Шалкибасов Д.И., Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, филология факультетінің 2 курс магистранты Жыраулар поэзиясындағы құранға немесе діни оқуға байланысты
атаулар Түйін
Бұл мақалада жырулар поэзиясындағы діни оқуға қатысты лексика қамтылған.
Кілт сөздер: жыраулар поэзиясындағы дін, калам лексемасы, құран, бұрқан лексемалары, діни лексика тарихы
Қазақ халқы көшпелі тірлік кешкенімен, оңтүстікті қоныстанған халық қалалық мәдениеттің ықпалында болғанын бүгінгі тарих мойындайды. Бір ғана қазақ халқының сан ғасырлық астанасы болған Түркістан қаласының өзі түрік жұртына ортақ діни ошақ болды. Отырар, Қарнақ, Испиджап, Сауранмен қатар, Орта Азиядағы Самарқан, Бұқара шаһарлары әлемдегі ірі және беделді діни мешіт-медресесі бар қалалардың қатарынан табылды. Осы қалаларда Имам Бухари, Абу Лейс Самарқанди, Имам Матуриди сынды дін ілімінің ғұлама ғалымдары туып, ілім алып, дәріс берді. Қазақ халқына Исламды уағыздап, таратушы қожа-молдалар осы оңтүстік пен Орта Азиядағы діни медреселерден ілім алған өкілдерден болды. Жыраулар поэзиясындағы діни лексиканың бір бөлігін осы оқу-ағарту саласына қатысты сөздер құрайды. Сондай сөздердің қатарына ғалым сөзін атап айтуымызға болады. Бұл лексеманың қазақ әдеби тілінің сөздігіндегі мағынасы: «Ғалым ар. зат. 1. Оқымысты, ғұлама. 2. Ғылымның белгілі бір саласын жетік игерген білімдар адам, маман» [1,390] деп көрсетілген. Н.Д.
Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде» ғалым сөзінің:
«ғалим Әлім, ғалым 1) білетін, тәжірбиелі; 2) оқымысты, ғылми қызметкері»
– [2,111] деген мағыналары берілген. Бүгінгі күні ғалым сөзі белгілі бір ғылымның маман-иесіне қатысты ұғымда қолданылса, жыраулар шығармашылығындағы ғалым, әлім түрінде ұшырасатын бұл лексема дін иесі, қазы, молда, діни ұстаз ұғымында жұмсалады. Шалкиіз жыраудың Би Темірге қарата айтқан толғауында:
Әбсінде ғалым жидырып,
Ақ кітабын жайдырып, [3,71] – деген жолдар ұшырасады. Бұл мысалдан ғалым адамның дін иесі екендігін оның қолына ұстаған «ақ кітабынан» аңғаруға болады. Мұсылман адам үшін ақ кітап, қасиетті кітап – Құран екендігі белгілі. Мұнда ғалым сөзі кітабына қарап туралықты айтушы қазы, діни молда ұғымында келген. Бұқар жыраудың заманның азатындығы туралы айтқан сәуегейлік-толғауында:
Ноғайларды ғалым деп,
Әулиедей көресің, [3,125] – деген жолдар кездеседі. Бұқардың ел ішіндегі құндылықтардың өзгеріп, діннің шұбарланатынын жеткізетін бұл жырындағы «ғалым» сөзі жол көрсетуші – ұстаз мәнінде жұмсалған.
Ғалым лексемасымен қатар, жарыспалы вариантта қолданылатын әлім сөзі де жыраулар шығармашылығында ұшырасады. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Әлім ар. сөйл. Ғалым» [4,445] деп көрсетілген. Арабтың алим сөзінің фонетикалық өзгеріске ұшырап, қазақ тілінің орфоэпиялық нормасынмен айтылатын бұл сөз ғалым сөзінің синонимы болып табылады.
Бүгінгі күні пассив қолданыстағы бұл лексема жыраулар поэзиясында дін ілімінің ғалымы мағынасында жұмсалады:
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді. [3,133]
Бүгінгі күні «ғалым» сөзі «білетін, тәжірбиелі», «оқымысты, ғылыми қызметкер» мағынасында қолданылса, жыраулар поэзиясында дін ілімінің маманы, қазы, молда ұғымдарының аясында қолданыс тапқан.
Жыраулар шығармашылығында кездесетін ғылым сөзінің де белгілі бір дәрежеде дінмен байланысы бар деп білеміз. Бүгінгі күні ғылым мен техниканың дамуымен, актив қолданыстағы ғылым, ғалым сөздері қазақ тіліне арабтан алғаш енгенде, діни реңктік мазмұны да болғанын атап өтуміз қажет. Ғалым, ғылым лексемалары арабтың ғлм түбірінен тарайтын сөздер болып табылады. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Ғылым ар. зат. 1. Адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымның ең жоғарғы пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы. 2. Негізгі принциптер мен заңдыллықтарды қорытып шығаруға жұмылдырылған зерттеулен не пәндер саласы. 3. Ғылым-білім, түрлі ғылым саласы» [1,417] деген мағыналары көрсетілген. Н.Д. Оңдасыновтың
«Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде»: «ғылым Ғылым, ілім 1) білім;
2)теория» [2,119] – деп көрсетілген. Ғылым лексемасының алғашғы формасы арабтың – илм деп оқылатын ілім сөзі болып табылады. Бүгінгі күні ғылым/ілім лексемаларының мағыналары ұқсас келгенімен, екі мағынада қолданылады. Ғылым сөзінің мағынасы нақты ғылымға қатысты қолданылса, ал ілім сөзі дінмен байланысты айтылады. Қазақтың бұрынғы сөз үлгілерінен ғылым/ілім сөздері бір ұғымды беріп, қатар қолданыла бергенін байғауымызға болады. Мәселен Мәшһүр Жүсіп шығармашылығынан:
«Ғылым жолына кіргенде, мақсаты – қарын тойғызу, дүние табу, өз тұстасынан артық ішіп, артық жеп (жиып), дүние жабдығына ғысырлас, замандасынан ілкім болу, ауыздық ниетінде болып кіреді. Сондай болғаны үшін, дүние бір жемтік болады да, мұндай молдалар бір арам өлген жемтікке таласқан: тазқара, күшіген, қарақұс, сауысқан, ең аяғы ырылдасқан ит болады» [5,323] – дегенді оқимыз. Мұнда Мәшһүр ғылым жолы деп – дін жолын айтып отыр. Бұл мысалдан ғылымның дінге қатысын көреміз.
Қазақтың бұрынғы тұрмысында дін ілімі негізгі ғылым көзі болғанын ескерсек, ғылым/ілім лексемалыры алғаш исламиатпен байланысты қолданысқа енді деуге негіз бар.
Жыраулар шығармашылығында ғылым/ілім сөздерінің қолдансы Асан Қайғы мен Бұқар жырау толғауларында ұшырасады.
Асан Қайғы:
Ғылымым жұрттан асты деп, Кеңессіз сөз бастама. [3,59]
Бұқар жырау:
Ілімді түгел білсе де
Қызығын қолмен бөлсе де. [3,138]
Жырауларда ғылым/ілім сөзінің екі варианты да ұшырасады. Бұл сөздердің жоғарыдағы мысалдағы мағынасы білім дегенге келеді. Сөздіктегі ілім сөзінің мағынасы: «Ілім, илм (араб. илм, көпше улум) – білім» [6,241] – деп көрсетілген. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде ілім сөзіне: «зат. ескі кітаби.
Білім, оқу» [7,712] деп түсініктеме берілген. Асан Қайғы мен Бұқар жырау тұсындағы білім дін ілімімен байланысты болғандығы белгілі. Демек жырауларда ғылым/ілім сөздері дінге тікелей қатысы болмаса да, жанама түрде қатысы бар деп топшылаймыз.
Жыраулар шығармашылығында діни ақпаратты жеткізетін, заттай мәдениет үлгісі болып табылатын кітап, хат, кәләм лексемалары. Бүгінгі күні кітап, хат сөздері діни мазмұннан алшақтап, дербес ұғымда қолданылса, ал кәләм сөзі көнерген сөздердің қатарына жатады. Көшпелі тіршілік еткен қазақ халқының жазуы мен оқуы дінмен байланысты болды. Себебі араб графикасына негізделген жазуға ауысу, сонымен қатар ел арасында негізгі кітаптардың діни мазмұнында болуы, сөзсіз кітап, хат, кәләм лексемалары сол тұста исламиятпен тікелей қатысты болды. Халық арасына тарала бастаған діни мазмұнды кітаптар мен араб графикалы хаттар – елдің танымына өз әсерін тигізбей қоймайды. Сонымен қатар, ел ішінде қожа мен молданың алдынан өткен адамдар ғана оқи біліп, жаза алды. Сондықтан жазу, оқу өнері туралы сөз қозғағанымызда діннен бөліп, жеке қарастыра алмасымыз анық. Жыраулар шығармашылығанда:
Шүршіт келем деген сөз бар-ды Көктен түскен төрт кітап
Енжіл атты кәләмда, [3,116] – деген жолдар діни мазмұнды ақпаратты жеткізеді. Жыраудың «төрт кітап» деп тұрғаны Таурат, Забур, Інжіл, Құран болып табылады. Жыраудағы кітап сөзі, «төрт кітап» тіркесі түрінде келіп, діни ұғымда қолданыс тапқан. Бұқар жыраудың осы толғауын жеткізуші Мәшһүр Жүсіп болып табылады. Мәшһүр Жүсіптің көптомдығында:
«Шүршіт келем!» – деген сөз бар-ды Көктен түскен төрт кітап:
«Інжіл» атты каламда, [8,8] деп келіп, «Інжіл», «калам» сөздері фонетикалық өзгеріспен берілген. Бұдан шығар қорытынды: Енжіл/Інжіл, кәләм/калам сөздері ел ішінде жарыспалы вариантта қолданылып, бір ұғымды білдіретін синоним сөздер болып табылады.
Кітап сөзінің діни ақпаратты жеткізетін құрал түріндегі қолданысы Шалкиіз жырауда ұшырасады:
Әбсінде ғалым жидырып,
Ақ кітабын жайдырып. [3,71]
Шалкиіз сөз етіп отырған «ақ кітап» – жаратушының қасиетті кітабы болып табылады. Қазақтың сөзінде, соның ішінде жырауларды Ақ/Хақ сөздері жаратушы мәнінде жұмсалып, жарыса қолданылады. Мәселен Үмбетей жыраудағы «Хақтың жолын күзетпей» мен Бұқардың «Ақтың үйі мешітті» деген жыр жолдарындағы Хақ/Ақ лексемалыры жаратушы Құдай ұғымында қолданыс тапқан. Осы себептен Ақтың кітабы, Хақтың кітабы – Құран болуы заңды деп білеміз.
Сонымен қатар, жоғарыда келтірілген «Енжіл атты кәләмда» деген мысалдағы кәләм сөзі жырауларда кәләм/кәлим/калам тұлғаларында қолданылады. Ислам энциклопедиялық анықтамалығанда: «Кәләм (араб. – сөз, пікір) – Ислам дініндегі философиялық ілім. Негізін әл-Ашари (873-935) қалаған» [9,237] деп түсініктеме беріліп, ілім, ағым түріндегі мағынасы айтылады. Жырауларда кәләм/кәлим/калам лексемаларының берер мағынасы – жаратушының сөзі, кітабы дегенге саяды. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде кәләм сөзінің түсініктемесі: «Кәлам. ар. ескі кіт. Сөз, сөйлем, әңгіме»
[10,477] деп берілген. Ал кәләм лексемасы ауызекі сөйлеудің көрінісі:
«Кәләм. зат.сөйл. Кәлам» [10,477 478].
Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде: «Кәлем//калима:
кәлемге келмеу//калимаға келмеу. Бұл араб-иран тілінен енген сөз; Тәжікше – калима – сөз. Демек, кәлемге//калимаға келмеу деген сөз – сөзге де келмеді, тіл қатуға да шамасы келмеді деген ұғымда қолданылады» [11,68] делінген.
Сонда жыраудың «Енжіл атты кәләмда» дегені Інжіл кітабында деген мағына береді. Бұқардың «Кәлим Алла – Құранды айт» деген жол – Алланың сөзі Құранды айт деген мағына береді. Абай тілі сөздігіндегә түсініктемесі:
«Кәлам. Сөйлеу, сөйлеуші». [10,297] «Н.Д. Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде кәләм сөзіне қатысты: «Кәлам Кәләм 1)байланысты сөздер, сөйлем; 2) сөз, әңгіме, тіл» [2,143] – деген түсініктеме берілген.
Жоғарыда келтіліген мысалдардағы кәләм/кәлим/калам лексемаларысы сөз деген ұғымда жұмсалып отырғанын сөздіктердегі мағынасынан көреміз.
Жыраулар поэзиясында жиі айтылатын шүршіт елі ол – қара қытай халқы. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Ақырзаман келгенде қара қытай қаптайды» деп айтылған болса, жыраудың осы ойды «Енжіл кәләміне»
сүйеніп айтып отырғаны белгілі болды. Сонымен қатар Бұқардың «Ей, айташы, Алланы айт» деп басталатын толғауында:
Лаухы менен кәләмді айт Құдыретімен жаратқан
Он сегіз мың ғаламды айт, [3,135] – деген жыр жолдары ұшырасады.
Жыраудағы лаухы сөзі діни термин болып табылады. Жырау «лаухы»
сөзін қысқартып, жыр жолына қолайлы етіліп, ықшамдаған. Бұл термин дінде Ләуһу Махфуз деп аталып, арабшадан аударғанда – күллі әлемде болған, болатын оқиғалардың тағдыры жазылған тақта, кітап деген мағына береді. Исламда осы «тағдыр тақтасы» туралы: «Күллі мақлұқат әлемінің тағдыры әуел бастан Ләуһу Махфузда жазылғандықтан, әлбетте әрбіріміздің тағдырымыз сонда жазылған. Ләуһу Махфуз тағдыр кітабының негізгі
нұсқасы болып, барлық болатын һәм болған нәрселер сонда жазылады.
Құранда бұл жайында былай дейді: «Мұхаммед оларға айт: «Бізге Аллаһтың жазғаны ғана болады» [8,351] – деп айтылған. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде:
«Лауқы зат. сөйл. Лаух» [12,680] деп: «Лаух зат. діни. Туғанға дейін адамнның тағдыры жазылған тақта» [12,682] деген түсініктеме берілген.
Демек Бұқар жыраудың лаухы Ислам дініндегі термин сөз – тағдыр тақтасы болып табылады.
Бұқар жыраудың «Лаухы менен кәләмді айт» тіркесіндеге кәләм сөзі, дұрысында, қалам деп таңбаланып, жазу үшін қолданылатын құрал ұғымында жұмсалған болса керек деген болжам бар. Себебі бұл тіркесті Ахмет Иасауидің хикметтерінен де ұшыратамыз:
Шоқ қанатын хазрат Таба тоқиб учар,
Ғарш уа курси лаух уа қалам тайран қылур [13,372].
Аудармасы:
Қос қанатын хазірет тоба қомдап ұшар,
Ғаршы-күрсі, Лауқыл-қалам думан қылар [13,373].
Лаухы мен кәләм лексемалары Иасауи шығармашылығында «лауқыл- қалам» қос сөз тұлғасында жұмсалып, бір ұғым беруде қолданылады. Лаухы сөзі «тағдыр тақтасы» деген мағына берсе, ал қалам лексемасы арқылы
«тағдыр тақтасындағы жазу» деген сөзді оқимыз. Бұл жазу, Жаратушыға ғана тән, Жаратушы Құдіреттің жазуы болып табылады. Сонда қалам сөзі, казіргі кезде жазу құралы ұғымында ғана қолданылса, Иасауиде, жыраулар шығармашылығында, бұл лексеманың діни терминдік мағынасында де жұмсалғандығын көреміз. Сонда айтпағымыз, Бұқар жыраудағы «Лаухы менен кәләмді айт» тіркесіндегі кәләм лексемасы, қазақ әдеби тілінің сөздігіндегі: «Кәлам. ар. ескі кіт. Сөз, сөйлем, әңгіме» [10,477], «Кәләм.
зат.сөйл. Кәлам» [10,477 478] деп берілген түсініктемесіндегі мағынасында қолданылмаған, Жаратушының жазуы деген ұғымда жұмсалған. Бұқардың лаухы мен кәләмді, яғни жаратушының «тағдыр тақтасын, жазуын» айт деуінің астары, есте сақта, біл деген ойлармен үндес келеді. Жаратушының ұлылығын көрсету үшін жырау адамзаттың құдыреті жетпес жаратылысты санамалап өтеді. Олардың қатарына «тағдыр тақтасы» – Лауһыны мен қаламды келтіреді.
Жыраулар шығармашылығында қалам лексемасы адамның жазу құралы ұғымында да қолданылатын тұстары бар. Бұқар жырауда заттай мәдениетті білдіретін қалам, дәуіт сөздері діни ұғымда қолданыс тапқан.
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт [3,135].
Дәуіт/қалам лексемалары синоним сөздер болып табылады. Қағаздан таңбаны танытқан қалам/дәуіт күллі ілім мен білім алудың жолы болып табылады. Бұл сөздердің діни реңкі Шернияз ақынның мына жолдарынан аңғаруға болады:
Ассалаумағалайкүм, – алдияр хан!
Молдалар хат жазады дәуіт, қалам [3,135].
Жыраулар шығармашылығында хат сөзі де түрлі мағынаға ие болып, бірнеше жерде қолданыс тапқан.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді. [3,133]
Бұл берілген мысалды әлім/алим/ғалым адамның жазған еңбегін хат деп таңбалайды. Әлім сөзі дін ілімінің маманына қатысты қолданылады.
Демек, бұдан ерте кезде хат сөзі белгілі бір дәрежеде діни ұғымда да жұмсалғандығын аңғаруымызға болады. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Хат араб сөзі. зат. 1. Біреуге немесе бір мекемеге хабар жіберуін үшін жазылып қойылған не жөнетілген мәтін 2. Сөз ретінде қағаз бетіне түсірілген гарфикалық таңбалардың жүйесі, жазу» [7,155] деп түсініктеме берілген. Хат сөзінің араб тілінен енгенін ескеріп, бұл лексеманың дінге біршама қатысы бар деп айтуға негіз бар. Оның мысалын хат лексемасының алғашқы кезде діни еңбектерге де қатысты қолданылған жыраулар шығармашылығынан да кездесіреміз.
Сонымен қатар жырауларда хат лексемасы шежіре ұғымында да жұмсалатын тұстары бар:
Қариясы кімнің бар болса,
Жазулы тұрған хат болар. [3,132]
Жыраулар мұрасында хат сөзі тура мағынасынан ауытқымай, қолданылған тұстары: «алыс жерден мөһрлі шұбар хат келсе», «ежелгі дос жау болмас, шірнеуіште хаты бар».
Исламның қасиетті кітабы Құран кәрім де жыраулар шығармашылығында сөз етіледі. Қазақ әдеби тіліндегі мағынасы: «Құран ар.
діни. зат. 1. Ислам дініндегі негізгі қағидалары көрсетілген, Мұхаммед пайғамбардың 610-632 жылдар аралығында Мекке мен Мединеде пайғамбарлық аяндар түрінде айтылған уағздардың жазба жинағы ретіндегі мәтіні, 114 сүреден тұратын мұсылмандардың ең басты қасиетті кітабы, адамзат баласына Алла Тағаладан көктен түскен қасиетті төрт кітаптың бірі.
2. Құран кәрім аяттары толық жазылған кітап» [12,395]. Ислам энциклопедиялық анықтамалығында: «Құран, Құран Кәрім – Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға Құдайлық аян арқылы түскен Аллаһтың сөзі, мұсылмандардың қасиетті кітабы» [9,303] – деп түсініктеме берілген.
Жыраулар да осы ақпаратты жыр үлгісіне салып жеткізеді:
Тәңірім сөзі – бұрқанды айт,
Кәлим Алла – құранды айт. [3,134]
Бұрқан/фұрқан формасында келетін кітаптің аты – Қасиетті Құран.
«Арабша-қазақша түсіндірме сөздікте»: «Фұрқан 1) жақсылық пен жамандықты, шындық пен өтірікті айырушылық; 2) әл-Фұрқан (Құранның жиырма бесінші сүресінің аты); 3) Құран» [2,127] – деген түсініктеме берілген. Жыраулар мұрасында Құран/бұрқан тура мағынасынан ауытқымай, жаратушының сөзі деген ұғымда қолданылады.
Қорыта айтқанда жыраулар поэзиясындағы Құранға немесе діни оқуға байланысты атаулар қазақ халқының дүниетанмындағы діни білімді
жеткізетін бірден-бір дереккөз болып табылады. Ол сөздердің қолданылуы мен тіркесімділігінен, ұшырасатын бірнеше варианттылығынан діни ақпаратты алуға болады. Қазақ даласына дін молдалықпен, оқумен де тарағандығындығы белгілі. Ал бұл сөздер тікелей діни оқуға қатысты болғандықтан, халықтың дүниетанымындағы діни мағлұматты жеткізуші басты фактор болып табылады.