастырады. Оқу арқылы жастарға қоғамның ғасырлар бойы жинаған рухани мұрасы, дағды, тәжірибесі беріледі.
Білім беру процессі – бұл оқытушы мен оқушылардың мақсатқа бағытталған өзара әрекеттердің барысында студенттерге білім беру міндеттерін шешу. Оқыту процесінде оқушылардың ақыл-ойы дамиды, танымы, практикалық іскерлігі және дағдарысы қалыптасады. Оқушылар сабақта түрлі іс-әрекеттердің барысында дамиды, олардың ғылыми көзқарастары қалыптасады. Оқу – бұл оқушылар іс-әрекеттерінің, яғни объективтік әлемді танудың ерекше формасы.
Білім жүйесін меңгеру арқылы адам ой және дене еңбегінің сырын түсінеді, оларды жан-жақты білуге мүмкіндік алады. Бұл мүмкіндік оқыту процесінде жүзеге асады.
Оқыту - білім алушы мен оқытушының өзара бірлесіп жасайтын әрекеті. Оқыту процесі жоспарлы, жүйелі түрде жүзеге асырылады,оның өзіне тән түрлері, әдістері мен ұйымдастыру формалары, әр түрлі нәтижелері болады. Оқыту арқылы студенттерге білім, дағды, икемділікті меңгертеді, нәтижесінде оның танымдық процестері, эмоция, ерік-жігер құбылыстары дамиды. Оқыту процестерінің әр түрлі аспектілерін педагогиканың басты саласы -дидактика, сондай-ақ пән методикалары қарастырады. Ал, оқушылардың оқу мазмұндарын ұғынып, әр түрлі тапсырмаларды меңгеру ерекшеліктерін т.б. мәселелерді қарастыру- оқыту психологиясының зерттеу объектісі. Қоршаған ортаны, онда жүріп жататын құбылыстардың сыр сипатын, мән-жайын ұғыну өте күрделі әрекет.
Білім беру мен тәрбиелеудің сапасын көтеруде сол оқушының оқу белсенділігін қалыптастыру, жетелдіру немесе арттыру тәсілдері өзіндік сипатқа ғылыми деңгейін жоғарылатуды талап етеді. Осыған сәйкес білім
беру салаларындағы жоғары оқу орындарында өтілетін оқу процесінің мазмұнына, оқыту әдістеріне және сабақтарының түрлеріне талап күн сайын күйшейе түсуде. Оқыту мазмұнын жетілдіруге төмендегідей міндеттер қойылады:
оқу пәндерінің жетекші идеяларын және теорияларын, заңдарын, негізгі ұғымдарын анық жеткізу;
білім берудің әлеуметтік-экономикалық бағыттылығын нығайту, тәжірибелік, зертханалық сабақтарға және студенттердің өздері, оқытушылармен жүргізетін жұмыстарына көп көңіл бөлу;
студенттерді қазіргі замандағы ғылым жетістіктерін қолдана білу дағдыларымен қаруландыру, оқу үрдісінде компьютерлерді және ақпарат технологияларын кеңінен қолдану;
әрбір пән және әрбір курс бойынша студенттердің міндетті меңгерулеріне қажетті дағдылар мен іскерліктерді қалыптастыру.
Әрине, студенттердің білімдерін бір жүйеге түсіруде оқу сабақтарын ұйымдастыруды жетілдіру аса қажет мәселе. Яғни, оқыту әдістері мен оқу сабақтарының формалары бір-бірімен сабақтас жүзеге асады. Оқыту әдістері сабақтың мазмұнын баяндау тәсілдеріне байланысты болса, оқу сабақтарын ұйымдастыру формалары оқушылардың оқу әрекетін ұйымдастыруға тікелей қатысты болып келеді.
Оқу сабақтары формаларының әр түрлілігінің қажеттілігі білім беру мен тәрбиелеу міндеттерінің сан алуандылығымен сипатталады:
оқушылардың ғылым негізі білімдерін жүйелі баяндауға және өз бетімен білім алуға,
оларды тәжірибеде қолдана білуге дағдыландыру;
оқушыларда дүниетанымдық көзқарас қалыптастыру;
өз білімдерін жалпылауға және жүйелеуге дағдыландыру.
Білім беру және тәрбиелеу міндеттерінің бұл түрлерін тек бір сабақтың көлемінде шешу мүмкін емес. Педагогикалық-психологиялық әдебиеттерге сүйене отырып оқу сабақтарын ұйымдастырудың формаларының екі түрін: жалпы және нақты форма деп бөлеміз.
Білім берудің жаңа мемлекеттік стандартына сәйкес ЖОО оқыту мен тәрбиелеу маңызы түбегейлі өзгеріп, бірінші кезекке бұрынғыдай оқушыны пәндік білім, білік және дағдылардың белгілі бір жиынтығымен қаруландыру емес, оқушының оқу танымдық іс-әрекетін дұрыс және тиімді ұйымдастыруда олардың жеке тұлғасын қалыптастыру мақсаты қойылып отыр. Бұл оқу белсенділігін ұйымдастыру ісіне елеулі түрде ықпал етеді. Оқытудың негізгі ерекшеліктерінің бірі – оқу материалы, ол негізінен, теориялық мәселелермен қатар студенттердің өздерінің әр алуан сипаттағы оқу жаттығулар жүйесін орындауы барысында игеруі.
Оқу процесін ұйымдастырып, студенттерге бағыт бағдар беруде лекцияның ролі мен оның атқаратын қызметі ерекше. Оқу лекциясы- жоғары оқу орындарындағы оқыту процесінің негізгі формаларының бірі.
Лекцияға қойылатын талаптар: ғылымилығы, түсініктілігі, түрі мен формасының бірлігі, әсерлілігі-эмоциялылығы.
«Дәріс оқу» сөзінің негізі өте ертеде орта ғасырда кітап жоқ кезде қажетті білім алудың жалғыз ғана көзі болған. Лектор лат тіліндегі lector
«чтец» кафедрада тұрып өз жазғанын жай немесе жылдам оқу дегенді білдіреді.
1355 ж. Париж университетінің өнер факультетінде дәрістің екі түрін пайдалану туралы қаулы қабылданған:
-дәрісті тыңдаушының ақыл, оймен қабылдайтын, бірақ қол жазып үлгермейтін жылдамдықпен оқу;
-дәрісті жай оқу, яғни тыңдаушы айтылғандардың бәрін жазып алуына жағдай жасау. Осы екі түрін салыстырмалы талдағанда бірінші түрі жақсы деп қабылданған, себебі дәрістің бұл түрі тыңдаушының жалпы түсінігін қалыптастырып, оның тыңдағанын есте сақтауына ықпал еткен.
Біртіндеп дәріс деректі материалдардың молдығынан ақпарат беру позициясын кітапқа, оқулыққа беріп, өз функциясын өзгертті.
Табиғатынан дәріс монолог түрінде ұйымдастырылғанымен, мазмұны мен құрылымы бойынша қатып қалған канон емес, лектор қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерге, жіті, сергек көңіл аударып, сол кезеңнің жетістіктерін жинақтап, оқитын материалын икемдейді.
Қазіргі дәріс кітаптағыны айтып беру емес, ол «ерекше зерттеулер», соны тұжырымдамалар мен қоғамдағы негізгі құндылықтар және өзгерістерді ғылыми талдау.
Орыс оқымыстысы П.А.Флоренскийдің айтуынша «Лекцияның мәні тыңдаушылармен сол ғылымның пәні туралы бірлесіп талдау, оны ой елегінен өткізу. Дәріс - тыңдаушыларды ғылыми жұмысқа енгізу, ғылыми шығармашылыққа жұмылдыру, эксперименталдық жұмыс әдістеріне үйрету. Ол тек қазіргі жағдайдағы шындықты беру ғана емес, ғылымның, интеллектуалдық іс-әрекеттің дәмін сезіндіру.
Оқулық дәрісті ауыстыра алмайды, бірақ дәріс те оқулықты алмастырмайды.Дәріске бөлінген аз уақытта үлкен курсты толық оқу мүмкін емес. Оқытушыға уақыт жетпейді, себебі ақпарт көлемі күн сайын артуда.
Пән бойынша курс материалдарын толық қамту кітаптың функциясы.
Дәріс монолог түрінде болса, ол студенттердің таным процесін басқарудың авторитарлы түрі. Теориялық матеиалды негіздеуге студенттердің белсенді қатысып талдауы, лекцияның демократиялық түрі.
Мұнда пікір ұжымдық түрде қабылданады. Дәріс оқытудың басқа түрлерімен: семинар, лабораториялық жұмыс, СӨЖ, СОӨЗ, оқу және өндірістік практикамен органикалық байланысты болуы міндетті.
Тақырып, тарауларды оқытуда логикалық жүйелілік, бірізділік сақталуы
тиіс. Дәрістің ғылыми мазмұны сәйкес білім саласының негізгі мәселелерін қамтып, қазіргі ғылыми тұжырымдамаларды, түсініктер мен идеяларды, сондай-ақ ғылыми-практикалық даму болашағын ашып көрсетуі тиіс.
Дәріс курсының оқу-тәрбиелік мақсаты оның дидактикалық негізделген құрылымымен байланысты. Осы мақсатпен курс құрылымында кіріспе, негізгі және қорытынды бөлімдерін бөліп қарау керек.
Кіріспе дәрістің методикалық шешімі студенттердің пәнге қызығушылығын арттыру, олардың шығармашылықпен меңгеруіне ықпал ететін сол пән туралы тұтас түсініктерін қалыптастыруы қажет. Дәрісті бастаудағы тиімді тәсілдер:
тарихи материалдарға факті, мысал келтіре отырып, экскурс жасау;
өткен дәрісті қысқаша қайталап, негізгі түсініктерді еске түсіру;
студенттерді ойландыратын сұрақтар қою;
ауызша немесе жазбаша экспресс- бақылау жүргізу. Бұлар студенттерді бірден материалды меңгеруге бағыттайды.
Негізгі дәріс тақырып желісі бұзылмай логикалық сабақтасып, студенттің ойын жетелеп отыратындай құрылуы тиіс. Дәрістің негізгі бөлім ең жауапты, әрі күрделі.
Қорытынды дәрісте өткен материалға экскурс жасап, оның өмірдегі мәні мен ғылыми зерттелу деңгейіне және бұл пән бойынша әлі де ашылуын, зерттеуді күтіп тұрған мәселелерді шешуге студенттердің атсалысуы қажеттігін атап көрсетіп, оларды ғылыми-зерттеу жұмыстарына бағыттау.
Дәріс оқуда оқытушы арсеналындағы басты құрал - логикалық анализ жасау. Дәрісте логикалық баяндаудың концентрациялық, сатылық, тарихи, аналогиялық түрлері белгілі. Оларды қолдану әрбір дәріс берушінің тәжірибесіне, білімділігіне байланысты. Жалпы студенттердің білім алуға құштарлыған арттырудың жолдары көп болғанымен оны табу- шығармашылық мақсат болып табылады. Ең жақсы деген әдіс-тәсілдердің өзі тақырып мазмұнмен үйлеспесе, нәтижелі болмайды. Оқуға талпынуда, яғни мотивацияны қалыптастыруда да дәрістің ролі ерекше. Білім беруде мотивация негізгі рөл атқарады
Зерттеулерге қарағанда, оқушылардың сабақ үлгерімінің талап деңгейіне сай келе бермеуі материалды оқыту әдістемесінің кемістігінен емес, оқуға мотивацияның жоқтығынан деген де пікірлер бар. Себебі, егер студенттің оқуға деген талаптануы неғұрлым күшті болса, ол соғұрлым оқуға барлық күшін салып, оқу материалдарын ойдағыдай меңгере алады.
Ұлы ғұламалар Ш.Уалиханов: «Тек ақиқат білім ғана күдік туғызбайды, ол өмірді бағалауға, тұрмыс құруға үйретеді» десе, Ж.Аймауытов: «...адам баласы ұшқыр ой, көп ақыл, өткір сезім, қайратының арқасында ғылым, білім, өнер тауып, өзгеден үстем, дүние
жүзінің қожасы болып отыр» деп, білімнің жеке тұлғаның дүниетанымының қалыптасуындағы орнын анық көрсеткен.
Ұсыныстар:
1.Дәрісті дайындау күрделі болғандықтан өтілетін пән материалын оқытушының толық жан-жақты меңгеруіне, шығармашылықпен қарауына жағдай жасау. Аптада 1 күн бос болатындай мүмкіндік жасау.
2.Дәріс оқитын оқытушылардың жүктемесіне назар аудару.
Әдебиеттер тізімі:
1. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. //ред. алқасы Шаяхметов Ш.
Жарықбаев Қ.т.б – Алматы: «Рауан», 1994. – 320 б.
2. Маклаков А.Г. Общая психология. – Питер, 2009.
3. Смирнов С.Д. Педагогика и психология высшего образования. /Под ред. Давыдова В.В. – М., 2005.
4. Басова Н.В. Педагогика и практическая психология ростов н/Д:
«Феникс»,1999. – 416 с.